Ресейде қазақ мұражайын жасаған Смағұл

0
355

Ресейлік қандасымыз Смағұл Мунтаев есімді азаматтың шетте жүрсе де, ата-баба дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұлықтаған игі ісін естіп, риза болдық.

Атамекенінен алыста жүргенімен, жүрегі «елім-жерім» деп соққан азаматпен танысудың да сәті түсіп, әңгімесін өз аузынан тыңдадық. Ресей Федерациясының Волгоград облысына қарасты Паласов ауданындағы Эльтонауылында тұрып жатқан Смағұл Мунтаев өзінің патриоттық болмысын «Алтын-нұр» этнографиялық орталығын құру арқылы айшықтап жүр екен.

 

– Мен негізі қарапайым оқытушымын. Мектепте технология пәнінен сабақ бердім. Үзіліс уақытында қазақтың балаларымен әңгімелескенде руларын, ата-тектерін сұрайтынмын. Кейбіреулері жауап бере алмай жатады. Сосын үйдегі үлкендерден біліп алуға кеңес беретінмін. Бұл шетте жүрген қандастарымыз өзінің атажұртын, шыққан руын, тегін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихын біліп жүрсін деген жанашырлықтан туындаған ой еді. Осы ойымды іске асыру мақсатында 2003 жылы осы сіздің облыстағы Бөкей ордасы ауданы, Сайқын елді мекеніне келіп, екі киіз үй мен түйе сатып алдым. Сондағы бағытым – қазақ тарихынан хабардар ететін музей жасақтау болды, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Өз жұртының дәстүрін, тарихын шетте жүрген қандастарымыздың жадында жаңғырту мақсатында өз бетінше ізденіске кіріскен ұстаз қазақ халқы туралы кітаптар оқып, жан-жақты мәлімет жинақтаған. Елден арнайы әкелген екі киіз үйдің біреуінен өзі армандағандай музей жасақтапты. Оған кірген адам кебеже, күбі, келі, қол диірмен, киіз, сандық, жастық, алаша тоқитын өрмек секілді ата-бабаларымыз қолданған жәдігерлерді көре алады. Қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра мен қобызға да орын табылған. Ал жетіген аспабын асықтарды қолдану арқылы шәкірттерімен бірге өздері қолдан жасаған. Сонымен қатар асатаяқ, шертер, тұяқ секілді саз аспаптары да кейіпкеріміздің өз қолынан шыққанын естігенде таңдандық. Тіпті шапан мен камзолдың түрлерін, басқа да ұлттық киімдерді, аң терілерін жинақтапты. Смағұл ағаның айтуынша, Ресейдің Эльтон ауылындағы шипажайға көлге түсіп демалуға адамдар жиі келеді екен. Әлемнің 27 мемлекетінен келетін туристердің арасында танымал саяхатшы Федор Конюхов, Олимпиада чемпиондары Татьяна Лебедева, Елена Слесаренко, әнші Филипп Киркоровтың әкесі Бедрос Киркоров, қытай оқымыстылары болған.

 

Ресейдегі қазақтың көрнекі музейіне бас сұқпай кетпейтін меймандарды Смағұл аға әрбір жәдігердің тарихымен, қазақ халқының ата дәстүрімен таныстырып, дастарханынан дәм татқызады. Дәм демекші, екінші киіз үйге бас сұққандар ұлттық тағамдарымыздан ауыз тиіп, самаурыннан шәй ішетінін айтты. Киіз үй иесі қонақтарына әр тағамның неден жасалатынын, мәртебелі меймандарға қандай табақ ұсынылатынын да айтуды ұмытпайды. Қазақы дастархан үстінде бас қосқандар бір-бірімен

танысып, мән-жай сұрасады. Бұл да біздің халқымыздың құдіретті дастарханы мен қасиетті дәмінің құдіреті шығар, кім білсін…

Экскурсия барысында меймандар қазақтардың ұлттық киімін киіп, қолдарына домбыра мен қамшы ұстап, суретке түсуді әдетке айналдырған. Әсіресе, олардың назарын ерекше аударатын нәрсе – киіз үйдің жанында тұратын маңғаз түйе. Ең соңында туристер асық атып, бойларын сергітіп алатын көрінеді.

Бизнестің табыс әкелер басқа түрін таңдамай, 17 жыл бойына осы істі қолға алған қазаққа көп адам таңдана қарайтынын жасырмады. Алайда ол шет жерде атажұртының абыройын асқақтатып, мерейін үстем етіп жүргеніне риза. Әңгімесінен жүрек түкпіріндегі сағынышын, қандастарына деген қамқорлығын аңғардық.

 

– Бастапқыда менің бұл әрекетіме барлығы күмәнмен қарады. Кейін қолға түскен жәдігерлерімен бөлісетін жанашыр азаматтар да табылды.Зиялы қауым өкілдері, Ресейдегі жоғары оқу орындарының ғалымдары музейдегі кей жәдігерлерді сатып алуға ұсыныс білдіреді, – дейді кейіпкеріміз. Мысалы, мәскеулік профессорлар құлынның тұяғы Смағұл ағамыз жасаған музыкалық аспапты өз коллекцияларына қосуды сұраған. Ескі дәстүрден жаңылмаған кейіпкеріміз қазақтар құдайы қонағы қалаған затты сатпай, сыйға беретінін айтып түсіндірген.

Батысқазақстандық танымал тарихшы, өлкетанушы журналист Ахмедияр Батырханов Волгоград облысында болған сапарында Смағұл Мунтаевтың музейін өз көзімен көргенін айтты. Өлкетану ісін де ұмыт қалдырмаған ресейлік қандасымыз мұражайына көне дәуірден бастап өлке тарихынан сыр шертетін мәліметтер жинақтапты. А.Батырхановтың мәліметінше, мұражайдан кезең-кезең бойынша көрініс тапқан тарихи құндылықтарды көруге болады. Айтуынша, Мамай қорғанындағы Бауырластар зиратына жерленген қазақстандық жауынгерлерді анықтауға С.Мунтаевтың көп көмегі тиген.

Бойында қазақтың қаны ойнаған Смағұл аға тарихи Отанына құрметі шексіз екенін жеткізді. Сонымен қатар өзі қоныс тепкен Ресей елін де даттамады. Қазір тұрып жатқан Эльтон ауылында қазақ отбасылар көптеп қоныстанғанын айтты. Бұл ауылдың қазақша атауы «Жолтым» екен. Кейіпкеріміздің ауласынан орыс халқының үйшігіне де орын табылыпты. Ондағы экскурсовод ұстаз келушілерге орыс халқының мәдениеті мен дәстүрі жайлы мәлімет береді. Сөйтсек кейіпкеріміз орыс мәдениетін де 15 жыл зерттеген екен. Сондай-ақ С.Мунтаевтың орыс тілінде жазылған «Обычай и традиции» атты кітабы жарыққа шығыпты.

Қазіргі уақытта өлкетану, тарих, мәдениет ісіне ден қойған ресейлік қазақтың бұл бастамасы өзгелердің де қызығушылығын тудырған. Ресейдің басқа қалаларындағы көрмелерге қатысып тұратын Смағұл Мунтаев өзінің жәдігерлерін Волгодонскіде өткен халықаралық «Ұлы Жібек жолы» фестивалінде көрермен назарына ұсынған. Наурыз мерекесіне орай Саратов облысында өткен мерекелік шарада болған. Көрмені тамашалайтын өзге ұлт өкілдері қазақ халқының мәдениетіне, тарихына қызығушылық білдіретінін

жеткізді. Үш жүз, рулардың таңбасы, жеті ата секілді дүниелерге таңданыс білдіреді екен. Әр көрмеге де үлкен дайындықпен баратын кейіпкеріміз қазақ деген халықтың бар екенін келушілердің жадында жаңғыртуды мақсат тұтып жүр.

Смағұл Мунтаев Ресейдің Волгоград облысы Паласов ауданындағы Эльтон ауылында дүниеге келген. Әкесінің атажұрты – Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасы ауданы. Кейіпкеріміздің өз жұрты да, нағашы жұрты да ашаршылық жылдары бас сауғалап, жан бағу үшін Ресейге өткен. Әкесі, аталары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Анасы 12 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты. Жолдасы Зухра – бастауыш сынып мұғалімі.

Сөз соңында ағамыз Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңін орыс тілінде оқып берді. Әрине, біз кейіпкерімізді өз тілінде таза сөйлемеді деп сөге алмадық. Орыс жерінде дүниеге келсе де, текті ұлттың ұрпағы екенін мақтан тұтатын азаматтың «мен – қазақпын» деген бір ауыз сөзі жүрекке жетті. Қайта өз еліміздегі ана тілін білмейтін отандастарымыз үшін ұялдық.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.