Қордай ауданында COVID-2019 инфекциясының 29 дерегі тіркелген. Оның ішінде 13 азамат – Қордай ауданының тұрғындары, 2 азамат – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, 1 азамат – Қостанай облысының, 2 азамат Қырғыз Респубикасынан әкелінген және 11 азамат транзиттік жүк көліктерінің жүргізушілері. Барлық азаматтар бүгінде Тараз қаласындағы инфекциялық стационарға ауыстырылды.

Жамбыл облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің   Қаулысы негізінде Қордай ауданы аумағында карантин жариялануына байланысты бүгінгі таңда  8 блок-пост орнатылып, тексеру шаралары күшейтілген. Барлық бекеттер тиісті құрал-жабдықтармен (тепловизорлармен) жабдықталып, жол белгілері орнатылып, онда  100 – полиция қызметкері, 16 – орталық аурухана, 9 – аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері, жалпы 125 қызметкер  бекітіліп, іске кіріскен.

Бекеттердің жұмысы аудан басшылығының тікелей бақылауына алынған. Ал, 6 сәуірден бастап Қордай ауданының аумағына ерекше шектеу шаралары енгізіліп, карантин мерзімінде тұрғындардың жүріп тұруына, қоғамдық жерлерде себепсіз болуына, елге кіретін немесе шығатын транзиттік жүк көліктерінің қозғалысына, қоғамдық көліктердің ауылдар арасында қатынауына шектеу қойылды. Дейтұрғанмен, ауыл шаруашылығы саласындағы көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылған техникалардың қозғалысына шектеу жоқ. Ал, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар қалыпты жұмысын жалғастыра бермек.

Сондай-ақ, Қордай ауданының барлық ауылдық округтерінде қоғамдық орындар мен көшелерде, сауда орындарында күніне кемінде екі рет санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.

Залалсыздандыру жұмыстарына аудандық коммуналдық, ветеринарлық қызмет мекемелерінің, жеке кәсіпкерлерден жалпысы 32 техника жұмылдырылып, аталмыш жұмыстарға тартылған. Одан бөлек, азық-түлік сататын дүкендер мен сауда орындарында үздіксіз залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілуі бақылануда.

Ауданның қайырымды жандарының демеушілік танытуымен аз қамтылған 469 отбасына және бюджеттен 662 отбасына азық-түлік себеттерімен көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, ауданның 5 жеке кәсіпкері (17 тігінші) бетперде тігу ісін жүргізуде.

 

Бекнұр Сатыбалдиев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз