«Мысқылдап тұрып» жылатады

«Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап…». Абай суреттеген әлеуметтік, сатиралық кейіпкердің кейпі әрі қарай белгілі ғой… Ақынның бұл туындысы неге «мысқылдап тұрып» жылатады?..
«…Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», – деп ақын неге соншама күйінді, ызылана ашынды?! Қазақтың береке-бірлігінің тоз-тозын шығарған патшалық отарлаушы саясаттың көздегені не еді?.. Мыңжылдықтар көшіндегі дала демократиясын, сүттей ұйып, қатықтай қатқан ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрып заңдарын түбегейлі жоюға, елдің еркіндігіне тұсау салуға, тамырына балта шабуға неге сонша асықты?.. Мұның астарында нендей астыртын жымысқылық жатты?
Отарлау саясаты қазақты бодандық бұғауында ұстаудың небір қитұрқы амал-тәсілдерін қолданып бағуға тырысты. Соның бірі – қазақтың ішкі бірлігіне сызат түсіріп, ойсырата күйрету еді. Оны қалай жүзеге асырмақ болды дегенде, ақын айтпақшы, «төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек – әр қазақтың ойын» қалай да пайдалану болды. Осылайша ХІХ ғасырдағы патшалық отарлаушы саясат қазақтың әріден келе жатқан туыстық, ағайын-жекжаттық, бауырмалдық, жанашырлық, қайырымдылық, имани құндылықтарын әлсіретіп, біржолата жойып жібермек болған…

Қазақ іші
мұндайда
қайтіп бұзылмасын?

Үшінші сөзінде: «Осылар біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әрі-беріден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке болыстық, билікке таластық…» – деп заманынан зар қағады заңғар Абай. Сұмдық көріністер емес пе!? Жалған, баянсыз билік үшін мансапқа малданып, бірін-бірі талап-жеген қазақ іші мұндайда қайтіп бұзылмасын, бүлінбесін?! Абайдың өзі де:
«Жақсылық көрсем ғибрәтлі,
Жамандық көрсем нәфрәтлі» демеп пе еді?.. Қоғамның ғибрәтлі ісі шетін болып, нәфрәтлі жолдағы бейшара күйі мен халі ақыл кемеңгерін қалай күйіндірмесін?..
Ең сорақысы – мұндай жағдай бүгінгі қоғамымыздан да көрініс тауып жатқаны. Билікке қол жеткізген соң, ақын Темірхан Медетбек айтқандай «үдесі тоқ, уәдесі жоқ» азаматтардың қиянатшыл, жалған іс-әрекеттері көңілді қынжылтпай қоймайды. Ел алдындағы азаматтық парыз ұмытылып, «дүниеге бой алдырып», ақшаға құнығып, өз мүддесі мен қара басының қамын ойлап, «түзелмейтін жолға түскен» кейбір лауазымды тұлғалардың масқара тірліктерін, бейшара халін радио-теледидардан естіп-көргенде еңсең түсіп, қапаланасың. Осындайда:
«Құдай қосса, жұртымның,
Ақтармын осы жол сүтін» деп,
Қайраттысып, қамқорсып,
Сайманымды бүтіндеп» деген ақынның әлеуметтік образды ащы мысқыл-кекесіні көз алдыңда кескінделіп тұра қалады…
«Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ», – дейді хакім Абай үшінші қарасөзінде.
Ендеше, бүгінгі тәу етер Тәуелсіздігімізге, «еңку-еңку жер шалып» қызғыштай қорғаған егемендігімізге, күмәнді һәм тұманды ойлардан әлі де арыла алмай жүрген қазақ қоғамына:
«Сөгіс естіп, тозды ажар,
Мынау елді ұстарлық,
Кісі емеспін, кел, құтқар!
Қолдан келмес қорлыққа,
Неге болдым мұнша іңкәр?
Кісәпірлер емес, керісінше,
«Күлмең қағып қасқайып,
Салынып ап мақтанға.
Таң қаламын қампайып,
Жоқты-барды шатқаннан» сақтана білетін,
«Кеселі көп асқанға» арланатын,
«Үйтіп асқан жолығар,
Кешікпей-ақ тосқанға» кезігерін қаперден шығармайтын бетінің қытығы бар иманды азаматтар бас болғаны дұрыс қой!

Капитализм
бізді де бұзды!

Ел басқару, биліктің екі тізгін, бір шылбырын нық ұстап, жұртқа қалтқысыз қызмет қылу – еріккенің ермегі емес шығар. Оған келгендерге құдай мен пенде алдындағы тазалық, үлкен жүрек пен парасат-пайым, адалдық пен әділдік керек. Ары таза адам – алдамшыға алданбайды, мансапқа малданбайды, адалдығын арынан аттатпайды! Сөзі мен ісі қабысқан жан – құдіреттің нұрына бөленеді. Қоғам, мемлекет алдында абыройы асқақ, мерейі үстем болады. Елбасы айтқан «Рухани жаңғыру» дегеніміз осы емес пе!?
Айтпақшы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынының жанындағы Рахманқұл Бердібай атындағы Халық университетінің кезекті лекциясында көрнекті ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов өз сөйлеген сөзінен Бағашар Тұрсынбайұлына берген бір сұхбатын оқып едім. Ол: «Қазір біз шетке кеткен қаржыларды қайтарып, халықтың рухына жұмыс істеуіміз керек. Қазақ қазір оянып келе жатыр. Қайта-қайта митингке шығып жатқаны бекер емес. Сүйегіне батқаннан кейін шығып жатыр. Капитализм бізді де бұзды. Адамды аман сақтауымыз керек. Аман сақтайтын жалғыз ілім – толық адам ілімі. Абайға сүйенсек, біз аман қаламыз. Мен декан, проректор, ректор болдым. Вагон-вагон ақша келетін жерден аман шыққаным – Абайдың тәрбиесі. Абайды оқыған, сіңірген адам қиянатқа бармайды», – дейді. Мекемтас ағаның бұл «ғибрәтлі» сөзі мен ісін әрбір атқамінер азамат ар таразысына салып өлшесе, таразы басында Абай тағылымы тұрғанын көріп, сезінер ме еді деген ой ғой біздікі…
Әркімнің-ақ «Рухани жаңғыруды» Абайды оқудан бастағаны жөн болар…

Арман Надирбаев,
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы,
Сарыкемер ауылы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз