Бейнекамералар дәрігер қызметін бақылайды

0
336

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары бүгінгі күні өздерін мазалайтын көптеген мәселелерін, әсіресе медициналық қызмет сапасына, қоғамдық көлік қызметіне және коммуналдық мекемелердің жұмысына қатысты шағымдарын «iKomek» мониторинг және жедел әрекет ету орталығына хабарлауды әдетке айналдырған.
Халық тарапынан болған шағымдарды ескеріп, Вице-премьер Бердібек Сапарбаев қаладағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сынға алған орталық теміржол ауруханасына да барды.
Ондағы мақсат – әлеуметтік медициналық  сақтандыру жүйесіне өту жұмыстарымен танысу. Бұл мәселеде де атқарылар іс аз емес. Кім қалай сақтандырылады? Қандай медициналық көмек көрсетіледі деген сауал көп. Сақтандыру қорының мамандары жүктелген міндетті 90 пайызға орындадық деп отыр.
Қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен: –Қазір денсаулық министрлігінің қолдауымен біз арнайы жобалық офис аштық. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша арнайы инвестициялық бағытта заман талабына сай жаңа ғимарат салу жоспарланған. Түрік инвесторымен бірлесіп, МЖӘ аясында 800 төсек орнына арналған көп бейінді аурухана құрылысы басталды. Жалпы ауданы 20 га жер телімі анықталды. Инвесторлар есебінен елімізде 11 медициналық орталық салынады деп жоспарланып отыр, – деді.
Бердібек Сапарбаев «iKomek» орталығындағы бейнебақылау жүйесінің жұмысымен де танысты. 2019 жылы «iKomek» мониторинг және жедел әрекет ету орталығына 1 млн 600 мыңнан астам өтініш түскен. 2020 жылдың алғашқы айының 10 күнінде «iKomekke 7 мыңға жуық арыз-шағым түсіп үлгерген. Жедел әрекет ету орталығының мамандары оның 4 мыңнан астамы шешімін тапты деп отыр. Қалғаны бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл орталық ашылғалы өтініш көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Қазір астана халқы жыл емес, күн санап өсіп жатыр. Берік Ахметов, «iKomek 109» бірыңғай байланыс орталығы директорының орынбасары: — Біздің бірыңғай байланыс орталығы 2018 жылғы қаңтардан бастап жұмыс істеп келеді. Алғаш 2018 жылы қала тұрғындары мен қонақтарынан 1 млн-нан астам шағым түссе, 2019 жылы 1 млн 600 мыңнан астам шағым түскен. Барлығы шешілді. Өйткені бізге қоңырау шалған кез келген шағым бақылауға алынады. Қазір бұл жүйеге қаладағы 13 мың камера қосылған. Алдағы уақытта 52 мың бейнекамера болады. Қазірдің өзінде бірнеше мектеп пен екі емхананы бақылап отыр. Жыл аяғына дейін қала емханалары ортақ жүйеге қосылады. Тиімділігіне талас жоқ. Мектептердің барлық бұрышы мамандардың көз алдында тұр. Мұнда полиция қызметкерлері де отырады. Жақында жоғалып кеткен оқушыны камераның көмегімен тауыпты. Премьер министрдің орынбасары алдағы уақытта қаладағы көңіл көтеретін орындар мен халық көп жүретін орталықтарды жүйеге қосуды тапсырды, – деді.
Сондай-ақ қазір халық талқысына түскен мәселенің бірі – атаулы әлеуметтік көмек тағайындау. «Оны кімдер алады, қандай құжат керек?» деген сауал көптің көкейінде. Осы орайда, Вице-премьер Есіл аудандық әкімдігінде ашылған құжат қабылдау орталығына да барды. Осы орталықтың маманы Гүлжан Сәрсембаева: — Күніне қаңтар айынан бастап 20-30 адам келуде. Кеше 40 адам болды. Жарты күнде 17-18 адам келеді. Мамандар АӘК жөнінде кеңес береді. Керек құжаттарды қабылдайды. «Халыққа қызмет – негізгі міндет» жұмыс істеу тәртібіндегі басты мақсатымыз деп санаймыз, – дейді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.