Жуырда Жамбыл ауданы, Жаңақұрылыс ауылындағы Абдолла Қарсақбаев атындағы орта мектептің мәжіліс залында ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығының мамандары мен Жамбыл аудандық ауруханасының дәрігерлері бірлесіп, аудан мектептері басшыларымен «Жастар арасындағы АИТВ жұқпасының алдын алу» атты дөңгелек үстел өткізді.
Жиынды ЖИТС орталығының әдістемелік-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі С.Қожалимова мен Жамбыл аудандық білім басқармасының тәрбие ісі жөніндегі бас маманы А.Зейноллаева кіріспе сөзбен ашты.

61 бала есепте тұр

АИТВ індетінің алдын алудың негізгі тәсілі – адамдарға білім беру және олардың мінез-құлқын өзгерту, АИТВ жұқпасының пайда болу қаупін азайтуға және салауатты өмір салтын ұстануға деген ынтасын арттыру.Алдын алу бағдарламаларының басым бағыттарының бірі – 15-29 жас аралығындағы жастармен жұмыс болып табылады, өйткені бұл бір жағынан – қазіргі жастардың жыныстық белсенділігінің ертерек басталуы аясында жыныстық жұқпалардың көбеюіне әкеп соқтырса, екінші жағынан – жастарда инъекциялық есірткімен АИТВ жұқтыру жағдайлары жиі кездесуде.Облыста 61 бала есепте тұр, олардың 38-і мектепте оқиды (екеуі үйде, біреуі көмекші мектепте), екеуі орта білім беру мекемесінде оқиды.
Жамбыл аудандық ауруханасының дәрігер-наркологы Г.Дуйсебаева:
— Жасөспірім шақ – 13 пен 18 жас аралығын қамтитын ерекше кезең. Жасөспірімнің психологиялық және психикалық денсаулығына ерекше назар аудару қажет. Жасөспірімдердің ересектермен және құрдастарымен қарым-қатынаста өзін-өзі көрсетіп, білдіру қажеттілігі болады. Бұл жастағы өзін-өзі таныту үлгілері жағымды: өзін-өзі жетілдіру, жақындарына қамқорлық, күрделі отбасылық мәселелерді шешу, спорт, білім игеру, т.б. және жағымсыз болуы мүмкін: мінез-құлық нормаларынан ауытқудың түрлі формалары. Өзіне-өзі сенімсіздіктің сыртқы көрінісіне реніш, бірбеткейлік, жасөспірімнің агрессиясы, жанжалдасу, эмоциялық қозу, көңіл-күйдің құбылмалы болуы, ештенеңі жақтырмау жатады. Егер жасөспірім үшін «мен – мінсізбін» ұстанымы қолжетімді болып көрінсе, онда ол өзін-өзі тәрбиелеу мен жетілдіру бағдарламасын жүзеге асыруды бастайды.
Өзін-өзі төмен бағалайтын жасөспірімдер депрессия мен пессимизмге бейім келеді. Осылайша, жас ұрпақ дамуында психикалық денсаулық маңызды рөл атқарады. Осы орайда балалар мен жасөспірімдердің психикалық ауытқуларының алдын алу өте маңызды.
Жамбыл аудандық орталық ауруханасының дәрігер-психологы А.Абдрахимов: суицид аяқ астынан пайда болмайды
— Суицид індетінің біз ойлағаннан да терең салдары бар. Бұл тек қана бір адамның жарық дүниемен қоштасуы емес – қоғам үшін де орны толмас әлеуметтік, экономикалық жоғалту. Жүргізілген зерттеулер бір аяқталған суицидтің 10 мен 20 жасөспірімнің суицидтік мінез-құлқының, 100-ден 200 жасөспірімнің суицидтік санаға келуіне алып келетіндігін айғақтайды. Алайда көпшіліктің қайғысы «назар аудару» ретінде жалғыз, өмірден түңілген, бәрінен бас тартқан жасөспірімді өзіне тартады. Әркім «мен кінәлі емеспін бе» деген сұрақты қойып, өзінің марқұммен қарым-қатынасын еске алып, әрбір болған жанжалда өзін кінәлап, «субъективті» шешім жасайды. Нәтижесінде, психологиялық ауруға душар болып, күйзеліс, депрессияға ұшырап, тіпті кейбір жағдайларда өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады.

Жамбыл аудандық орталық ауруханасының дәрігер-гинекологы С.Хожаназарова: Жыл сайын қыздардың 2000-ы түсік жасатады

— Ал елімізде жыл сайын кәмелетке толмаған 3 мың ұл мен қыз некеге отырса, 1000 жасөспірім қыздың 30-ы өмірге сәби әкеледі. Швецияда 1000-ның төртеуі, Оңтүстік Кореяда екеуі. Қазақстандық жасөспірімдердің туу статистикасы Еуропа елдеріне қарағанда алты есе көп. Ерте жыныстық қатынасқа түсудің соңы неге әкеп соқтыратыны туралы жасөспірімдердің көпшілігі бейхабар. Жыныстық қатынастың ерте болуы өте қауіпті: бала денсаулығына қауіп төнеді, жыныстық жолмен жұғатын аурулар (ЖЖЖА), соның ішінде АИТВ/ЖИТС-қа алып келеді. ЖЖЖА қоздырғыштарының көпшілігі бедеулікті, импотенцияны, жатырдан тыс жүктіліктің болуын, түсік тастауды тудыра отырып, репродуктивті мүшені зақымдайды. Кейбір ЖЖЖА қатерлі ісіктердің себепшісі де болуы мүмкін. Жыныстық қатынастың ерте басталуы жоспарланбаған жүктілікке, ал салдары – түсік тастаумен аяқталады.Қазақстанда соңғы бес жылда жасөспірім қыздар арасында 33 мың жүктілік фактісі тіркелген, оның 10 мыңы жасанды түсік жасатумен аяқталған. Жыл сайын елімізде 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың 2000-ы жасанды түсік жасатады. (2014 жылы – 1,5 мың, 2010 жылы – 3,3 мың).

АИТВ мен ЖИТС-тің белгілері

— Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) адамның иммун жүйесіне шабуылдайды. Негізі қалыпты иммун жүйесі адамды түрлі аурулардан қорғап тұрады. АИТВ иммун жүйесін бұзады, осыған орай АИТВ-ны жұқтырған науқас бактериялық және вирустық инфекциялармен зақымданады. Бұл ауруға шалдыққаннан кейін, адам организмінің онымен күресуге шамасы жетпейді, сондықтан жазылу процесі әлсірейді. АИТВ – жұқтырылған иммун тапшылығының синдромының (ЖИТС) бастапқы сатысы болып табылады. ЖИТС – АИТВ инфекциясының асқынуының салдарынан туындайды. АИТВ асқынып, соңғы сатысына жеткенде, ЖИТС-ке айналады. ЖИТС-пен ауыратын адамдардың организмі, АИТВ-мен ауыратын адамдардың организмімен салыстырғанда тіптен әлсіз болады, ауруға қарсы тұра алмайды. Олар көбінесе осы инфекциядан немесе қатерлі ісіктен қайтыс болады. АИТВ-ны жұқтырғанда бастапқыда ешқандай белгілері байқалмайды. Кейбіреулерде АИТВ тұмау тәрізді симптомдармен көрінеді. Сол күйінде бірнеше аптаға дейін сақталып тұрады. Онымен мына белгілер байланысты болып келеді: қалтырау, бас ауруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, ұзақ температура, ұзақ іш өту, бөртпелердің шығуы. Егер адам бастапқыда АИТВ-мен залалданған болса, ол өз жағдайын білмейді де. Оған АИТВ жұқтырған адам да көрер көзге қалыпты көрініп, өзін жап-жақты сезініп жүре береді. АИТВ-ның симптомдары – мононуклеоз, тонзиллит, тұмау секілді аурулардың белгілеріне ұқсап келеді. АИТВ ерде де, әйелде де бірдей болады. Инфекция жұқтырған адам ұзақ уақыт бойы қалыпты көрінісін бұзбай, өзін жақсы сезініп жүре береді. Ұзақ уақыт бойы екеуінің де иммундары ақырындап әлсірейді, содан организмдері басқа инфекциялармен күресу қабілетінен айырылады. Ер мен әйелдің залалданған АИТВ-ның айырмашылығы тек мынадай болады: әйелдерде иммун жүйесі әлсірегенде қосымша тағы бір аурулары пайда болады, ондай ауруларының бірі – қынаптық зеңді инфекциясы. Бұл өте қауіпті инфекцияға жатады. Бұл аурумен ауырғанда төменгі ағзалар зақымданады (ағзадағы репродуктивті жүйенің инфекциямен зақымдануы), емделуі ауыр болады. Жатыр мойны ауруы тез асқынады, рак алды секілді (дисплазия) және қатерлі ісік. Егер әйелде осындай АИТВ болса, оларды өкінішке қарай емдеу қиын.
АИТВ жұқпасының Алматы облысы бойынша эпидемиологиялық жағдайы – 2019 жылы 320 жаңа жағдай тіркелген, соның ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны – 6.
Қазақстан Республикасында 2019 жылғы 12 айда АИТВ-инфекциясының 3675 жағдайы тіркелген.

АИТВ емі қалай
жүргізіледі?

Осы сұраққа Г.Жақанова: «Арнайы емі жоқ, сондықтан барлық жүргізілген ем аурудың ары қарай дамуын тежеуге және адам өмірінің сапасын жақсартуға бағытталған. Антиретровирусты препараттар тағайындалады, дәріні бір бастаған соң өмірінің соңына дейін қабылдауы қажет. ҚР-да АИТВ жұқтырғандарға жасалатын дәрігерлік көмек пен дәрілер (АРВП) тегін».
«Қасақана АИТВ жұқтырғандарға қандай жаза қолданылады?» деген маңызды сұраққа төмендегідей жауап берілді:
— АИТВ жұқтырғандардың барлығы біздің орталыққа есеп алу кезінде ҚР-ның ДСМ-нің 08.07.2005 жылғы №332 бұйрығына сәйкес №275/у формасына қол қояды. Ол жерде емдеуші дәрігеріне, жыныстық серігіне АИТВ жұқпасы бар екенін айту керек екені, тек қорғанысты жыныстық қатынаста болу мен 1 реттік инструментарий қолдану қажет екені және айтпай қасақана жұқтырған жағдайда 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны жайында ескертіледі.

Самал ҚОЖА-ӘЛІМ,
Алматы облыстық
ЖИТС орталығы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз