Әлемдік мұнай нарығында мұнайдың бағасы тұрақтамай, ол күн санап  құлдырап барады. Бұл жағдай күні қара алтынға қарап қалған елдердің экономикасына ауыр соққы болып тиюде. Өйткені мұндай елдердің бюджеті көп жағдайда мұнайдың нарықтық бағасына қарап бекітеді. Экономиканың даму қарқыны да мұнай құнына байланысты болжанады. Біздің елде республика экономикасын қара нардай алға сүйрейді деген ауыл шаруашылығы саласы еңсесін көтере алмай жатыр. Ең пайдалы экспорттық тауарымыз астық та қоржынымызды ақшаға толтырмайтын болды. Бірқатар нақты деректерді алға тартқан отандық мамандар мен сарапшылар: «Өткен жылы елімізде азық-түлік бағасы 10 пайызға жуық қымбаттады. Әлемде аса сапалы бидай өсетін егістік алқаптары бар Қазақстан әлі күнге дейін өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отыр. Оның себебтері жетерлік. Біріншіден, қазақстандық сапалы бидайды көптеген елдер нан  өндірісінде жақсартқыш қоспа ретінде пайдаланады. Соңғы жылдары астық экспорты да төмендеп барады. Өйткені дәнді-дақылдарды біртіндеп майлы дақылдар алмастыра бастады. Биліктегілер мұның себебін астық экспортындағы қиындықтармен түсіндіргісі келеді. Шындығында бұлай емес. Егер мемлекет шынымен құлшыныс танытса, астықтан орасан табыс табуға болары кәміл.  Мәселен, көрші Қытай астықты Австралия мен АҚШ-тан тасып отыр. Қазақтың бидайы олардан артық болмаса, кем емес. Бірақ Қытай бізден бидай алуға құлықсыз. Ал Украина соңғы бес жыл ішінде Қытайға астық экспортын 20 есе арттыруға қол жеткізді. Ендеше, билікке: «Мемлекет Қытайға астық экспорттауды осы уақытқа дейін неге шеше алмады?»,— деп төтесінен сұрақ қоюға қақымыз бар. Екіншіден,  қазақ диқандарында астық сақтайтын орын жоқ.  КСРО-дан қалған элеваторлар жекенің қолына өтіп кеткен. Астықтың шығымы қандай болса да, шаруалар зиян шегеді, өйткені оны сақтайтын орындары жоқ. Үкімет бұл мәселені де әліге дейін шешкен жоқ. Сосын, өмірі төрт түлік бағып, соның өнімдерін пайдаланып келген қазақ жұрты бүгіндері етке жарымай отыр. Себебі, 188 миллион жайылымдық жері бар Қазақстанда мал саны аз. Сондықтан, етті сырттан сатып алуға мәжбүрміз. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын шетелден 160 мың тонна құс еті импортталса,  қазір бұл көрсеткіш 191 мың тоннаға жеткен. Бұл — ел тұтынатын құс етінің 51 пайызы, ал, импорт  жыл сайын 10 мың тоннадан өсіп келеді дегенді білдіреді. Біз жылқы етін де сырттан әкелеміз. Бұған ұкіметтің бар күшін шетелден 72 мың асыл тұқымды іріқара сатып алуға жұмсағаны ықпал еткен сынды. Еліміз 2020 жылы Ресейге 180 мың тонна сиыр етін қойып, ырғын байлықтың астында қаламыз деп жоспарлаған-тын. Ол жоба құрдымға кетті. Соңғы деректерге жүгінсек, қазір импорт экспорттан 8 есеге асып кеткен деседі. Осылайша, үкіметтің іске аспаған жобасы миллиартарды жұтып,  қазақты «жесе тіске, жемесе түске» кіретін еттен қақты. Соған қарағанда, біздің билікке шаруашылығын дөңгелетіп отырған бірқатар шетелден үлгі алу керек сияқты.

Мысалы, Польшада диқандарға үш түрлі субсидиялау қарастырылған. Негізгі субсидия гектарына 115, «жасылдандыруға» 77, жас аграрийлерге 1 долладан бөлінеді. Ішкі нарықта базбір дақылдарға сұраныс артса, субсидия көлемі де артады. Бұдан басқа, фермерлеріне әр бас мал үшін  субсидия төленеді. Оның мөлшері: Бір сиырға — 93, бір қойға — 25, ешкіге — 13 долларды құрайды.

 

 

Ал, Ресейде ауыл шаруашылығы материалдық өндірістің шешуші саласы, ол халықты тек азық-түлікпен қамтамасыз етумен шектелмейді, сондай-ақ өнеркәсіптің көптеген салалары үшін аса қажетті шикізат та өндіреді. Ресей мал шаруашылығын мүмкіндігінше өркендетуді басты міндет деп санайды. Себебі, .соңғы он жыл ішінде Ресейде мал басының саны 2-3 есеге дейін кеміп кетті. Бүгіндері орыстар мал басын көбейтіп, одан мол өнім алу үшін ауыл шаруашылығы саласына барынша қомақты субсидиямен қолдау көрсетуге ден қойған. Қолға алынған жобалар іске асып жатса, Ресей импорттаушы елден экспорттаушы елге айналуы әбден мүмкін.

Мұхиттың арғы жағында жатқан Канадада фермерлерді мемлекеттік қолдаудың бес жылдық стратегиясы бекітіледі. Шаруаларды қорғаудың 6 басым бағытының бірі AgriStable  фермердің табысын сақтандырады. Бағдарлама жер иесінің соңғы 5 жылдағы орташа табысының кем дегенде 70 пайыыз мөлшерінде пайда алатынына кепілдік береді. Пайда аз болса, фермерге өтемақы төленеді. Мұндай мемлекеттік қолдаудың шегі 3 миллион долларға дейін.

Бұрынғы КСРО құрамын кірген Молдова үкіметі субсидияны диқандарға егістіктің әр гектарына төлеп, жаңа ауылшаруашылық техникаларын сатып алу шығынын өтеп береді. Мұндағы төлем мөлшерлемелері әртараптандырылған: техника шетелдік болса — 25 пайыз, отандық болса — 35 пайыз төлемақы беріледі.

Көршіміз Қытай елінде үкімет кез келген ауылшаруашылығы техникасын сатып алған фермердің жарты ақшасын өзіне кері қайтарып береді. Диқандар өнімді қайда өткізуге бастарын қатырмайды. Олардың міндеті – өнім өсіру. Мемлекет өнімдерді қымбат бағаға сатып алып, бағасын төмендетіп, ішкі нарыққа жібереді. Осылайша, Қытай үкіметі шаруаны да қолдап, халықты да асырап отыр»,— дейді.

Біздегі жағдай мұлде басқаша. Біріншіден, жоғарыдан берілген ақша шаруаға жетпей, орта жолда-ақ талан-таражға түсіп кетеді. Оның себебі — биліктегі осы салаға жауапты органдардың аграрлық саламен айналысатындарға не керектігін зерттемей, оны әркім өз білгенінше іске асыратындығы. Соның салдарынан ғылыми зерттеулерле негізделмеген, бір қайнауы ішінде кеткен шикі жобалар көбінде іске аспай, оның пайдасынан гөрі зияны басым шығып жатады. Екіншіден, мемлекет халыққа: «Бізде лизинг те, несие де, не керектің бәрі бар, қажет  болса, кел де, ала бер»,— деп, диқандарға аспандағы айды алып беруге уәде бергенмен,  әлгінің бәрі шаруаның қолына тимей, билікке жақындардың қолында кетеді. Шын мәнінде мемлекеттің  шаруаларға несие мен техника беруі аздық етеді, керісінше, олар ең алдымен әлгілердің қаржылық сауаттын арттыруы қажет. Несие бердім деп диқандардың мойнына мініп алмай, оларды әрі қарай жетектеп, тиімді жолдарды көрсетіп отыратын пайдасы бар бағдарламалар жасалуы қажет. Тәуекелге барып, ертең не боларынан қорқақтайтын шаруалардың көңілін орнына түсіру үшін, аймақтар мен өңірлердің бәрінде өнімдер мен тауарлар тарататын орталықтар құрылуы тиіс. Бұл өнімді және тауарды еш делдалдарсыз сатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бұл фермерге де, тұтынушыға да тиімді болары сөзсіз. Ал, әзірше бізде бұл мәселе шешімін тауып реттелмеген, дұрыс жолға қойылмаған да. Ендеше: «Биліктің өзі аса маңызды жоғарыдағы салаларды дамытуда дәрменсіздік танытып отырса, басқалардан не сұрауға болады?»— демеске амал жоқ деуге тура келері анық.

 

Дайындаған — Ермек Сахариев

 

 

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз