Бұл туралы бүгін жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәжілісінде мәлім болды.

Бүгінгі «БҚО-дағы эпидемиологиялық ахуал» тақырыбындағы брифингке облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Амангелді Қаюпов қатысты.

Белгілі болғанындай, Батыс Қазақстан облысында тағы бір коронавирустық инфекция жұқтыру жағдайы тіркелді. Өңірдің бас санитариялық дәрігері Мұхамғали Қайыржанұлының мәліметінше, індет жұқтырған 49 жастағы оралдық тұрғын провизорлық стационарда медициналық қызметкер болып жұмыс істейді.

– Бұл – облыстағы тоғызыншы жағдай. Бұл жағдай ауруды жұқтыру қаупі жоғары медициналық қызметкерлерді диагностикалық тексеру кезінде белгілі болды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеке бөлмеге орналастырылды. Бекітілген хаттамаға сәйкес ем қабылдауда, – деді департамент басшысы. Науқастың коронавирус жұқтыруына қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланбауы себеп болуы мүмкін деп болжануда. Ең қауіпті жұмыс орны саналатын емдеу мекемелері қызметкерлерінің денсаулығына дағдылы түрде диагностикалық зерттеулер жасалып тұратынын да жеткізді.

Эпидемиологиялық тексеру барысында жұмыс орнында науқаспен жақын қарым-қатынаста болған жеті адам анықталып, оларға зертханалық зерттеу жүргізілген. Олардың алтауының зерттеу нәтижелері теріс  болып шықса, біреуінің зерттеу қорытындысы әлі дайын емес. Ал науқас жалғыз өзі тұрған пәтер орналасқан тұрғын үйдің подъезі карантинге жабылған. «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалы мамандарымен пәтерге, кіреберісіне және үйдің іргелес аумағына дезинфекциялау жұмыстары жүргізілген.

Қосымша мәлімет берген БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Амангелдіұлы қауіпті аймақта қызмет атқарып жүрген өңірдегі медицина қызметкерлері арасында мұндай жағдайды енді болдырмауға күш салатындарын айтты. Сондай-ақ тұрғындарға да сақтық шараларын барынша ұстанып, адамдар көп шоғырланатын жерлерде ара қашықтықты сақтауға кеңес берді

Бүгінгі таңда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирус ауруын жұқтырған сегіз адам ем қабылдауда. Тағы бір айта кетерлігі, індетті жұқтырған батысқазақстандық бір адам 12 сәуір күні емделіп шыққан болатын.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dáýiri» газетінің

БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз