Ел арасында әңгіме көп. Соның бірі Парламент депутаттарының үкіметке жолдайтын сауалдарына да қатысты. Халықтың айызы қанатын қаншама депутаттық сауалдар «Су аяғы құрдымға кеткендей» үшті-күйлі жоғалды. «Темірді қызған кезде соқпағаннан кейін», «жау кеткесін қылышы тезекке шауып» кім жетістікке жете алсын!

Осылайша өзекті деген кей сауалдар Үкіметке жеткенімен, ол жақта «қорытылуы» ұзаққа созылатыны тағы рас. Әйтседе сең қозғалғанға ұқсайды. Таяуда ауған соғысының ардагері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың маңызды ұсынысы Үкімет басшысы Асқар Мамин тарапынан қолдау тапқанын естіп, қуанып қалдық. Нақтылап айтсақ, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалына Асқар Мамин жауап қатыпты.
Ақпан айында депутат Бақытбек Смағұл Мәжілістің жалпы отырысында Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы аумағында, еліміздің Ресеймен шектесетін мемлекеттік шекарасында орналасқан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2032 әскери бөлімінің «Қарақоға» шекара заставасын «Батыр Баян атындағы шекара заставасы» қылып өзгертсек деген ұсыныс айтқан болатын. Былай қарасақ, елдігімізді танытатын, жастар рухын асқақтататын ұсыныс.
«Бар ғұмырын ат жалында өткізіп, азаттық жолында арпалысқан, Қазақ хандығының саяси және аумақтық тұтастығын қорғауға жанын салған, елдіктің туы еңкеймеуі үшін жанын құрбан еткен хас батырлардың бірі – Баян батыр. Баян Қасаболатұлы 1714 жылы, қазіргі Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Мағжан Жұмабаев ауданы аумағында дүниеге келді. Батыл, айбынды, ақылды әрі дана адам болған Баян туралы деректер Үмбетей мен Тәтіқара секілді ақын-жыраулар шығармаларында, Ш.Уәлиханов еңбектерінде, М.Жұмабаевтың поэмасында айтылады. Ресейдің Омбы және басқа да мемлекеттік мұрағаттарында Баянға қатысты тарихи құжаттар сақталған», – деген сөздер болатын депутаттық сауалда.
Негізінде депутаттық сауалға мемлекеттік орган бір айдың ішінде жауап беруге міндетті. Осыны ескерген Премьер-министр Асқар Мамин депутат ұсынысы тиісті органдар тарапынан қолдау тауып отырғанын айтыпты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз