Бұл бабамыздың қорымы Ақтау қаласының дәл ортасында орналасқан. Бүгін біз бабамыздың кім екені жөнінде кеңінен беріп отырмыз. Бабамыз туралы және оның жатқан жерінің жөнделмегені жөнінде газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызы және тілшілеріміз бұдан бұрында бірнеше мәрте дабыл көтеріп, материалдар жариялағанбыз. Ақыры кезінде Маңғыстау облысының әкімі болған Ералы Тоғжанов мырза мұнда өзі келіп, қамқорлық жасауға, баба басын көтеруге, жөндеуге үкім берген. Оны да «сүйіншілеп» жаздық. Өкінішке орай, Ералы бауырымыз әкімдіктен кеткен соң бұл жұмыс аяқсыз қалды. Енді міне, Ералы Тоғжанов бас уәзірдің орынбасары болып келді. Бұл мәселеге ол кісі жақсы қанық. «Үкімет назарына» деп тағы да осы мәселені бүгін қаузап отырмыз. Облыс әкімі бас болып баба басы қайта жөнделеді деген үміттеміз. Бір жағынан бұл елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасына да, туризмге де әдемі келіп тұрған жоқ па?

Ақтау қаласының қақ ортасында, қазіргі 17 шағынаудан аумағындағы үлкен қоңыр төбенің басындағы қауым Алтықұлаш әулие болып аталады. Маңғыстаудың ой-қырын аралаған археолог Андрей Астафьевтің дерегі бойынша Алтықұлаш әулие X–XI ғасырға жатады деп келтіреді. Қаншама ғасыр өтсе де Алтықұлаш әулие аты ел есінен кетпей күні бүгінге дейін жетіп, оның орын тепкен төбесін ел қадірлеп өткен. Оған қылау түспеген. Алайда кешегі Кеңес үкіметі кезінде Ақтау қаласының аумағынан табылған мол уран  кенін игеру үшін орталық Ресейден мамандар өз аспаптарымен келіп шатырын тігіп орналаса бастады. Олар бұл өлкеде ежелден қалыптасқан киелі мекен, дін, дәстүр дегендерді түсін­бейтін адамдар еді. Олар біртіндеп күш жинап алғасын, келешек қаланың ірге тасын қалау үшін іргедегі ұлу тас пен қиыршақ тас шығатын жерлерді барлай бастады. Ұлу тас (ракушеблок) шығатын жер және сапасы­ның айтарлықтай құрылысқа жарамдылы­ғы ескерілгенде осы Алтықұлаш қорымы жатқан төбенің арғы­бергі жағы мен айналасына тап келді. Ұлу тас карьерінің аумағын өздеріне жақындатуға және бұл жердің таза қызғылт топырағын құрылысқа пайдалануға төбені алуға бел буды. Сол кездегі жақын орналасқан ауылдарға төбе үстіндегі қорым туралы хабарлағанмен ешкім шығып «мынау біздің елдің адамдарының қойылымы еді» деп келе қоймады. Бірінші жіберген эксковатор аздап төбенің етек жағын және жан­-жағын тегістеп алғанмен әрі қарай бара алмады. Әуелі сынды, қисаңдап жүріп аударылды, ішіндегі адам жарақаттанып, әрі қарай жұмыс жасай алмады. Жіберген техникасының бәрі осылай жолы болмай қирай берді. Құрылыс басшылары бұның себебін анықтайын деп жергілікті жердегі үлкен кісілерден сұрағанда, олар: «Бұл төбедегі қауымды біздің қазақтар Алтықұлаш әулие деп айтады, сондықтан одан абай болғандарың дұрыс» деп жауап береді. Сонымен олар «әулие төбеге» соқпай әрі қарай карьерін өсіріп тасын ала береді. Ақтау қаласы өсіп, аумағы кеңейіп Алтықұлаш әулие жатқан төбеге де жақындайды. Кеңес үкіметі адамдары бұрынғыны ұмытып, тағы да сол төбенің айналасына құрылыстар салмақшы болады. Осы бір кезеңді көріпкел Тіней Боқай сы­нықшының туған жиені Шаршаған апаның мына бір әңгімесінен байқайсыздар.

Таңғажайып

— Алтықұлаш әулие жөнінде көп адам біле бермейтін әңгіме айтқым келеді. 1979 жылы 7 қыркүйекте осы қаланың 12­-51­-58 мекенжайына көшіп келдік. Бір күні ұйықтап жатып түс көрдім, түсімде үйдің қасында баяғы көшіріп әкелген затыммен тұр екенмін деймін. Бір кезде анадай жерден бір ата мені шақырып тұр. «Әй, балам, бері келші, қорықпа» деді. Қасына бардым. «Ата, сіз түрікмен екенсіз ғой» дедім. «Иә, балам, мен түрікменмін, мен саған адамдар жіберейін көмектесетін» деді. Мен ештеңе айтпастан үйге келсем, үйдің екінші жағында автокран тұр екен және қасында бір-­екі кісі бар. Төменде бір ыдыс-­аяқтар қалып қойыпты. Үйдің сыртында теңіз жатыр, «ой, балалар­ға жақсы болды-­ау, күнде барып теңізге түсетін» деп ойладым. Таңертең ұйқыдан тұрғасын 14 шелпек садақа нан пісірдім. Көп қабатты үйімізде қазақ аз, әлі бәрі көшіп келе қоймаған кез. Садақа нанымды орысы бар, қазағы бар, балаларға таратып бердім. Тазагүл деген қызым жұмыстан келіп, «мама, үстімізге бір әйел кішкентай баласымен келіп зат тасып жатыр», – деді. Сол үйге бардым. Олар Доссордан келген екен. Таныстық. Әйелдің аты Құралай, күйеуінің аты Орысбай. Ол әйелге айттым «жақында түсімде біреулер менің затымды шығаруға көмектесіп жүрді, ал мен оларға сенің затыңды да жоғары шығарып бер деп жатыр екенмін» дедім. Содан көп ұзамай тағы түс көрдім. Тағы да сол түрікмен ата көрінді. Үстінде солдаттың белбеуі бар, басында үлкен бөрік, «мен 40 қадам жерде жатырмын, мені тас басып жатыр, құм басып жатыр, былай шықсаң табасың, таба алмасаң 7 тиын таста» деді. Келесі күні көршім Құралай екеуіміз іздеп шықтық. 5 тиын 5 бөлек, 10 тиын 7 бөлек ақ матаға байлап алдық. Ол жақта жерді қазып тастаған, екі солдат тақтай әкеліп жол жасап біздерді өткізіп жіберді. Самосвал машиналар топырақ тасып жатыр. Атаның жатқан жерін таба алмай келе жатырғанымызда төбенің үстінен ай көрінді, әрине күндіз болатын және адамдар көрінді. Солдаттар «тамға келдіңдер ме?» деді. Өздері жарды тесіп, баспалдақ жасап, бізге арқан берді. Сол баспалдақпен біз жоғары шықтық. Жоғары шығып төбенің үстін қарасақ, адам сүйек­тері көптеп шығып жатыр екен. Әйетімізді оқыдық. Атаның басына темір (ақ) белгі қойған, оған ай қондырған, қасында екі адам, ортасында бала барлығы төрт  адам жатыр. «Ата, жатқан жерің жайлы болсын» деп басына ақ матамен садақамызды байладық. Бір күні көп үлкен кісілер жиналған садақаға барып отырып, мен үлкен кісілерге қарап, «мына төбеде түрікменнің бір үлкен кісісі жатыр, жалпы әулие адам болуы керек, түсіме кірді, өзінің жайсыз жатқанын айтты. Сол кісіні басқа бір жерге жерлеуді ұйымдастырған дұрыс болатын шығар, бір мал садақа мен 20 метр мата менен болсын» дедім. Таушықтан келген толық денелі беті бұжыр-­бұжыр молда қара кісі көпке дейін үндемей қалды. Бір кезде: — Ол кісі «мені апарып ана жерге қой демесе не шаруаң бар?» – деді. Содан кейін атаның басына барып жүрдім, барған сайын садақамды байлап кетемін. Бірде барсам, бір орыс төбедегі тұрған ағашты шауып жатыр екен. – Неге шабасың? – дедім. Ол маған: — Қала басшылары құлат деді, сосын шауып жатырмын, – деді. Мен атаның басына әйетімді оқып болдым да атаға «өзіңе қастандық істеген адамдарды оңдырма», – дедім де үйге кеттім. Келесі күні тағы бардым. Барсам, кешегі шаба алмаған ағашты трактормен құлатпақшы болған, бірақ трактор құлата алмай аударылып, тракторшы өлген. Каспий теңізінің жағасында «Песчанный» мүйісі деп аталатын жерде орын тепкен Бекдүрді Ишан әулиенің басына белгі қоюға Құрыққа Тү­рікменстаннан біраз түрікмендер келіпті. Солардың келген хабарын естіп, Алтықұлаш әулие жөнінде олар не білер екен және оларды хабардар етейін деп мен де Құрыққа бардым. Олардан Алтықұлаш әулие жөнінде сұрап көргенімде олардың оны білмейтінін анық байқадым. Бірақ олардың айтқаны Алтықұлаш әулие туралы аз-­маз естуіміз бар, бірақ ол кісінің атын білмейміз. Сіздерде, қазақтарда Пір Бекет әулие қалай айтылса, біздерде де түрікмендер ең үлкен әулиесін «Алтықұлаш» деп атайды, – деді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елдің дінге деген көзқарасы жаңа арнаға түсе бастады. Жер­-жерлерде мешіт құрылысы салына бастады. Бұл үрдіс Ақтау қаласында да қолға алынды. Әрине, мешіт құрылысы мемлекет қаржысына салынбайтыны, сірә, белгілі. Бұл кезең күрделі кезең еді. Жекешелендіру жаңа-­жаңа қарқын ала бастаған шақ. Әлі де ауқатты азаматтар шыға қоймаған заман, ал халық, жұмысшылар еңбекақысын бірде алса, бірде ала ­алмай сарсылып жүр емес пе? Осы бір күрделі кезеңді шетелдің түрлі ағымдағы діни басқармалары пайдаланғысы келді. Сауд Арабиясының бір ауқатты ислам жолын ұстаушы байы Ақтау қаласында ме­шіт салып беруге ниетін білдіргенге ұқсай­ды. Әуелі облыстың төменгі басшыларында әңгіме бола жүріп, бұл мәселенің нақты шешімін табу облыстың бірінші басшысы Федор Новиковте қаралатын болды. Федор Афанасьевичте жиырма шақты адам жиналдық. Мәселе біреу, Сауд Арабиясына мешіт салдырамыз ба, болмаса өзіміздің жобамызды мақұлдаймыз ба? Осыған дейін біздер Алтықұлаш әулие жатқан төбеге жақын жерден келешек тұрғызылатын мешіттің жобасын жасақтап жатқан болатынбыз. Біз деп отырғанымыз – мен (автор) басқаратын Маңғыстау облыс әкімдігінің күрделі құрылыс бөлімі. Федор Афанасьевич мешіт салу идеясын тыңдап болып: — Кімде қандай ұсыныс бар? – деді. Манағы айтқан адамдар енді үндемей қалды. Мен орнымнан тұрып: — Шетелдің саламын деп отырған мешіті көңілге онша қонбайтын сияқты. Себебі Сауд Арабиясының жобасы бойынша мешіт тек қана үлкен бір залдан тұрады, басқа қосалқы ештеңесі жоқ. Біз жасап жатқан жобада келешек дін жолының мамандарын дайындайтын медресеге арналған бөлмелер, ер мен әйелдерге арналған бөлек залдар, кітапхана, мешіт сыртында мешіт имамына арналған тұрғын үй, алыстан келгендерге арналған түнеухана, машиналарын қоятын орын, жасыл желекпен көмкерілген алаңда сулы фонтандар, жазда қаза намазына арналған алаңқай бар. Мешіт екі минареттен тұрады, есігі күншығыс жаққа қараған, минаретінің биіктігі – 36 метр, өзінің биіктігі 18­20 метрдей, – дедім. Федор Афанасьевич: «Осы жоба дұрыс сияқты. Шындығында біз неге біреуге жалтақтаймыз, өзіміз бұл істі қолға алуымыз керек. Таңаш Меңдібаевич, өзің бас-­көз бол, біткесін жобаны маған көрсетерсіңдер», – деді. Маған қарап:

— Жобаны кім жасап жатыр? – деп сұрады. Мен ол кісіге: – Федор Афанасьевич, жобаны Алматы қаласындағы «Казгипрогор» институты жасап жатыр, – дедім. Ол кісі: – О, өте дұрыс болған екен, атақты жобалау институты ғой, олар жақсы шығарады, егер салына қалса Ақтау қаласының көркін аша түсері сөзсіз, – деді. – Таңаш Меңдібаев ол кезде облыс әкім­шілігінде ішкі саясат басқармасының бас­тығы болып жұмыс жасап жүрген.

Тәкең жиналыстан шыққан соң маған келіп:

— Шынабай, сен дұрыс айттың, бізге Сауд Арабиясы неге керек, мен олар туралы көп хабарым бар, жалпы біздерге олармен байланысуға болмайды. Мешіті де көңілге қонымсыз, – деді. Жалпы облыс әкімшілігінде мені түсінетін адамдар бар екен-ау, бұған да құдайға шүкіршілік деп болған жағдайды есіме алып, жобаның жақсы бітуін асыға күттім. Жоба да бітті. Алматыдан Қазақстан мұсылмандар қауымының Бас имамы Ратбек қажы бастаған, ішінде Кейкин Жәрдем Салықұлы бар көптеген азаматтар келіп, жобаның өте сәтті шыққанына таңғалысып, он үшінші шағынаудандағы Алтықұлаш әулиенің қасынан саламыз деп жерін белгілеген болатын, алайда кейін қаражат мәселесі шешілмеген соң құрылысы бастала қоймады. Осы жерде Алтықұлаш әулиеге байланысты айта кетер жағдай болды. Жоба бойынша келешек мешіттің құрылысы «Әулие» жатқан төбенің қасынан салынатын болғандықтан, мен жобалаушы институт мамандарына: Алтықұлаш әулие жатқан төбенің айналасын қоршауды, әулие жатқан жерге көрнекті етіп белгі қою, айналасына жасыл желек егу, алдыңғы бетіне әулиенің атын атаған келісті тақта орнатуды жобаға қоссақ қалай болады? – дедім. Олар: «Оны істеу бізге қиындық келтірмейді, егер облыс әкімшілігі қаражат мәселесін шешіп жатса», – деді. Ол кезде Федор Афанасьевич Новиков Алматыға жұмысқа ауысып кеткен еді де, бұл мәселе шешімін таппай қалды. 2000 жылдары Алматыдан бір ірі бизнесмен бай адам аты-жөнін білмеймін, сол біздің жасаған жобамызбен 26-шағынауданда бір минаретті мешітті салды. Атын облыстың зиялы қауымымен келісіп «Бекет ата мешіті» деп белгіледі. Жан-жағындағы имам үйі, жазғы жаназа намазын оқитын орын, су фонтаны, жасыл желектер, машиналар тұратын орын – бәрі де сол жоба бойынша істелді. Тәуелсіздік даңғылы бойындағы Бекет ата атындағы облыстық мешіт ғимараты қаланың сәнін келтіруде. Бекет ата мешітіне және оның айналасындағы бағына келіп, серуендеп демалушылар легі еш уақытта толастаған емес. Федор Афанасьевичтің айтқаны орындалды. Бірақ ол кісі Ақтау қаласында салынған Бекет ата атындағы сәнді де көркем мешітті көре алмай кетті. Себебі Алматыға барғаннан кейін 2002 жылы Федор Афанасьевич Новиковке уақыт болды, ал мешіт құрылысы болса 2003 жылы бітіп, пайдалануға тапсырылды. Бұл діні бөлек болса да, Новиковтің елге деген қайырымдылығын, түйсігі түзу жан екенін көрсетіп тұрған жоқ па?! Міне, осы кезде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелер бойынша зиялы қауым өкілдері үн қата бастады. «Qazaqstan dauiri» газеті үнемі бабаны ұлықтап келеді.  Солардың бірі: халықаралық бұрынғы «Қазақстан–ZAMAN» қоғамдық-саяси газеті Бас директорының бірінші орынбасары (қазір осы ұжымда бас директор), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы «Қараусыз қалған Алтықұлаш әулие» деген мақаласын Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың назарына ұсыныпты. «Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы айтылған мәселелерге халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті де үн қосып, оларды өмірде жүзеге асыруға әп дегеннен құлшына кірісті. Мен де «Жаңғыру құр жаңғырыққа айналмасын десек…» деген мақала жазып, нақты ұсыныстарымды, пікірлерімді білдірдім. Газетіміздің «Бабалар рухына тағзым» атты экспедициясын жандандырып, жоспарлар жасадық. Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында болып, батыр, би, дана бабаларымыз жайлы оқырман назарына ұсындық. “Жақында Маңғыстау облысында іссапарда болғанда Алтықұлаш әулие бабамыздың қабіріне барудың сәті түсті. Ақтау қаласының қақ ортасында орналасқан бабаға деген құрмет солғындау көрінді. Меніңше, Алтықұлаш әулие – Ақтаудың көркі және ол ақтаулықтардың рухани тірегіне айналатын бір қасиетті орынға айналуы керек. Алтықұлаш әулие сонау 90-жылдары өзінің кереметін көрсеткен. Тұрғындарды, жастарды, студенттерді, оқушыларды, жалпы жамағатты Алтықұлаш әулиенің басына әкеліп, дұға жасатып, өткен-кеткен тарихымызға құрмет жасап жатсақ, ұлттық сананы ояту деген сол емес пе?! Ал әулиені аяқ асты қылып, қор етсек, оны да жастар «үлгі» етеді. Елбасының салт-дәстүрді қолдап, қуаттап жатқаны тегіннен-тегін емес. Ералы Тоғжанов мырза да халықтың салт-дәстүрі мен санасын оятуға қызмет жасайтын зор тұлға. Қай қызметте жүрсін Ералы бауырымыз бұл жағынан зор көңіл бөліп жүретін. Сондықтан облыс әкімі Ақтау қаласында қорғансыз, жабырқау күйде тұрған Алтықұлаш әулие мазарын гүлдендіріп, халыққа қызмет жасайтын рухани, имани орталыққа айналдыратынына сенімім кәміл. Қазақ әулиелерін қадірлеген, құрметтеген. Халқымызда Әулие қазаққа ортақ. Ақтаудағы Алтықұлаш әулие – барлық Алаштың әулиесі. «Әулие ортақ, оны аттауға болмайды» деген жақсы тәмсіл бар. Сондықтан бүгін арнайы хат жазып отырған Ералы Тоғжанов мырза керемет бір кесене салса деген өтінішіміз бар. Бұл – халықтың өтініші. Мүмкін, кім біледі, Жаратушы Алла сол  Алтықұлаш  әулиенің  шапағатымен ару қала Ақтауға бірлік пен береке беріп тұрған шығар. Қалаға алыс-жақыннан ресми қонақтар келгенде алғашқылардың бірі болып Алтықұлаш әулиенің басына апарса, қандай жақсы болар еді! Бабалар тарихы бабалар қалдырған аманаты екенін білуіміз тиіс. Оған адалдық баршамыздың бойымыздан табылса, кәнеки! Бүгін арнайы қалам тербеп отырған Алтықұлаш әулие бабамызға қамқорлықты тиісті орындар жасайды деген үміттеміз». (23/06/2017). «Алтықұлаш әулие кесенесі – Ақтаудың Тәж-Махалы болса…» деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Гүлайым Шынтемірқызы. «Маңғыстау – әулиелі жер, алайда облыс орталығы Ақтау қаласының іргесінде, қаланың күнделікті қым-қуыт тірлігіне куә болып тұрғаны біреу-ақ, ол – Алтықұлаш әулие қойылымы. Қойылым демекші, ол үлкен қауым емес, алайда халық  арасында зор құрметке ие, басы ауырып, балтыры сыздағанда баратындар да, киелі нысан ретінде арнайы зиярат ететіндер де жоқ емес. 1996 жылы сырты қоршалып, кейін ескерткіш-кесене салу ісі көтерілді. Бірақ аяқсыз қалды. 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Маңғыстау облыстық мәслихаты шешімімен қасиетті де киелі орын қатарына алынды, яғни осы мәртебеде танылды. Алайда іс тағы да осы жерден үзілді. Он жылдан астам уақыт жөндеу-жаңарту жұмыстарын көрмеген әулиелі орын қаланың бір шетінде ескерусіз қоңырқай қалыпта құлазып тұр. Заманауи үлгіде жаңартып, халқымыздың тарихы мен тағылымын танытатын кесенеге айналса қала тұрғындары мен қонақтардың, туристердің қызыға атбасын тірері анық… Бұл орынды мәселе жергілікті тұрғындар арасында қолдауға ие, бірді-екілі баспасөз беттерінде айтылды да. «Мәдени мұрадан» қалыс қалған нысан «Рухани жаңғырудан» қағыс қалмаса екен…», – деп, келешекке үміт артады Гүлайым Шынтемірқызы.  (30.07.2018). Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, облыс әкімі Е.Тоғжанов осы тарихи-мәдени нысанға барған кезде: «Тарихы тереңде жатқан қорымның айналасы алдағы уақытта көпшілік зиярат етіп, рухани-имандылық азық алатын ортаға айналуы тиіс, сондай-ақ қала қонақтары үшін қолайлы жағдай жасалып, негізгі туристік нысан ретінде қызмет ететін болады. Алтықұлаш әулие мазары сол қалпында сақталады, тек айналасындағы қоршаулары жаңартылып, тарихтан сыр шертетін нысанға айналады», – деп қалың көпшілікті үміттендірген. (27.08.2018). Қала әкімшілігінің есіне: Қоршаудың іші-сырты жасыл желекпен көмкерілсе, төбесі жел-судан бүлінбейтін жағын да қарастырған орынды. Әулие жатқан  жерге ауқымды ескерткіш орнатылып, төбеге шығу құбыла беттен баспалдақ теппе арқылы болғаны дұрыс. Өңір тарихы мен әулиелер жатқан жерлердің картасы орналасқан  шағын  музей  ашылса  құба-құп болар еді. Ол Ақтау қонақтары мен туристердің осы жерден бастау алып өңірді аралауға көмегі тиетінінің кепілі болады. Ал Алтықұлаш әулие жатқан төбенің жанына салынатын келешек мешіт құрылысы, бірін-бірі сәндендіріп тұратындай болса қандай ғанибет?!

 

Шынабай АҚКЕНЖЕЕВ, Маңғыстау облысының құрметті азаматы

Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.