Токиода өтетін 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындары 2021 жылға ауыстырылғаны белгілі. Егер коронавирустың таралуы жалғаса түссе, тіпті бұл шара одан кейінге қалдырылуы да мүмкін. Бұл туралы мәлімдеген «Токио – 2020» ұйымдастыру комитетінің төрағасы Йоширо Мори: «Бұрын Олимпиада тек соғыстың кесірінен тоқтатылды. Ал бұл жолы көрінбейтін жауға қарсы күресіп жатырмыз. Егер әлем вирусты жеңіп, Олимпиада өткізілсе, онда бұл алдыңғы Олимпиада ойындарынан бірнеше есе құнды болатын жарыс болмақ», – деді.  Мұндай пікірді жапон дәрігерлер қауымдастығының басшысы Йошитакэ Йококура да айтады. Ол: «Егер тиімді вакцина жасалмаса, онда Олимпиада ойындары қиын болуы мүмкін. Біз коронавирусқа қарсы вакцина мен дәрі-дәрмектерді тезірек әзірлеуге шақырамыз. Жапонияда жағдай жақсарғанымен инфекция әлемде тарала беретін болса, Ойындарды өткізу оңай болмайды», – дейді. Айта кетерлігі, Токио Олимпиадасының кейінге қалдырылуы Олимпиада тарихындағы жаңа әрі алғашқы оқиға болды. Мәселен, бұған дейін Берлиндегі 1916 жылғы Олимпиада, 1940 жылғы Токиодағы ойындар мен 1944 жылғы Лондон Олимпиадасы әскери қақтығыстарға байланысты өтпеген-ді. Ал 1972 жылы Мюнхендегі Олимпиада ойындары лаңкестікке байланысты тоқтатылып, кейіннен соңына дейін жалғасын тапқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз