Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Оқушылар «Үміт» сарайының «Аяла» театр үйірмесінің жетекшісі Әлия Әлімқұлова өз шәкірттерімен Нұр-Сұлтан қаласындағы үлкен додадан бас жүлде иеленіп қайтты. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген жас таланттар арасында өткен байқаудағы жеткен жетістіктері жайлы Әлияның өзінен білген едік.

Оқушылар «Үміт» сарайында баланың талантын ашатын үйірмелер көп деуге болады. Соның бірі «Аяла» театр үйірмесі. Қазақ халқы табиғатынан үнді, әсерлі сұлу сөздерді қадірлеумен қатар, оның майын тамызып айта білген. Ұлт ұрпағын сахна тіліне тәрбиелеу, әрекетті сөзге салу, буырқанған сезім мен терең ақыл үндестігі бір арнада тоғысу шеберлікке баулу жолындағы үлкен мектеп. Қара сөздің сахнада еркін жүзетін көзі көп. Ерте кезде сахна өнерінің көрерменге бірден-бір әсер етер құралы дыбыс, әуезге, ырғаққа негізделген құлаққа жағымды, жүрекке жақын сұлу диалогтар, сезім-толқыныстарға мейлінше бай монологтар болған. Бұл – сахна өнерінің талабы. Драматургияның классикалық үлгілерінде кеңінен және дамыта пайдаланып та жүр. «Аяла» театр үйірмесінің де негізгі мақсаты – тіл заңдылықтарына сай дұрыс, сауатты сөйлеуге, бірімен-бірі қатынас жасай білуге үйрету және пікір айтуға баяндауға, сипаттауға, дәлелдеуге үйрету. «Аяла» театр үйірмесін ашып, оқушыларды тартып, жұмысын жүргізіп жүрген Әлия Әлімқұлованы сөзге тарттық: «Оқушыларға сахна тіліндегі сөз шеберлігін, тіл тазалығын, дыбыстардың дұрыс айтылуы арқылы көркемдеп,мәдениетті сөйлеуге үйретіп жүрмін. Сөйлеу техникасы, сөйлеу аппараты, дыбыстау мүшелері, сөздің айтылуы, дауыстап оқу жайында мағлұмат беремін. Әдеби тілде дұрыс сойлеу нормасын меңгерте отырып, мәнерлеп оқу мен әңгімелеп берудің негізгі тәсілдері жайлы теориялық білім бере отырып, оны қалай меңгеру жолдарын үйретіп жүрмін. Мәнерлеп оқудың кейбір қырларын ашып, туындыны орындаудың шеберліктерін үйретудемін. Оқушыларым өздігінен жұмыс істеуге және жауапкерлікке де тәрбиеленуде. Әр мұғалімнен немесе жетекшіден бала болашақ өміріне сабақ алып,керегіне жарата білсе қандай ғажап! Мысалы, бұл тұрғыдан мен өзімді бақытты ұстазбын деп айта аламын. Себебі, кезінде Алматы әсем қалада, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистка факультетінің күндізгі бөлімін, темірдей қатаң тәртіпті Темірбек Қожакеевтен дәріс алып, ЮНЭСКО профессоры, кураторым болған Намазалы Омашевтың тобында оқығанымды мақтан етемін. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, менің шәкірттерім мен арқылы журналистика туралы естіп, қазір республикамыздың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген журналист шәкірттерім бар. Мәселен, «Жамбыл» телеарнасындағы Нұрбек Қасым, «Аstana» телеарнасыдағы Сәбит Әлдебай, «31 арнасындағы» Жарас Ниязбек, «Меркі пресса» Меркі ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Ләззат Құралбай, Алматы қаласындағы Ұлжан Ибраим, Қарлығаш Дуанабаева, Тараздағы Айнур Сериковалар. Мен оларды мақтанып айта аламын. Сол сияқты қазір «Аяла» театрына қатысып жүрген шәкірттерім де біршама. Өнер мен әдебиеттің тегі қабілет, Дарын дейтін құдіреттен бастау алары ақиқат болғанмен, екеуінің бәрінің жолынан ұстаған жанның өмірлері қызық екен. Өнер тарландарының, қазақ, театр, кино, өнерінің арғы-бергі тарихы, кемелдікке барар соқпақтары, олардың сахнадағы өмірі және сахна сыртындағы өмірін, экраннан тыс жан сырларын, сыңар аққудың сағынышты әндерін бейнелеген өнерлілер өміріне қызығып өстім. Алматы қаласында жүрген кезде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының әрбір қойылымын үзбей көргенімнің пайдасын сахнаға дайындағанда көріп жатырмын.»
Аз уақыт болса да, Әлімқұлова Әлия Амангелдіқызы халықаралық «Жаңа формат» фестиваль-байқауында композициялық қойылымы үшін бас жүлдеге ие болды. Елбасымыздың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру «Жастар жылы» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған халықаралық өнер және білім байқауының өтуіне зор үлес қосып, шәкірттері жоғарғы нәтиже көрсеткені үшін «Үздік жетекші» атағына ие болып, «Ұлық-Ұстаз» сертификатымен марапатталды. Облысты және республикалық «Театрдың ғажайып әлемі» байқауында бас жүлдеге ие болды. «Бақыт деген немене?» қойылымы көңіліне ұнап, сахнаға алып шықты. Керемет шыққан дүние өз бағасын алып та үлгерді. Облыстық мектеп оқушылар арасындағы театр байқауында I орын, Нұр-Сұлтан қаласында өткен байқауда бас жүлдеге ие болып қайтты. Бұл оңай шаруа емес.
Ә.Боранқұлова,
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.