Жұмыр жер беті жетіскеннен карантин жариялап жатқан жоқ. Бұның сұмдығы қауіпті вирус қана емес, оның сұмдығы жер бетіндегі сұмдықтарды қолдан жасаушы зұлым адамдардың қап-қара ниетінде жатыр. Адамға жер бетінде төтеннен келер қауіп жоқ, адамзат ежелден бері тек бірімен бірі айқасып келеді. Мынау вирус сол айқаста қолданатын бір қаруы ғана. Жүзі қылпып тұрған қанжар өздігінен қауіпті емес, қауіп сол қанжарды ұстаған қолда.

Біздің қазақта ел басына күн туған осындай кезде бас көтерер азаматтар елді де, жерді де сақтап қалған. Сондай азамат, біздің Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов атындағы ауылының тумасы, өзімнің туысқан інім, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Əліби Бақытбекұлы Бекжанов.

 

Ол өз шаруашылығының есебінен көмек ретінде ауылдағы әрбір түтін басына 50 келі ұн, 25 келі ақ күріш, 5 литр шемішке майын (бағасы 13500 теңге) таратыпты. Бұл көмегін өзі туып-өскен Темірбек Жүргенов атындағы ауылға ғана емес, біздің ауылмен қатар жатқан «Жаңаталап», «Аққыр» ауылдарындағы ағайындарға да жасаған. Ағайынды бөліп-жармаған. Мұқтаж ба, мұқтаж емес пе, қарамаған. Үш ауылдағы 572 үйге барлығы 7 722 000 теңге көлемінде қаражат жұмсапты. Соны естіп, қатты риза болып отырғаным. Айтпағым жұмсалған қаражат көлемін көрсету емес, қажет болса Әліби інім бұдан да зорын жасай алады. Мәселе Әлібидей азаматтардың осындай сындарлы шақта бас көтеріп, ерлік көрсете алуында. Тағы бір қуанатыным, біздің елде Әлібидей атпал азаматтар жетерлік. Міне, ел басқаратын білікті азамат осындай-ақ болсын. Ауданға, облысқа әкім етіп сайлайтын азаматың бар ма десе, мен ойланбастан осы Әліби Бақытбекұлын ұсынар едім. Осындай азаматтар тұрғанда Тәуелсіздігіміздің мәңгілік болатынына сене түсесің.

Айтпақшы, Әлібиге деген ризашылығымды жазып әлеуметтік желіге салғаным сол екен, ауылдан Маралбек інім дереу былай деп пікір жазыпты.

«Иә Әлекеңнің бұл бастамасы игі іс болды! Менің шешем отырған інімнің отбасына да жаңа әкелді. Мен сіздің жазбаңызды оқи бастағанымда бір бала есік қағып: «Аға қақпаңыздың алдына көмекке берген заттарды қойдық» деді де зып беріп кетіп қалды. Артынан шығып рақмет айтып үлгермедім, трактормен таратып жүрген жігіттер 4-5 үй әріде жүгіріп жүр екен. Міне шалт қимыл, міне ұйымдастырушылық! Осындай жігіттерді президент қою керек қой!»

Жасай бер, айналайын, Әліби інім!

 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз