Жаңа оқу жылына – жаңа мектеп

0
331

Оралда мектептердегі үш ауысымдылықты жою жұмыстары назарға алынып, қажетті шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Зашаған кентінде салынып жатқан 900 балаға арналған жаңа мектеп құрылысы.

Құрылысы аяқталуға таяу жаңа ғимаратқа қаладағы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі көшірілетін болады. Көне ғимаратта оқып келген аталмыш мектеп-лицейдің 305 оқушысы мен мектеп ұжымы алдағы оқу жылын жаңа білім ордасында қарсылайды деп жоспарлануда. Сонымен қатар жаңа мектепке сол мөлтек ауданның балалары да оқуға қабылданады.

Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей директоры Шынар Сағынғалиева атап өткендей, бұл білім ордасы жаратылыстану-математика бағытында білім береді. Енді мұнда лицей сыныптармен қатар жай сыныптарда жасақталатын болады. Жаңа нысанның құрылыс сапасын қала әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топ мүшелері басты назарда ұстап отыр.

70 мыңнан астам тұрғын қоныстанған Зашаған кентіндегі мектептерде оқушылардың үш ауысыммен білім алуы – әлі де өзекті күйінде. Осы түйткілді мәселені шешу мақсатында қолға алынған жаңа мектептің құрылысы 2019 жылдың маусым айында басталған еді.Мектептің құрылыс жұмыстарына жауапты «НұрКапСтройГаз» ЖШС өкілі  Гамирлан Сейітқазы білім ошағының жалпы аумағы төрт гектарды құрайтынын жеткізді. – Құрылыс аумағында 80 адам жұмыс жасауда. Құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалды. Қазіргі уақытта абаттандыру, әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Мектепке қажетті жиһаздар мен компьютерлерге тапсырыс берілді. Биылғы қыркүйек айында барлық жұмыстарды тәмамдап, нысанды тапсыру жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құнын құрайтын 1,7 млрд. теңге қаражат республикалық бюджеттен қарастырылды, – деді учаске басшысы Г.Сейітқазы.

 

 

Жаңа білім ошағының жобасында оқу сыныптарынан басқа шеберхана, тігін бөлмелерін, пәндік кабинеттерді, спорт және тренажер залдарын жасақтау жоспарланған.

Облыс орталығы – Орал қаласында 51 жалпы орта білім беретін күндізгі мектеп бар. Олардың 49-ы – орта, екеуі – негізгі және біреуі – кешкі ауысымды мектеп. Сонымен қатар қалада бес гимназия мен бес лицей жұмыс жасайды.

Өткен оқу жылын 49955 оқушымен қорытындылаған оралдық білім ошақтарында жылдық білім сапасы 66,33 пайызды құрады. Соның ішінде 2019-2020 оқу жылында 9-сыныптарды  3637 оқушы аяқтаса, олардың 181-і  үздік аттестатқа ие болды. Алтын ұяларымен қоштасқан 2013 түлектің 1692-сі ҰБТ тапсырды. 86 түлек «Алтын белгі» иеленіп, 70 мектеп бітіруші үздік аттестат иегері атанып, ұстаздары мен ата-аналарын қуантты.

Осындай жетістіктермен бір жылды артқа тастаған оралдық білім ордалары келесі оқу жылына дайындалуда. Шаһардағы №21, №25 және №45 мектептерге қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Техникалық қорытынды бойынша апатты жағдайда деп танылған №31 және №33 мектеп ғимараттары бұзылып, орнына жаңа мектептер салынуда. Қалалық білім беру бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығындағы №3, 6, 10, 13, 14, 22, 23, 27, 32, 35, 37, 40, 42, 43, 44, 46, 47 және кешкі (ауысымды) мектептер күрделі жөндеу сипатындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осыған байланысты қажетті қаражатты қайта қарастыру үшін бюджеттік комиссия отырысына өтінім жолданған.

 

 

Орал қалалық мәслихатының «Орал қалалық мәслихатының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №39-2 «2020-2022 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешіміне  сәйкес білім саласы бойынша бірқатар іс-шараларға қаражат бөлінген. Мысалы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұйғарымдарында көрсетілген білім мекемелеріндегі кемшіліктерді жоюға,  қалаға қарасты Ветелки ауылындағы №29 НМ, кешкі (ауысымды) ЖОББМ, оқу-өндірістік комбинатына ішкі әжетханалар орнатуға,  №1 және №32 мектептердің ауласын қоршауға, «Атамекен» жазғы сауықтыру лагерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, №9 орта мектептің спорт және мәжіліс залдарына жөндеу жұмыстарын өткізуге қажетті қаржы қарастырылған.

Құрылыс бөлімінің ақпаратына сәйкес, қаладағы «Балалар ауылы» шағын ауданында 900 орындық №52 мектептің құрылысына қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жолданса, «Балауса» шағын ауданында 900 орындық № 53 мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Оған қоса қала маңындағы «Меловые горки» кентінде бой көтеретін 300 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталған.

Жыл санап халқының саны артқан Орал шаһарында әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Нәтижесінде жасыл қаламыздың сәні мен салтанаты келісіп, тынысы кеңеюде.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dauiri» газетінің

БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.