МИТИНГІДЕН БІЗ НЕГЕ ҚОРҚАМЫЗ?

0
300

Алаңда митіңгі болады дегенді естіп, журналист, ақын Мырзан Кенжебай екеуміз метромен ескі алаңға сағат 14.30-да жеттік. Бірден көзге шалынғаны полисайдың қаптап жүргені. «Мәскеу» метро стансасына кірер ауызда тұр екен. Олардан «Митіңгі қайда болады?» деп сұрадық.
— Білмейміз, ол жаққа бармаңыздар, қамап тастайды, – деп ақыл айтты біреуі.
Полисайлар алаңды тегіс қоршап алған, алаң жаққа тірі жанды өткізбей тұр. Біз оларға журналист екенімізді айттық. Бірақ олар журналист дегенге айылын жинамайтын тәрізді, жолымызды кес-кестеп тұрып алды. Өткізбеді. Алаң маңында интернет ұстамайтын етіп тастаған. Бұл әрине сол маңда тұратын қаншама тұрғынның құқы тапталды деген сөз.
— Алаңда біреу бар ма? – деп сұрадым олардан.
— Ешкім жоқ, – деді полисайдың бірі.
— Адам келмеп пе сонда?
— Келген. Жүз елудей адам. Бәрін тиеп алып кетті.

Полисайларға сөз өтпейді, қол көтермесең болды, не десең де тас мүсін сияқты міз бақпай тұра береді. Түрлеріне қарасам, бәрі ауылдан келген өрімдей жігіттер. Сөйлеген сөзі де, жүрген жүрістері де ауылдың адамынан аумай тұр.
Менің ойыма ана жылы Вашингтонда көрген митінгі орала кетті. Ақ үйдің жаны еді. Темір шарбақтың арғы беті Ақ үй, бергі беті мынау полисайлар қоршап тұрған алаң сияқты жер. Сол алаңда олар да шерулетіп жатты. Анадай жерде полисайдың жалғыз жеңіл машинасын көрдім. Біздегідей терезелерін торлап тастап, тізіліп тұра қалған автобустар атымен жоқ. Біздің митингілерде «Жедел жәрдемге» дейін дайын тұрады ғой. Ал Американың полисайларында ондай ой жоқ-ау, байқамадым, жайбарақат. Митіңгі жасаған халық айтатындарын біздегі сияқты айқайлап айтып жатты. Бір қайран қалғаным, олардың айқайына билік жағынан құлақ түрген біреу болсайшы. Мүмкін камерадан қарап, естіп отырған шығар. Біраздан соң өз айқайларынан өздері жалықты ма, әлде әдеті солай ма, жиылған жұрт ыдырап, тарай да бастады. Алаңда қалған жанкештілері тамақтары қарлығып қалған соң, айтатын сөздерін алдын ала магнитофонға жазып келген екен, енді соларын бақыртып қойып, өздері қолшатыр астына тығылып, колаларын ішуге кірісіп кетіпті.
Қазір бір қырғын болатын шығар, біздегідей қолдарын бұрап, желкеден тұқыртып, автобустарға тыға-мыға әлдеқайда әкетіп, көздерін құрта бастайтын шығар, сөйтіп бір қызық көретін болармыз деген үмітім ақталмады. Ақталмаған соң «бүйткен митіңгілерің құрысын» деп, мен де ренжіп кетіп қалған едім.
Олармен салыстырғанда біздің биліктің өз азаматтарынан сонша қорқатыны тым күлкілі, тым аянышты көрінеді екен. Сонша полисайды бір жерге төккені қорыққаны емей не? Өз халқынан емес, өз ойынан қорқады-ақ, сірә. Халық алаңға жиналса, төңкеріс жасауға емес, талабын бейбіт түрде айтуға бармай ма? Қазір біздің қоғамда жаннан безген ешкім жоқ. Ал біздікілер халық талабын тыңдаудың орнына, аузыңды жап дейді. Сөйлеме дейді. Сөйлесең болды, анадайда тұрған терезесі торлы автобустарға қарай қалықтап ұшып бара жатасың. Төрт полисай аяқ-қолыңды жерге тигізбей ала жөнеледі. Полисай көп, бәрімізге жетеді.
Осыны ойлап тұр едім, Мырзекең: «Әжетхана қай жерден табылады екен?» деп, есіме қайдағыны түсіріп жібергені.
Митінгі өтетінін, оған көп адам жиналатынын әкімшілік алдын ала біліп отыр. Бұйрықпен полисай келтіріп, Жедел жәрдем жеткізіп әлек боп жатқаны содан. Ендеше әкімшілік осы маңға көшпелі әжетхана ұйымдастырып қойса, ақыл болмас па еді? Мейлі, ақылы-ақ болсын. Мырзекең екеуміз бір айналып өткенде, талдың түбінде әжетін өтеп тұрғандардың талайына куә болдық.
Әжетхананы айтасың, керек десең, қазанын асып, палауын басып, шайын дайындап, сауданы қыздырып жіберсе, оған қой дейтін кім бар? «Таспен ұрғанды аспен ұр» демеп пе еді бұрынғы шалдар. Айқайдан қорыққан ауыл басқара алмас, не айтар дейсің сонша қорқатындай. Басқа талабы болса, тыңда, неге тыңдамасқа? Адам сияқты құлақ қойса, халық та адам сияқты тарайды ғой. Сөйтіп, митінгі өткізу мәдениетін қалыптастыр. Соңын трагедияға айналдырмай, тойға, мерекеге айналдырып жібер.
Бірақ бұны ойлайтын бас қайда?

Нұрлыбек Саматұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.