Бұл сауал қазіргі күні коронавирус індетіне байланысты аса ауыр төтенше жағдайды басынан кешіріп отырған ел халқының барлық жіктерін мазалап отырғаны кәміл. Қытайдан тараған қатерлі дерт бүкіл әлемді жайлап, одан Қазақстан да тыс қалмады. Індет жұқтырғандар саны 1300-ге жуықтап қалса, одан қайтыс болғандар саны да күн сайын артып келеді. Мұндай қысталаң сәтте өгізді де өлтірмей, арбаны да қиратып алмаудың жолын қарастырған мемлекет бүгінгі дағдарысқа қарсы жедел шараларды қолға алып, ел халқын кеселден аман сақтап қалудың барлық айла-шарғысын жасап жатыр. Бүгіндері бір сәттің ішінде жұмыстары тоқтаған кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлері ақысыз демалысқа шығып, үйде жұмыссыз отыруға мәжбүр болуда. Осыны ескерген мемлекет халықты қиын сәтте қолдау үшін ел бюджетінен қыруар қаржы бөліп, оларға ақшалай да, азық-түлікпен де көмектесіп жатыр. Бұл шаралардың аз қаржының басына су қумасы белгілі. Билік амалсыздан Ұлттық қордағы қаражатқа да қол сұғуға мәжбүр болды. Қазіргі қалыптасып отырған жағдайға байланысты теңгенің алдағы тағдырына алаңдаушыдлық білдірген білікті мамандар мен кәсіпқой сарапшылардың айтқан болжамдарына ден қойсақ, қазіргі күні мемлекет тарапынан беріліп жатқан жәрдемақылар мен экономикаға бөлініп отырған қыруар қаржы теңгенің позициясын күшейтеді-мыс. Сондай отандық білікті мамандардың бірі, экономист Бауыржан Ысқақов: «Жуық арада  теңгенің долларға шаққандағы бағамы қатты өзгермейді, себебі, оған жақында ғана мұнайлы және мұнайсыз елдердің өзара келісімге келуіне сәйкес қабылданған ОПЕК+ шешімі ықпал етпек. Мұнай нарығындағы бұл оң үдеріс жалғасын тапса, теңгенің бағамы осы қалпында қалатынына сенім мол. Ол бойынша сату бағасы 444-445 теңгенің маңайында болатын сынды. Сосын оған макроэкономикалық факторлар да әсер етеді. Қазіргі кезде мемлекет тарапынан беріліп жатқан жәрдемақылар да позитивті ықпал жасайды. Бұдан бөлек, экономикаға бөлініп отырған қыруар қаржы да теңгенің позициясын күшейтеді. Сондықтан осы аптада теңге 450-460-ге барады деген қауіп жоқ»,— десе, «GSB UIB» бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық: «Өткен аптада мұнайдың әлемдік бағасы көтеріле бастады. Ал ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемін қысқартуға дайын екенін мәлімдеді. Әлемдік мұнай нарығында қара алтынға деген бағаның өте төмен болуы аталған шикізатты өндіруші мемлекеттер үшін тиімді емес.  Бұл келісімді әзірге тек Мексика ғана қолдамай отыр. Мүдделі тараптар алдағы уақытта «ОПЕК-тің» тағы бір отырысын өткізуді жоспарлап отыр. Сол жерде Ресей мен Сауд Арабиясы, сондай-ақ, басқа да мемлекеттер бір келісімге келуге тырысары анық. Меніңше, сол жолы мұнай өндіру көлемін қысқартуға арналған келісім әлдеқайда позитивті болады. Сондықтан алдағы уақытта мұнайдың бір баррелі 40 долларға дейін көтеріледі деп ойлаймын.. Рас,  ОПЕК+ келісімі сәтті болып, мұнайдың әлемдік бағасы көтерілсе, теңгенің долларға шаққандағы бағасы 430-440 маңайында болады. Алайда, ОПЕК+ келісімі тағы өз шешімін таппаса, мұнайдың әлемдік бағасы құлдырайды. Қазір ол теңгеге әсер етіп тұрған негізгі фактор болып отыр. Егер аладғы үш-төрт ай бойы мұнайға деген төмен бағалар сақталса, онда ол бірден теңгеге әсерін тигізеді. Сол кезде мұнайдан түсетін табыс азаяды. Ал мұнай экспорттаушы компанияларымыз теңгенің құнсыздануына мүдделі болады»,— деген болжамын алға тартады. Ал экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков: «Коронавирус пандемиясы мен әлемдік мұнай бағасының құлдырауы аясында ұлттық валютамыздың бағамы негізгі үш фактормен анықталатын болады. Біріншіден, төлем балансының ағымдағы есепшоты. Егер ағымдағы есепшоттың сальдосы минусқа кете берсе, онда ұлттық валютаның одан бетер құнсыздануына жол ашылады. Мәселен, өткен жылы мұнай бағасы жоғары болғанда Қазақстанның төлем балансынының ағымдағы есепшоты, шамамен, минус 4 миллиард доллар тапшылық берді. Демек, сыртқы саясатта көптеген проблемалар шешілмей жатыр. Ұлттық валютаның бағамын айқындайтын екінші фактор – ұлттық банктің алтын-валюта қоры. Осы резерв азайса, девальвацияның қаупі күшейеді. Ал алтын-валюта резерві азаймас үшін, біріншіден, жаңағы төлем балансының ағымдағы есепшотын дұрыс жүргізу керек, екіншіден, тікелей шетелдік инвестицияларды көптеп тарту қажет. Тек, осы екі арна ғана алтын-валюта резервін ұстай алады. Теңгеге әсер етіп отырған үшінші фактор – рубльдің долларға шаққандағы бағамы. Себебі, Қазақстан Ресеймен тығыз сауда-саттық жүргізеді. Оған қоса, екі мемлекет бір экономикалық одаққа кіреді. Біз Ресейге, шамамен, 7 миллиардтық сауда балансының дефицитін беріп жатырмыз, яғни Қазақстан жыл сайын 7 миллиард долларға ұтылып отыр. Ал рубль құнсызданып, біз теңгенің бағамын сол қалпында ұстасақ, бұл экономикалық тұрғыда өзімізге тиімсіз болады. Өйткені, девальвация жасаған елдің тауарлары арзандай түседі. Барлығы осы үш факторға байланысты»,— деп отыр.

 

 

Ал, «DAMU Capital Management» ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев: «Барлық елдердің валюталарының бағамына тікелей әсері бар доллар бағамының тұрақты болуы әлемдік экономикадағы өзгерістерге байланысты. Жаһандық экономика әдетте дамиды, кеңиді немесе бұл процестер тоқтайды. Ал қазір ол өте осал күйде. Сондықтан әлем елдері тұрақтылық күйін бұзып алуға қорқып отыр. Бұл үлкен өзгерістердің алдындағы тыныштық болуы мүмкін. Әйтсе де әлемдік нарықта тосын жағдайлар орын алу мүмкіндігін ешкім жоққа шығармайды. Алайда оны алдын ала болжау мүмкін емес. Ал әзірге 2020 жыл тұрақты болады деп болжап отырмын»,—– дейді. Ал, экономист Арман Байғанов болса: «Мен керісінше келер жылы теңге құнсызданады деген пікірдемін. Америка валютасы теңгеге шаққанда қымбаттайды. Оған себеп ЕАЭО елдері арасында Қазақстанда кері сауда сальдосы қалыптасқан. Ресей рублінің қысымы теңге бағамына әсер етеді. Девальвациялық қатер бар. Жыл сайын орта есеппен теңге 5-8 пайызға құнсызданады. Нәтижесінде көгілдір отын бағасы қымбаттайды. Ресей рублінің нығаюы теңгеге жағымсыз әсер етеді. Алайда мұнай мен басқа да ресурстардың бағысының өсуі бюджетке қосымша қаржы тартып, теңге бағамын тұрақтандыруы мүмкін»,— деген уәжді алға тартады.

 

 

Осы арада: «Теңге бағамы рубльге неге тәуелді?»— деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сауалға жауап бермес бұрын «Валюта бағамы» дегеннің өзін түсіндіре кеткен жөн. Бұл —  әр түрлі елдердің ақша бірліктерінің ара-қатынасы. Бұл ара-қатынас олардың сатып алу қабілеті арқылы анықталады. Ал, өзара үлкен тауар айналымы бар елдердің валюталары бір-біріне әсер етпeй тұрмайды. Бұл Қазақстан мен Ресейге де тән. Десе де, 2015 жылы құбылмалы валюта бағамы енгізілгеннен бастап теңгенің құнын Ұлттық банк емес, нарық белгілейтін болды. Валюта бағымының күн сайын құбылып тұруы да сондықтан. Қазір еліміздің ұлттық валюта бағамының құны KASE-тегі сауда сессиясының қорытындысымен анықталады. Сауда-саттық жұмыс күндері – таңертеңгілік және күндізгі болып екі мезгілде өтеді. Биржадағы көрсеткіштер негізінде Ұлттық банк шетел валютасының ресми бағамын есептейді, ол сауда-саттық күнінен кейінгі күнге қабылданады. Бір валютаның екіншісіне әсер етуі екі елдің экономикалық қарым-қатынасына байланысты. Байланыс берік болған сайын валюталардың өзара әсері де күшті болады. Теңге мен рубльдің мысалында Қазақстан мен Ресейдің сауда-саттығы мен инвестициясын қарастыру керек. Шыны керек, Ресей басқа да сауда-саттық серіктестері арасында Қазақстанға тауар тасымалдаушы елдердің арасында көш бастап тұр. Теңге құнына әсер ететін тағы бір фактор – Ресейге қарсы санкциялар. Басқа да факторларға Ресейге қатысты ақпараттық тәуелділікті айтуға болады. Рубль құнына әсер ететін жаңалықтар теңгеге де сезілетіні осыдан. Бұл ретте Ресейдің бір топ компаниялары, бизнесмендері мен шенеуніктеріне, соның ішінде Олег Дерипаскаға салынған АҚШ-тың санкциясын мысалға келтіруге болады. Долларға қатысты рубль арзандағанда, теңгенің де құнын жоғалтатыны сондықтан. Өйткені, отандастарымыз Ресейден жаппай көлік, жиһаз, азық-түлік, тіпті пәтерге дейін сатып алған кезде қаражаттың көп көлемі Ресейге ағылып, керісінше қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Екінші жағынан алып қарағанда рубльге қатысты теңге нығайғанда ел экономикасы да еңсесін көтереді. Шындығына келсек, ұлттық валютаның тұрақтылығы басқа да факторларға байланысты: ел экономикасының дамуына, трейдерлердің болжамына және Қазақстанның басқа да ірі сауда серіктестерімен ара қатынасы жағдайына, т.б. Осы факторларға қарай теңге де тегеуріні мықты екенін көрсетеді. Бұдан шығатын қорытынды: Қазақстан мұнайға тәуелділіктен құтылмаса, ел экономикасының құлдырай берері сөзсіз. Себебі, біздегі ел бюджетінің өзі осы әлемдік мұнай нарығындағы қара алтын бағасына байланысты түзіледі. Жуықта өткен Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев: «Биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша мұнай және конденсат өндіру 23,6 млн тоннаны құрап, мұнай экспорты 18,9 млн тонна болды. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,6-2,7 пайыз өсім бар. Жақында ғана мұнайлы елдердің қатысумен өткен «ОПЕК»+ отырысында қол жеткізілген келісімге сәйкес, 2020 жылы мұнай өндіру көлемі 84,5 млн тонна деңгейінде жоспарланып отыр. ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 миллион баррельге қысқартуға келісті. Қазақстан өз кезегінде консенсусқа қолдау көрсетіп, мұнай өндірісін тәулігіне 390 мың баррельге азайтатын болды»,— деген-ді. Ал, экономикасының тағдыры экспортқа шығарылатын шикізаттардан түсетін қаржыға қарап отырған Қазақстан үшін бұл бөрікті аспанға атып қуанарлықтай жаңалық емес.

Дайындаған — Ермек Сахариев


ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз