Тарих – халықтың өткені мен бүгінінің алтын көпірі, ұлт тағылымының темірқазығы. Халық өзінің түп-тамыры мен болмысын тарих қатпарынан тапса керек. Тапқаны шынайылыққа жанасса, құба-құп. Себебі, тарихты жасайтын – халық, жазатын – адам.
Қазақ тарихының мәлім де беймәлім тұстары бар. Тарих ғылымында нүктесі қойылған, сондай-ақ, даулы, басы ашық мәселелер көптеп кездеседі. Кейбір тарихи оқиғалардың бағасы мен мән-мазмұны уақыт сынынан өте алмай, қоғамдық пікір мен тарихи талқының қазанына түсіп жатады. Қоғамдық сананың өзгеруі тарих ғылымының бағыт-бағдарына өз ықпалын тигізбей қоймайды. Бастысы – бұра тартып, бұрмалап, әділетсіздікке аяқ баспасақ болғаны.
Мақалаға арқау болған жағдай, тарихымызда іргелі оқиғалар қатарындағы «Ресей құрамына кіру» төңірегіндегі мәселелер. Саяси және әскери тұрғыдан өте күрделі саяси шараның жай-жапсарын ғылым өкілдері мен зерттеуші ғалым, ұстаздар қауымының кейбір бөлігі біледі, ал қоғам мен көпшілік оқырмандар бұл мәселеге үңіле бермейді, себебі, біріншіден, бұл мәселенің тарихымыздағы маңыздылығын біле бермейді, екіншіден, қалыптасып қалған ескі тұжырымды дұрыс деп біледі. Қалай десек те, аталған оқиғаға Әбілқайыр ханның тарихи хатының тікелей қатысы бар екенін ескере келе, мақаламызды «Әбілқайыр ханның хаты немесе ғасыр аферасы» деп атауды жөн көрдік. Мақалада сол кезеңнің тарихи оқиғалары, жеке тұлғалардың рөлі, хат мәселесі тереңнен қозғалатын болады.

Хат не дейді?

XVIII ғасырдың І жартысы саяси оқиғаларға толы Қазақ тарихының бір жұмбақты кезеңдерінен саналады. Соның ішінде, аталған кезеңнің жұмбақ тұлғасы Кіші жүз ханы Әбілқайыр екені бірден көзге түседі. Әбілқайыр тұлғасы кереғар пікірлерге толы, жаңсақ бағамдарға бой алдырған. Саяси қызметіне, іс-әрекетіне кезең ерекшеліктеріне сәйкес баға беріліп келеді. Солардың ішінде «прогрессивті хан», «сатқын хан», «билікқұмар» т.б. Әрине, мұның бәрі беделді саяси қайраткердің қоғам ішіндегі абыройын төмендету еді. Айтар ой бөлек-тұғын.
Біз көтеріп отырған мәселе хат төңірегінде. Жазылған дипломатиялық хаттар көп, түрлі мазмұнда, түрлі бағытта. Ал көп топтамалы хаттар ішінде Әбілқайыр ханның 1730 жылы Петерборға бағыттап жазған хаты өте күрделі де мазмұнды болып отыр. Бұл хатқа кезінде де, тәуелсіз күнде де сан тоқталған ғалымдар көп, бірақ хат сырына үңілмей, мазмұнына терең бойламай кеткендей әсер қалдырады.Саяси және халықаралық қатынас тұрғысынан хат қазақ жүздерінің Ресейге өз еркімен қосылуына бастама салған құжат деп есептелінеді. Сөз жоқ, бұл орын алған тарихи факт. Хат жолданған, Әбілқайыр хан атынан, хатқа «лайықты» жауап қайтарылған. Бірақ хат қандай жағдайда жолданған, кім арқылы, сондай-ақ, хат мазмұны не турасында? Міне, осы сұрақтарға жауапты «дұрыс» ала алсақ, бізге көп жайт мәлім болары сөзсіз.
Тақырып атауындағы «ғасыр аферасы» сөзіне келсек, XVIII ғасырда қазақ билеушілері мен халықтың тарихтағы оңбай алданғанын білдіретін түсінік. Сондай-ақ, «афера» дәл біз қозғап отырған хатқа байланысты орын алған күрделі саяси шара. Мәселені анығырақ түсіну үшін тарихқа сәл шегініс жасауқажет болады. Ресей империясының шығыс саясатында қазақ даласының орны стратегиялық басымдыққа ие болды. Соған орай, І Петрдің айтқан сөздерінің де мәні ерекше еді. 1722 жылы Парсы жорығында тілмаш қызметіндегі А.И.Тевкелевке «миллионға дейін жұмсалса да, аса көп шығындарға қарамастан, түптеп келгенде, бір парақ қағазбен-ақ Ресей империясының қарамағында болуға міндеттенетін болсын» деп жарлық еткен болатын. Мұндағы назар аударарлық ұғым – «бір парақ қағаз». Басқасы басқа, әскери күшпен емес, айламен әрекет етуге бел буды. Ашық агрессия қарсылықты, ынтымақты тудырады, ал қазақтардың өз бастамашылдығы отарлық пиғылды бүркемелейтін болды. Бұл жоба Тевкелевке жүктеледі, алайда І Петр қайтыс болып, ол уақытша тоқтатылады. Анна патшайым таққа отырғанда, жоба өз жалғасын табады. Осы таңда аса өршіп тұрған қазақ-башқұрт текетіресі де, «бұғының қашуы мен шүріппенің басылуы» дәл келген бір оңтайлы сәт-тұғын. Башқұрттар біраз бұрын Ресей бодандығын мойындаған ел. Аңырақай шайқасы барысында ұлы хан Болат қайтыс болады. Сұлтандар мен ықпалды би-батырлардың қатысуымен Әбілмәмбет хан сайланады. Жаңа хан сайлауда Ұлы хандық бұйырмағанына «өкпелі» Әбілқайыр хан Аңырақай даласын тастап, өз әскерімен Кіші жүз шегіне кетті деп айтылады. Бұл жаңсақ пікір. Ұлы хандыққа дәмелі болғандығы рас, бірақ хандық тізбегі үзілмей келе жатқан әулет өкілі Әбілмәмбеттің хан көтерілуін көпшілік мойындайды, бұл – қалыптасқан дәстүрлі тақ иелену жолы болды. Әбілқайырдың әскерімен ұрыс даласынан ертерек кеткені рас, әрине,өкпеден емес, өз иелігін қорғау үшін суыт аттанады. Барлық әскери күштің Жетісуда шоғырланғанын біле отырып, Еділ қалмақтары мен башқұрттар Кіші жүзді шабады.
Дәл сол жылдың жазында Ырғыз өзені бойындағы Әбілқайыр майханасына Алдарбай Исенгелдин есімді башқұрт өкілі келеді. Мақсаты – бірлесе Анна патшайымға хат жолдау, нақтырақ айтсақ, шиеленіскен қазақ-башқұрт байланысын реттеуді өтініп, бірлесе хат жазу. Ал түпкі мақсат – хан қолымен жазылған бір парақ қағазды қалайда болмасын қолға түсіру. Әрине, хан қарсы болмады, жау санының азаюы, оған басты қарсыласпен күресіне септігін тигізетін еді. Әбілқайыр хатын жолдайды, екі жеріне өз тамғасын (мөрін) басады. Өз жанынан Құтлымбет және Сейітқұл есімді елшілерін Алдарбайға қосып, хатын жөнелтеді. Олар Петерборға 30 қыркүйекте жетеді. 1731 жылдың 19 ақпанында бодандыққа қабылданғандығы жөнінде құжат дүниеге келеді. Осы грамотаны табыс етуге 30 сәуірде орталықтан бізге таныс тілмаш А.И.Тевкелев аттанады. 5 қазанда хан ордасына жетеді, 7 қазанда грамотаны ханға табыстайды. 10 қазанда бодандыққа ант қабылдау рәсімі өтеді. Сонымен Кіші жүздің біраз бөлігі Ресей боданы болып шыға келді. Және де ерікті түрде.
Осы оқиғаның шын барысын ұғыну үшін, бірінші кезекте, хаттың жазылу тарихына, екінші кезекте, ішкі мазмұнына назар аударайық. Хатты Әбілқайыр өз бастамасымен жазған жоқ. Оған жазуға итермеледі, ықпал етті. Мәжбүрледі деу мүлдем қисынсыз. Орыс боданы башқұрт Алдарбай А.И.Тевкелев жіберген миссия адамы. Оған нақты міндет жүктелді, қалайда ханды хат жазуға көндіру, ол оны айна-қатесіз орындады. Басты мақсат – хат алдырту. І Петрдің «бір парақ қағаз» сөзі еске түседі. Осы шараның басы-қасында жүрген Алдарбай ол кім деген сұрақ туады. Алдарбай Исенгелдин – башқұрт батыры, екі мәрте орыс әкімшілігінен тархан атағын алған. 1704-1711 жылдардағы башқұрт көтерілісінің жетекшісі. Көтеріліс барысында 1709 жылы Әбілқайырды өздеріне хан болуға үгіттейді. Әбілқайыр ханмен достық байланыста болған. Тевкелев миссиясының мүшесі. 1735-1740 жылдардағы башқұрт көтерілісін басуға атсалысады. Алайда, 1740 жылы орыс әкімшілігінен көтеріліске қатысушыларға жазаны жеңілдетуді сұрағаны үшін күдіктіге айналып, сыбайлас ретінде тұтқындалады, азапталып өлтіріледі.
Хат Петерборға түсісімен, оған Сыртқы істер Коллегиясының кеңсесінде орысша аудармасы жасалады. Сол орысша аудармасының мәтінін әлі күнге дейін қолданып келеміз. Екінші мәселе, хат мазмұны. Бір қызығы, 1730 жылы жазылған тарихи хаттың түпнұсқасын, яғни араб әріпімен жазылған хаттың көшірмесін жұртшылық 230 жыл өткен соң, 1960 жылы «Материалы по истории политического строя Казахстана. Том 1»жинағындағы түпнұсқа көшірмесінен алғаш көрді. Фотокөшірме жанында, сол 1730 жылы кеңседе жасалған, авторы Мұстафа Турченинов деп көрсетілген орысша аудармасы берілген. Орысша аударма мазмұнын көпшілік қауым, ғылыми орта жақсы біледі, соған негіздеп бодандық бастауының алғашқы қадамы деп баға да берген. Дегенменде, тарихшыға әрбір құжаттың ішкі мазмұны, жазылу стилі басты назарда. Сол мақсатта 2006 жылы жас ғалым ретінде біз осы бір парақ хатты шағатай тілінен аударып, сырына бойлауды мақсат еттік. Нәтижесінде, біз, хаттың бодандық турасында емес, тараптарды бітістіруді көздеп жазылған хат екеніне көз жеткіздік. Ал, жалпы бұл хатты академиялық негізде аударуды алғаш қолға алған ғалым Амантай Исин есімді тарихшы екен. Ол тарихшы аудармасы 2001 жылы «Абай» журналында жарық көрді. Бұл аударманың барысынан біз бейхабар болдық. Кейін көрген кезде, екі аударманы салыстырғанда 95 пайыз ұқсастық анықталды. Ол кісінің аудармасы сапалы көрінді, сол себепті ғылыми негіз ретінде аталған ғалымның аударма мәтіндерін қолданамыз.
Істің мән-жайын ұғыныңқы ету мақсатында, көпшілік назарына тарихи хаттың шағатай тіліндегі түпнұсқалық мәтінін, түпнұсқалық аудармасын, Амантай Исин жасаған сөзбе-сөз орысша аудармасын қоса ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Тарихшы Амантай Исиннің жасаған қазақша аудармасын ұсынып отырмыз:

«Ұлұғларың аууа марһаматы биік, дәулеті артық, йер йүзіне билеген ақна ұлұғ падша хазыретлерің хұзырына бенделік етеміз. Күнден күн, айдан айға, йылдан йылға дәулет сәлемет зияда олар анша тасығай.
Біз ғарызбандә хазыретіңізге бұ дәрге. Сіз ұлығ хазіретнің Орал ештегі башқұрт халайықы бірле арада еллігіміз йоқ ерді.
Емді әл-хал, Сіз дәулеті ұлұғ падша хазыретіңе саясыда панаһ олып, сатиғ мунқаз олмақ үчін тоғай йолы Орал ештегі бендеңіз Алдарбайға елші қосып йібердім. Ол Алдарбай Сіз ұлұғ падшаның хазіретіге елші тілегені үчін біз, Әбілхайыр хан, қырық сан қазақ Орта йүз, Кіші йүз барша рағайат қарашаларым бірле баш салдым.
Йарлық: Сізнің-дүр ол қулларының Орал ештегі ел қылып ірішу[і]ңні тілейміз. Сізніңйарлығыныңбірле ел болғаймыз.
Сейітқұлйібергенелші баш Құтлыметйолдашларыбірле».

Тарихи хаттың түпнұсқалық аудармасынан көріп отырғанымыздай, оқиғаның желісі анағұрлым өзгеше болып отыр. Хаттың түпнұсқасын негізінде автордың орысша аудармасында ұсынамыз:

«Величия и милости высокой, государства превыше, правящей (всеми) землями ее величеству белой великой императрице обращаемся с обыденным намерением. Изо дня в день, из месяца в месяц, из года в год государство (Ваше) да пребывает в здравии и приумножается.
Наше заявлении Вашему величиеству следующее. С народом Вашего величества уральскими ештек-башкортами меж нами нет согласия.
Теперь, желая получить под покровом Вашего императорского величества защиту и спокойствие, посылаю, присоединив к лесной дороги уральскому ештеку подданному Вашему Алдарбаю, своего посла. Поскольку этот Алдарбай просил посла к Вашему императорскому величию, мы, Абулхаир-хан, сорок санов казахов, Средний и Младший жузы со всеми подвластными мне караша склоняем голову.
Ярлык: с Вашими слугами уральскими ештеками хотим достич согласия. С вашими ярлыком да будем в согласии.
Посланный посол Сеиткул во главе с Кутлыметом с товарищи».

Енді осы хаттың 1960 жылы жарық көрген «Материалы по истории политического строя Казахстана. Том 1» атты жинақтағы орысша аудармасын келтіре кетсек:

«1730 г. сентября 8. – Письмо хана Младшего казахского жузаАбулхаира императрице Анне Иоанновне с просьбой о принятии его и подвластного ему населения в подданстве России.
Над владеющими императрице и всемилостивейшей государыне, повелительнице и многих земель, обладательнице Белыя и Великия, государыне императрице, рабом пребывал которой желаю божеюмилостиювсегдашнягодобраго здравия и всякого благополучного государствования, и всенижайше прошу в.и.в. (Ваше императорское величие – автор), что Ногаской и Аралской дороги башкирцами прежде сего согласия и миру не имели, а ныне желаю быть со всем моим владенемв.и.в. в подданстве.
Того ради всеподданейшим нашим прошением к в.и.в. по требованию подданных вашего величества Ногаской, Аралской дороги башкирцомАлдарбаем отправил я, Абулхаир хан, посланника своево, дабы в.и.в. милостивейшим указом нас под протекцию в.и.в. милостиво указать принять и с подданными в.и.в., с аралскимибашкирцами нам милостиво указать в миру и в соединении быть. О сем всеподданейше прошу я, Абулхаир хан, с подданными своими втарой и малой статьи с сорока тысяч человек казаками желаем под протекцию в.и.в. и в согласии быть с подданными в.и.в. аралскими башкирами; а посланной от меня главнейший посланник КутлуметСеит Кули с товарыщи: в конце того листа две чернильные печати, в которых изображено имя евоЭбулхаир хан сын Султанов.
Переводил Мустафа Турченинов.
АВПР, ф. 122/1. Киргиз-кайсацкие дела,1730-1731, д. 1, л. 46-47. Перевод с чагатайского языка XVIII в.»

Құрметті оқырман, зиялы қауым! Егер хат мәтінін дұрыс оқысақ, бодандық туралы ойдың да сарыны байқалмайды. Демек, хат тараптарды бітістіру турасында. Нақтылап айтар болсақ, бұл хатты бодандыққа бастау салған, Ресейге кіріптар еткен заңдық күші бар акт деп қабылдай алмаймыз. Себебі, мазмұны сәйкес келмейді. Патша өкіметі үшін хат мазмұны аса маңызды болмады, хаттың жолдану фактісі қажет еді. «Бір парақ қағаз» аферасы дегеніміз осы болатын.Бұл дегеніміз, Ресей империясының отарлау саясатын бүркемелеу болса, осы саяси шараның бастамасы мен жауапкершілігін қазақтың өзіне немесе ханға арта салу деген сөз. Кінә өзімізге артылды. Бұл жерде біздің көздеген мақсатымыз – хаттың шынайы мазмұнына арқа сүйей отырып, қазақ халқын, Әбілқайыр ханды жалған айыптаулар мен жаңсақ пікірлерден арашалау. Бодандыққа бастама қазақтан емес, империядан, ал «жоңғар» факторы өзге елдің қолтығына кіруге мұқтаж етпеді. Жоңғар мәселесін қиын да болса, қазақ өзі шешті. Ол туралы біз төменде сөз ететін боламыз.
Кіші жүз өкілдерінің бодандыққа ант қабылдау мәселесіне келсек, оның да түйткілді жерлері баршылық. 1731 жылдың 10 қазанындағы ант қабылдау рәсімі болғандығы тек бір ғана құжатта бар, ол арнайы миссия арқалап келген татар мырзасы А.И. Тевкелевтің күнделікті жүргізіп отырған «Журналы». Ол жөнінде төменде сөз болады. Балама өзге құжаттар жоқ. Ал, біздің білуімізше, екі мемлекет арасында болатын бодандық немесе протекциялық акт міндетті түрде ресми рәсімделіп, екі тарап билеушілерінің мөрлері басылады, әрине, бұл құжат негіз ретінде сақталады. Дегенмен де, Кіші жүздегі миссиясы үшін оған полковник әскери шені берілді. Бастысы, бодандыққа келтіру жобасының идеологы болғандығын ұмытпауымыз керек.

Ернар Ұстағалиев,
тарихшы
(Жалғасы бар)-

1 Пікір

  1. «Ғасыр аферасы» деп атауға толық негіз бар! Ал сұрауы қайда? Өтеуі кімнен?

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз