Шығыс Қазақстан облысына қарасты Абай ауданында «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты республикалық бүркітшілер турнирі өтті. Үш күнге созылған көк тағыларының сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 50-ден астам құсбегі қатысты. Саятшылар қолға қондыру, еркін ұшыру, шырға салу сияқты үш кезеңде бақ сынасты. Шешуші сында бүркітшілер қыранды қоян мен түлкіге салды. Жеңіске жеткен қатысушыларды Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат марапаттап, сыйлықтар табыстады. ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі: «Турнир қорытындысы бойынша бүркітшілер арасында Алматы облысынан келген Ермұхан Байетбай І орын, Алмас Сейтжан ІІ орын, ал атыраулық Арман Кушкаров ІІІ орын алды. Ителгіден I орынды Бақдәулет Бабажан (Тараз қаласы), II орынды Медет Шалипов (Алматы облысы), III орынды Сармат Абдулкаримұлы (Атырау облысы) иеленді. Ал қаршығадан I орынды Серікболсын Жалғасұлы (Нұр-Сұлтан қаласы) қанжығасына байласа, II орынды Бекасыл Сейітжан (Алматы облысы) алып, үздік үштікті Ерасыл Серікұлы (Нұр-Сұлтан қаласы) түйіндеді», – деп хабарлады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.