Қазір ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, айтқаны болып тұрған ең бір құдіреті күшті құрал — теледидар.
Кез келген мемлекеттің телехабарлары қандай ауанда, қандай бағытта болса, оның бүкіл халқының жан дүниесі, тіпті мына фәниге, көзқарасы солай қалыптасады, телеарналары негізінен қай тілде сөйлесе, ол мемлекеттің халқы түп-түгел сол тілде сөйлеуге көшіп кеткенін өздері де байқамай қалады. Қазақстандағы телеарналар дәл мына бағытымен кете берсе, қазекемнің көп ұзамай қандай күйге түсерін кім біліпті?! Соны ойлады ма, кім білсін, Елбасымыздың әнебір жылы кім бүйтіп өзінің эфирлік кеңістігін басқаларға беріп қояды деп кейігені бар.
Ақиқатын айтқанның айыбы жоқ, Қазақстанда адам шошырлық жын-жыпырды, қантөгісті, адамды азаптап өлтірудің, жезөкшеліктің, салдақылықтың, жан шошырлық жиренішті жыныстық қатынастың неше алуан түрін көрсетіп, жарық дүнияға көзін жаңа ашқан сәбилерімізді, қаласа ата-анасын да өлтіре салатын сезімсіз бір мақұлыққа айналдыру үшін, ана тілін, дінін ұмыттыру үшін күндіз-түні жүзден астам телеарналар жұмыс істеп жатқанына бірталай жылдың жүзі болды. Ресейдің немесе өзге де шетелдердің мұндай телеарналарына эфирлік кеңістігіміз-ді беріп қоюымыздың өзі біздің не саяси сауатсыздығымыз не қайсыбіреулердің қазақ ұлтына жасап отырған жасырын қастандығы деуге толық негіз бар. Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты бізбен тілі, діні бір бауырлас республикалардың бәрінде Ресей ақпарат құралдарын емін-еркін таратуға қатаң тыйым салынған. Өйткені, олар телеарналар да, орыс тіліндегі газет-журналдар да негізінен Ресейдің саясатын, көздеген мақсатын, орыстың тілін насихаттайтынын жақсы біледі.
Олар 1991 жылы КСРО құласымен-ақ көп ұзамай бүкіл телеарналарын ана тіліне көшіріп алды. Бұл олардың үлкен саяси көрегендігі болды. Қазір бұл республикалардың телеарналары тәулігіне жарты не бір сағаттан артық орысша хабар бермейді. Ал Қазақстан ше? Құдай кешірсін, кейде Қазақстандағы әлгі құжынаған «СТВ», «Мир», «Евразия-1» сияқты телеарналарды айтпағанда, мемлекеттік болып саналатын «Телеарналардың өзі қай елдің арналары?» деген де ойға кететін болдық. Зиялы қауым өкілдері телеарналардағы жоғарыда айтылған сұмдықтар көрсетілетінін және қазақ тіліндегі хабарлардың 50 пайызға да жетпейтінін айтып, талай телеарналармен соттасқан кездеріміз де болды. Бірақ сот орындары бізді сол орысша телеарна басшыларының аяғына жығып берді. Ақыры шаршап қойдық.
Біз теледидарды әп деп азаттық алғаннан бастап ұлттық тілімізді, ұлттық дәстүрімізді, ұлттық тәрбиемізді көрсетудің басты құралы етіп пайдалануды ойлаған жоқпыз. Сол жылдары жоғарыдағылар 50х50 дегенді ойлап тапты. Сол кезде біз «оу, қазақты былай қойғанда, Қазақстанда өзбек, ұйғыр, татар, әзірбайжаны сияқты түрік тілділерді қосқанда халықтың 70 пайыздан астамы қазақша біледі ғой, неге қазақ тіліне 50-ақ пайыз беріледі?» деп өкпелеп жүрсек, сол 50х50-дің өзі әншейін қазақты алдарқату болып шықты. Сол 50 пайыз қазақшаның өзі түн ортасы ауа, тауық бір-екі шақырғаннан кейін барып берілетін болды. Содан бері міне 20 жылдың жүзі болып қалды. Біз Ресейден азаттық алдық деп бөркімізді аспанға атқан жылы туған сәбилер қазір 25-ке келіп, көпшілігі орысша ғана сөйлейтін болды. Оған үштілділік қосылды.
Мынадай сөздерді «шешендеріміз» мың қайталайтын болды:
«…құрайды», «жәнегі», «жанагы», «белгілі болғанындай», «қайда бармасаң да».
Амал не, бүгінгі телеарналар бірыңғай жеңіл-желпі көрсетілімдердің, әсіресе әнші деуге келмейтін сөйте тұра «жұлдыз» атанып жүргендердің, мәтінінің не мәні, не мазмұны жоқ, елірме ауруы бар адамдарша әрнәрсені өлең қып айтып тұрғандардың, КВН сияқты әртүрлі арзан-күлкілі ойын-сауықтардың ошағына айналғаны ақиқат. Және кез келген мемлекеттің телеарналары қай тілде көбірек сөйлесе, сол елдің халқы негізінен сол тілде сөйлеуге көшіп баражатқанын өздері де байқамай қалады. Қазіргі Қазақстан телеарналары негізінен орыс тілінің құрсауынан шықпағандықтан да қазақ тілі өз елінде өгей күй кешіп отырғаны соның дәлелі. Бұның бәрі күніге дерлік айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ бұл телеаурулардың «беті бері қарамақ түгіл ауруы меңдеп бара жатыр ма деп те қорқамыз. Жақында ұлттық арна деп аталатын «Қазақстан» ТРК-сына бастық болып Ерлан Қарин деген жігіт келгенде қазақылығы бар жігіт қой, енді бір жақсылық болар» деп көңілденіңкіреп қалғанбыз. Көп ұзамай бұл арнаға бас продюсер болып Нұрлан Қоянбаев деген не журналист, не саясаткер, не тіл маманы емес, әйтеуір «Түнгі студия» деп аталатынға әр саланың өкілдерін кезекпен шақырып алып арзанқол сайқымазақ әзіл, қалжың ұйымдастырып отыратын жігіт, ал «Таң-Шолпанға» журналистикаға, әсіресе, тележурналистикаға қырық қайнаса да сорпасы қосылмайтын және әншілігінің өзі онша «алып бара жатпаған» Гүлнұр Оразымбетова келіпті дегенді естігенде мына «кадр саясатынан» жүрегіміз мұздай болды. Әсіресе, академик Марр бір кезде әлемдегі ең бай, ең көркем тілдің бірі деп атаған түркі тілінің ішіндегі шырайлы да шұрайлысы қазақ тілін соңғы он-он бес жыл ішінде орыс тілінің көшірмесіне айналдырып жіберген де телеарналар екенін қанша жылдан бері қақсап, қақылдап айтып та, жылап-еңіреп жазып та келеміз. Иә, теледидардың өте қуатты қару болумен қатар, қауіп-қатері де өте зор. Теледидар оны көріп отырған адамның миына, санасына тікелей қатты әсер етеді. Оның журналисі қалай сөйлесе, көрермен де солай сөйлейтін күйге түседі және оны өзі байқамайды. Қазір екінің бірі сөз арасында «…құрайды», «жәнегі», «жанагы», «белгілі болғанындай», «қайда бармасаң да» деп сөйлейтіні де осы телеарналардағы әрі сауатсыз, не журналистикадан, не әдеби тілден хабары жоқ әнші, квншы, ыржақай, әзілкештердің немесе білім-білігі төмен, әйтеуір жаңалықтарды шатты-бұтты, балдыр-батпақ тілмен баяндап шығатын шалағайлардың кесірінен болып отыр. Ондайлар сөз атаулының жазылуы мен айтылуының арасында үлкен айырмашылық (орфография, орфоэпия) болатынын да білмейді. Мысалы «Ақ Орда» сөзі айтылғанда — «Ағорда», «көкөніс» сөзі «көгөніс» деліну керек болса, олар соны жазылған күйінде «ақорда, көкорда» дейді. Бұл өте қате. Мысалы, «тамақ жеп жатыр», «тойлап жатыр», «жұмыс істеп жатыр» деп бәрін жатырға жатқызып, бүкіл дыбысты түгел айтып жатпай-ақ «тамақ ішібатыр», «жұмыс істебатыр», «не қыласың?» дегенді «неғыласың», «аспанға ұқсаған көкпенбек» демей «аспанқұсаған» десе, еш айыбы жоқ.

Қараңызшы:
1. Тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады
2. Өмірге 2000-ыншы сәби сыйлап (25.03.2017. «СТВ»)
3. Мереке жылылық сыйлады (7.03.2017).
4. Қуаныш сыйлады.
5. Дайындық уақыты 3-4 сағатты құрады
6. Келесі жолы сәттілік жолдас болады («Хабар-24». 26-03.2017)
7. Бұзу жұмыстары қызу жүргізілуде («КТК»).
8. Оның қалыңдығы 70 см-ды құрайды (Ұлан Нұрахметұлы «КТК» 24.03.2017).
9. Кезекті ер адам із-түзсіз жоғалды («КТК» 15.03.2017).
10. Құбырларды ауыстыру жұмыстары. жалғасуда (КТК).(Ауыстырылуда десе болды ғой).
11. Сұранысқа ие сыйлықты сатып жатыр (КТК).
12. Іздеу жұмыстары жалғасын табуда («Қазақстан» 24.03.2017). (дұрысы — әлі іздестірілуде).
13. Бұл шаш үлгісі әйелдер арасында жоғары сұранысқа ие болған («Хабар»).
14. Сұранысқа ие гүлдер («31 арна»).
15. «Жүрегі үлпілдей (Бибігүл Жексенбай («Хабар» — «Тұлпар» деген хабар).

Иә, тәуелсіздік алдық деп 25 жыл күндіз-түні бас-аяғы жоқ той тойлаған қазақтың сол 25 жыл ішінде ана тіліне орысшадан тәуелсіздік әпермек түгіл ең бай, ең шұрайлы да шырайлы түркі тілінің бірі — қазақ тілін орысшаның тікелей аудармасына айналдырып қорлап қойғанын жоғарыда біз келтірген сөз саптаулар-ақ дәлелдеп тұр. Осындағы «құрады, сұранысқа ие, сыйлады, жалғасын тапты» деген сөздер-ақ қазақ тілін, қайран ана тілімізді орысшадан тікелей тәржімаланып бүлдіріп, былғап, сол арқылы орысшаның отар тіліне айналдырып тұр. Әйтпесе, ұлттық санасынан, ұлттық намысынан айрылып қалмаған, не сөйлеп тұрғанына жауап берерлік ақыл-есі түзу қазақ ешқашан жоғарыдағыдай «көңіл күй сыйлады», «сәби сыйлады», «қуаныш сыйлады» дей қоймайды. Оның орнына «мерекелік шаттыққа бөледі», «қуанышқа қарық қылды», «бір қуантып тастады» дер еді ғой. Ал анау «сыйладылар» орысша «дарить», «подарил», «жалғасын табудасы-продолжается» деген орыс сөздерінен некесіз баладай туған сөздер. Немесе «3-4 сағатты құрады», «70 см-ді құрады», «зейнетақысы 40000 теңгені құрады» деп те дені сау қазақ айта қоюы екіталай. Осы сөйлемдердің соңындағы «құрадыны» айтпай-ақ «…70 см», «40000 теңге», «3-4 сағат» деп бітірсе де сөйлем әдемі аяқталады. Бұл жерде хабар жүргізіп тұрған қазақты «составляет 70 см» дегендегі «составляетты» алып тастауға оның баяғыдан қанға сіңген құлмінезі жібермей тұр. «Сұранысқа ие сыйлық», «жоғары сұранысқа ие», «сұранысқа ие гүлдер» деген де сол өзінің білім-білігі төмен, оның үстіне орысшадан аударып сөйлеуге дағдыланған құлмінезден арылмаған адамның сөз саптауы екені айдан анық. Жоғарыдағы «Қазақстан» арнасының журналисі «Іздеу жұмыстары жалғасын табуда» деуі де сол білім-біліктің жоқтығынан пайда болған сырқат. Ал көзін ашқалы телеарнада келе жатқан Бибігүл Жексенбайдың «жүрегі үлпілдей» деуіне жол болсын! Жүрек не, үлпілдейтін мақта ма, әлде құстың жүні (мамығы) немесе ешкінің түбіті ме екен? Жүрек лүпілдейді ғой.
Бұл қателіктер тез арада жөнделмесе, жоғарыда айтқанымыздай, тіліміздің қаймағынан ғана айырылып қоймаймыз, ұлттық рухымыздан, иманымыздан, намысымыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы телеарналардың басшыларын да, жоғары лауазымдыларды да ойлантуы тиіс.

Мырзан Кенжебай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз