Дін – он сегіз мың ғаламды Жаратушыны жалғыз пір деп танып, соған құлшылық қылу десек, артық айтқандық болмайды. Десе де, бүгінгі қоғамда адамзат баласына Алла уәде еткен мәңгілік жұмаққа тура жетелейтін жолды қан төгуден тұратын соғыстан іздеп жүргендер аз емес. Солардың бір бөлігі Қазақстанды «кәпірлер елі» деп елдегі бейбіт өмірден қашып, Сириядағы қырғын соғыстың арасында жүр.

Әлемді әбігерге салып, ислам дінінің атын жамылған ниеті бұзық ДАИШ тобы осындай отандастарымызды өз мақсаттарына пайдаланды және пайдалануда. ДАИШ содырлары жасап жүрген адам сенгісіз азғындық әрекеттерді кезінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) нағыз адасушы хауариждер тобына жатқызып, бұларды: «Олар жаратылыстың ең жаманы»,− деп атаған-ды. Оған бұлардың іс-әрекеттері, нақақтан кісі қанын төгуі, шариғат талаптарына сай келмейтін шешімдер шығаруы дәлел бола алады. Ғалымдар түсіндіруіне жүгінсек, хауариж — бөліну, қарсылық көрсету деген мағынаны білдіретін араб сөзінен шыққан екен. Ел мен елдің, дін мен діннің арасына от жағып, бейбіт өмірдің шырқын алып жүретіндер, нақ осылар деуге болады. Бұлар саяси топтардың сойылын соғып, солардың қитұрқы әрекетін іске асыруға пайдаланып отырған қаруы екені даусыз. Мұндайлар өз қағынан жеріген құландай ең асыл діндердің бірі саналатын ислам атына кір келтіруде. Солардың бұзық іс-әрекеттері салдарынан күллі әлемде мұсылмандарға деген теріс түсінік қалыптасты.  Бүгінде «экстремизм», «терроризм», «діни лаңкестік» деген сөз баршаға кеңінен танымал.
Баспасөз бен ғаламтор көздерінде экстремалдық, террористік оқиғаларға негізделген ақпараттардан аяқ алып жүргісіз. Бұл аталған тақырыптың әлемдік деңгейдегі күн тәртібіне көтерілгенін көрсетсе керек. Қазақстан көп конфессиялы және көп ұлтты мемлекет ретінде танылып отыр. Десе де, діни лаңкестік оқиғалардың біздің елді де айналып өтпегені жасырын емес. Кеңес заманындағы атеистік идеология, соған сәйкес қоғамға аса қажетті білікті де сауатты маманның тапшылығы бағыты жат, ұлты бөлек, өзге сенімдегі миссионерлер мен уағыз-насихат жүргізушілердің шекарамыздан енуіне себеп боды. Олардың дені радикал ойдағы, лаңкестік пиғылдағы («Хизбут Тахрир», «Таблиғи жамағат», сәлафизм т.б.) ағымдардың көшбасшылары. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің деректеріне сүйенсек Қазақстанда бұл топтардың мекен еткен өңірлері әр қалай болғанмен, жиһадқа жетелейтін террористік ұйымдар мемлекетіміздің батыс аймағында көп екен. Өйткені, теріс пиғылдылар сол өңірден өндірілетін мұнайға қызығады. Ғалымдар ислам терроризмінің ел аумағына таралуының бірнеше себебін алға тартады. Олардың атын атап, түрін түстесек, ең алдымен ауызға ел азаматтарының ислами білімсіздігі түсері хақ. Қазақ ұлты өкілдерінің кейінгі буыны арасында өзгеге ерушілік, еліктеушілік кең етек жайғанын жасырудың қажеті жоқ. Ал, бұл айналып келгенде оларды теріс пиғылдағы белгілі бір діни ағымның жетегінде кетуге әкеліп соқтыруда. Бұл – жалған сенімнің іргетасы, жат пиғылды мойындаудың алғышарты, радикализмге бастап баратын даңғыл жол. Ғаламтор көздеріндегі террористік ойларға жетелейтін парақшалардың, беттердің көптігі де әлгіндей өрескел қателіктерге ұрындыратын себептің бірегейі деу жөн. Ғаламтордағы кейбір ақпарат көздері оқырманын тез арада жиһадқа шақырып, сол елдегі сан жылдар бойына қалыптасқан дәстүрлі исламды ыдыратуды көздейді. Аталған ақпарат көздері «Тауһид – шынайы сенім, ал жиһад – оны іске асыру жолы, жиһад – әр мұсылманның міндеті» деген мүддені көздейді. Осындай ойды кейде ашық, кейде жасырын түрде іске асыруға барынша белсене кіріседі. Соның салдарынан жат жерге барып, сондағы соғысқа қатысу арқылы жиһадқа тезірек жетуге асыққандар мен туған жерінде лаңкестік, радикалистік ойларды насихаттап темір торға түскендердің қарасы көбейді. Сол себепті, кейінгі буынның дәстүрімізден, ділімізден безінуі күллі қоғам жіктерін қатты алаңдатуы тиіс. Өйткені бұл мәселенің түйінін тарқатпайынша, ұлттың ұпайы түгенделмесі айдан-анық. Тарихи даму жолына көз салсақ, қайсыбір халықтың діни топтарға бөлінуінің соңы біртұтас мемлекеттің шаңырағын шайқалтуға әкеліп соққанын уақыт көрсеткен. Ендеше, бұл өткір мәселеге атүсті қарамай, оны жедел әрі сапалы түрде шешу жолдарын іздеу — уақыт талабы. Осы орайда кейінгі буын ішінде діни білімді кең тарату үшін «Дінтану» курсының өзектілігі арта түсері кәміл. Діни сауаттылықты арттыру шаруалары орта білім ошақтарымен шектелмей, арнаулы орта және жоғарғы оқу орындарында жалғасқаны абзал. Бұл шаруалар ел жастарының діни экстремизм мен радикализмнен іргесін аулақ салып, отпен ойнаймын деп жүріп шоқ басып алмауына кепіл болары сөзсіз. Сондықтан бұл іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бүкіл қоғам болып жұмылған дұрыс болмақ.
Өткен жылы елімізден Сириядағы соғыс аймағына кеткен отандастарымызды Қазақстанға қайта қайтару жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жусан – 2» операциясы арқылы жүзеге асырылды. Соңғы жолы Сириядан 231 отандасымыз қайтарылды. Сириядан 59 әйел мен 156 бала эвакуацияланды.
Білімсіздіктерінен адасқан ағымның жетегіне еріп, «отқа күйіп қалғандарға» жанашырлықпен қараған жөн сияқты. Себебі, атам қазақ: «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң»,− деген ұстаныммен өмір сүрген ғой. Олай дейтініміз, онсыз да бастан кенде Қазақстан үшін әр қазақ — жалғызы, мемлекет, ұлт үшін әрбір қандасымыздың өмірі қымбат.

Ермек Сахариев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз