Елордада өткен Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов: «Бұған дейін айтылғандай, мемлекеттің қолдауына қарамастан шикізаттық емес экспорттың өсімі өте баяу. Бұл ретте, ЕАЭО аясындағы интеграция туралы айтып өткім келеді. Өкінішке қарай, отандық тауарлар біздің серіктес-мемлекеттердің нарығында кедергілермен бетпе-бет келіп отыр. Бүгінгі таңда дәл мұндай 70-ке тарта кедергі мен шектеу бар. Бұл мәселені барлық алаң мен деңгейде, ЕАЭО кеңесінде де, Мемлекет басшыларының деңгейінде де көтеріп келеміз. Бірақ, өкінішке қарай, бұл кедергілер әлі де сақталып отыр. Кейбір салада алға жылжу бар десек те, кедергілердің біразы бойынша нақты бір шешімнің қабылданғалы отырғанын көрмей отырмыз»,— деді.

ЕАЭО: шекарадан ақша алып өтудің жаңа ережесі

Ресей Федералдық кеден қызметінің сайты: «Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шекарасынан 100 мың доллардан көп соманы алып өтерде шекара декларациясын толтырып қана қоймай, ақшаның қайдан келгені туралы құжатты да ұсыну қажет. Ереже 4 ақпаннан бастап күшіне енеді. Қаражаттың қайдан келгенін растайтын құжат ретінде шоттан ақша алғаны туралы немесе несие алу туралы банктен берілген анықтамаларды пайдалануға болады. Сонымен қатар, келісім жасау, мәселен, мұраға алғанын немесе сыйға тартқанын растайтын құжатты ұсына алады. Қажетті құжаттарды көрсетпеген жағдайда ақшаны ЕЭО шекарасынан алып өтуге жол берілмейді»,— деп хабарлайды. Бұл шаралар терроризмді қаржыландыру және заңсыз жолмен алынған қаржымен күресу үшін қажет. Бұл норма құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей кіретін ЕЭО елдерінде жүзеге асырылады.

 

Ермек Сахариев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз