Алатау ауданы әкімшілігінің назарына!

 

Белгілі журналист Рауан Оқас дабыл көтеріп жатыр. Орынды-ақ! Дәл мынадай пандемия дерті асқынып тұрған уақытта бейқамдыққа, салғырттыққа жол бермеуіміз керек. Ал Алатау ауданы «Шаңырақ-2» елді-мекенінің тұрғындарына төтенше жағдай әсер етпейтін сияқты. Халық сақтық шараларын істеп, үйден шықпай отырудың орнына қолдарына бөтелкелерін, ыдыстарын ұстап су тасып жүр. Оларға таяуда ғана осы ауданның мектеп оқушыларынан вирус індетінің шыққаны үрейлендірмейтін де сияқты. Сонда Алатау ауданының әкімдігі халықты көшеде сабылтып қойып қайда қарап отыр? Неге тексеру жұмыстарын жасамайды?

Алматы облысына қарасты, Алатау ауданындағы «Шаңырақ 2» елдімекенінде қара халық төтенше жағдай жарияланғанына қарамастан, қолдарына баклашка ұстап, үйлеріне су тасып әлекке түсуде. Тұрғындардың су алу үшін кезекке тұрып жатқан сәті түсірілген видеоны әлеуметтік желіге Рауан Оқас деген азамат жүктеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видеодан байқасаңыздар, су алуға келген адамдардың ешқайсының бетінде не бетперде, не қолдарында арнайы қолғап жоқ. Сірә, тұрғындар елде төтенше жағдай жарияланғанына тіпті, пысқырмайтын секілді. Автордың айтуынша, жұрт жама-тармағай ыдыстарын суға толтырып алып, көліктерімен тасып жатқан тіршілік көзін ешкім тексеріп, қадағаламаған көрінеді.

«Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл «Шаңырақ 2» елдімекені. Бұл жерде су шығатын бір жер бар. «Артизан суы» дейді әйтеуір, бірақ, тексерген ешкім жоқ. Жалпы, қысы-жазы елдер осы жерге келіп жатады. Қазір карантин уақытында да, мінекей, адам өте көп. Үйде жатқан ешкім жоқ, судың қамымен келіп, литрлеп алып жатады. Нағыз контакт осы жерде болмай ма!? Мысалы, кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанын білмейсіз! Осы мәселеге жалпы, Алатау ауданының әкімдігі не деп жауап берер екен!?», – дейді Р.Оқас.

 

Шаргүл Қасымханқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз