Қазақ үшін жанын аямаған дүңгеннің Бұлар батыры

0
260

Бұлар батыр (1870-1924)

Құрметті оқырман, Қордай ауданына сапарымыз барысында 25 мыңға жуық халқы бар Сортөбе ауылының әкімі Бұларов Ильяс Юсупұлы өзінің Бұлар батырдың немересі екенін айтып қалған еді.  Шынымды айтсам, бұл есімді шамда бір құлағым шалып қалғаны болмаса, батырдың өмір тарихына үңіліп, аса бір мән бермеппін. Тіпті Сортөбеге таяқ тастам жерде тұрған Бұлар батыр ауылынан ары-бері екі-үш рет өткенімізде де, бұл кім болды екен дегенмін де қойғанмын. Шынында да бұл сұрақтың жауабын екінің бірі біле бермесі анық. Сондықтан батырдың немересінен атасы жайлы айтып беруді өтініп, қолқа салдық. Әңгімесін әріден сабақтаған Ілекең (Ильяс Юсупұлы) әр жылдарда түрлі басылымдарда басылған мақалалар мен көне суреттерді көрсетіп, әңгімеміздің тұздығы ретінде бізге ұсынып жатты. Ол басылымдар: «Қазақстан мұрағаттары» журналы мен «Казахстанская правда» 7 маусым 2013;  «Кордайский маяк» ( «Қордай шамшырағы» ) 10 желтоқсан  2014. №195-196 ) газеттері болатын. Мен де  сол басылымдарда, әсіресе «Кордайский маяк» газетінде жарияланған орыс тіліндегі материалдарды аударып, сараптай отырып, осы мақаланы жаздым. Ендеше тарих қатпарына көз жүгіртіп, өткенннен өнеге ала отырайық.

Дүңгендер қазақ топырағына қашан және қалай келді?

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Цин әулеті мен дүңген халқы арасында діни және ұлттық  негіздегі қарама-қайшылықтар туындап, көптеген қақтығыстар өткен. Солардың ішінде негізгі әрі соңғыларының бірін  дүңген халқының ұлттық батыры Аньюб Биянху басқараған. Әрине Цин әулетінің әділетсіз режиміне жаппай қарсы шыққан дүңгендердің көтерілісі басылып, жанышталады. Жазалаушы жасақ Бияньху әскерін ғана емес, бүкіл кәрі-жас, бала-шаға, әйелдерге дейін азаптайды. Шайқаста жеңілген Бияньху мен біраз дүңген азаматтары басқа елге бас сауғалауға мәжбүр болады және азап арқалаған  бес мыңдай шақырымды басып өтіп, қазақ пен қырғыз жеріне жетеді. Осылайша  біздегі дүңген ағайындардың табаны қазақ жеріне алғаш тиген екен. Жетісу жеріне аш-жалаңаш, азып-тозып әрең жеткен оларға алғаш көмек қолын созған Ноғайбай бидің қарамағындағы қазақ ауылдары мен Шабдан Жантаев басқаратын қырғыз ауылдары болды.

Қатипа анамыз

  1878 жылдың желтоқсанында Ноғайбай би мен Кебекбай билердің ықтиярымен дүңгендерге қазіргі Жамбыл облысы  Қордай ауданының шығыс жағындағы Қарақоңыз (қазіргі Масаншы) деген жерден жер беріледі. Дәл сол кездегі Қарақоңыздағы  дүңгендердің қарасы 20 отбасы ғана болыпты.  Ал бүгінде қазақ-дүңген аралас тұратын өзге ауылдарды айтпағанда, бір ғана Сортөбеде — 25 мыңдай, ал  Масаншыда — 19 мыңнан аса тұрғын тұрады, олардың 95 пайызы дүңгендер. «Ашаршылықта бөліп жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» демекші, дүңгендер қазақ пен қырғыз халқының сол бір қиын-қыстау кездегі істеген жақсылығын еш уақытта ұмытпайды екен. Осы орайда Ильяс Юсупұлының: «Мен бүгінде замандастарыма, жастарға: «Қытайлармен діні үшін соғысқан дүңгендер жеңіліс тауып, қашқан кезде өздеріне территориялық жағынан жақын, әрі діндес Иран мен Ауғанстанға бармай, соншама азап көрсе де шалғайда жатқан қазақ жеріне қарай қашуының себебі не деп сұраймын. Себебі біздің ата-бабаларымыз қазақ халқының дос көңіл, кең пейіл, дархан халық екенін жақсы білді. Осыны ешқашан естен шығармаңдар  деймін» деген сөзі көкейге қонымды, ойға орамды сөз еді.

 

Жетісу жеріне Ресей шаруаларын жаппай қоныстандыруға қарсы

                              

Сонымен қазақ пен қырғыздың ықыласына бөленіп, тонның ішкі бауындай араласа бастағанымен, ата кәсіптері — диқаншылықпен айналысатын дүңгендер үшін алғашқы кезеңде қалыпты өмір сүріп кету оңайға соққан жоқ. Дегенмен, қазақтардың қамқорлығына сүйене отырып, тіршілік ете бастаған олар бастарына түскен қиындықты да еңсеріп кетті. Олардың арасында жоғарыда атап өткен Бұлар батырдың әкесі Магуй да болған еді.

  Бұлар батыр шамамен 1870 жылы Қытайдың Шэньси өлкесі маңында дүниеге келіпті. Жастық шағы қазақ жерінде өткен бозбала Бұлар айналасындағы қазақ, қырғыз замандастарымен тығыз араласа жүріп, өзінің адалдығымен, батылдығымен және тапқырлығымен көзге түседі. Ол есейе келе сауда-саттықпен, шаруашылықпен айналысқан.  Тіпті кейіннен өзінің  іскерлігі мен табандылығының арқасында Жетісу өңіріндегі ауқатты да сыйлы адамдардың біріне айналған.

Ел өміріндегі кезекті бір сайлауда Бұлар Магуев Пішпек уезіне қарасты Николаевск (кейіннен Қарақоңыз, қазіргі Масаншы) болыстығына басқарма болып сайланады. Осы кезеңде Жетісу өлкесінің мемлекеттік және әскери қайраткері Шабдан Жантаевпен танысып, жақын дос болыпты. Болыстық қызметін әділ атқарып, елдің хал-жағдайының жақсаруына ықпал еткен Бұлар Магуевтің беделі дүңгендер ғана емес, қазақ пен қырғыз арасында да өсе түскен. Тіпті өзге өңірлерден тұрмыс тауқыметін тартып, қиыншылық көргендер де Бұлар болысты іздеп келіп, ақылдасып, көмегіне жүгінеді екен-мыс.

 

Юсуп Бұларұлы

  Осылайша ел басқару ісінде біліктілігімен ерекшеленген Қарақоңыз болысы Б.Магуев жергілікті билік өкілдерімен қатар, жоғарыда атап өткен Шабдан Жантаевтан бөлек, Дур Сауранбаев, Ғали Өзбеков, Барлыбек Сырттанов, Ыдырыс Садыбеков, Бекболат Әшекеев, Сәт Ниязбеков, Ибраим Жайнақов сияқты белгілі қайраткерлермен бірге түрлі қоғамдық жұмыстар атқара жүріп, Жетісу өлкесінде өтетін саяси-мәдени шараларға да белсенді атсалысып отырған. Мысалы, 1910 жылдың 21 қазанында, Алматы маңындағы Ұзынағаш ауылында өткен қазақ-қырғыз съезіне қатысады. Съезде қаралған негізгі мәселе: ресейлік шаруаларды Жетісуға қоныстандырудан туындайтын саяси-экономикалық проблемалар еді. Съезге қатысушылар  Жетісу жеріне Ресей шаруаларын жаппай қоныстандыруды тоқтатуды талап етіп, шешім шығарады және ол шешімді Петерборға, ақ патшаға жеткізетін делегацияны сайлайды. Делегация құрамына: Барлыбек Сырттанов, Батыс-Талғар болысынан – Мірқасым Сүлейменов, Шығыс-Қастек болысынан – Хусаин, Шығыс-Талғар болысынан Әбсемет Стамбеков, Үлкен Алматы болысынан – Ыдырыс Садыбеков, Пішпек уезінен – Бұлар Магуев кіреді. Осы делегация құрамын Петерборға аттандыруға қажетті қаражатты Бұлардың өзі ел-жұрттан жиып, ұйымдастырыпты.  Жиналған қаражат мөлшеріне келсек,  әр делегатқа 800 сомнан айналып, жалпы сомасы 5000 сомды құраған екен.

Балқан соғысында бауырына жақтасып…

Балқан соғысы басталған тұста Ресейдегі мұсылмандар мен Жетісу мұсылмандары жасырын түрде қаражат жинап, бауырлас Түркияға көмек беруді ұйымдастырады. Оған Қарымбай Қанатқалиев деген қырғыз манабының, болыс басқармаларының кезекті бір өткен құпия Кеңесінде  оқып берген  Түркиядан келген құпия хаты түрткі болған. Хатта егер Ресей империясында тұратын мұсылмандар Осман түріктеріне көмектесіп, Түркия сол соғыста жеңген жағдайда, аймақта жеке мұсылман мемлекетін құру мүмкіндігі туатыны жазылады. Осы Кеңесте мұсылман Түркия мемлекетін қолдау қозғалысын Бұлар Магуев басқаратын болып шешім қабылданған. Одан әрі Кеңес мүшелері округ бойынша жасырын «көлеңкелі» үкімет құрып, оны да Бұлар Магуев басқарсын деп шешкен. Сонымен бірге Кеңес мүшелері Түркияның әскери соғыс қимылдарын қолдау мақсатында бірнеше азат ету жасақтарын құруды ұйғарады.

 

Нәтай Шаяхметқызы Бұлар келіні

  Бұл айтылған деректер ХХ ғасыр басындағы Жетісу жерінде Бұлар батырдың шын мәніндегі ықпалды тұлға болғанын айғақтаса керек. Тіпті патшалық үкіметтің өзі осындай ықпалды да беделді адамдарға арқа сүйеп отыру үшін, оларға дүркін-дүркін сый-сыяпаттар жасап отырыпты. Олардың арасында Бұлар да бар.

Ол 1913 жылы Санкт-Петербургте өткен Романовтар әулетінің патшалық құруының 300 жылдық мерекелік шарасына да қатысып, осы мереке құрметіне «хорунжи» әскери атағын алады. Сонымен қоса оған алтынмен және қымбат тастармен апталған белдік пен қанжар сыйлайды. Бірақ кейіннен бұл қымбат сыйлықтарды Кеңес үкіметі кәмпескелеп, тәркілеп алыпты.

Ұлт азаттығы жолында ұйысқандар

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде де дүңгендер көтерілісші қазақтар мен қырғыздарды қолдады. Патша үкіметі жүргізген отарлау саясатына қарсы бірлескен күрес олардың достығын күшейте түскен еді. Елдегі отарлау саясатымен болып жатқан оқиғалар мен әділетсіздіктерге бей-жай қарай алмаған Пішпек уезі Қарақоңыз болысының басқармасы Бұлар Магуев өзінің атақ-дәрежесі мен байлығына, тіпті өміріне қауіп төнетініне қарамастан, қарапайым халық жағына шығып, патшалық билікке ашық қарсылық танытады.

Көтеріліс басталардың алдында Верный уезінің қазақтары  қырғыз бен дүңгеннің беделді адамдарымен байланыс орнатып, Пішпек, Верный және Мойынқұм болыстары Бұлар Магуевке Ғали Малқаровты, Баянды Ордабаевты, Мақыш Байменовті, Шамалған болысының басқармасы Байқұлақ Омарбековты жібереді. Осындай байланыс орнатудың арқасында қырғыз бен дүңгеннің көтеріліс басшылары Жетісу өлкесіндегі қазақтармен арадағы іс-қимыл, қозғалыстарын үйлестіріп басқарып отырған.

 

Бұлар батырдың бала-шағасы. Оң жақта Юсуп

  Осылайша патшалық империя басқарған мемлекетте де, оның отарына айналған елдерде де саяси-экономикалық жағдай ушыға түсті. Жетісуда жасырын өткізілетін  құрылтайлар белең алды. Бұлар Магуев мұндай құрылтайларды Маловодныйда, Жаркентте, Нарынқол мен Ыстықкөлде, Қарақолда өткізген. Солардың бірі 1916 жылдың шілдесінде Бұлар Магуев пен оның пікірлестерінің шақыруымен, Үшқоңыр ауылында (қазіргі Шамалған) өттеді. Құрылтай басталар алдында қазақ пен қырғыздың салтымен үш ақ боз бие құрбандық шалынған. Осы жиылыста Бұлар батыр өзінің халыққа арналған үндеуін жеткізе отырып, азаматтарын патша жарлығына байланысты айдап жатқан «қара жұмысқа» жібермеуге, ал егер қудалау күшейіп, күш қолдана бастаса, патшалық билікке қарсылық көрсету керектігін айтқан. Сондай-ақ ол көтерілісшілерге өзіндегі бұрыннан келе жатқан қару-жарақтарын беруге және дәрі-дәрмек пен оқ дәріні Қытайдан жеткізіп беруге уәде береді. Өкінішке қарай, Пішпек уезінің дүңгендері билік тарапынан ұйымдастырылған аңду мен қатаң жазалаудың кесірінен белсенді әрекеттерге бара алған жоқ. Оның үстіне патша үкіметі жазалаушы жасақтар құрамына жергілікті дүңгендерді, яғни сол жердегі тұрғын дүңгендердің туыстарын көбірек алатын. Биліктің бұл «бөліп ал да, билей бер» деген қитұрқы саясатының астарында қазаққа дүңгенді қарсы қою арқылы, алауыздық туғызып, елде көтерілістің болуына жол бермеу жатты. Дегенмен жазалаушы жасақтағылар өздерінің туыстары арқылы көтерілісшілерді басуға қанша жасақ шыққанын, қашан және қай жерге баратындықтарын айтып, күнібұрын сақтандырып отырған. Осылайша дүңгендер көтерілісшілердің ісін жақтайтын ұстанымда болғандықтан, ендігі жерде патша үкіметі олардан да «қара жұмысқа» адам алуды қарастыра бастайды. Бірақ дүңгендер бұл әрекетке ашық түрде қарсы шықты. Мәселен Пржевальскіде 1500 солдат патша алдындағы әскери міндеттерін орындаудан бас тартса, ауылдағы жігіттердің қарсылығының соңы көтеріліске ұласты. Дәл осы кезде Ыстықкөлдің шығысындағы Қарақолда ендігі кезекте дүңгендерді жаппай майданға алады екен деген сыбыс шығып, біраз дүңген азаматтары қайтадан Қытайға, ондағы Ақсу мен Құлжаға бас сауғалап қаша бастайды. Оларға қытай тілін жетік білетіндіктерімен қоса, сол жақта қалып қойған туыстары пана болған.

Бұл жағдайға ерекше алаңдаған Бұлар Магуев Қарақолда қазақ, қырғыз, дүңгендердің ішіндегі зиялылары бас қосып, тылдағы қара жұмысқа азаматтарын бермеу жөнінде патша әкімшілігімен келіссөздер жүргізуге шақырады. Бұл уақытта Пржевальск уезі Ырдык (Маринск) ауылының дүңген азаматтары  Осаме Юсупов (кіші хазрет) пен Чилал Умарахунов (үлкен хазрет) халықты көтеріліске бастап шыққан болатын. 1916 жылдың 11 тамызы күні Қарақолға жеткен көтерілісшілер отрядына сол жердің түрмесінде жатқан сотталушылар да келіп қосылады.

 

 «…Ер жақсысы – түрмеде»

Ал Бұлар Магуев көтерілісшілермен байланыста болғаны үшін, 1916 жылдың 23 шілдесі күні Пішпектегі түрмеге қамалады. Бұған мұрағаттан алынған мынадай Үкім дәлел: «…дүңгендерге ғана емес, сонымен бірге қазақтар мен қырғыздарға қолдау көрсеткені, Пішпекте, Пішпек пен Верный уезінде тәртіпсіздіктерге жол бергені үшін 3 айға түрмеге қамалды. Қамауға алынған мерзімі 23 шілдеден бастап есепке алынсын».

 

Ноғай би ескерткішінің ашылу салтанатында

 

Түрмеден шыққаннан кейін де Бұлар батырдың артынан қатаң аңду қойылып, 1916 жылдың 24 қыркүйегінде Жетісудағы көтеріліске қатысушы деген айып тағылып, өзі сияқты 132 айыпталушымен бірге қайтадан абақтыға жабылады. Сол жолғы абақтыға қамалғандар арасында: Аман, Мокуш, Кемел, Самудун Шабдановтар, Белек Солтоноев, Қанат Абукин, Дур Сауранбаев, Бекболат Әшекеев, Байбосын Тамабаев, Қарымбай қажы Диханбаев, Сәт Ниязбеков, Заит Якубовтар да бар еді.

Бұл қамаудан бостандыққа шыққаннан кейін де Бұлар батыр қоғамдық істермен айналысуын тоқтатқан жоқ. Уақытша үкімет орнаған тұста Қытайдан келіп жатқан қазақтар мен қырғыздарға  қолынан келген көмегін аямады. Осындай ерлік істерімен Жетісу жеріндегі халықтардың өзара ынтымақтастығының сақталуына өз үлесін қосты.

1500 адамды үш ай бойы тамақтандырған

Оның ерлік істері жайлы 1918 жылы Мұстафа Шоқайдың тікелей басшылығымен Ташкентте шығатын «Бірлік туы» газетінің тілшісі: «…мен қазақ-қырғыз уездік комитетінің тапсырмасымен өткен айда – қыркүйекте, ашаршылыққа ұшырағандардың жағдайын біліп қайту үшін Тоқмаққа бардым. Аштықтан қырылғандарда сан жоқ. 2-3 күн бойы көмілмей жатып қалғандар да бар. Мейлі ол орыс немесе қырғыз, дүңген немесе қазақ болсын бәрі бір, өліктер саси бастағанда, олардың бәрін бір шұңқырға көме салатын көрінеді. Осыны көрген «Шуро-Ислам» ұйымы қаладағы өзбек, ноғай, т.б, көмекке шақырған. Олардың кейбіреулері көмек көрсеткенімен, кейбіреулері бей-жай қараған. Әйелдері мен балаларын 50-100 сомға сатып, өздері аштан өлгендер саны артқан. Оларды сол жердегі азын -аулақ ауқаты бар өзбектер мен дүңгендер, қазақтар мен қырғыздар сатып алыпты. Осылайша адам саудасы да сауда-саттықтың бір түріне айналған. Оның үстіне майданнан қайтқан хохол солдаттары да ұрлық-зорлық жасап, адам өлтіреді екен. Ұзынқара деген жерде олар 26 адамды өлтіріп, малдарын, ақшаларын және мүліктерін тартып алған. Бұл славяндық қарақшылар ұсталды, бірақ олардың үстінен іс қозғалған жоқ. Оларға қарсы шыққан Бұлар барлық қарақшының көзін жойып, өзінің жігіттерімен бірге елдегі тәртіпті қадағалап, мүмкіндігінше халыққа көмектесіп отыр», – деп жазады.

1916 жылғы көтеріліс пен Қытайдан қашып келген босқындар жайын өз көзімен көрген  қырғыз тарихшысы Белек Солтоноев: «Қарақоңыздық Бұлар Магуев асхана ашып, үш ай бойы 1500 босқынды тамақтандырды» – десе, сол оқиғаны көрген өзге куәгерлер де Бұлардың Заимка (қазіргі Бұлар батыр) ауылында 40 киіз үй тігіп, 40 қазанға көже жасатып, аш-жалаңаш келгендерді үш ай бойы тамақтандырғанын, жылы киімдер бергенін, тіпті араларында біраз уақытқа қалатындары болса, жұмыс тауып беріп отырғанын айтқан.

Сонымен қатар бүгінде қордайлықтардың мыңдаған гектар егінін суаруына жарап тұрған, Шу өзенінен тартылған ұзындығы 10 шақырымнан асатын канал да осы кезде жасалыпты.

Сондай-ақ ертеңгі күнін болжай білетін Бұлар келешек ұрпақ құрылыс материалдарын пайдалансын деген мақсатта Заимка жеріне мыңдаған түп терек пен емен ағаштарын отырғыздырады. Арада 85 жыл өткенде ол ектірген ағаштар құрылыс материалдары ретінде пайдаланыла бастаған.

Осындай ерліктері мен халық үшін істеген ерен еңбектерін елеген елі оған жалпыхалықтық сүйіспеншіліктерін білдіріп, «батыр» деп атап кеткен. Кейіннен Кеңес үкіметі орнап, бай-құлақтар мен манаптарды қудалап, тұтқындап, олардың мал-мүлкін кәмпескелеу, ату немесе Итжеккенге айдату үдерісі басталып, бұл тықыр Бұлар батырға да таянады. Сол кезде оның ел үшін жасаған жақсылықтарын айтып, оған тиіспеуді сұраған жақтаушылары да халық болған еді. Бұлар батырдың үйін сегіз қатар болып, тұтаса тұрып қоршаған халықтың  талабымен билік те санасқандай болады. Дегенмен кейіннен Пішпек түрмесінде бірнеше ай отырған  батырдың елге сіңірген еңбектері ескеріліп,  Жетісу халқы алдында еш кінәсі жоқ екендігі дәлелденіп, ақталып шығады. Осылайша оның адалдығы мен абыройы халыққа паш етіліп, сот үкімі шыққан 1924 жылдың 21 қаңтары күні, қуаныш пен ризашылықтан толқыған батырдың жүрегі кенеттен тоқтайды. Оның жерлеуін тағы да жер-жерден келген жетісулықтар өздері көтеріп алып, арулап жер қойнына тапсырады. Ол кезде Бұлар батырдың балалары тым жас болатын.

 

 Ұрпағы өсіп, ел болған

Бұлар батыр үш әйел алған. Бірінші алған дүңген әйелінен  Арли атты ұл, екінші қырғыз әйелі Қалиядан Хинюр, Ашиян атты екі қыз, ал үшінші қазақ әйелі Қатипадан Юсуп, Харки атты екі ұлы мен Рахима атты қызы болады.

Катипа Алматы облысы Жамбыл ауданының Қара Қастек ауылында тұратын Ұлы жүздің ішіндегі Шапырашты руынан шыққан Бектас Сүттібай  деген беделді адамның үш қызының ортаншысы еді. Бектас батыр  Тулақ батыр мен Нарбота биге туыс болып келетін.

Енді осы Бұлар батырдың ұрпақтарының кейінгі тағдыры жайлы әңгімемізге көшейік.

Бұлар батыр дүниеден өткеннен кейін, Кеңес үкіметі оның үй-жайы мен мал-мүлкін тұтас кәмпескелеп, ештеңе қалдырмаған. Батырдың үлкен ұлы Лоу Юсуп Бұларұлы (ел-жұрты Жүсіп деп кеткен) ол кезде бар-жоғы он бір жаста. Аналары Қатипа мен Қалия, бауырлары Арли, Харки, Рахима, Хинюр және Ашиян барлығы бала жастан тұрмыс тауқыметін тартып, күнкөріс үшін еңбек етті. Осы орайда айта кетер бір жайт, байдың балалары деген қудалаудан құтылу үшін, Юсуп Бұларұлы өз тегін Лоу деп өзгертуге мәжбүр болған екен. Оны Сортөбедегі кездесуімізде Ильяс Юсупұлының өз аузынан естіген едік.

Сонымен тегіне тартып туған Юсуп еңбек ете жүріп, ержетті. Бүкіл еңбек жолында «Коммунистический» колхозындағы қой өнімдері фермасында меңгерушілік қызмет еткен. Ол 1973 жылы ауылшаруашылығын өркендетудегі жоғары көрсеткіштері мен сіңірген адал еңбегі үшін,  Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Бұйрығымен «Еңбек Қызыл Ту» Орденімен наградталды. Өмірде көргені көп, тәжірибелі, қазақ, қырғыз, дүңген тілдерінде еркін сөйлейтін жан айналасындағыларға ақылын айтып, жол сілтеп, көмектесіп отыратын.

 Харки Бұларұлы, екінші дүниежүзілік соғыста Сталинград шайқасына қатысқан соғыс ардагері. Майданнан келгеннен кейін Шымкенттегі педагогикалық техникумды бітіріп, қырық жылдан аса уақыт ұстаздық қызмет еткен және Сортөбедегі кешкі мектептің директоры болған. «1 дәрежелі Ерлігі үшін» орденімен наградталған және «ҚазССР Еңбек сіңірген ұстазы» атағы бар.

Батырдың қыздары Рахима, Хинюр және Ашиян болса, ауыр жылдар азабын шеге жүріп еңбек етті, ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Бұларов, Лоу, Машухей, Кимуров, Хейшанло, Шилязов тегінде жүрген Бұлар батырдың ұрпақтары Қазақстан мен Қырғызстанда тұрады. Солардың біразына тоқтала кеткен артық болмас:

Батырдың немерелері де ата жолын қуып, қоғамда белсенді өмір сүруде. Немерелерінің үлкені Бұларов Исмар Юсупұлы — «Халыққа білім беру ісінің үздігі» атағымен қоса, көптеген мемлекеттік наградалары бар, Қордай ауданының Құрметті азаматы.

Екінші немересі Лоу Исхар Юсупұлы — «Коминтерн» атындағы колхозды 22 жыл басқарған. Қазақстанда алғаш рет дүңген ассрциациясын құрып, 10 жыл басшылық жасаған, еңбегі еленіп, көптеген мемлекеттік наградаларға ие болған жан.

Рабиғадан туған Шарип Губарұлы Машухей Қырғызстанда тұрады. Өзінің біліктілігінің арқасында 1989 жылы бау-бақша министрі, Қырғыз ССР «ГОсАгроПром» төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет еткен.

Бұлар батырдың шөбересі Лоу Мухамед Исырұлы 1998 жылдан бастап, ҚР Сыртқы Істер министрлігінде: ТМД департаментінің Шығыс елдері әкімшілігінде, Қырғызстанның ҚХР-дағы елшісі, ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сарапшысы, ҚР-ның АҚШ-тағы елшісінің орынбасары, сонымен қатар ҚР Президентінің төтенше және өкілетті хабаршысы қызметтерін атқарған. ҚР Президентінің бұйрығымен генерал әскери шені мен «Мемлекеттік қызметтің 2- класты Мемлекеттік кеңесшісі» атағын алған.

Ал енді батырдың немерелерінің бірі, бүгінде қара шаңыраққа ие болып отырған Ильяс Юсупұлы түрлі салаларда қызмет атқарған. Бүгінде 24 мың халқы бар Сортөбе ауылының әкімі.

Түйін: Мінеки құрметті оқырман, осылайша асылдың сынығындай болған Бұлар батырдың бүгінгі ұрпақтары да ата жолымен жүріп, елін-жерін халқын сүйіп, тектіліктерін жоғалтпай келеді екен. Олар батыр бабаларының есімі мен ерлік істерін жаңғыртып, халыққа таныту жолында көп еңбектенген. ТМД бойынша мұрағаттарды ақтарып, дерек жинау ісіне ғана бес жыл уақыт кетіпті. Ақыры батырдың үлкен баласы Юсуп Бұларұлының арманы орындалып, әкесінің шын тұлғасы мен ерлігін халыққа паш еткен. Айтпақшы мақаламыздың арасында Заимка ауылы жайлы айтып өткен едік, енді соған ойысайық. Патшалық Ресейдің отарлау саясаты қазақ жеріндегі елдімекендердің атауын жаппай орысшалағаны баршаға аян. Заимка да солардың бірі. Белгілі өнер қайраткері, әнші Қайрат Байбосынов орындайтын «Бір келіншек» әнінде: «Ағашы Зәйімкенің селдіреген, қалқаның екі көзі мөлдіреген» деген жолдар бар. Сол Заимка осы болуы керек, сірә. Кейіннен, 1996 жылы Заимка атауының Бұлар батыр болып өзгеруіне Қордай өңіріне барып, батырдың тарихына қаныққан Қаратай Тұрысов ағамыз бірден бір себепкер болыпты. Ата-дәстүрін жалғастырған батырдың ұрпақтары осы ауыл мен Сортөбе ауылына түрлі ағаштар егіп, жасыл желек, көк орманға айналдырған.

Құрметті оқырман, Бұлар батыр жайлы тарихи дерекнаманы назарларыңызға ұсынудағы мақсатым — арамыздағы кейбір ағайындардың жатжұрттықтан келгендерге жатырқай қарайтын көзқарастарын өзгерту. Өйткені олар жоғарыда әңгімелегендей, түрлі зобалаң заманды біздің ата-бабаларымызбен бірге кешіп, мүдделес болғандар.

 

Жанбақыт Мерекеұлы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.