«Менің жазығым жоқ! Оны мен өлтірген жоқпын! Мен оның жағдайын білу үшін бардым ғой. Жазығым не?» – деп, Айжан жанұшыра айғалап қоя берді. Қолына кісен салдырмай қарсыласуда. Әл бермеген соң, қарулы жігіттер кәнігі қылмыскер ұстағандай қолына кісен салып, күштеп әкетті. Тергеу изоляторының күлімсі иіс сіңген, тарс – тұрс ашылып – жабылған темір торына әкеп жапқанда, сана сезімі мен жан дүниесі тітіркеніп, жиіркене өмір осымен біткендей аласұрды. Ақыл – ой қабілеті тоқырап, басынан өтіп жатқан оқиғаны қорыта алмай, тек «жазығым не, жазығым не?» деп, есінен адасқандай, өз – өзінен күбірлей берді.
… Со жылдары елордамыз Астана жаңа құрылып жатқан кез – тін! Ол кезде, елордамыз Нұр – Сұлтан қаласы осылай аталатын. Бірі, мұнда келіп кәсіп ашса, бірі қызмет істеп, жастар оқып, білім алуға жаппай ағылып, өмір қызудай қайнап жатқан кез. Өзге жұрт сияқты Айжанның да ата- анасы балаларының болашағы үшін базардан сауда нүктесін ашып, оны жүргізуді жоғары оқу орнында оқитын қызы Айжанға тапсырады. Өздері Қарағанды қаласында тұратын. Сауда дөңгелеп жүріп жатты. Бір күні ол, осы базардан бес – алты жылдан бері көрінбей кеткен құрбысы Әлиямен ұшырасып қалады. Аңқылдаған Айжан, әңгімелесе келе өзінің осы базарда сауда нүктесі бар екенін айтады. Жұмыстың тапшы кезі. Жұмысы, не пәтері жоқ, қайда тұратыны белгісіз құрбысы бұл жаңалыққа іштей қуанышты еді. Сол кездесуден кейін, ол Айжанды шыр көбелек айналдырып, кештетіп ілестіріп кафе, түнгі клуб кезеді. Негізі, түн кезіп ақтау Әлияның жоспары мен қалауынан туып жататын. Сол түні қалың ұйқы құшағында жатқан Айжан безектеген телефон дауысынан оянады. Телефон тұтқасын көтергенде, ар жақтан, «Мен, Әлиямын ғой! Айжан, менің пәтеріме келші» дейді, масаң үнмен. Телефон тұтқасының ар жағынан күбірлеген жағымсыз еркек дауысы естілді де, жым болды.- «Қысылып тұрмын, келші»- дегеніне қарамай, алғаш рет құрбысының сөзін жерге тастап, – «Түн ортасы ғой, бұл не дегенің ? Жоқ, бара алмаймын» дейді, Айжан. «Мынауы енді басынғандық» – деп, жылы төсегіне кайта қисайғанымен мазасы қашып, кірпігі ілінбеді. Дөңбекшіп таң атырды! Сөйтсе де, Әлия бірнәрсеге тап болып қалды ма? Түн ортасында неге қоңырау шалды екен? – деген ой көкейінен кетпей қойды. Жағдайын білгісі – ақ келіп тұр! Бір тылсым күш ол жаққа қарай аяқ бастырар емес. Бірақ, таңертең сыртқа шыққанда, неге екенін, ол Әлияның үйіне қарай аяңдады.
Келгенде сыртқы есіктің ілінбей ашық қалғанын көреді. Ақырын итеріп, имене басып кіріп, «Әлияя, Әлия,қайдасыың» – деп, дауыстады. – «Мен, мұндамын! Келдің бе?» – деп, бөлмеден ырғала басып шығып келе жатқан құрбысының жүрісінен, оның ішімдік ішкенін байқайды да, – «Жұмысқа асығыс едім. Жол жөнекей сенің амандығыңды білейін деп кіріп едім» – деп, есікке қарай ыңғайлана бергенде, – «Саған маңызды бір нәрсе айтуым керек. Тұра тұршы асықпай» – деп, алдына кесе – көлденең тұра қалады. Сүйрегендей ас үйге кіргізеді. Құрбысының қылығына ашуланған Айжан шыдамсыздана, – «Не болды? Айтарыңды тез айтшы?» – дейді. Сөйтсе, Әлияға тез арада қомақты қаражат керек болып тұр екен. Оған кеден қызметінде істейтін таныстары шетелден әкелінген біреудің жеңіл көлігін атына заңдастырып жаздырып береді –міс! Айжан үзілді – кесілді: «Сен ондай қомақты ақшаны қайтара алмайсың. Әрбірден соң, қарызға ақша беруді мен шешпеймін. Әрі, сенің бұның заңсыз, дұрыс емес» – дейді. Бұл сөзге тіпті өршеленген Әлия, «Сен маған ақыл үйретпе. Бересің! Сенде ақша бар. Бере аласың!» деп, қоқан – лоққы көрсете бастайды. Ақша ала алмасына көзі жеткен Әлия, оған пышақ ала жүгіреді. Қапелімде шошып, сасып қалған Айжан тұра қашты. Артынан қуып кеп ұстай алған Әлия, кәдуілгі қанішердей оның мойнына пышақ тақап, көзі алара, « Бересің бе, ақша?» – дейді. Оңайшылықпен кім өле салсын! Айжан әл –дәрменін жиып, қолын ұстап сілкілей бастағанда, қайырылған пышақ кеп Әлияның денесін осып өтеді. Қорықса да, Айжан үрейге берілмей есін тез жиып алып, жедел жәрдем шақыртты. Дер кезінде көрсетілген дәрігерлік жедел көмек арқасында қан тоқтатылып, Әлияның өміріне қауіп сейілді. Одан кейін, ауруханада жатқанда Айжанның ата- анасы Әлияға керекті дәрі- дәрмекке қаражат жағынан қарасып, жарақаты тез жазылады. Ол, Айжан мен оның ата – анасының өзіне деген көмегіне рақмет айтып, қателігі үшін кешірім сұрайды. Неге екенін, екі аптадан кейін, Әлия кенеттен қайтыс болды. Күдікті ретінде Айжан да тұтқындалады. Тергеуден кейін, жазасын қоғамнан оқшау түрде өтеуге сот үкімі шығып, бас бостандығынан айрылды. «Ойнақтаған от басар» деген жаза, тегінде осы шығар! Кейде, «Ештен, кеш жақсы» деп жатады. Жаны бар сөз ғой. Айжан түрме төсегінде жатып, Әлиямен кездескен уақыттан бастап, аттап басқан әр қадамын көңіл зердесінен өткізеді. Тергеу кезінде аффект жағдайында жүріп мына бір сәтті ұмыт қалдырған екен. Әлгі, түнде сөйлескен кезде телефонның ар жағынан естілген еркек дауысы! Ол кім? Мүмкін, Әлияға Айжанды түнде шақыру туралы жоспар құрған сол шығар. Не ойлары болған сонда?- деген, сан сұраққа жауап іздеп, жас қыздың шарадай басы шақшадай болды. Қорғаушысы «Мезеттік бір этюд есіңе түссе хабар бер. Ол сенің өміріңнің шешуі, түрмеден алып шығатын жәйт болуы мүмкін» – деп, ескерткен еді. Айжан бұл ақпаратты дереу адвокатына жеткізеді. Сұңғыла маман «Бұл қылмыстық топтың жоспары болса, Әлия олар туралы бәрін біледі. Демек, оның көзін құрту соларға ғана керек» – дейді. Тергеу кезінде оның айна қатесіз солай екені анықталады. Құқықтық сала мамандары, соңғы жылдары қылмыскерлер қылмысты көбіне әйелдердің қолымен жасайтынын анықтаған. Әлия сондай қылмыстық топтың құралына айналған екен. Ол, кезіп жүріп адамдармен танысып, соның ішінде ауқаттыларына құрық салатын қылмыскерлердің құрығы болған. Солайша, олар өздерінің болашақ жемтіктерін тауып отырған. Ал, оның бұл топ құрығына қалай түскені, ол, басқа әңгіме.
Түрме басшылары Айжанның әдептілігін, еңбекқорлығын ескере отырып, істі қайта қарауға жібереді. Сот шешімімен екі жарым жылдан кейін Айжан бостандыққа шықты. Ол өзінің ендігі арманы оқуын қайта жалғастырып, мамандық алып, тұрмысқа шығып отбасын құрсам дейді. Жастық аңғырттықпен абайсызда үлкен өмір мектебінен өткен Айжан түрме төсегінде жатып «Өмірде ата – анаңдай шын жанашыр дос, дұрыс жол сілтейтін адам жоқ» дегенді көкейіне тоқып шығады.

Зүбайра Тілегенқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз