Біз өзі өте қызық жұртпыз ғой.
Өткен жылы жамбылдық мектептің бірінің даладағы  әжетханасында  болған қыз зорлау оқиғасында кішкентай қыздың бұдан былайғы тағдырын әке-шешесіне, отбасына, өскен ортасына оқшау қалдырып,  көп ұзамай ұсталған әлгі педофильді заң орындары сазайын тарттырарына сенім артып, оңаша тастадық та, артынша, аз уақыттан соң бүкіл әңгімеміздің ауаны мен бар проблемамыздың  тақырыбы туалетке, мектептің іші-сыртындағы әжетханалардың бары-жоғына қарай ауысты да кетті.

Әжетхана, – жиын, жиналыстарымыздың ең маңызды өзегіне айналды.
Жоқ, мен бұл істі қолдаймын.
Республикалық, облыстық, қалаберді аудандық бюджеттерден қарастырылып, барлық оқу, білім ордаларының ішкі ошақтары әжетханалармен қамтамасыз етілу жұмысы жаппай қолға алынды.
Тіпті, ауызсуға ғана емес, көк-сөк суғаратын жәй суға да мұқтаж  боп отырған менің құмды, шөлейтті ауылым Үшаралдың да кеңестік кезеңнен қалған үш қабатты типтік ғимаратында  әжетханалар салу жүзеге асырылуда. Сусыз жұмыс істемейтін әжетханаларға су құбырларын дұрыстап қосу жауапты адамдардың мойынында. Үшінші қабатқа дейін онсыз да жүгі ауыр кіші техникалық персоналдарына шелектерімен су тасытып қойса да «өздері білер».
Хош. Арнайы бөлінген қаражат тиісті жерлеріне дейін жетпей қалып, «желкесі үзілмесе», әжетханалардың мәселесінің осылай бір мәнісі болар.
Сөйтіп, бір оңбаған педофильдің кесірінен әжетхана проблемасы шешілді. Дейік.
Ал біз негізгі нәрсені ойладық па?!.  Біз идеологияны ойладық па?!.
Ондай педофильдер енді өлсе де әжетханаларға жоламайды.
Зұлым әккілер жауыздығын іске асыру үшін енді басқа бір жол тауып алады.
Біз солардың соңынан қуалай,  ізіне түсіп, «тыңнан» салған «түрен» жолымен «жүріп» олардың лас тірліктері жасалған орынды «жуып-шайып», «тазалап», «қалыпқа келтірумен» ғана айналысып жатырмыз.
Ол қылмыскердің педофильдік дертке ұшырауына не себеп болғанында шаруамыз жоқ.
Бір педофильді түрмеге тықтық. Сонымен педофилизм жойылып кетсе, кәнеки?!.
Құдай сақтай гөр, басқа жерден тағы бір педофильдің сопаң етіп шыға келмесіне кім кепіл?
Бұдан бұрын Қаратауда және Шуда тіркелген қыз зорлау фактілеріне қарағанда, өткен жыл ішінде бір ғана біздің аймағымыздан шыққан мұндай бірнеше оқиға, «айтқанның ауызы жаман», бұдан кейін де қылаң бермей қалмасына кімнің көзі жетпек?..
«Идеологияны ойладық па» дегенім – сол. Ол идео- логиялық машинаға – «екі кеменің басын ұстаған суға кетер» деген мәтел дүдәмалдық етеді. Ол идеологиялық машинаға – бір сәтте бірнеше шаруаның басын бірдей қайыратын бесаспаптық нағыз іскерлік керек. Ол үшін ол машинаның  басы  мықты қозғаушы күштің ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында  ойнауы тиіс!
Бұл жерге, яғни, идеологияның машинасына – нағыз іскерлік, бір сәтте бірнеше жұмысты қатар  алып жүрудің бесаспаптық жүйесі ықпал ете алады. Әлбетте, ол үшін – бұл машинаның штурвалын (рөлін) ұстап отырғандар идеологияның сұранысын қайтсе қанағаттандыра алатынын тап баса білетін дұрыс жолбасшы болуы керек!..

Үміт ҚЫРАНҚЫЗЫ-БИТЕНОВА, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз