«Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды» деп қазақтың хас ақыны Қасым Аманжолов жырлаған баспана мәселесі бүгінде қала қазағының «бас ауруы» болып тұр. Әлі де арман қуып астанаға келген қазақ жастарының, қазақ отбасының көбі «таскерең тас қалада» (Қазбек Иса) «квартирант» атанып, «времянка» жалдап, «үйі жоқтың, күйі жоқ» халде жүргені жасырын емес.
1991 жылдан бастап елімізде нарықтық қатынасқа негізделген бәсекелестікке қабілетті қоғам құру идеясы жүзеге аса бастады. 1991–1999 жылдары біршама кемшіліктерге қарамастан жекешелендіру толықтай аяқталып, жекеменшік, құқық жөнінде жаңа түсінік қалыптаса бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен тұрғын үй саласында нарықтық қатынастардың қалыптасуы немесе ипотекалық ұзақ мерзімді несие беру секілді заңнамалық база жасалды. Кейін 2003 жылы екінші деңгейлі Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкі АҚ құрылып, азаматтардың «өз баспанам болса…» деген арманын «қаржыландыру» мақсатында ипотекалық несие беру шарттарына негізделген «қолжетімді» әлеуметтік бағдарлама іске қосылды. Бірақ…
…Үйсіз жүрмін қарт Таразды мекендеп,
Өзім жүрмін өз қалама бөтен боп.
Тілеп жүрмін пәтер зарын мен тартқан,
Балаларым көрмей өссе екен деп,… – деген өлең жолдарымен өрілген баспана мұңы (Гүлнұр Өмірзақова) тәуелсіздіктің 30 жылына аяқ бассақ та қазақ аналарының басты зары болып қалып отыр, Кешегі советтік солақай саясат «Алматыдан үй алу үшін кем дегенде қалада 5 жыл тұруың керек деген» талабын алға тартса, бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласында үй кезегіне тұруың үшін осы қалада 3 жыл тұрғаның туралы міндетті түрде анықтамаң болуы керек. Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына барсаңыз. Тұрғын үй алғанды қойып, тұрғын үй кезегіне тұра алмай жүрген адамдардың көптігіне қайран қаласыз. Елордалық Гүлнұр Байсұлтан: – Үй кезегіне тура ала алмай жүрмін. Себебі, өзім «времянкада» тұрсам да мен көпбалалы болмай тұрып, әкем үйді менің атыма жазып қойған. Қазір 4 балам бар, 5-шісіне аяғым ауыр. Бірақ, өзі сол үйде тұрады. Атында үй болса да кезекке тұра алатын бағдарлама болса ғой, – дейді. Ал Шолпан Сұлтанбекқызы деген келіншек, «Астанаға 2014 жылы келгенмін, Бірақ, мұнда тұрақты тіркеуім жоқ. Үй кезегіне тұрайын десем, үш жылдан кем емес осы қалада тұрғаныңыз туралы тіркеу жөнінде анықтама керек дейді. Сонда тұрғын үй кезегіне тұруым үшін, әлі үш жыл тіркеуде тұруым керек екен. Сонда қашан кезекке тұрып, баспана аламын?» дейді. Яғни, қазір елорда тұрғындарының көбі кезекте тұрып, тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрсе, кезекке тұра алмай қаншасының «тауы шағылып» жүргенін санаған ешкім жоқ. Алайда тұрғын үй кезегінде тұрғандардың есеп-қисабы жасалып қойғанға ұқсайды.

Тұрғын үй кезегінде қанша адам тұр?

Елордада қордаланған негізгі мәселе – халықты баспанамен қамтамасыз ету. Халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын көтеріп, еңсесін тіктеу «Мамин Үкіметінің» басты міндеті. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин: – Елордада қазіргі таңда 48 мың адам баспана кезегінде тұр. 2019 жылы 1 млн 800 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Коммуналдық тұрғын үй қорынан 2900 пәтер табысталды. Оның ішінде 784-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға, 1050 пәтер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастарға берілді, – деді. Сонымен қатар былтыр «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірлескен жұмыс нәтижесінде елорданың 10500 тұрғыны пәтерге ие болды.
Ал биыл 2020-2021 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында үлестік құрылыс нысандарының мәселесін шешу бойынша жұмыстар атқарылмақ. Елорда әкімі Алтай Көлігіновтың айтуынша, 2019 қабылданған шаралардың арқасында 10 нысан пайдалануға беріліп (11 үй, 2,5 мың үлескер), әрбір құрылысы ұзаққа созылған нысан бойынша іс-шаралар жоспары әзірленген. Алтай Көлігінов: – Тұрғын үй мәселесі – басты маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылы қолжетімді баспана көлемі 3 есе ұлғайса, 2021 жылы одан да көп болмақ. Үй құрылысы комбинатының жұмысы көмектеседі: мемлекеттің қолдауының арқасында кәсіпорынның жұмысы жаңартылды. Үйлердің сапасына нұқсан келтірілмей, шаршы метрдің құнын азайтуға және тұрғызу мерзімін қысқартуға көмектеседі. Бірқатар мәселелер бірлесе жұмыс атқаруды талап етеді», – деді А. Көлгінов.

Үлескерлер назардан тыс қалмайды

ҚР вице-премьері Роман Склярдың айтуынша, елімізде «Нұрлы Жер» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Былтыр 13 млн 130 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. «Қолжетімді тұрғын үй сегментін салу үшін барлық қажетті резервтер бар. Мысалы, «Нұрлы Жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Тұрғындар тарапынан сұраныс бар, тұрғын үй құрылысы қарқынын ұлғайту қажет», – деді Роман Скляр. Демек, алдағы 1-2 жылда қазақтың зары болған баспана мәселесі толығымен шешімін тапса қанеки. «Егер 2020 жылы жалпы 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланған болса – бұл шамамен 8 мың пәтер. 2021 жылы тағы 8,5 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 7800-ден астам үлескер пәтер алып, құжаттарын рәсімдей алады» дейді ресми ақпарат.

Бағдарламаны жүзегЕ асыруға 100 МЛРД теңге

«Бакытты отбасы» бағдарламасы әлеуметтік санаттағы отбасылар үшін баспана сатып алу мүмкіндігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізеді.
2020 жылы елордалық 2 мыңға жуық отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында тұрғын үймен қамтамасыз етіледі деген жоспар бар. Бұл, былтырмен салыстырғанда 2 есеге көп. «Республикалық бюджеттен қаржыландырудың артуына байланысты 2020 жылы берілетін пәтерлер саны көп болып отыр. Бұдан бөлек, мұқтаж отбасыларға тұрғын үйді сатып алудағы көмек жергілікті бюджет есебінен де жүзеге асырылады. Бағдарламаның әрбір қатысушысына 1 млн теңге мөлшерінде тұрғын үй сертификаттары берілетін болады», – дейді ресми дерек. 2019 жыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында елордалық 721 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Бағдарламаның екінші кезеңін наурыз айында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Тұрғын үйге үміткер азаматтар санатына көпбалалы, толық емес отбасылар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар жатады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Данияр Балтиннің айтуынша, тұрғын үй қарызы 2% беріледі. Яғни, отбасы 10 млн теңге қарыз алса, ай сайынғы төлем 20 жылға шаққанда 50 мың теңгені құрайды. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге қаражат бөлінгендігін атап өткен жөн. Халықтың әлеуметтік қорғалмаған санаты үшін пәтерлерді сатып алуда көмекті жергілікті билік те көрсетіп отыр. Осы жылы әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар есебінен 8 мыңға жуық адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.

Тілекгүл Есдәулет

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.