Press Eurospor: «Италиялық «Милан» клубында доп теуіп жүрген аты аңызға айналған швед футболшысы Златан Ибрагимович коронавируспен үресу үшін өзінің шотынан 100 мың еуро көлемінде қомақты қаржы бөлді»,—  деп жазады.  Мұндай қадамға не себепті барғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазған «Милан» клубының 38 жастағы шабуылшысы Златан: «Италия маған көп нәрсе берді. Мен өзім жақсы көретін елге оралғым келеді. Денсаулығымызды қорғау үшін күн сайын жұмыс жасайтын ауруханаларға, өз өмірін сарп ететін дәрігерлер мен медбикелерге біз біріксек шынымен көмектесе аламыз. Сол себепті бүгін біз оларды қолдаймыз! Естеріңізде болсын: егер вирус Златанға келмесе, Златан вирусқа барады»,— депті.  Еске сала кетсек, италиялық «Ювентус» клубының екі ойыншысынан коронавирус табылғаннан кейін, туриндік ұжымның 100-ден астам қызметкері оқшауланған болатын. Олардың арасында футболшылар, команда қызметкерлері мен басшылық өкілдері бар. «Ювентустың» ең танымал футболшысы Криштиану Роналду да карантинде жатыр. Ол Португалиядағы үйінде отбасымен бірге оқшауланған. Сонымен қатар, англиялық «Арсенал» футбол командасының бас жаттықтырушы Микель Артетада COVID-19 вирусы расталғаннан соң, клубтың Лондондағы дайындық орталығы жабылғаны белгілі болды.

 Бетті дайындаған — Ермек Сахариев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз