Биылғы 18 ақпан күні Шымкент қаласының әкімдігінің ақпараттық коммуникациялық орталығында қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасына қарасты «Рухани жаңғыру» бөлімінің басшысы З.Оралбаева баспасөз өкілдері алдында брифинг өткізді. Жиында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында 2019 жылы атқарылған шаруалары туралы және алдағы жоспары сөз болды.

Зәуре Әбдіхамитқызы баяндамасын жаттанды дәстүрмен өткен жылдан емес, алдымен жоспарға сай биыл атқарылатын жобаларын таныстырудан бастады. Биылғы сәуірде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне 3 жыл толады. Бөлім «Рухани жаңғыру» жобасы аясында атқарылатын жұмыстар сапалы әрі тиімді болуын ұдайы қадағалап, Ақпараттық даму министрлігіне есеп беріп отырады. Өңірлердегі «Рухани жаңғыру» кеңселері биыл жаңа жылдан бастап, тиісті жоғары тұрған министрліктер мен комитет, агенттіктерге есептерін тек мемлекеттік тілде тапсыра бастады. Соның қатарында шымкенттік бөлім де бар. Өңірлердегі кеңселердің ісін ширату, сапалылығын арттыру мақсатында «Қазақстандық дамыту институты» құрылған болатын. Елбасы мақаласы алғаш жарияланған кезде бағдарлама 6 бағыт болса, осы институттың бастамасымен 2020 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша 3 негізгі бағыт (Тұлғаның дамуы, Ұлттың дамуы, Мемлекеттік қоғамдастықтың дамуы) таңдалды.

Осыған орай, қала әкімінің бекітуімен 144 тармақтан тұратын арнайы кешенді жоспар бекітілді. Биыл Наурыз мерекесімен бірге «ТМД-ның мәдени астанасы» аясында өтетін мерекелік шаралар бастау алмақ. Мерейтойлық шаралар дегенде, барша қазақтың мақтанышы Әл Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтіледі. Сондай-ақ, бұрыннан бастама ретінде көтеріліп келе жатқан Этноауыл жобасы биыл қолға алынбақ. «Құлагер» атшабары маңынан ашылғалы отырған бұл этноауыл тек Наурыз мерекесінде ғана емес, жыл бойы қызмет етуі үшін ұлттық нақышқа бейім жеке кәсіпкерлер жобаларына басымдық беріліп отыр. Бұл тек қала тұрғындарын ғана емес, қалаға келетін туристерді де қызықтыратын ерекше нобай болғалы тұр.

«Рухани жаңғыру» дегенде, тек мәдениет пен білім салаларына ғана қатысы бардай көрінетіні бар. Алайда, бұл жоба барлық салаға қатысты. Мәселен, «Қазақстанның сакральді географиясы» жобасы аясында Сайрам тұрғын алабындағы 7 тарихи-мәдени ескерткіш жалпыұлттық маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енсе, Шымкент қаласы аумағындағы 8 нысан жергілікті маңызға ие нысандар тізімінде. Соңғы кездері осы нысандар аумағында инфрақұрылымын халықаралық деңгейге жеткізу үшін коммуналдық шаруашылық өкілдері жұмыс атқарып жатыр. Бұл бағытта былтыр біршама шаруалар басталса, биыл ауыз су, жарықтандыру, жолын реттеу секілді мәселелері шешімін таппақ. Ішкі және сырттан келетін туристер үшін қолайлы жағдай жасалынып, абаттандыру ісі қолға алынады деп күтілуде.

2020 жыл Шымкент үшін мәдени шаралар тізбегі толастамайтын жыл болмақ. ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілетін қаланың 2200 жылдық мерейтойы да есік қағып тұр. Бұл орайда, «Рухани жаңғыру» бөлімінің үйлестіруімен әкімдікке қарасты барлық 18 басқарма да түгел ат салысып, іске кірісіп отыр.

Бөлім басшысының сөзінше, өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шымкент қаласында 742 түрлі іс-шара ұйымдастырылған. «Туған жер» жобасы бойынша 5-7 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану», «Өлкетану хрестоматиясы» кітаптары жарық көрді. «Кітап оқып, рухани бай бол» байқауы, республикалық «Тұлпар мініп, ту алған» батырлар жырын жатқа айтуға арналған байқауы ауқымды деңгейде өткізілді. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын насихаттауға арналған «Дәстүрім ‒ асыл қазынам» кітабы және «Ұлттық киімдер» фотоальбомы, «Жаңа ғасыр әуендері» атты жас ақындар антологиясы жарық көрді. «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында мемлекет және қоғам қайраткерлері С.Қожанов және Т.Рысқұловтың 125 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды.

Бөлім басшысы З.Оралбаева «Қазақстанның сакральді географиясы» жобасының жалпыұлттық маңызы бар және жергілікті маңызы бар тізіміне Шымкент қаласы аумағынан енбей қалған кейбір «Жәми мешіт», «Қасірет» мемориалдық кешені, Ж.Аймауытов тұрған үйі секілді бірнеше қасиетті орындар мен тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта енгізу туралы сауалымызды ескеретінін айтып, сәуір айына дейін ұсыныс беруімізді сұрады. Осыған орай, қасиетті орындар тізімінен тыс қалған нысандарды Сіз де ұсына аласыз, құрметті оқырман! Алдағы уақытта жинақталған арнайы ұсыныстарымызды жолдап, нәтижесі жайында газет бетінде оқырманымызды хабардар ететін боламыз.

http://kyzmet-gazeti.kz/tarau/janaliktar/21/02/2020/1732.html

С.Құдабай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.