Несиелерден құтылыңыз

Ақша жинақтай бастаудың бір ережесі – несие карталарынан арылу және қарыз алмауға тырысу.
«Тапқан ақшаңызға ғана сеніңіз. Несие картасындағы ақшаны қолдану жақсы әрі жеңіл. Алайда оны қайтару керек екенін ұмытпаңыз. Ең алдымен пайыздық мөлшерлемесі ең жоғары несиені жабыңыз, оған бәрінен де көп ақша кетеді. Несие мақсатқа жетуге көмектесуі мүмкін, бірақ сіз сол ақшаны өзіңіз де жинақтай аласыз және заем үшін банкке артық төлем жасамайсыз», – деді Ұлттық банктегілер.

Табыстың 10 пайызын сақтап қойыңыз

«Ақшаны табыстың кез келген деңгейімен жинақтауға болады. Ақшаны сақтап қою арқылы қарызсыз, несиесіз көлемді затқа қол жеткізуге болады. Егер жалақының соңғы тиынына дейін есептеліп қойған болса, жоспарда жоқ табыстан сақтаңыз: туған күнге берілген ақшалай сыйлықтан немесе сыйақыдан. Ақша қолға түсе салысымен 10 пайызын сақтап қойыңыз, дүкенге немесе коммуналдық қызметті төлеуге бармас бұрын», – дейді мамандар.

«Қауіпсіздік жастығын» қамтамасыз етіңіз

Сақталған ақшаға үш-төрт ай өмір сүруге болады деп есептеледі, мысалы, табысыңыздан айырылсаңыз, жұмыссыз қалсаңыз немесе денсаулығыңызға байланысты жұмыстан кету керек болса. Мұндай «қауіпсіздік жастығы» форс-мажорлық жағдайларда несиенің кезекті төлемін құюға көмектеседі.

Сауда жасауды жоспарлаңыз

Отбасылық бюджетті үнемдеу үшін шағын және ірі сауданы жоспарлау керек. Мысалы, жарты жыл бойы демалыс үшін ақша жинау туралы отбасы мүшелерімен келісуге болады. Немесе автокөлік сатып алуды жоспарлап жүрсіз және барлығыңыз бір мақсатқа ұмтыласыздар. Ақшаны қай валютада жұмсаймын деп жоспарласаңыз, сол валютада жинақтаңыз. Теледидар немесе көлік алуға теңге керек, ал Еуропаны аралауға – еуро.

Шығынның барлығын жазып отырыңыз

Отбасының барлық чекті жинап, ұсақ шығынды есептеп отыруы маңызды.
«Нақты қанша және қайда ақша жұмсағаныңызды білмесеңіз, үнемдеуді бастай алмаймыз. Барлығын жазып жүріңіз: әріптесіңізге 200 теңге қарыз бердіңіз, шоколад сатып алдыңыз, кеңсеге кофе сатып алу үшін ақша өткіздіңіз», – дейді Ұлттық банктегілер. Сарапшылар отбасылық бюджетті енгізу үшін бағдарламалар мен қосымшаларды пайдалануға кеңес береді, олар ақшаңыздың қайда жұмсалғанын бақылап отыруға көмектеседі.

Депозиттер ашыңыз

Бюджетті толықтырудың тағы бір тәсілі – банктегі депозиттердің жинағы есебінен табыс табу. «Комодта жатқан ақша инфляция үшін құнсыздана береді. Банктегі депозиттерде жатқан ақша сіздің капиталыңызды арттырады, ал оның амандығына мемлекет кепілдік береді», – деді банктегілер.
Кірісті арттырудың барлық тәсілін зерттеңіз: кейбір банк картамен жасалған төлем үшін кэшбэк береді немесе шоттағы қалдық ақшаңыз үшін сыйақы береді. Сіздің барлық жинағыңыз сізге жұмыс істеуі керек. Болашақтың қамы – өзіңізге және отбасыңызға инвестиция салу, тосын жайлардан сақтану. Егер сіз отбасындағы кірістің жалғыз көзі болсаңыз – өз өміріңізді сақтандырыңыз. Мемлекеттің сыйақысымен білім беру депозитін ашыңыз. Зейнетақы туралы ойлаңыз: егде жасқа жеткенде саяхаттағыңыз келсе, ерікті зейнетақы жарналары туралы қазір жас әрі күш-қуатыңыз мол кезде ойланыңыз.

Гауһар Тұрсынқожа

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз