Қымбатты аналар және арулар! Білім беру саласының қызметкерлері мен ардагерлері!

Сіздерді көктемнің тамаша мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Біздің халқымыз ғасырлар бойы отбасы мен қоғамда ерекше орны бар аналарымыздың рөлін жоғары бағалап келеді. Бұл дәстүрді біз көздің қарашығындай сақтап, ардақ тұтамыз.
«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев ұстазға жоғары баға береді. Білім мен тәрбие құсқа қос қанат қалай керек болса адамға соншалықты қажет. Ендеше мұғалім-ананы құрметтеу, дәріптеу осы мерекені тіпті әрлендіре түсері анық.
Көктемнің шуақты сәттері оның алғашқы күні Алғыс айту күнінен, аналарымыз бен аруларымыздың мейрамынан бастау алады. Өйткені ізгі ниет, сұлулық пен сыйластыққа толы осы күн жан-дүниені жадыратып, жүректерге жылу береді.
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беретін айрықша күшке ие. Нәзік жандыларымыздың білім және ғылым саласының дамуы мен саладағы тың өзгерістердің жүзеге асырылуында қосып келе жатқан үлесі аз емес. Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен әзірленген «Педагог мәртебесі» туралы Заң қабылданып, мұғалімдердің құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулері, материалдық және материалдық емес қолдаулары бекітілді. Президентіміз Қ. К. Тоқаевтің мұғалімдердің Тамыз кеңесінде берген тапсырмасымен алдағы төрт жылда педагогтердің еңбекақысы 100 пайызға көтеріледі. Жаңа жылдан бастап еңбекақының жиырма бес пайызға өскенін мұғалімдеріміз сезініп отыр.
Ерекше құрметке ардагер ұстаздарымыз ие. Өмірі мен еңбегін оқыту ісіне арнаған, өз баласынан гөрі өзгенің баласының жағдайын ойлаған әріптестерімізге басымызды иіп, мың алғысымызды айтамыз.
Жас ұстаздарды қолдау мақсатында орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметіне алғаш рет кіріскен педагогке бір оқу жылы кезеңіне тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекітіліп берілуі Заң аясында іске асырылады. Және де тәлімгерлікті жүзеге асырғаны үшін педагогке қосымша ақы төленеді. Мұның өзі ұстаздық жолына жастарды көбірек баулып, олардың кәсіби қалыптасуына үлкен септігін тигізері анық.
Жаңа Заң аясында педагогтің аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін оған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілетін болады.Бұл үкіметіміздің мұғалім еңбегін ерекше ескеріп, жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне деген үлкен қолдауы екенін жете түсініп отырмыз.

Құрметті әріптестер!

Шығармашылық әлеуеттеріңіз бен дарындарыңыз, үйлесімдік пен тұрақтылыққа деген ұмтылыстарыңыз күннен күнге арта түссін! Көктемнің шуақты мейрамы баршаңызға қуаныш, бақыт пен игілік сыйласын!
Әрдайым туған-туысқандарыңыздың қамқорлығына, түсіністігі мен қолдауына бөлене беріңіздер!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз