Тағдыр мен тарих шежіресі

0
611

Құдай пейілге
береді деген рас

Қазақ халқы бір ғасыр көлемінде қаншама зобалаңды бастан өткеріп, тайфун дүлейіне түскен алып кемеге ұқсап, бірде жарға бүйірін соғып, келесіде теңіз астының қақпа тастарына ұрынып-шашылып қала жаздап, әупіріммен Тәуелсіздіктің ұлы айдынына шыққаны кеше ғана. Сол қиындық пен қысталаңды халқының бір жағына шыға жүріп, қазағымен бірге өліспей, беріспей қатар көтерісіп келе жатқан ірі тұлғалар болады.
Ірі тұлғаларға қарап кейінгі ұрпақ жетіліп өседі, бой-басын түзейді.
Ғасырға жуық өмір сүріп, бұл күнде тоқсан жастың белесіне шыққан Тәңірберген Қалилаханов тек қана ілгергі тілеумен, болсын деген ізгі ниетпен тіршілік сапарын ұзарта созып, үлкен белдің үстіне көтерілген кісіге ұқсайды. Мұндайды атам қазақ базардан қайтып келе жатқан кісі дейді.
Базардан қайтқан кісінің иығында қоржын-қосқалағы болады. Иықты қажаған әлгі қоржынды дүрс еткізіп жерге қойып… аузын шешіп жіберіп… ішіне үңілген кісінің көзіне ең әуелі нелер ілігер еді? «Ақын Сара», «Тордағы тоты», «Шытырман шежірелер немесе тастағы жазулар», «Абылай аманаты», «Соғыс сораптары», «Күй Дастан» атты – іші тірі сөзге бай, шытырман оқиғаға толы, қара сөзбен жазылған жыр секілді оқылатын топтамалары есімізде.

Ақын Сара ақиқаты

Аталмыш жинақтарда кешегі күңгірт заманда теңін таппай, өкініштен өзегі өртеніп, албыраған жүзі жасына жетпей сарғайып, қор болған Сара Тастанбекқызының тағдыры сөз болады. Тәңірберген Қалилаханов ағамыз аузына жаратқан ие сөз салған, қиялы қанатты, демінен от шарпыған Сараны бірде тордағы тотыға, келесіде қанаты ерте қиылған аққуға, үшіншіде сыңарын таппай қапалықтан сарғайып өткен әзиз Ләйліге теңеп, өзінше кескіндеме – сурет жасайды. Кешегі заман мен бүгінгі заманның таразысын құрады. Тәңірберген Қалилахановтың ақын Сара мен Біржан сал айтысы төңірегінде айтқан салиқалы сараптары өткен ғасырдың 60-шы жылдары әдебиетшілер қауымы арасында сойқан пікірталас туғызған еді. Тыныш жатқан көл бетіне тас түскендей әсер еткен.
Әдебиетшілер қауымы: «Ақын Сара мен Біржан салдың айтысы болған, сал ақын мен тотыдай құлпырған өспірім қыз қарсыласып отырып, таңды таңға ұрып, қазақы қара өлеңмен айтысқан», – деп жазып жүрді. Айтыстың ұзын-ырға мәтінін оқулыққа басқызды. Сол бойынша әлденеше зерттеулер, либеротто, сыни мақалалар жазылды. «Жын-перісі бір басына жетіп-артылатын Біржан ақын мен сандуғаштай Сараның айтысы – ауыз әдебиетінің ғасырдан ғасырға жеткен інжу-маржаны», – деп дәріптеліп келді.
Құданың құдіреті деген! Дәп осы кезеңде Тәңірберген Қалилаханов ағамыз: «Жоқ, бұл кезеңде Біржан ақын елудің үстіне шығып, алпысты алқымдап, шау тартқан шағы, оның бүлдіршіндей Сара қызбен айтысуы мүмкін емес. Ауызекі айтыс – қисынға келмейді. Сөз маржанын төгілдіріп сұңғыла айтысты өзінше жырлап шыққан ақын – Әріп Тәңірбергенов еді», – деп мүлде бөтен полюстен, өзгеше қисын ұсынды. Өзінше батыл болжам жасайды.
Осы кезеңде аузымен құс ұстаған абыз профессорлар мен шалғайда Алматы облысының Бөрілітөбе ауданында, алақандай аудандық газетін шығарып жүрген журналистің арасында айтып болмас дау ушығып, дабыра, дүрбелең басталды. Сыңар езу сыншылар шықты атойлап!
Білгіш профессорлар: «Біз ғана айта аламыз!» – деп құлаш-құлаш мақала жазды. «Алыстағы ауылда жатқан, тұжырымы тың, сөз саптасы бөтен – Қалилаханов есімді пәле қайдан шыққан?» – деп сын шоқпарын аямай сілтеп, кәдуілгі кісілігі бір басына жетіп артылатын, жазғыштығы біраз жұртты қайран қалдыратын журналист ағамыз қасарысқан үстіне қасарысып, дүбірлі дауды үдете түсті.
Әдебиетшілер бір жақ, Қалилаханов ағамыз бір жақ болып, әлгі дау ғасыр аяғына дейін созылған. Кімнің қисыны дұрыс, кімдікі бұрыс – біле алмай, дал болған оқырман қауым тұжырымды пікірді ғасырдың аяғына дейін күткен еді. Енді міне сол пікірдің түйінді сөзіндей болып жақын арада Қалилаханов ағамыздың «Ақын Сара Тастанбекқызы» деген кітабы «Күлтегін» баспасынан жарқ етіп қайта басылып шықты. Кешегі күңгірт заманда зар кешіп өткен Сараның ақындық құдіреті жер дүниені күңірентіп, оқырманымен қайта табысты. «Қажеке-ау, айып етпе зарлағанға, тұңғиыққа сөзім терең – барлағанға; мінекей, он жетіге биыл шықтым, сан жүйрік ерген емес самғағанда», – деген өлең жолдары кісінің сай-сүйегін сырқыратып, өмір жасын өксіткендей. Сараның аузынан шықты деген осынау төрт-бес шумақ өлең кешегі қазақ қауымының арасындағы әйел теңдігінің қоғамдық мәнінің аса зор екендігін еске салғандай!
Ақынның оқырманға жұмбақ болып келген жаңа қырлары ашылған. Мөлдіреген ғажайып жырдың аллегориясы, эпитеті, теңеуі, оралымы мен құрылымы терең талданып зерттелген.
Ғасырға жуық уақыт дауға өзек болған үлкен тақырыптың түйіні шешілген. Ақын Сараның жан әлемі, мінез стихиясы, уақытпен кереғар таным философиясы, табиғи дарыны кең тыныспен ашылады. 1897 жылдың күзінде асау қызға ойда-жоқта тұсау салынады. Қаптаған ұр да жық – із аңдушы жігіттер кәмелетке жаңа толған қыздың абыройына дақ салады. Сара өзінің сүйген жігіті Күсенбайға бар шындығын ашып, бұдан былай абырой-пәктіктің сырт айналғанын түсіндіріп: «Мұнанда мен буынып өлейін, сен ренжіме», – дейді зар кешіп. Мұны естіген Күсенбайдың төбе шашы тік тұрады. Елдегі иіс алмас момын Бекбай есімді жігітке тұрмысқа шық деп кеңес береді. Мінекей, жетпіс жылдан астам уақыт бойына «Жиенқұлдың әйелі» екен деп келген Сараның – Бекбайдың әйелі болып шығу тарихы осындай. Сара Бекбайға тұрмысқа шыққан жылдың қысында Абай арнайы адамдар жіберіп, ақын қыздың саушылығын біліп келуді тапсырған. Тарихи шындық ашылды. Мұның бәрі қолымыздағы кітапта егжей-тегжейлі жіпке тізіліп жазылған.
Сараның қазақ ауыз әдебиетіне қосқан өзіндік нәзік сыры, ұлы уайымы, сыршыл ұйқасы, ұнасымы, ырғағы бір бұрым кәусар бұлақ болып оқырман сусынын қандырары кәміл.

30 жыл кебежеде
сарғайған «Қазақнама»

Қалилаханов ағамыздың тапқаны бұл ғана емес. Қазақ мемлекеттілігінің басында тұрған Абылай ханның жан ашуын уақытымен салыстыра отырып, екі империяның арасында арыстанша аласұрған мінезін зерттеушілік көзбен ашуға күш салады. Осынау қабырғалы биік ұстаным Қалилаханов ағамыздың 2007 жылы «Өлке» баспасынан шыққан «Қазақнама» кітабында егжей-тегжейлі баяндалған. Кітаптың негізгі ұстыны «Қазақ халқын құраған ежелгі тайпалар» деп аталады. Мұнда түріктер – кеншілер, үйсін – сыншы династиясы, таң – қырғыз династиясы, көре – керей мемлекеті, қарақытай – қаракерей, қоңырат – оң рат, қазақ – жауынгерлік атақ деген тұжырымдар тарау-тарау ұстанымдарға табан тірейді. «ХІІІ ғасырда найман жерін аралап, жазба деректер қалдырып кеткен батыс саяхатшыларының: «Найман дегеніміз бір адам емес, бүкіл бір облысты мекендеген ел», – деп ашық көрсеткен құжатын оқығаннан кейін, әрі наймандардың жалғыз қазақ рулары ішінде ғана емес, тағы басқа түрік халықтарының ішінде кездесе беретінін көргеннен кейін – шындап зерттеушілік жолға түскенін» журналист ағамыз жасырмайды. Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде наймандарды билеп тұрған Сүгірше, Өкіреш, Сарымырза – Сарыжомарт, Бұлдый деп аталған билердің өзі де сол кездегі наймандарды өз кіндігінен таратқан адам емес, қайта сол найман руынан өздері тараған деген тұжырымға табан тірейді. Найманды о баста бір ғана адамның аты емес, бүкіл бір елдің атауы деп ұғыну; «найман» деген атауды субъективтік жолмен емес, объективтік жолмен қарастыруға, Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан, Сәрсен Аманжолов ұстанымдарына табан тірей отырып, тың тұжырым жасағаны қызық.
Автор қазақты құраған қабырғалы рулардың этногенезіне, этностық құрылымына батыл болжам жасайды. Тіпті қоңырат, он сан – оғыз тайпаларының таралу тегін Күлтегін жәдігерінен іздеп табады. Күлтегін мен Тұңғиық (Тоныкөк) ұстын тастарында айтылған мәтіндерді зерттей отырып, түрік қағанаты батыс жақтан өңмеңдеп келе жатқан араб басқыншыларына ғана қарсы емес, шығыстан төбе шошайтқан моңғол қолдайларына қалай қарсы шыққанын тексереді. «Түрік қағанатына еріксіз қосылған байырқы, аз секілді қайсыбір тайпалар Елтеріс қағанға қарсы көтеріліс жасап, Табғач, қазіргі атауымызша, қытай императорының қолтығына қайта кірген. Майданға аз қолмен шыққан Елтеріс қағанды жаулары тұтқындап, басын кесіп, қытай императорына жіберген… «Түрколог ғалымдардың осы оқиға туралы жазған пайымдауларының дұрыс жері де, бұрыс жері де бар. Дұрысы – Елтеріс қағанның өлтірілгені 716 жыл дегені. Бұрысы – бұл өлген Елтеріс қаған емес, оның інісі Қапаған деген! Шындығында Қапаған адам аты емес, қайраттылығына қарай қойған «Қабылан» деген Елтерістің лақап аты. Бұл туралы еңбегіміздің басында түсінік бергенбіз», (Т.Қалилаханов, «Қазақнама», Алматы, 2007, 228-бет) деген зерттеушілік сұңғылалығы тәнті етеді.
Зерттеушінің Плано Карпини, Гильом Рубрук еңбектеріне, Манас, Алпамыс жырларына сілтеме жасай отырып, ұсынған тың ұсынымы қазіргі ғылыми атағы алатаудай ғалымдардан асып түспесе – еш кемдігі жоқ. Әлгі зерттеушілік кітабында «тұңғиық» деген сөз бар. Сол тұңғиықты түкпірлей зерттеп, пайым тереңдігін, ой шексіздігін беретін ұғым дейді. «Алпамыс – алып Манас», «Аңыз арқауы – ақиқат», «Перстень – Арслана» атты тарауларда кіндік Азияда тайфун дүлейіне ұқсап тарих кемесін секірте шайқап, түрік қағанатын жер-әлемге шашып жіберген ұлы күш – нендей екенін зерттеушілік зайырлы пайыммен болжап тексереді.
Алпамыс пен Манастың астарластығы, екеуінің де Алатау бауырын ата мекеніміз деп, түстеп, танып, иемденген өлкесінің қатар жатқаны бесенеден белгілі дейді. Мысалы: Алпамыс Гүлбаршынның тұсына кеп айтқан өлеңінде: «Жаңа көрдім Байсынды, Жерім деймін, жар-жар, Жаңа көрдім Қоңырат, Елім деймін, жар-жар», деп сұңқылдап қоя береді. («Алпамыс» 263-бет). Шын мәнінде қазақтың төркін жырының түп мәтіні қырғыздың Манасына соншалық ұқсас, төркіндес, тамырлас екендігін астарын ашып, әдібін сөгіп суреттейді.
Шағын үзікте Алпамыстың туған жерге деген сүйіспеншілігі – ендігі жерде қырғыз Манастың аузынан дәп сол күйінше, сол ырғақпен, сол ұйқаспен жырланатыны қызық. Әдеби аллегория дегеніміз осы болар, сірә!
Сөз саптасы тепсініп атқыған бұлақтай, логикасы иілген жақтай, әр сөзі мірдің оғындай, тұжырымы – тепсе темір үзгендей – «Қазақнама» – әрі зерттеушілік ғылыми эссе, әрі шындығы шұрайлы көркем шығарма. Ата-баба тарихын өткен ғасырлардан бастап, бүгінге дейін тың топшылау, биік пайым, ғылыми зерде арқылы – зар кешкен күйінде қайта сөйлетіп береді. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп, осыншалық ұланғайыр жерді иемденіп, жүрек оты мол ұрпақтың ізгі арманын өшірмей осы заманға жеткізген ұлы сенімнің түп астарын ашады.
Дүбірі құлақ жарған құбылмалы дүниеде, жаһандану керуеніне ілесуге ұмтылған жаңа ұрпақтың ойына – ой, қиялына – қанат, біліміне – білік қосатын зерттеушілік – эссе кітабы қолдан-қолға тимей оқылары анық.
Әр сөздің этимологиясынан атан жіліктей пайым туғызған, әрқилы жер атауының астарынан тарихи шындық тапқан білімпаз абыз ағамыз осы кітап арқылы оқырманның жан әлеміне қайыра шуақ шашып отыр. Топшылауы тың, байыбы терең, қисыны қиып түсер тарихымыз туралы толық кітап қолымызда! Оқиық та тоқиық, оқырман қауым!

Дүкенбай Досжан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.