Ащысайдан шыққан ащы дауыс

0
1143

Елеңдеткен біз, редакция оқиға болған жерге барып қайттық

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылының тұрғыны, қазақтың елім, жерім деп еңіреп жүрген аптал азаматы ай мен күннің аманында қаскөйлер қолынан айуандықпен қаза тапқаны жалпы халықтың ашу-ызасын тудырып, тіксінтіп тастады. Халықаралық «Qazaqstan dauiri» (бұрынғы ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN) газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақпарат саласы мен қоғамда «Еланасы» болып танылып жүрген Сәуле Мешітбайқызы да бұл оқиғаға бей-жай қарай алмай, бізге оқиға болған ауылға барып қайтуымызды сұрады.

Бейсенбі — «кіші жұма» күні жолға шыққан газетіміздің бас редакторы, жазушы Ертай Айғалиұлы, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Желтоқсан көтерілісінен кейін өлім жазасына кесіліп, кейіннен Алланың мейірімімен жеті жыл темір торда отырып шыққан ағамыз Мырзағұл Әбдіқұлов және мен, үшеуміз Ащысайдағы қаза болған Нұрлан Ахметовтің үйіне түс әлетінде жеттік. Ертең, яғни жұма күні жетісін өткізуге қам жасап жатқан ағайын-туыс, бауырларына көңіл айтып, Құран бағыштап болған соң, қабырғаны қайыстырған қайғылы оқиға жайлы әңгімеге көштік. Осы орайда, марқұмның бауырлары мен отбасы жайлы аз-кем мәлімет бере кеткеніміз  оқырман үшін артық болмас, өйткені Нұрланның тағдыры күйзелген бүкіл қазақты айтпағанда, бүтіндей бір әулетті айналып өтпесі анық. Сонымен, Нұрлан бес ағайынды екен. Үлкені Нұрлан, одан кейін Ерлан, Эльмира, Самат, Оразбек. Әке-шешелері өмірден ерте озған. Қара жамылып, отырған жары Сұлухан мен бойжетіп отырған Шолпан, Дина, Дариға және он жасар Нұрай атты қыздары бар.

 

 

Міне, осы және өзге де туыстарының айтуынша, табиғатында қарапайым, ұлтын, елі мен жерін сүйген азаматтың басы, осыдан он үш  жыл бұрын  көршілес Казатком ауылында чешендер мен қазақтар арасында қақтығыс болып, бірнеше адам қаза тапқан оқиға кезінде бәлеге ілініпті. Оқиғаға қатысқанымен, біреудің басын жарып, көзін шығармаса да, сол кездегі оқалылар, әсіресе аудандық Ішкі істер бөлімінің бір басшысы жоғарыға есеп беріп, жағыну үшін, ұйымдастырушы ретінде Нұрланды нысанаға алады. Сол кезден бастап Нұрланның бітіспес жаулары пайда болып, әр жылдары оған және оның туыстарының өміріне қауіп төндіретін бірнеше қастандықтар жасалады. Анығырақ айтсақ, бес мәрте қастандық әрекеттер жасалған екен. Енді туыстары айтқан сол қастандықтарға қысқаша тоқтала кетейік.

 

Қат-қабат қайталанған қастандықтар

Қастандық әрекеттердің алғашқысы 2011 жылдың 22 ақпанында болыпты. Қас қарая бере бала-шағасын моншаға апармақ болып, есігінің алдында тұрған мәшинесінің руліне енді ғана отырған Нұрланның бауыры Самат терезе тұсынан көлбең ете қалған әлденеден сескеніп, басын шалқайта қалады. Дәл сол кезде ТТ тапаншасынан самай тұсқа бағыттала атылған оқ Алла сақтап, оның көзінің тұсын жанап өтеді. Кейіннен бұл оқиғаны көрген куәгердің сипаттамасымен жасалған  фоторобот негізінде күдіктіні беттестіру барысында, куәгер қылмыскерді таныған. Бірақ  «дәлел аз» деген желеумен қылмыстық іс қаралмай қалған. Әрине, бұл шикіліктің артында «бармақ басты, көз қыстылық» пен жемқорлық әрекеттер жатуы бек мүмкін дейді марқұмның туыстары. Ал көзінен жарақаттанған Самат болса,   аман қалғанына Аллаға шүкіршілік еткенімен, бүгінде сол жарақаттың кесірінен көру қабілетінің нашар екенін айтады.

Бұдан кейінгісінде, 2013 жылы Таусүгірдің жолында қаннен-қаперсіз автокөлігімен келе жатқан Нұрланға көпірдің астына тығылып жатқан біреу автоматтан оқ жаудырады. (Ол кезде Нұрлан Таусүгірде тұратын). Құдай сақтағанда, оқ тимей өткен Нұрлан жолдың шетіне тоқтап, айнаға қарағанда, алысырақта өзіне қарай келе жатқан қарулы адамды байқап, дереу көлігімен қашып үлгереді. Кейінірек сол маңда қой жайып жүрген қойшы бір автомат тауып алып, полицияға хабарлайды. Бірақ, полиция ол байғұстың өзін сұраққа алып, біраз сүйрелеген көрінеді. Нұрланның туыстары бауырларын сол егін алқабынан табылған автоматтан атқанына сенімді.

 

 

Одан соң, араға бір-екі жыл салып барып, дәлірек айтсақ 2015 жылдың қысында қастандық әрекет тағы жасалады. Бұл жолы жарылғыш Нұрланның есік алдында тұрған машинасының жүргізуші жақ астына қойылады. Таңғы сағат 5 шамасында машинаны қыздырып қоюға шыққан монша жағушы бала, алдыңғы дөңгелек тұсында домбыраның ішегіне ұқсас бір жіптің салбырап тұрғанын көріп, алып тастамақ болғанда, жарылыс болған. Жарылыстың күштілігі сонша, әлгі бала 4-5 метр жерге ұшып кетеді. Құдай сақтағанда, дөңгелек кедергі болып, аман қалыпты.

2017 жылы Нұрланнның үйінің темір тепкішегінің екінші қабатқа көтерілер тұсындағы бір қуысына орналастырылған жарылғыш зат жарылады. Бұл жарылыс жайлы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары  жазды, көрсетті, бірақ кінәлілер анықталмады. Айтпақшы, марқұмның туыстары  бізге осы жарылыстың салдарынан тепкішектегі апандай болып тесіліп қалған орнын көрсетті. Тағы бір айта кетерлігі, сол тепкішектің бір бұрышына камера орнатылыпты. Оны кейіннен тапқан полиция қызметкерлерінің айтуларынша, қылмыскер жарылысты үйінде отырып бақылап отыру үшін орнатқан сияқты.

Ал соңғы жасалған қастандық Нұрланның өмірін қиып кетіп отыр. Марқұмның жары Сұлуханның айтуынша, түнгі сағат 23 шамасында далаға шыққан оны айналасы екі-үш минуттың ішінде пышақтап кеткен. Айқайлаған дауысқа үйден жүгіре шыққан қыздарына «машина жаққа бармаңдар, жарылуы мүмкін» деген Нұрлан қансырап жатып айтқан сөзі тоқтау салған. «Мен дәмхана жақта жүргенмін. Гүрс еткен бір жойқын жарылысты ести сала жүгіріп үй жаққа келсем, қыздарым папамды пышақтап кетіпті деп жылап жүр екен. Жарылыс пышақтап кеткеннен кейін болған», – дейді.  Ал біреулер жарылған заттың гранатқа ұқсайтынын айтады.

Мінеки, ағайын, айтса ауыз бармас, жантүршігерлік мұндай қастандықтарды кім жасауы мүмкін? Әлде Нұрлан әлдекімдердің жолын кесіп, аяғын басып кетті ме? Жалпы ол өзі қандай адам болды?

 

 

Нұрлан қандай адам еді?

Туыстарының айтуынша, Нұрлан өте кішіпейіл, әділ, әрі жомарт азамат болыпты. Өзі тұрған Ащысай ауылын көркейтуге үлкен үлес қосып жүргендердің бірі.  Өзі Таусүгірде де, Ащысайда да жігітағасы болыпты. Ел-жұрт оған тұрмыстық проблемаларын айтып жиі келеді екен. Жомарттығы сол, шамасы келгенше, ауылда монша жоқ, ел-жұрт моншаға түссін деп монша салып,  өзі  сол моншаның екінші қабатында тұрса да, бауырларына, ауылдастарына көмектесіп, қалтасындағы қара бақырына дейін бере салады екен. Өзге ауылдар сияқты ауылымызда бір де бір дәмхана жоқ деп, кішігірім дәмхана салыпты, бірақ оның құжаттарын әлі жасап үлгермеген. Өткенде келген әкімдердің бірі бұл істе көмектесетіндігін айтқан көрінеді.

Әңгіме барысында марқұмның енесі Нұрланның жомарттығы туралы мынадай бір оқиғаны айтып берген еді: «Ауылымызда соғыс ардагерлері саябағы бар. Жастар қолға алып, сол саябақты қалпына келтіреді. Бір күні саябақ ішіндегі бір ескерткіш  қисайып құлағалы тұрғанын көрген ол жиналыс жасап, жастарға оны аялауды, еңбекті бағалауды айта келіп, бейнебақылау аппаратын сатып алу үшін   қалтасынан 70 мың теңге шығарып береді. Сонда өзінің отбасы, үй-жайы бар екеніне қарамайды. Әйтпесе, ол бір миллионер емес қой. Сөйтсем ол ешқашан дүние, байлық жинамай, айналасына дос, жолдас жинаған екен ғой».  Осы орайда бұл оқиғаға қатысты Нұрланның Марат деген досының ғаламторда айтқан мынадай сөзін келтіре кетейін: «Нұрлан, үйдің төбесіне камера қойып қойсаңшы» дегенімізде: «Қойыңдар жігіттер, мені камера емес, Алла сақтайды» деген екен. Айтпақшы, жуырда Нұрлан осы Марат досымен бірге төрт жігіт Талапкер ауылына, марқұм Дулат Ағаділдің асына да барып келіпті. Мұның өзі оның азаматтығы мен белсенділігін байқатса керек.

Айтса айтқандай, біз келген Нұрланның үйі күре жолдың бойында тұрғанмен, айналасында еш қоршау болған жоқ. Тіпті есік алдынан ағаш, талдар өсіп тұрған алқапка қарай машинамен де өтіп кете беруге болады екен. Бірақ, келешекте жақсы үй салуды жоспарлап жүріпті.  Әйтеуір, біз Нұрлан марқұмның туыстарымен сөйлесіп отырғанымызда, әскер тиеген екі машина ауладан өтті. Сол жерде отырғандардың айтуынша, олар екі күннен бері үйге жақын алқап пен ағаш арасынан қылмысқа қатысты ілік іздеп, тінтіп жүр екен-мыс. Дәл осындай әрекеттерін жоғарыда айтылған қастандықтар кезінде ұйымдастырса ғой, бүгінгідей қайғылы жағдай болмас па еді?! Десек те, олардың бұл әрекеттерінен оң нәтиже шығатынына көпшіліктің сенімі аз. Өйткені қылмыскер бұл уақытқа дейін ізін жасырып үлгерді дейді олар.

 

Қылмыс исі қайдан шығады?

«Аңдыған жау алмай қоймас» демекші, жаулары Нұрланды ақыры өлтіріп тынды. Оның үстіне жасаған қылмыстары ашылмай, әбден әккі болып алған қанішерлер неден қаймықсын?! Айылдарын жимастан, қастандық әрекеттерін жалғастыра берді. Бәйдібек ауылына жиналған халықтың: «Бұған дейін бірнеше рет қастандық жасағандар неге іздестірілмеді? Неге жазаланбады?»,  «Қылмыскерді тауып жазаласын!» деген талабы ендігі жерде орындала ма? Әй, қайдам…

 

 

Осы орайда: «мұндай қылмыстар осымен тына ма? Бұл жасалған қылмыс қандай дәрежеде бағасын алуы керек? Мұндай әрекеттер қазақ ұлты мен чешен диаспорасы арасына сызат түсірмей ме? Оны жоюдың қандай жолдары бар? деген сауалдар туындайтыны сөзсіз. Өйткені бүкіл ел қылмыскер аталмыш диаспора өкілдерінен шыққан деген сенімде. Оның алғашқы белгісін марқұмды жер қойнауына тапсырғаннан кейін, бір топ жастар өздерінің ішкі наразылықтары мен ашу-ызаларын Бәйдібек ауылының чешендер тұратын көшесімен машиналарының сигналдарын боздата шығару арқылы білдіріп, жүріп өткенін ғаламтордан көрдік. Тағы бір байқағанымыз, сол көріністе әр үйдің қақпасының алдын полиция қызметкерлері күзетіп тұрды. Сонда олардың да қылмыс исінің қайдан шыққанын сезіп, ашулы халықтан қорғап тұрған түрлері ме?..

 

Ашаршылықта бөліп жеген құйқаның дәмін ұмытпа!

Әрине, бұл қылмысқа бүтіндей бір диаспораны қаралау дұрыс емес те шығар. Себебі, олардың көпшілігі екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Кавказдан депортацияланып, жер аударылып келген кездерін, бір үзім наны мен құртын бөліп берген қазақтың қарапайымдылығы мен қонақжайлығын, қайырымы мен мейірімін ұмыта қойған жоқ.  Ұмытса, тек  кеуделеріне нан піскен кейбіреулердің кейінгі ұрпақтарының жекелеген өкілдері ұмытуы және осындай қылмыстар жасайтыны анық және олардың мұндай келеңсіз әрекеттері өз кезегінде қазақ ұлтының намысын қоздырып, ұлтаралық қақтығысқа апаруы бек мүмкін. Тек қана шырпы жақ та тастай сал.

Мен жуырда ғаламтордан Ресейдегі дағыстандық, қоғам белсендісі, саяси-әлеуметтік сараптамалар жасап жүретін Руслан Курбанов деген азамат пен Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты, Қазақстандағы чешен-ингуш ассоциациясының басшысы Ахмет Мурадовтың сұхбатын тыңдадым. Онда Р.Курбанов әр елде, әр жерде тұрмыстық жағдайда болып қалатын шиеленісті оқиғалардың соңы ұлтаралық шиеленіске дейін ұласып кететіндей жайттар кездесіп қалатынынан мысалдар келтіре отырып, Қазақстандағы ахуал жайлы сауал қойды.  Әрине, А.Мурадов ашаршылық жылдары 3 миллион қазақтың қырылып қалғанын, бірақ соған қарамастан және соғыс кезіндегі ауыртпашылыққа қарамастан, дос құшағын жайып, бір үзім нанымен бөліскен қазақ халқының қамқорлығын тілге тиек етті. Оның айтуынша,  1989 жылғы санақ бойынша, Қазақстанда 50 мың чешен, 20 мың ингуш болған екен. Тіпті, Қазақстанға соғыс кезінде депортацияланып келгендерді айтпағанда, 1994-1996 жылдары және 2-ші чешен соғысына байланысты 2001-2003 жылдары 30 мыңдай босқын қабылдапты.

Сөз арасында Р.Курбанов өзінің бір мемлекеттік дума депутатымен жасаған сұхбаты барысында, Қазақстандағы чешен диаспорасының кейінгі буын өкілдері қазақтардың сол кездегі қамқорлығын ұмытып қалғандығын айтқанын жеткізді. А.Мурадов бұл сауалға  чешен ұлт өкілдерінің арасында кейбіреулері болмаса, негізінен қазақ халқының жақсылығын ұмытпағанын, ол үшін кітаптар шығарып,  жыл сайын наурыз айында арнайы «Алғыс күні» түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, еске алып отыратынын баян етті. Айтпақшы, ол құрылғанына 25 жыл болған Қазақстан Халқы Ассоциациясының (ҚХА) да сіңірген еңбегін мақтап, өзгелерге үлгі ретіндегі артықшылығын аспаннан бір-ақ шығарды.

Шынтуайтында, А.Мурадовтың дәл осы мақтауы көпшілік қазақстандықтардың пікіріне кереғар келетіні бүгінде жасырын емес еді. Айында, жылында жылтырай киініп, концерт ұйымдастырып, жылт етіп көрінетіндердің тірлігі көбіне жасандылыққа жақын екендігі кімге де болса аян және ол елдегі татулық пен тұрақтылықтың ешқандай да гаранты емес. КХА-ның мүмкін биліктің алдында атқарар өзіндік міндеттемесі немесе миссиясы бар шығар, бірақ халық үшін бақыр тиын пайдасы жоқ. Сондықтан да кейінгі кездері қоғамда Қазақстан Халқы Ассасамлеясын тарату керектігі жайлы пікірлер жиі айтылып жүр.

 

Көшу керек пе, көшіру керек пе?

  Иә, ұлтаралық қақтығыстарға айналып кете жаздаған шиеленісті оқиғалар соңғы жылдары ашық белең ала бастағандай. Оған Қордайдағы дүңгендермен, Шонжыдағы ұйғырлармен, тағы басқа жерлерде басқалармен болып қалатын ірілі-ұсақты оқиғаларды айтсақ та жетіп жатыр. Енді міне, чешендермен проблема қылаң беріп қалды. Қоғамда мұндай проблемаларды шешудің жолын әркім әрқалай түсіндіреді. Біреулер заңды өзгертіп, тәртіпті қатайту керек десе, енді біреулері идеологиялық жұмыстарды  дұрыс жолға қоюды ұсынады. Ал көпшілік қарапайым халық мұндай шектен шыққан диаспора өкілдеріне ультиматум қойып,  Қазақстаннан көшіріп жіберу немесе оларды қандай да бір елдімекенде шоғырландырмай, еліміздің түкпір-түкпіріне шашырата орналастыру керектігін айтады. Бұл пікірлер дүңгендерге де ұйғырларға да, енді міне чешендерге де қатысты айтылып жүр.

Мен өз басым чешендердің өзге тірліктерін айтпағанда, өз ұлтын сүйетін ұлтшылдығын, діні мен салт-дәстүріне берік ұстанымын, ақсақалдарының алдын кесіп өтпейтін әдептілігін, қыздарын қызғыштай қорып, ешкімге қорлатпайтын намысшылдығын, жауынан ыға қоймайтын қайсар мінездерін сыйлаймын. Бірақ, әрине араларында шектен шығып, тым басынып бара жатқандары болса, ондайларына тиісті шара немесе заңды жаза қолданып, тіпті жоғарыда айтқандай көшіріп жіберген де дұрыс шығар.

Көшіру демекші, марқұм Нұрланның енесі балаларының алдағы тағдырына алаңдай отырып, енді бұл жерден көшу керек шығар деп қалды. Кім көнеді? Өз елінде, жерінде тұрса да үрей қорқыныш құшағындағы Нұрланның отбасыма көшетін? Бұл қандай сөз?.. Ол жағын ойлап, кесіп-пішуді өздеріңізге қалдырдым, құрметті оқырман!

 

Біз жыламайтын қазақпыз!

Рас, оқиға болған жерге облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі келіп, халықты сабырға шақырып, қылмыскерді іздейтіндіктерін, ал асыраушысыз қалған отбасына барынша жәрдем ететіндіктерін айтыпты. Онысына рақмет дейді марқұмның туыстары. Дегенмен, ертең жұма күнгі жетісіне әкімдер келіп, жоғарыдағы сауалдарға жауап беруге уәде еткен екен, ол мәліметтерден біз де хабарсыз қалмауды өтіндік. Бірақ, мінеки, жұмадан бері екі-үш күн өтті, Нұрланның туыстарынан еш хабар жоқ. Әлеуметтік желілерден естіп, білгеніміз, біраз жігіттерді марқұмның жетісіне жеткізбей қайтарыпты…

Осы сапарымызда Нұрланның жары Сұлуханның: «Біз жыламайтын қазақпыз. Мыналар бейшара екен дегізіп, ешкімге қол жайғымыз келмейді» деген сөздерінен оның өрмінезділігін байқадық. Дегенмен, әңгіме барысында асыраушысыз қалған отбасына қажет-ау деп топшылағандарымыз да жоқ емес: Біріншіден, жоғарыда айтқан Нұрланның үй, дәмхана құжаттарын заңдастыру; екіншіден, қыздарыма есік алдындағы дәмхананың ішінен тігін цехын ашып берсем деген арманына орай, бірнеше тігін машинасын сатып әперу; үшіншіден, үйінің жанындағы бос жатқан алаңқайдан баспана салуға материалдық көмек көрсету; төртіншіден, сол Ащысай ауылындағы Максим Горький атындағы көшеге Нұрлан Ахметовтың атын беру; бесіншіден, жұмыссыз отырған жоғары білімді екі үлкен қызының жұмысқа орналасуына көмектесу.

Мінеки, ағайын, тағы да қайталап айтсам, бұл айтып отырғандарымыз біздің көріп, көңілге түйгендеріміз. Сонымен қатар, бұны — Нұрланды «ұлттың ұлы», «батыры» деп білетін халықтың билікке қояр талабы деп қабылдаған дұрыс! Осы талап-тілектердің орындалуына мұрындық болар облыс пен аудан басшыларына да (егер шынымен орындаса)  шын жанашырлық танытып, көмек қолын созып жатқандар болса, оларға да алдымен Алла, одан кейін Нұрланның аруағы риза болсын дейміз!

Түйін: Қылмыскер табылып, жазалануы тиіс! Иә, «Ел ерге қарайды, ер жерге қарайды» дегендей марқұм Нұрлан батырдың отбасысы, бауырлары, туған-туыстары, жалпы қазақ жұрты мемлекетімізге, құқық орындарына үмітпен қарағанымен жоғарыда айтылған қат-қабат қайталанған қастандықтардың ең болмаса біреуінің түйінің, қылмысы ашылмауына орай сенімсіздікпен қарап отырғаны шындық. Біздің заң орындары шынында да қауқарсыз ба? Әлде бұл жең ұшынан жалғасқан жемқорлық па? Кім көрінген келіп гранатын жарып, мылтықтан оқ атып, суық қаруын қолданып қазағымызды шетінен жайратып кете беретін болса онда біз қандай мемлекетпіз? Елдігіміз қайда? Намысымыз қайда? Ау, ағайын, «Міне, мынау қылмыскер» деп бетпе-бет жүздесуде көрсеткен шешен азаматы неге бүге-шігесіне дейін тексерілмейді? Біздіңше мұндай қолдан жасалған қауқарсыздық, намыссыздық сүйегімізге таңба. «Жау жоқ деме бөрік астында» демекші сол «бөрік астындағы жауларымыз» емес, неге момын қазақ ең соңында кінәлі болып жататыны таң қалдырады. Халық бірнеше талапты қойды. Соның ішіндегі маңыздысы «қылмыскерді тауып, халық алдында жариялаңыздар» деген талап. «Осы талап орындалмаса сіздерге сын» деп құқық орындарына біз де салмақ саламыз.

 

Жанбақыт Мерекеұлы

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.