Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев пен Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова брифинг өткізді.

— Алматы қаласы бойынша бүгінгі күні коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 73-ші жағдайы тіркелді. Олардың 7-і емделіп,сауығып шықты. Қалалық жұқпалы аурулар стационарларында қазір 66 науқас емделіп жатыр. Жаңадан анықталған 6 науқастың 4-і байланыста болғандар. Науқастар арасында 19 наурызда Минск-Алматы, Ыстамбұл-Алматы рейстерімен ұшып келген жолаушылар бар. Ем алып жатқан науқастардың ішінде 11 жастағы бала да бар. Ол қазір қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында әкесімен бірге ем алып жатыр. Қазіргі кезде 58-науқастың жағдайы қанағаттандырарлық, 1 ересек адамның жағдайы ауыр, 6 ересек адам орташа жағдайда және 1 баланың жағдайы орташа.

Провизорлық орталықтарда 1046 адам болса, олардың 102-і балалар. Алматыдағы провизорлық орталықтардың санының 6-ға дейін көбейгенін айта кеткім келеді. Бұған дейін олардың саны 4 болған еді. Карантиндік оқшаулау үшін 3 шипажай және 1 жатақхана бөлініп отыр. Қазір мұнда 419 адам карантиндік оқшаулануда жатыр. Бұлар шетелден келген азаматтар. Олардың барлығы қай елден келсе де 2 күндік карантинге орналастырылады. Олардан COVID-2019 талдаулар алынуда. Нәтижелері теріс болған жағдайда оларды үйлеріне қайтарамыз, — деді Тілеухан Әбілдаев.

Брифингте сөз кезегін алған Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова коронавирусты инфекцияның алдын алудың негізгі әдістері және оны анықтауға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстардан хабардар етті:

Алматыда 13 наурыздан бастап індеттің алғашқы белгілері үш рет байқалды. 5-ші күні 9 жағдай, 15-ші күні 16 жағдай және 18-ші күні 1 тәулікте 10 жағдай тіркелді. Талдау нәтижелері бойынша 73 жағдайдың 97%-ы сырттан келгендер болса, қалған 3%-ы жергілікті тұрғындардың үлесінде. Сондай-ақ 26 шет елден келгендер 45 адаммен байланыста болып, жұқтырған. Індет жұқтырғандардың 40%-ы Мәскеу-Алматы, 23%-ы Берлин-Алматы, 20%-ы Санкт-Петербург-Алматы, 17%-ы Минск-Алматы рейстерімен ұшып келген жолаушылар. Науқастардың жас ерекшелігіне келсек, 30-39 жас аралығы, 20-29 жасқа дейінгілер, 50-59 жас арасында көп таралып отыр. Науқасқа шалдыққандардың 62,5% — әйел адамдар, 37,5% — ер адамдар.

Дәл қазіргі кезде қаламыздың 8305 тұрғыны коронавирустық инфекцияның жұқтыруға байланысты тестілеуден өтті. Олардың ішінде 73 адамда аурудың бар екені расталды.

Эпидемиологтардың болжамы бойынша, індетпен күресіп жатқан елдерде аурудың алдын алу үшін қолданылатын екі негізгі әдісі бар. Біріншісі – коронавирустық күдік байқалған және байланыста болғандар мен науқастарды оқшаулау және өзін-өзі оқшаулау әдісі. Екіншісі – уақытылы тестілеуден өту. Біз азаматтарға тексеру жүргізумен белсенді айналысып жатырмыз. Вирусқа күдігі бар адамдарды тестілеуден 100% өткіземіз. Сондай-ақ науқастарға мониторинг жүргізіп, жағдайларын қадағалап отырамыз. Бүгінгі күні Алматы қаласында індеттің 24 ошағы анықталды.

Сондай-ақ, қала бойынша жүргізіліп жатқан дезинфекцияның тұрғындар мен жануарлар үшін қауіпсіз екендігін айтты.

— Тротуарларды, көшелерді, балалар алаңдарын жаппай дезинфекциялау үшін натрий дихлоридінің 0,05 пайыздық құрамы бар препаратты қолдануға рұқсат етілген. Біз індетті жұқтырған, қауіптілігі жоғары ошақтарды өңдеу кезінде 1% ерітіндіні пайдаланамыз. Барлық қауіпсіздік шаралары сақталады, сондықтан алаңдауға негіз жоқ, — деді Айзат Молдағасимова.

Өз кезегінде Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басшысы Тілеухан Әбілдаев тұрғындарға отбасылық іс-шараларды кейінге қалдырып, карантин кезінде оқшаулануды сұрады.

Айта кетерлігі, елорданың тиісті сала қызметтері коронавирустан қаза тапқан азаматша туралы ақпарат берген еді. Оның Алматы қаласында құдалықта болғаны расталды. Байланыста болған 6 адам дереу іздестіріліп, оқшауланды. Олардың біреуінен коронавирус анықталды. Қазір инфекциялық ауруханада емделіп жатыр.

— Дәл қазіргі қиын уақытта ұлттық дәстүрлеріміз бен мерекелерімізді тоқтата тұруымыз керек. Бұл вирустың алдын алуымызға ықпал етеді. Баршаларыңызды бұл қадамға түсіністікпен қарап, саналы көзқараспен қабылдауларыңызды сұраймын, — деді Тілеухан Әбілдаев.

Рая Ескендір

http://almaty-akshamy.kz/zh-rgizilip-zhat-an-dezinfektsiyany-t-r-y-ndar-men-zhanuarlar-shin-auipsiz/

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз