«Менің ата-анамның көршісі медбике болып жұмыс істейтін жұбайын түнгі сменнен оралғанда кеш келдің деп үйіне кіргізбей қойыпты. Медбике көлігінде түнеп шыққан. Таңертең тұрған бойда, өзі жұмыс істейтін жұқпалы аурулар ауруханасына қайта кеткен» . Жуырда «Фейсбук» қолданушыларының бірі өз парақшасына осындай жазбасын жариялағанда, көпшілік антына адалдық танытқан медбикеге ризашылығын білдіріп жатты.

         Бүгінгідей сын сағатта Гиппокрант антына адалдық танытып жүрген мұндай дәрігер-мамандар аз емес. Солардың бірі – Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының эпидемиолог-дәрігері Әбдіманап Усмановпен тілдескен едік.

– Әбдіманап Әбдіжаппарұлы, қайырлы таң!

– Қайырлы таң!

– Бұл «Алматы ақшамы» газетінен еді, Нұржамал Әлішевамын, журналист.

– Өте жақсы.

– Бүгінгі таңдағы барша әлемді әбігерге салған індет біздің де көңілімізге үлкен алаң кіргізіп отыр. Бұл төтенше жағдайда сіздердің еңбектеріңіздің орны бөлек. Сондықтан сіздерге рахмет айтқымыз келеді, газет арқылы.

– Рахмет.

– Сіздерге рахмет! Ақ халат киген қаншама әріптесіңіз осы жағдай орын алғалы бері күнді түнмен, түнді күнмен алмастырып алып, күй де, бап та талғамай, шаршамай еңбек етіп жүр! Өзіңіз соңғы рет үйіңізде қашан болдыңыз?

– Үшінші аптаға кетіп бара жатыр екен біздің үй көрмегенімізге. Қазір инфекция жұқтырғандармен байланыста болған адамдармен жұмыс істеп жатырмыз. Адамдардың денсаулығын, өмірін күзету үшін ант қабылдағандықтан, соған адалдық таныту парызымыз. Жақында келіншегім босанды. Қызды болдым. Әке атандым. Тұңғышым дүниеге келді. Жасыратыны жоқ, сәбиімді перзентханадан өзім құшақтап шыға алмағаныма аздап мұңайып қалғаным бар. Қазір ақпараттық технологияның мықты уақыты ғой, отбасыңмен сөйлесіп тұруға еш кедергі жоқ, ұялы телефонмен тілдесіп, жағдайларын біліп, қызымның да жүзін көріп отырамын. Бірақ балаңды әкелік мейіріммен иіскеп, өзің құшақтап, шаттанғанға не жетер! Қазір келіншегіме қолдау көрсету үшін ауылдан анам келген, сол көңілге медет. Қанша дегенмен үйдің тамағын, отбасыңның жылуын сағынасың. Мені бақытқа бөлеген жұбайыма рахмет айтамын.

– Сіздер тұрғанда біз бұл індетті ауыздықтайтынымызға сенеміз.

– Иә, әрине! Осы шақта сапта тұрған барша дәрігер әріптестеріме мен де сабыр, төзім тілеймін.

Біз сіздер үшін жұмыста қалдық. Сіздер де біз үшін үйлеріңізде болыңыздар! Сонда ғана бұл аурудан айығамыз.

– Сізге де тезірек өзіңізді асыға күтіп отырған отбасыңызбен қауышуды, жаңа туған сәбиіңізді тезірек құшағыңызға алуыңызды шын жүректен тілейміз.

 

Онлайн-сұхбаттасқан – Нұржамал ӘЛІШЕВА.

http://almaty-akshamy.kz/rahmet-sizge-d-riger/

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз