Бізде көп жағдайда мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелер мен субсидияларды ірі шаруашылықтар пайдаланып кетіп жатыр. Ол да жасырын емес, айтылып жүрген мәселе. Ал шағын кәсіпкерлерге келгенде қаржы жетпей қалады. Бұның төңірегінде объективті, субъективті проблемалар бар. Шаруалар несиеге қоятын кепіл мүлкінің жоқтығынан бастап, оны ертең қайтару мүмкіндігіне дейін үлкен мәселелерге тап болады.

Несиені қайтару үшін өздеріңіз білетіндей, соған лайықты жағдай, техникалық база болуы керек. Шағын шаруаларда техниканың өзі шамалы. Біз сол техникалардың бүгінгі таңдағы жағдайы туралы да жарты жыл бұрын бүкіл шаруаларды жинап, механизаторларды жинап, Қостанайда үлкен көшпелі отырыс өткіздік.

Қанша уақыттан бері айтылып келе жатса да неге осы техника мәселесін біз реттей алмаймыз? Бүгінгі таңда біздегі тракторлар мен комбайндардың 70-75 пайызы ескі. Оның бәрі сол майда қожалықтарда. Ал енді егіс егетін агрегаттардың көпшілігі қазіргі технологияға сәйкес келе бермейді. Оның егіс көлемін қамту жағынан, қызмет ету мерзімі жағынан болсын. Осындай көңіл аударатын нәрселер өте көп. Сондықтан да біз осындай мәселелерге назар аудартатын шаралар өткізіп тұрамыз.

Ең бірінші мәселе – ауылдарды сақтау. Ауылдарды сақтағанда әсіресе шекарада жатқан ауылдарды сақтау. Біз жиі көтеріп жүрміз, бұл популизм емес. Ол халқымыз үшін, мемлекетіміз үшін ең үлкен қажетті мәселе. Бізге Ұлттық экономика министрлігіндегі, Қаржы министрлігіндегі мамандар оның бәрі шығыны өте көп, қаржыны мол талап ететін шаруа деп айтады. Жол салу керек, инфрақұрылым мәселесі, халықтың саны деген мәселелерді көлденең тартады. Бірақ оның да жолын табуға болады.

Екіншіден, шекара маңындағы ауылдардың мектептерін сақтап қалу үшін адамдарды сонда көшіріп апару керек. Ол үшін ондағы тұрғындарға өмір сүретін жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін жағдай болса, халық көшпейді. Керек болатын болса, көшіп барып тұрады. Осындай нәрсені атқарса деген біздің арманымыз бар. Ол ауылдарды сақтау. Бірақ ол ауылдар жойылып барады. Бұл – жанымызға қатты батады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз