Қытайға құшақ жайған Өзбекстан

0
419

Мирзияевтің жаңа қадамы

 Құдайдың қалауымен 2016 жылы билік транзиті орын алған Өзбекстан содан бері  қарай шетелдермен дипломатиялық, экономикалық қатынастарын жақсартуға бет бұрды. Бұлардың ішінде өзбектер үшін басты стратегиялық әріптес саналатын Ресей Федерациясымен арадағы  сауда-экономика саласындағы байланыс жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Сөзіміздің басында айтып өткен, 2016 жылғы билік транзитінен кейінгі бірнеше жылдың көлемінде Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияевтің жаңашылдыққа ұмтылған ашық экономикалық реформалары жұрт назарын аудара бастады. Алғашқы қадамын «Әндіжан оқиғасынан» кейін АҚШ-тың салған санкцияларын жеңілдетулен бастаған Мирзияев, айналасындағы көршілерімен де қарым-қатынастарын жақсартуға шындап кіріскен еді. 13 жыл бойы премьер министр бола жүріп «Каримовтың мектебінен» өткен жігітағасы Шавкат мырза «ұстазы» өмірден өткен соң бірден жаңа реформа жүргізетінін ашық айтты. БАҚ-тағы сөз бостандығына белгілі деңгейде еркіндік берді. Кәсіпкерлікке кедергі келтіріп отырған шенділерді қидай сыпырды. Кейбір мекемелердің құзыретін төмендетті. Жалпы бағытын халқына ұғындыра алған басшыны қарапайым өзбектер де өзгелер де жақсы бағалай бастады. Өзбекстанда ашық экономикалық аймақтар және технопарктер құруды қолға алған Мирзияев бұрынғы басшының жүргізген жабық саясатын ақырындап өзгертуге бел шешіп кіріскен. Соның нәтижесінде қысқа уақыт ішінде 22 еркін экономикалық аймақ, 80-нен астам технопарк өмірге келді. Өзбек жеріне шетелдік туристер мен тиын сауған саудагерлер, алыс болашақты көздеген инвесторлар ағыла бастады. Бұған да Шавкат Мирзияевтің пәрмені әсер еткені белгілі. Ол шетелдердегі елшілеріне дейін арнайы тапсырмалар берген. Яғни Өзбекстанға туристтер мен инвесторларды көптеп тарту міндетін жүктеген. Соның нәтижесінде «2018 жылдың алғашқы 4 айында елге 1 млрд долларға жуық инвестиция тартылған. Оның басым бөлігі АҚШ (28% ), Қытай (10%) Ресейден(6%) келген» деседі… Ал АҚШ, 2017 жылы Өзбекстандағы экономикалық реформаларды қолдауға 10 млн доллардан астам қаржыны көмекке атаған болса, 2018 жылы 20 млн доллардан артық қаржы аударып «жомарттығын» танытыпты.

 

 

Бейжің мен Ташкент арасында «дорба» да, «жорға» да жүр

 

Жаңа президенттің жедел қолға алған бастамаларының ішінде Қытай-Өзбек экономикалық қатынастарын жақсартуға жасалған қадамдары айтарлықтай сәтті болды.Қытай басшысы Си Циньпинның «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық жобасы Мирзияев үшін «іздегенге сұраған» болып кезікті. Нәтижесінде 2016 жылдан бері қарайғы 4 жылдың ішінде Қытайдың Өзбекстанға салған инвестициясының көлемі күрт ұлғайып 8,5 млрд долларлық көрсеткішпен өзбек экономикасындағы шетелдік «ойыншылардың» ішінде көрнекті орынға шығыпты. Қытай мен Өзбекстанның экономикалық байланыстары елдің тәуелсіздігінен кейін бастау алғаны белгілі. Мұнда негізінен өзбектің табиғи газы мен мұнайы Қытайға саудаланып келген еді. Мирзияев жүргізіп жатқан шетел инвестициясын тарту «науқанынан» кейін, Қытай кәсіпкерлерінің назары Тәшкентке ауа бастады. Жоғарыда айтылғандардың ішінде бір ғана Сырдария еркін экономикалық аймағына Қытайлық кәсіпкерлердің қатысуымен құрылған технопаркте жүмыс істеуге 16 кәсіпорын ірге көтеріп, 138 млн доллар қаржы салыныпты. 2018 жылға келгенде бұл технопаркте 1300 жұмыс орны ашылып, жалпы өндіріс көлемі 84.12 миллион долларға жеткен екен.

2018 жылы Қытай мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі 6.268 млрд долларға жетіп, Өзбекстанның сыртқы саудасының 19 пайызын иелеген. Мұның 4 млрд доллары Қытайдың экспортына тиесілі болса, Өзбекстаннан Қытай асып жатқан шикізаттың көлемі 2 млрд доллардың айналасында екендігі айтылады.2018 жылы Қытайлық кәсіпорындар Өзбекстанда жалпы құны 1.1 млрд доллардан асатын 127 ірі нысанның құрылысын салуға келіскен. 2019 жылға келгенде Өзбекстанда тіркелген Қытай кәсіпорындарының саны 1268-ге жетіп, Бейжің мен Тәшкенттің арасы «таптаурын жолға» айналған. Селбестіктің негізгі бағыттары мұнай-газ кеніштерін игеруге, газ құбырын жүргізуге, энергетика саласында, темір жол және коммуникация, химиялық зауыттар салуға, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, тері өңдеу және аяқ киім өнідірісі, сондай-ақ керамика өндірісі, азық-түлік өндірісі салаларын қамтиды. Қытайдан бәрі қорқады. Ал өзбектер аждаһа құшағына батыл түрде кіріп бара жатыр. Аяғы не болады екен?

 

 Аспан асты елінің қаупі мен күдігі

 

Соңғы жылдары күрт жанданып келе жатқан екіжақтылы қатынас мәселесінде қытайлықтардың да ішкі есебі бар екені белгілі. Бұған себеп- «Қытайдың шетелдердегі инвестициялық мүдделерін қорғаудың» күнтәртібіне шығуымен байланысып жатқандай. Қытай қоғамында ең алдымен ғылыми деңгейде ортаға тасталған бұл тақырыпқа, қазіргі таңда шетел асуға ниеттенген тәуекелшіл кәсіпкерлер де назар аударатын болды. Өйткені ресми БАҚ-беттерінде шетелге кеткен инвесторлардың арасында,қолдан жасалған кедергілерден зиянға ұшыраған, ажал құшқан немесе талай уақыты мен қаржысын салып аяққа тұрғызған дайын бизнестері жергілікті шонжарларға қолды болған қытайлық кәсіпкерлер туралы да хабарланып отыратыны бар. Бұған қоса Қытайда жұмыс істеп жатқан 30-дан астам «Орта Азияны зерттеу институттарының» таратып отыратын мол ақпараттары Қытай инвесторларын жан-жақтылы ойланып барып шешім қабылдауға жетелейтіні сөзсіз. Қытайдың ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге зер салғанда Өзбекстанға инвестиция салудың қолайсыз тұстарын да тілге тиек етіпті. Бұлардың ішінде қытайларды ең алдымен толғандыратыны шетел валютасына болған бақылаудың белгілі деңгейде қатаңдығы және еркін валюталық нарық жүйесінің толықтай жолға қойылмауы екен. Келесі бір себеп-Кеңес одағы кезінен бері қарай сақталып келе жатқан жоспарлы экономика жүйесінің түбегейлі реформаланбауы делінген. Бұған тауар өндірісіндегі стандарт айырмашылығы қосылған. Яғни Өзбекстан тәуелсіздіктен кейін де бұрынғы «Гост стандартты» өлшем ететін болса, қытайлықтар жаңа халықаралық өлшемдерге көшіп үлгергендіктен, өндірілген тауар сапасын бағалау жағында белгілі айырмашылықтар туған. Үшінші себеп ретінде-«саяси тұрақсыздық инвестор үшін тәуекелге баруға кедергі келтіреді» деп есептеген. Соңғы жылдары жолға қойылып жатқан жаңа саяси шешімдерге деген сенімсіздік пенжаңа реформаларға тұсау болатын ескі жүйенің өзгеріссіз қалуы, қытайларды ойландырса керек. Яғни, Мирзияев мырза қанша жерден реформалауға тырысқанымен көне сүрлеуден айрылғысы келмейтін шенеуніктердің салғырттығы, уақытты алтынға бағалайтын кәсіпкерлердің ойынан шықпайды екен. Осы жағын қортындылай келе, Қытай сарапшылары «Өзбекстанда компаниялар ашу, рәсімдеу, лицензия алу жақтарында уақыт пен парақор шенеуніктерге қаржы шығындауға тура келеді» деп «қынжылыс» білдірген…

Қытайлық сарапшылардың келесі пікірі Өзбекстанда инвестиция тарту жағында жоғары деңгейдегі жобалау мен жоспарлау жағы кемшілік дегенге тұрақтапты. Мұнда инвестордың талғамы толық ескерілмей, барлық жобалар талғаусыз қабылданып жатқандығы айтылады. Яғни ұқсас жобалардың қайталануы және іске қосылуы инвестор үшін болашақ қауіпті деп бағаланған. Қытайлардың басын қатыратын тағы бір маңызды мәселе, Өзбекстандағы инфрақұрылымның тым ескіріп кетуі. Тәшкенттің айналасынан өзге аймақтардағы Кеңес кезіндегі инфрақұрлым шетелдік инвесторлардың көңілінен шықпаған көрінеді. Ал, бұл мәселелерді реттейтін және аймақтарға инвестиция тарту міндеті жүктелген жергілікті шенеуніктердің көбі, Президенттің ортаға қойған ұсыныстарын тек қана қағаз жүзінде орындайтындығы да қытай сарапшыларының назарынан тыс қалмапты. Бұған қоса шетелдіктер ашқан кәсіпорындардағы Өзбекстан азаматтарының үлесі жоғары болу талабы, мамандардың тапшылығын тудыратын маңызды себептердің бірі ретінде қарастырылған.

 

Өзбекстан Орта Азияда көшбасшыға айнала ма?

 

Билің транзитінде жеңіске жеткен Мирзияев, «Каримовтың жолына мұрагерлік ететінін» айтқанымен, қолға алған ашық экономикалық реформаларының алғашқы нәтижелері көзге көрінді. Оның жаңа қадамдары көпвекторлы қарым-қатынастарды көздеді. Орталық Азиядағы көршілерімен байланыстарын тереңдете түсті. Қаржы саласындағы реформалары, шетел инвестициясын тартуға бел шеше кірісуі елдің өзгеріске деген сенімін нықтай түскендей. Мирзияевтың бастаған туризм саласын дамыту, шетел қаржысын тарту, орта, шағын кәсіпкерлікті дамыту жақтарындағы талпынысы өз нәтижелерін көрсете бастады. Өзбекстан Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, 2017 жылдан бері қарай экономикалық өсім артып келеді. Әлемдік сарапшылардың пікіріне құлақ түрсек, Өзбекстан бизнесті дамытуға жақсы жағдай жасап отырған 10 елдің қатарына қосылған екен. Осындай жақсы көрсеткіштерге көңіл аударған азаматтардың арасында, Өзбекстан алдағы уақытта Орталық Азиядағы ең ірі экономикалық тұлғаға айналады деген болжамдар айтылып жүр. Дегенмен бұл сыңаржақты ойларға негізделген пікірлер екенін де естен шығармаған жөн. Әдетте реформа жүргізу дегенде жұрттың есіне бірден Қытайдың атақты реформаторы Дэн Сяопин мен Сингапурдың басшысы болған Ли Куаню еске түсетіні бар. Алайда олардың жағрапиялық орналасуы мен адам капиталы, өзге де мүмкіндіктері жағынан салыстырғанда Орталық Азия елдеріне ұқсай бермейтіндігі белгілі. Мұнай-газ, уран және түсті метал кендеріне біршама бай болып есептелетін Өзбекстанды қазба байлықтарының қоры алға жетелейді деуге келмейді. Мұның сыртында ширек ғасыр бойына жабық экономикалық саясат ұстанып келген мемлекеттің, 30 миллионнан астам адамы біртұтас жаңа экономикалық реформалардың қолаушысына айналып шыға келеді деуге әлі ертерек сияқты. Бұл жерде саяси жүйеге жасалатын реформаларға кедергі болып отырған ескі көзқарастағы парақор әрі бюрократ кадрлардың ықпалын да ескерген жөн. Дейтұрғанмен өзбектердің талпынысын төмен бағалай алмаймыз. Олардың еңбеккүш байлығы мен ауылшаруашылығы саласындағы бай, тәжірибелері өндіріске және туризмге қолайлы жаратылыстық ортасы экономикалық табысқа бастайтын маңызды шарт екенін естен шығармаған жөн. Ал жаһанды алаңдатып отырған «Қытай қаупі» өзбектерді қазірше алаңдатпағанымен, алдағы уақытта халықтық наразылықтарды тудыруы ғажап емес. «Бермектің алмағы бар» демекші қытайлар да ішкі есепке мықты халық. Бейресми ақпарат көздеріне қарағанда қытайлықтардың Африка және өзгеде дамушы елдерде құрып жатқан кәсіпорындарының ішінде, экологиялық талаптарға жауап бере алмай лицензиясынан айрылған Қытай кәсіпорындары да бар деген хабар бар. Бұл жағынан қытайлықтарға сену қиын. Соныдқтан «талғаусыз қабылданып жатқан» инвестициялық жобалардың барлығы алдағы уақытта, жақсы нәтиже береді деуге сенім аз сияқты. Әрине, оны уақыт көрсетеді!

 

Ерқазы Сейтқали

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.