Жалғандық

   Жалған сөйлеп қайтармайтын қарызды,

Алаяқтың көрінеді бәрі ізгі.

Сондайларға қатты жыным келеді

Қыста оянып кеткен аю тәрізді.

   «Шатун» дейді ел-жұрт ондай тағы аңды,

Әрекеті ұстататын жағаңды.

Ауылға да кіреді екен кейде олар

Таба алмаса жейтін азық, тағамды.

 «Құныққаннан жаман әсте дәніккен,

Дегенді жұрт айтты екен неліктен?»—

Десек, әлгі дәніккендік апарар

Жол екен ғой құнығуға еліккен.

 «Жалған айту айып емес кей кезде

Пайда беріп жатса егерде ол сізге»,—

Деген сөзге қосылмаймын, өйткені,

Қиянат қой ұрып тұрған бұл көзге.

   Біліп тұрып, бірақ, айтсаң өтірік,

Алдым дей бер абыройды кетіріп.

Келеңсіз жәйт жалғандық та сияқты

Көп алдында отырғандай кекіріп.

   Көрсек сондай суайттардың қылығын,

Шығарсақ деп оның былық-щылығын

Жанығамыз, біздер үшін себебі,

Жалғандық пен шындық емес бір ұғым.

   Жалған сөйлеп ауызданба, ендеше,

Қасиет ол орға жығар, жеңбесе.

Ақыл-есің бар жансың ғой, біреу кеп

Өлмейсің ғой: «Қазаң жетті — өл!»,— десе…

 

                             Жан туралы

   «Жан бар»,— дейді теологтар тірілердің бойында,

Ақиқат деп бұл деректі қиып салып мойынға.

Шындығында Абай дағы зерттеген ғой кезінде

Қарасөзде қалам тартып жан мен тәннің жайында.

Тәннің бары кәміл оны ұстап, көзбен көресің,

Қажет болса басқаларға сипаттап та бересің.

Жан мен тәннің құпиясын білмеген соң молдалар

Шатып-бұтып әрнені айтып алады адам зәресін.

Сенбесек те іштей әлгі молдалардың сөзіне,

Қорыққаннан құбыжықтар елестейді көзіңе.

Ми жетпейтін бұл жұмбақтың таба алмай жауабын

Бара-бара пенде дағы сенбейді екен өзіне.

«Тән — сауыты мекендейтің жанның»,— дейді шын болса,

Басылады екен аран тоймас көзге құм толса.

«Ескендірдей» дастанында мұны Абай айтқан ғой,

Бірақ, ешкім айта алмайды шын-жалғанын бұл қанша.

Жан бар болса, бар да шығар, кім білген,

Болмаған соң ол жан досың өзіңменен бір жүрген.

«Жаным көзге көрінді»,— деп жатады ғой кей адам,

Бірақ, оны жан жоқ әлі өз көзімен бір көрген.

Не десек те жан мен тәннің құпиясы бары анық,

Келе жатқан тіршілікпен бір мезгілде жаралып.

Жан жоқ болса қандай күштің арқасында тіршілік

Кетті түгел қанат жайып, жер бетіне таралып?

Соны ескерсек, дұрыс сынды ойшылдардың пайымы,

Шеше алмаса жұмбақты адам, жоқ оның еш айыбы.

Жердің бетін басып кетсе тағы да бір топан су

Сақтап қалар тіршілікті Нұқ пайғамбар қайығы…

 

Сын шын болсын

   Сын айтуға бәрі құмар өзгенің

Алға тартып ар-ұяттың безебінін.

Бірақ, солар өз міндерін білмейді,

Ал, білсе оны жасырады сезгенім.

Сын айтылса, шын болғаны жөн оның,

Ағызардай қанын жұлып көбенің.

Секемшілдер өзіне-өзі сенбейтін,

Сенім артар күшіне тек жебенің.

Көз қып сыртқа сын садағын тартқандар,

Адамдықтан безген құдай атқандар.

Бәрі олардың құлқыны үшін ақшаға

Ар-ұятын, абыройын сатқандар.

«Сын түзелмей мін түзелмес»,— бұл — анық,

Білмейді оны көрмегендер сыналып.

Әрбір сыннан қорытынды жасалса,

Жүрер ме еді ары адалдар мұңданып?

Тұздығы ащы болса сынның таңылған

Түзетеді ол жанды жолдан жаңылған.

Рухы күшті адам ғана жеңеді

Ауыр мінді өз атына тағылған.

Жігерсіздер сыннан сынып, бүгіліп,

Бұл өмірге көңілі қап түңіліп

Ащы су мен есірткеге жүгінер

Тік тұра алмай, бір жығылып, бір тұрып.

Сынадың ба, ақиқатты айт, қаймықпа,

Қызықпа әсте ақша, мүлік, байлыққа.

Міне, сонда нағыз сыншы сенсің дүр

Табылмайтын ендік пенен бойлықта…

 

Індеттің кесірі

   Бар отбасын үйге қамап індеттен,

Шаршап біттік санауменен күнді өткен.

Карантин деп билік салған тыйымның

Қаталдығы асып кетті тым шектен.

Үйде отыру екі қолды қусырып,

Темір пешке отын салмай бір сырып

Жындануға сәл-ақ қалып отырмыз

Індет болса басылмай тұр қырсығып.

Үйге сыймай, жұлып жеумен шынтақты

Бастан бар жұрт өткеруде сынақты.

Бір жақсылық хабар айтпай арналар

Кеңес беріп сарсытты қос құлақты.

Сыртқа шықсаң полиция ұстайды,

Қайта-қайта сұрақ қойып қыстайды.

Қала түгел өліп қалған секілді,

Қыл аяғы аулада құс ұшпайды.

Хақ жіберген кесел дерттен жерге бұл,

Зардап шегіп жатыр бүгін барша құл.

Бұл сынаққа шыдай алмай сынса адам

Алға қойған арман, мақсат болмақ тұл.

«Ауыр дертті таратумен жер-көкке,

Бәлкім, Тәңір бізді сынап көрмек пе?»—

Дейсің кейде, бірақ оған жауап жоқ,

Бал ашқандар өзін қинап жүр текке.

Амал нешік, артын бақпай әліптің,

Орындалмас тез үміті халықтың.

Сол себепті, іштен тынып үндемей

Отырған жөн, кейпіне еніп балықтың…

 

Сағыныш туралы

   Жапырақтай түскен қурап үзіліп,

Сағыныштан жүрмін іштен мүжіліп.

Сондай кезде бірге кеткім келеді

Тырналармен ұшқан көкте тізіліп.

Шақырымдар бөліп тұрған араны,

Ауыртады сағыныш боп жараны.

Сондай шақта сыймай кетем бөлмеге

Жыртқыш аңдай аласұрған жаралы.

Келмей қалса хабар-ошар күттіріп,

Нық сенімге ұры күдік кеп кіріп

Салмақ салар одан сайын жүйкеге

Сағыныштың қиындығын ұқтырып.

Қауышудан артық бақыт кемде-кем

Деп санаймын жүрегімді емдеген.

Білмейді жан бірақ оның бағасын

Бойға дендеп ғашықтық дерт енбеген.

Сағынбайтын, сірә, жанды болмайды,

Болса ондайлар, бақыт емес, бұл — қайғы.

Сағыныштан сары күздей сарғаймай,

Бағаламас санасы бар мән-жайды.

Ал, қоштасу — қиынның ең қиыны,

Соғып өткен ол өкініш құйыны.

Одан өлген болмаса да жан әлі,

Шешіңлмейтін жіптің бұл бір түйіні.

Сол себепті, сағыныштан солмайық,

Жанды қинар қоштасулар боп ғайып.

Алабұртқан жүректегі сезімді

Сағынышсыз өкпелетіп алмайық…

 

Ермек Сахариев

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз