Елді шулатқан Қордайдағы қанды оқиға белсенді азаматтардың, көзі ашық халықтың Қазақстан халқы Ассамблеясына деген зор сеніміне селкеу түсірген тәрізді. Оны әлеуметтік желідегі ағайынның жазбалары айқындап тұр. Иә, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ассамблеяның қажеттілІгі болғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Себебі ішкі-сыртқы дұшпандардың ашық әрекеттері, жымысқы ойларынан адам шошитын. Тұрақтылықты сақтау үшін, ел тыныштығын қорғау үшін Ассамблея сын сағаттарда қажеттілік тудырғаны тағы рас.Әйтсе де тәуелсіздіктің тұғыры бекіп, ел еңсесін көтерген тұста, қазақ халқының саны 70 пайыздан асқан шақта Ассамблеяның «асқақтауы» көңілге күмән бұлтын түсіреді.

Халықтар Ассамблеясынан Парламентке 9 депутат сайланды. Елiмiзде қазақтар саны 70 пайыздан асқан тұста,  «Қазақстанда 130 ұлт өкiлi мен 46 конфессия тұрады» деп небары 9 ұлт өкiлiне басымдық беру қалай болар екен? Бүгiн ұлтына қарай депутат сайлап жатса, ертең азаматтарды «дiнiне қарай билiкке тартайық» деп кейбiр пысықайлардың шықпасына кiм кепiл?! Бір кездері халықтар ассамблеясының мүшесi Асылы Осман апамыз: «Менi әзiрбайжан деп депутаттыққа сайласа, сайламай-ақ қойсын. Менi толыққанды Қазақстан азаматы, қазақ тiлiнiң маманы, өзiнiң елiне, тұрып жатқан жерiне себi тиiп жүрген адам деп сайласа, мен оны құп аламын. Ал, егер әзiрбайжан халқының мүддесiн қорғайды деп сайласа, менi сайламағаны жөн. Менiң түсiнiгiм бойынша, әрбiр азамат қоғамның мүддесiн қорғауы керек. Ол жалпы Қазақстан азаматтарының құқын қорғайтындай азамат болуы шарт. Әрбiр этнос өз ұлтының мүддесiн қорғайтын болса, ондай Парламенттiң ертеңi не болмақ?» деген өрелі ойы еске түседі.

Тағы бір айтпағымыз, Қазақстан азаматтары ұлтына қарай Парламент депутаты атанып жатса, олар өздерiн психологиялық тұрғыдан да қазақтан бөлек, бөтен, жат деп санауы мүмкiн ғой. Оларды қазаққа тартудың орнына керi итеру түбiнде жақсылыққа апармасы анық. Мұндай саясатпен азды-кемдi диаспора өкiлдерi қазақ ұлты мен тiлiнiң аясында бас бiрiктiруi екi-талай дейдi кейбiр сарапшылар.

Әлеуметтік желіде Ассамблеяға 1,5 млрд теңге бөлінеді деген жалған ақпарат өріп жүр. Шынында Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын іске асыруға

2019 жылы бюджеттен 119 млн теңге бөлініпті.

Әлеуметтік желідегі жалған ақпаратқа берілген жауап болса керек, күні кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясына қанша қаржы қаралғанын жариялады.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын іске асыруға 2019 жылы бюджеттен 119 млн теңге бөлініпті. Тағы 15,2 млн теңге этникалық топ өкілдерінің фестивальдеріне жұмсалған. Ал Ассамблеясының концертін өткізу 70,9 млн теңгенің айналасында. Бұл қаражат биыл тағы артпақ. 4 миллионға. Қош. Бұдан бөлек, этникалық проблемаларға ғылыми зерттеулер жүргізу үшін де аз ақша бөлінбепті. 64 млн теңге. Көп пе, аз ба, өзіңіз саралай беріңіз.

Біздіңше, бұл аз қаржы емес. Атақты жазушы Мұхтар Әуезов «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жаманшылыққа жақсылық – ер кісінің ісі» дегені осындай да ойға оралады. Шындығында  жақсылық пен жамандық адамның іс – әрекеті арқылы өлшенеді.

Олай болса, халықтың, көпбалалы аналардың, өзге де мұқтаждықтардың аузынан жырып алынған 119 млн теңгені «жамбасына басып отырған» Ассамблея Қордай ауданы Масаншы ауылындағы қақтығыс кезінде елге басу айту үшін «құстай ұшып» баруға тиіс еді ғой. Олардың жайбасарлығының мәнісін кім түсіндіріп бермек?

Ассамблея бюджет ақшасын көзделген мақсатқа жұмсай алды ма? Бұл да әзірге жауабы жоқ сұрақ.

Халықаралық журналист Қуандық Шамахайдың пікірінше Масаншыдағы оқиға билікке сабақ болуы тиіс:

«Соңғы бірер күнгі әңгіме дүңген тақырыбы болып кетті ғой. Мәселе, бұл жерде тек бір ғана дүңгенде емес. Жалпы, белгілі бір елдегі өзге ұлт диаспорасы туралы айтылуы керек. Түрлі этнос өкілдері бар жерде ұлттық мәселенің туындауы да заңдылық іспетті. Жалғыз бізде емес, барлық елдердегі диаспора өкілдеріне ортақ бір мінез бар. Ол мінезі ішкі санасында жабық түрде тұйықталып жатады…Жалпы, өзін өзгелерден жоғары санайтын мінез әрбір ұлтта бар мінез. Біз үшін қазақтан артық ұлт әлемде жоқ. Сол секілді осындағы диаспораның кез келгенінде өздерін зор, өзгені қор санайтын, оның өзінде ел мен жердің байырғы иесі бізді менсінбеушілік мінездің болуы әбден ықтимал дүние. Кешегі дүңгендердің де әрекетінен осындай менмендік анық көрініп тұр. Полицияға бағынбайды. Өкімет өкілі екен деп оларға пысқырып та тұрған жоқ. Мемлекетіміздің рәмізі – Елтаңбамыз бейнеленген төсбелгісі бар полиция құлақшынын аяққа таптап, арнайы үлгідегі костюмын жыртып қорлап жүр. Бұл не деген бейбастақтық?! Оларға «қой» деп басу айтатын дүңген ақсақалының да түрі көрінбейді. Ал, ағайынды екі қазақ жігітін соққының астына алып, жарақаттағандары, онымен қоймай өзі мүгедек, жасы ұлғайған сексендегі қазақ қарияны да аяусыз соққыға жыққандары тіпті шектен шыққан дөрекілік.

Бейбітшілік пен келісім туралы сөз болғанда алдымен ойға Қазақстан халқы Ассамблеясы оралады. Ал елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде бұл ұйымға үлкен жүк артылатынын Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасының өзі қадап тұрып айтты: «Құқық қорғау орындарының да жіберген қателіктері бар. Жергілікті әкімшіліктер, облыс, аудан әкімдіктері қайда болды? Біздің Ассамблеямыз бар. Ассамблеяның ешқандай өкілеттік құқығы жоқ. Дегенменен, сондай мәселелер шығады деген жерлерді Ассамблея бәрін біліп отыруы керек» деді. Демек, әлеуметтік желідегі халықтың ашуының жаны бар.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев: «Кез келген институт, әсіресе Ассамблея сияқты біздің елімізде мемлекеттік институтқа айналған нәрсе ғой. Әрине бұндай жағдай, мына оқиға Ассамблеяға да сын болып отыр. Ассамблеяның жұмысын расында да қарапайым халықтың мұқтажына жақындатып келтіруім керек деп санаймын» деп отыр.

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әміржан Қайырұлы: «Қордайдағы оқиғаның өзі әлі де болса, идеологиялық қоғамда кездесетін кемшіліктердің шетін көрсетіп отыр, идеология мәселесіне, тәлім-тәрбие мәселесіне халықпен жұмыс істейтін ұйымдарға бұл қаражатты шектеу, дұрыс саясат емес. Өйткені идеология деген нәрсе көзге көрінбейді, оның нәтижесі тыныштықта, бірлікте» деген ойда.

Айтпақшы, ауған соғысының ардагері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың:  «Қазақтың қанымен келген жер, заңымен қорғалады» деген тұжырымы әлеуметтік желіде «хитке» айналды.

Иә, бірлік пен ынтымақ біздің басты қаруымыз. Ол қазаққа ғана емес, унитарлы мемлекетте тұрып жатқан барша диаспора өкіліне қажет. Іргелі ұйым 1 мамырда ғана төбе көрсетіп, концерт пен түрлі мерекелік шараларды ұйымдастырумен ғана шектелмесе» деген халықтың тілегі билік құлағына жетсе игі. Есіктен кіре сала «төр менікі» деп өңмендейтіндер қай заманда да табылған. Оларға тоқтам айтар төре билер қайда бүгінгі?

Сөзіміздің соңында белгілі қоғам қайраткері Амангелдi Айталы ақсақалдың мына пікіріне жүгінбекпіз. «Аустрияның Парламентiне қол жеткiзген түрлi ұлт өкiлдерi кезiнде мемлекеттiң жойылуына дейiн дауыс берген. Әйтеуiр, кезiнде бұл мемлекеттiң Парламентiне әртүрлi диаспораларды тартып, олар өз кезегiнде көрпенi өзiне қарай тартып, ырду-дырду, дау-дамайдың басында қалған. Оның үстiне әрқайсысы автономия сұраған. Абырой болғанда, ел билiгiне ұлтшыл президент келiп, мемлекет бiртұтастығын сақтап қалған» депті абыз аға!

Нағашыбай Қабылбек

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз