Жансыздары «жоғарыдан комиссия келе жатыр» деген сыбысты жеткізгелі бас дәрігер Желбу Желбуовте ес қалмады.
Десе де, бұл абырой жинаудың ең оңтайлы сәті екенін ұқты. Сөйтті де «мәртебелі комиссияның назарын аударатын амал керек, не істесем екен» – деп, кабинетінде әрі-бері теңселді. Бір кезде «Охо, таптым!» – деді саусағын шошайта шаттанып. Ана тілі дімкәс дегенді құлағы шалып жүретін. «Мен комиссияға ауруханамда адам тұрмақ, тіл емдейтін кереметті көрсетейін» деп, азды-кемді ой түйді. Дереу ұжымын жинап, кең кабинет, ұзын үстелдің қақ төріне отырып алып қолын сермей Желбу: «Бүгіннен бастап, бұдан былай, дәрігерлер емделушілермен, келе жатқан тексерушілермен қазақ тілінде сөйлесіп, үлгі болайық жұртқа, шешім қабылдадым, енді тілді құрметтеңдер!» – деді, желдей есіп желпілдеп.
Жазған құлда жазық бар ма, осындай көзге түсіп қалатын азық барда озамын деп тырысқан жағымпаздар арасында Шалагүл есімді дәрігер қыз қалыспай, «Бұл бір үлкен шанс» деп, қазақ тілі сөздігіне шұқшиды. Медициналық терминдердің кейбірін қазақшалап жаттады да, комиссияның алдына шығып бәйек түсіп аттады. Палатаға кіре сала Шалагүл сәлемдесіп алған соң, науқастың қасына таяды.
-Ата денсаулығыңыз қалай, шағымыңыз бар ма?
Құлағы саңырау қария түсінбей:
– Ешкімге шағымым жоқ, қарағым. Шағым айтып жын көрініп пе?- дейді іштей күбірлеп. Әп сәтте есі шыққан Шалагүлдің жаттаған қазақшасы қисайып:
-Шығым ата, шығым бар ма?
Қапелімде күмілжіп қарт
-Ойбуй, қызым, қайдағы шығым, ондайды айтуға бола ма?
-Ата, айтпағанда сол үшін келіп тұрған жоқпыз ба, осы жерге.
-А-а, онда айтайын. Қызым, шығын деген жетеді. Бастыққа пәлен, аға мейірбикеге пәлен, дефицит дәріге кетті…-деп тізбектей жөнелгенде Шалагүл шала бүлдіргенін түсініп, жұдырықтап «Прекратить, прекратить!» деп, жанындағы үстелді қойып қалды. Қария қайта құлады жүрегі ұстап.
Комиссияның алдында арзан абырой айрандай төгілді. Операция сәтсіз аяқталды. Мыналардың басқа операциясына ілінуден Алла өзі сақтасын, тіфә-тіфә десіп жатты науқастар да.

Зүбайра Әкімова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз