Бүгінде тұрғындарды баспанамен қамту бағытында мемлекет тарапынан жанданып жатқан жобалар аз емес. Әсіресе аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету де өткен жылдан бастап тың бастамалар көтерілуде. Осы игі істің жалғасы ретінде Тараз қаласындағы №15 шағын ауданда көпбалалы және халықтың әлеуметтік осал топтарына 80 пәтердің кілті тапсырылды.
Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қала әкімі Айтқазы Қарабалаев арнайы келіп, баспаналы болған көпшіліктің қуанышымен бөлісті.
– Бүгін қаламыздың 80 жанұясы жаңа үйдегі өз пәтерлерінің табалдырығын аттайды. Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті, біздің саясатымыздың негізі. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын назарға ала отырып, 2019 жылы 16 тұрғын үй, яғни 1280 пәтерді халық игілігіне бердік. Ай соңына дейін жаңа 15 шағын ауданда тағы үш бірдей үй пайдалануға беріледі. Аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалмайды. Олар үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы әзірленді. Баршаңызды бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын. Қоныстарыңыз құтқа толсын! – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Пәтер кілтіне ие болған тұрғындардың қуаныштарында шек болмады. Пәтер кезегін 2008 жылдан бері күткен Гүлжанар Парманқұлова үшін де бұл күн ұмытылмас сәттермен есте қалмақ.
– Кезекте тұрғаныма 12 жыл болды. Өзім көпбалалы анамын. Балаларымның несібесіне орай бүгін баспана кілтін қолыма алып отырмын. Бізді осындай қуанышқа бөлеген мемлекетке, облыс, қала басшылығына алғысымды жеткіземін, – деді тұрғын.
«Бином» ЖШС аталмыш тұрғын үйдің құрылысын жеті ай көлемінде жүргізіп, межелі уақытта аяқталған. Жалпы 15 шағын аудан аумағында әлеуметтік бағдарлама аясында 4 үй салынып, өз иелерін күтуде. 5 үйдің құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде бой көтерген үйлердің жалпы ауданы 4400 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда инфроқұрылым мәселесі толық шешіліп, тұрғындардың толыққанды өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Шаһар басшысының хабарлауынша алдағы уақытта кезекте тұрған тараздықтарға әлі 3 бірдей тұрғын үйдің пәтер кілттері табысталып, қоныстой жалғасын таппақ. Ал биылғы жылға тағы 35 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Жалпы бүгінде тұрғын үй кезегінде 18565 адам тұр, оның 1784-і көпбалалы отбасы, 8593-і әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар.Осы тұрғындардың да қоныстойын тойлайтын күн алыс емес.

Саян Тілеужан,
Жамбыл облысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз