Үйсін тауы және Қара дала өңіріндегі елдімекендердің тарихи атаулары

0
331
Өз тарихын, өлкесінің тарихын білмеген өгей ұлмен тең. Халық даналығы
Бабалардың ерлігін еске алып, тағызым етпеген қашанда намысы жоқ қорқақ қауым. Халық даналығы

 

Ата-бабаларымыз өңірлеріндегі жер-су атауларына зор мән берген

«Жер-су аттарын зерттеудің ғылыми мәні зор», – дейді ғалым Е.Қойшыбаев «Қазақстанның жер-су аттары» деген еңбегінде (1985). Жер-су аттары дегеніміздің өзі ертеде сол атырапта өмір сүрген халықтың сөйлеу тілінің қалдықтары. Топонимдерді зерттегенде ең әуелі оның тілін ажыратып, сол тілдің иесі болып табылатын халық тарихымен тығыз байланыстырылса ғана іс нәтижелі болмақ. Қазақ жерінің ойы, қыры, даласы, тауы, тасы, көлі, өзен-бұлағы, сан-салалы табиғаты, елді-мекені атсыз емес. Ал жалқы есімдерді түсіндіретін ілімді ономастика дейді. Біздің қазақ ономасиологтары: А. Әбдірахманов, Т. Жанұзақов, Ғ. Қонқашбаевтардың еңбектерінде және де Телғожа Жанұзақтың: «Қазақстан географиялық атаулары», «Алматы облысы» бөлімінің, 1-бөлімшесінде: «Жетісудің жер-су аттары», 2-бөлімшесінде: «Облыс топонимдерінің түсіндірме сөздігі» секілді еңбектерінде барынша түсіндіріліп айтылған. Бірақ әлі де толық зерттеуді қажет ететін жер-су аттарының көп екенін айтып, елден ой-пікір күтеді. Әрине, орыс-казак есімдеріне дәлелдің керегі жоқ. Ал жоңғар-қалмақ есімдеріне түсініксіз бір тежеу бар. Оған бір ғана мысал келтіре кетейін. «XVIII ғасырдың 70-жылдарында Пугачев бастаған шаруалар көтерілісін бәріміз жақсы білеміз. Ол сол көтерілісті басып, оны халық санасынан алып тастау үшін, Россия патшасы Екатерина II «Яик» (Жайық) атауы мүлде аталмасын, ол өзен Орал тауынан бастау алатындықтан Урал (Орал) атансын деп бұйрық берген екен. Ал біздегі Шонжы, Шошанай, Сүмбе, Дардамбы, Ачаноқы, Ардолайты,  т.б. есімдер зерттеуге де жатпайтын ата-жауымыздың аттары екені айдан анық. Ал иісі қазаққа не жорық?! Жалпы «Өзінің өлке тарихын білмеген – өгей ұлмен тең», – дейді өткен бабалардан қалған ұлы сөз. Терең тарихымыздың әліппесі, сол туып-өскен өлкеде жатыр. Осыған дейін тарих тәлкегі, небір қолдан жасалған жасанды аңыз-әңгімелерден арылатын уақыт келді.

Орыс тарихшысы А.И Левшиннің, түркітанушы Е. Маловтың, арғы бабаларымыз Қадырғали Жалаири шежіресі, Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіресінде, тағы солай сияқты, орыс, қытай, иран, түрік, өзбек ғалымдарының еңбектерінде Жетісу жерінің атау-сипаттық зерттеулерінің орны орасан зор. Осыған орай, Жәлел Айдарханұлының Үйсін (Кетпен) тау жүйесі жайлы зерттегеніне қарап оны тарихқа жаны жақын жазушы деп сүйсіне айтуға болады.

Үйсін тау жүйесі Қытайға да, Қазақстанға да тиесілі тау. Тіпті Қытайдағы қандастарымыз әлі күнге дейін Үйсін тауы деп атайды. Демек, қытайша тау атауы – «Усун-Шань», Усун дегені Үйсін деп ұғынады. Шань – тау деген сөзді білдіреді. Мысалға, Тянь-Шань дегеніміз сияқты. Сондай-ақ, халқымыз жайлы бай мағлұматтар беріп, көлемді еңбек жазған орыс тарихшыларының бәрі А.И.Левшин (1799-1874) оның, бізше «Қырғыз-қайсақ» немесе «Киргиз-кайсак далаларының сипаттамасы» (1832ж) атты кітабында: «Балқаш көлінен басталып, солтүстік шығысқа қарай Қытай иелігіндегі қарлы Алатау мен Үйсін Алатауы жайында біз нақты ештеңе айта алмаймыз», – дейтіні бар. Міне, орыс зерттеушісінің өзі, Үйсін тауы деп жазып отыр, ізденген адамға, зерттеген ғалымға да тарихи шындықтар толып жатыр. Бір Үйсін мемлекетінің өзі тарихымыздың қайдан басталатынын көрсетіп тұрған жоқ па?! Ономастика ілімі саяси-әлеуметтік жайлармен де ұштасып, жер-су атауларын өзгертіп отырған. Ал қазақ топонимика-ономастикасына да Моңғолдық, Жоңғар-қалмақтың, патшалық кеңестік қызыл империясының, көбіне, қазақи есім-атаулардың айтқызылмауына да мол әсерін тигізді. Бұл әрекет жаулап алушы ел үшін негізгі саясат десек болады. Оған мысал, орыс-казак, жоңғар-қалмақ жер-су атауларымен Қазақстандағы, яғни біз әңгіме қып отырған Ұйғыр ауданында, жоңғар-қалмақ атаулары жетіп артылады.

 

«Қара дала» – бұл қазақтың атауы

Қазір Ұйғыр ауданы деп аталатын жерге ұйғыр халқы көшіп келмей тұрып, Қарадала деп аталған. Құрамына: Темірлік, Шарын, Шелек, Есік, Талғар өзендерінің бассейіндері кірген. Ал тау жүйелеріне келсек, Ұзынқара (оған дейін Үйсін) деп 1897-жылдан 1913-жылға дейін аталған. И.В. Мушкетовтың «Верненские землетрясение» картасында 1887-1910 ж.ж., картрграфтартардың, арғы тарихи атауына мән бермей, көлденең аттыдан естігенін жазып, «Кетмен», кейін «Кетпен» жотасы деп аталып кете барған. Ал Қазақстан геология картографы, ғалым, ардагер, геология маманы Молдияр Серікбай ағамыз өзінің «Ұйғыр ауданы атауы өзгеруі тиіс» деген мақаласында: «Ұйғыр-дүнган халықтарының қай кезде келгенін, Қазақстанға қалай орналасқанын бүге-шүгесіне дейін жазған. Шекара шығыс жағында, Текес өзенінің бастауынан Іле өзеніне құйылатын жеріне дейін Үйсін тауы болып аталады. «Бұл тарихи деректен аттамауымыз керек», – дейді ғалым ағамыз. Үйсін тау жүйесі туралы аз да болса, нақты мағлұмат жеткілікті деп ойлаймын. Осы Үйсін тауының теріскейіндегі қасиетті Қара даламызға келейік. Біраз уақыт аралығында, Ұйғыр ағайындар Шонжының Қара даласы деп келген. Үйсін тауының теріскейі, батысы, Темірлік пен Шарын өзендерінің сағасы, Іле өзеніне дейін тіреліп, бас ағысы, Текес өзенін алып Ілеге құятын сағасына дейінгі сайын даламыз «Қара дала» деп аталған. Айтса айтқандай-ақ, қашан қарасаң, бұлдырап, қарауытып, көңілге жылу ұялатып, сағым қуып жатқаны. Сөз соңында «Жетісу энциклопедиясында»: «Ачаноқы, Кіші және Үлкен Дихан ауылдарына таяу жердегі обалар тобы табылған. Оны 1956-жылы Жетісу археологтары (Е.М.Агеева) зерттеп, 31 жерден 260-ге жуық төбені картаға түсірген. Ғалымдар шамамен б.з.б І ғасырдағы «Үйсіндердің мекені» болса керек деген болжау жасаған. Бұл зерттеу, Ұзынқара, Кетмен, Кетпен деп аталып келген Үйсін тау жүйесіне тағы бір нақты жауап. Тағы бір дерек, Үйсін тауының әр отырған ауылының сайлары, еш өзгеріссіз, әр сайы жергілікті қазақтардың атаған есімдерімен қалғаны бұл біз үшін үлкен қуаныш. Әйтпесе кешегі келген ұйғыр ағайынның «Назугум» үңгірінің дауы да әлі өше қойған жоқ екенін білеміз. Сонымен бірге «Ұйғырша жер атаулары» деп  мақаласымен Монғолиядан Испанияға дейінгі жер-су атаулары деген мақаласымен ғалым ба, журналист пе айды аспанға шығарып тастады. Негізгі ойы Алматы облысынан әрі аса қоймаған, не айтпақ болғанын оқығандар түсінеді.

Үйсін тауы туралы дерек керек. Мұны әр қазағым білгені дұрыс. Қарадалаға тікелей қатысы бар (Шарын мен Темірлік өзенін айтпағанда) Үйсін тауының баурайынан 37 өзен ағады екен. Небір арынды өзендер орта жазыққа жетпей-ақ жер астындағы құрдымға сіңіп жоқ болады. Төмендеп барғанда көлшік-көлшік болып, бұлақ-бастаулар жер бетіне қайта көтерілгенін көресіз. Басты өзендерін ұзындығымен қосып айтқанда мынандай: Құлжаты-40км, Көлбастау-42, Кепебұлақ-39, Үлкен Кетпен-73, Кіші Кетпен-42, Пияздық сай-40, Сұңқар-46, Нарынқол сай-46, Қарашоқы өзені – 46, Дәулет сай-40, Әулиешоқы өзені-41, Қостөбе-54, жәнеТастықара. (Шарын өзенінен алынған канал суы.) Негізгі дерек көздері Телғожа Жанұзақовтің аталмыш кітабынан алынды. Баяғының қазақтары дәлірек айтсақ, осындағы Қоңырбөрік, Қожбанбет, Жарты және Шажа елдерінің қыстауы көбінесе Іле бойы болған. Ал, жаз жайлауы Үйсін тауы, біразы ары асып Шалкөдеге түседі. Көктеуі тау сағасы, күздеуі Қарадала екен.

 

Елді мекендердің есім атаулары

Ендігі әңгіменің тоқетері Үйсін тауының теріскейіндегі  елді мекендеріміздің есім-атауларынан бастайық.

  1. Ұйғыр ауданының орталығы Шонжыдан бастайық. Топономия – халық тілі. Ономастика – жалқы есім атаулыны зерттейтін ілім. Ғалымдардың, түріктанушы С.Е.Малов, орыс тарихшысы Левшин, В.А. Маисеев, И.У. Златкин, В.Зернов т.б. тарихшылар мен Әбдірахманов, Қоңқашбаев, Қойшыбаев, Корников, Т.Жанұзақов, өлкетанушы, жазушы Ж. Айдарханұлы зерттеулерінің нәтижесінде соңғы сөздері Қазақстандағы елді-мекендердегі жер-су атауларының анық мағынасы мен шығу төркіні жоқ екендігін түсіндіреді. Ендеше топонимия ілімі халық тілімен сөйлесе, Қазақстанда барлық моңғол, қалмақ топонимдері көбіне адам аттары болып келеді. Басында топшылағандай, ата-бабаларымыздан қалай аңыз боп жетсе, сол шындық. Шонжы – адам аты. Телқожа Жанұзақов соңғы зерттеуінің «Алматы облысы – жер-су аттары» деген еңбегінде: Шонжы (орыс тілінде Чунджа, Чунжа) деп теріс таңбаланып тұр. Түркітанушы С.Е. Маловтың зерттеуінше: Чонджа сөзі «кең жай танап» деген мағынаны білдіреді деп тұжырымдаған. Корнилов пен Қойшыбаевтар да мақұлдаған. (Еңбектері.1985ж, 243-бет). Ал анық мағынасы мен шығу тегі (төркіні) әзірге белгісіз. Жергілікті тұрғындар ертеректе (ертеде) «Шонжы» деп атаған. Енді ертерек дегендері, ол XVII ғасыр, 1635-1723 жылдардағы жоңғар (қалмақ)-қазақ соғысына дөп келіп тұр. Бұл жоңғар (қалмақ)-қазақ соғысы «Отан соғысы» екенін жанымыздан шығармауымыз керек. Ал қасиетті Қара даладағы шайқас Үйсін тауының теріскейінде болған. 1683 жылы желтоқсанның басында Шонжы әскерімен қазақ батыры, Албан елінен шыққан, қолбасшы Әлмерек батыр бастаған әскермен шайқас болды. Бұл жоңғар (қалмақ)-қазақ арасындағы соғыс айтыла-айтыла тарихи шындыққа ұласты. Шонжы – қалмақтардың батыры. Ал Әлмерек – қазақтың қас батыры. Бұл шайқаста Әлмерек батыр бастаған қазақ қолы Шонжы әскерін ойсырата жеңеді. Сөйтіп қазақтың батыры қалмақ батырының басын алады. Сол жер «Шонжы өлген» деген атқа ие болып, бірте-бірте, уақыт өте келе, «өлген» сөзі түсіп қалып, «Шонжы» атауы ғана қалады. Шонжы туралы, Әлмерек батыр туралы халық аралық конференциялар, зерттеулер әлі тоқтаусыз жүруде. Иісі қазақтың қалауы, ауылдың атын, яғни аудан орталығын, тарихтағы орнын ескеріп, әскерімен жеңіс туын желбіреткен, Албан жұртынан шыққан батырымыз, бабамыз «Әлмерек» боп аталуы тиіс. Ал ауданның атын, тағы да тарихқа сүйене келе, өзінің қасиетті «Қара дала» есімімен жаңғыртуымыз тиіс.
  2. Шарын шатқалы. Ақсай ауылын басып Кертоғайға келгенде арнасы кең, үлкен аңғар басталатыны белгілі. Бұл шартарапқа аты әйгілі Шарын шатқалы. Алыс жолдан жалығып, ен далада езіліп келе жатқан адам Көртоғайды көрісімен сергіп, бірден серпіліп сала беретіні анық. Шарын шұңғылынан өзен лебі көтеріліп, салқын самал соқса, бір жағы алдыңыздан табиғат өзі мүсіндеп жасаған сұлу, керемет көріністер қарсы алады. Осындағы әртүрлі әсерлі бейнелерді көріп, кәдімгі ертегілер әлеміне еніп кеткендей боласың. Қызғылт-қоңыр түсті керіш тастар тізбегі қолдан ойып жасаған біртұтас киіз үйлер сияқты. Кейде тіпті беріліп қиялданған кісіге ғасырлардың керуен көші тізіліп, көз алдымыздан өтіп жатқандай болады. Бұл да бір табиғат-ананың сирек ұсынатын сыйы десе де болғандай. Қалай десек те, Шарын шатқалындағы ғажайып көрініс суреттері өзінің өзге де ерекшелігімен, әсем келбетімен жарасып-ақ тұр.
  3. Шарын ауылы. Шарын (Чарын) – с., өзен, Ұйғыр ауд. Көне түркі тілінде чаран «арынды, тасқынды, екпінді, қарқынды өзен». Қырғыз тілінде шар – «жылдам, тез, арынды ағыс», моңголша «арынды, асау, тентек». Демек, бұл өзен аты түркі, монғол тілдеріне ортақ келіп, «арынды, қарқынды, екпінді, тасқынды» деген мағынаны білдірген. Атау қойылған заманда бұл өзен ағысының қазіргідей баяу ақпай, ағысының қатты да арынды, аса тасқынды болғанын байқаймыз. Кейіннен осы өзен атынан қазіргі ауыл аты қойылған.
  4. Бахар. Бахар ауылы атауының мағынасы араб тілінде бахар – «көктем» дегенді білдіреді. Бөлімшесі Қалған там. Ал ауыл ақсақалдары мен жастары да ерте көктем келетіндіктен осы «Көктем» атауын қалап жатыр.
  5. Шырын (ширин) – тәтті жүзім сорты өсуімен байланысты аталған. Армян және ұйғыр диаспораларының өзара қойған есімдері дейді естігендер.
  6. Тастықара. Енді Тастықара елді мекенінің іргесі ерте кезде қаланған екен. 1851 жылы Іле өзеніне алғаш паром түскеннен бастап, Тастықара әскери бекеті бой көтерген болатын. Кейінде келімсектер көбейіп, бірыңғай орыстар орналасқан-ды. Бұл туралы: «1911 жылы Тастықара кентіне сыймағандар жаңадан Қаратұма атты қыстауға Петропавлскі деген село салып орналасыпты. 1916 жылдың күзінде бұл селодағы орыстар үркіп кетіп, кент мүлде иесіз қалған» деген мәліметтер келтіреді жазушы Сейдәлім Тәнекеев. Бұрын сонымен қатар Іле өзенінің бойында шағын Іле бекеті болыпты. Қазір жоқ, орны ғана сақталған. Оның есессіне ертеден келе жатқан Ұлы Жібек жолының бір соқпағы саналған Борохудзир (қазақша Бұрақожыр) дейтін үлкен өткел бар екенін еске саламыз. Бұл маңайда бұлардан басқа Бақтықурай, Құмайдың қарауыл төбесі, Молдабай бұлағы. Жалғыз ағаш. Сағынай сынды көптеген жер аттарыкездеседі. Осыларға біраз түсінік беретін болсақ: Құмай – осындағы Қоңырберік елінің қадірлі қариясы, һәм ірі ру басы. Ертелі-кеш мал қарауылдап, бір жағы топ кісімен төбеге шығып, әңгіме-дүкен құрысады екен. Сағынай – бұлақты, саздауыт жер. Молдабай да осы елдің кісісі. Сағынай екеуінің қыстау қоныстары бірге болыпты. Тоғызбұлақ – Шонжының шығысында еді, кейін қосылып кетті. Бұрын онда орыс-қазақ мектебі және интернат болған деген деректер бар.
  7. Ұзынтам. Ұзынтам – Тиірмен мен Ақтамның тік аяғы. Орта тұс жазықта. Алғаш Құлжа өңірінен келген біраз ұйғырлар осы жерден орын алып, көше тәртібі мен бір- біріне үй жалғап, мінгестіріп ұзыннан-ұзақ там сала бастаған ғой, соны көрген қазақтар Ұзынтам деп атап кетеді. Бұған таяу маңдағы жер-су аттарын атайтын болсақ: Қалғантам, Жиек, Көшкентал, Бөлекжота, Қырыққұдық, Бөрібасы, Соркөл болып созылып, Ілеге шейін кете береді. Енді Ұзынтамның шығысын Қосағаш-Көлбастау дейді. Қосағаш дейтіні бұрын мұнда екі үлкен кәрі үйеңкі ағашы болған деседі. Қосағаштың терістік Ілеге қараған бетінде Орысбайдың түбегі, Есентайдың түбегі т. б. жерлер бар. Көлбастау дегеніміз көлшік- көлшік бастаулардан құралған саздауыт жер. Көлбастаудан кейін Добын-Сарыбұлақ басталады. Ұзынтам, Добын атаулары бұрыннан картада бар. Шонжы жоқ кезде салынған сияқты. Добын патша үкіметінің көрнекті тірек пункттерінің (станция) бірі болыпты, кейін Қалжатқа ауыстырылған.
  8. Үйсін тауының айналма батыс бөлігі Қостөбе (Шошанай) мен Қарасай (Тұйық) аралығындағы Солдат сайы, Әмір сайы, Жүрек қора, Мұқаш, үш Қарасай болып аталады. Бұл ауылдың болашағы зор деп білемін. Шошанай атауы – қазіргі қазақшаланған түрі. Өзені де Шошанай аталған. Телқожа Жанұзақовтың зерттеуінше: атаудың бірінші сыңарында, яғни «шошан» сөзі, моңғолша (қалмақ) – цохио, «биік шоқы», төбе сөзіне сәйкес. «Ай» – топоним қосымша. Басында айтқанымыздай, Шошанай да еш сөздікте, басқа тілде жоқ мағына. Ол да адам аты. Ақсақалдар айтқан бір тарихтың ұшын айтайын. 1959-61 жылдары, Қытайдан келген, Шөкей деген ақсақал, 1970 жылдың ортасында, Қытайға туған жері, туыстары қалған, Мұңғыл күреге барса, сол ауылда бір қартайған, қалмақ шалы кездесіп қалады. Содан әлгі шал «қайдан келген қазақсыңдар?» деп жөн сұрасады. Сонда «Қазақстаннан (ол кезде Советтен), Шошанай ауылынан келдік» деген ғой. Сөйтсе, жаңағы шал жата қап, еңіреп жылап: «Қайран ата-бабам жүрген жер, бабам Шошанай дүрілдеп тұрған жер», – дегенін аталарымыз Борантай, оның ұлы Мереке, оның ұлы Бекмұхан ақсақал, Шөкейдің ұлы Жұмағұл атадан естігенін журналист Жанбақыт бауырымыз да растап отыр. Ерте жоңғар-қалмақ билеп тұрғанда, Шошанай – емші, тәуіп (алдын ала жерді шолушы, жансыз адам болған) деген деректер бар. Көрші ауылдардың тұрғындары емшіге бара-келе Шошанай аталып кетсе керек. Шошанайдың ең басы – Амансай. Одан бері – Қашалы, Базарсайы, Есек сайы, Терек сайы. Өзен атауы Амансай – содан бастау алса кімнің дауы бар. Енді Қостөбеге келсек, бұрын Қызылтөбе аты бар, ал ауыл кеңес кезінде Ынтымақ (Бірлік, Қызылнауа) деп те аталған ақсақалдардың айтуымен. Аллаһ Тағалам осы қазіргі ақсақалы бар, орта жастағы ағалар келешектің тізгіні жастары бар, бір шешіммен Қостөбе тарихта қалса деген ой. Мақтансақ та, мақтасаң да, айтсаң да өлең қып жырласаңда төбе асты толған байлықты, ризықты Аллаһым берген. Келешегі зор ауылдың атауына көркі де сай. Қарасай жер жағдайына қарай қойылған есім. Темірлік өзені Темірлік тауынан басталады. Оған Үш Қарасайдағы барлық өзен сулар қосылады. Кеген мен Шонжы (Әлмерек батыр) арасындағы жолдың бойында, ортақ көпір бар. Толығымен әлі де алдағы ізденістерде жазамыз. Үйсін тауына байланысты Көпірде (жағасында) сонау 1868 жылы почта станциясы салынған екен. Үлкен бекет болған. Жаркент-Верный және Қарқара жәрмеңкесімен Пржевальский (Қаракөл) бағытындағы күрежолды (сауда) жалғастырған. Темірлік өзені Шарынға, Тастықара болып Ілеге құяды. Қасиетті Қара даламыз аты аталған Темірлік өзенінен батыс жағы басталады. Темірлік, Шарын, Қостөбе ауылынан.
  9. Сүмбе (Сумбе, Сюмба) – село, тау, тау етегіндегі ауыл. А.Әбдірахмановтың зерттеуіндегі Райымбек ауданында да бар. «Сүмбе» моңғолдың «Сүмбер» деген сөзінен, «биік тау» болуы мүмкін деп зерттеуді келешекке қалдырған. Сонда екі Сүмбе болып тұр. Ал Үйсін тауының теріскейіндегі таудың ауылға көрінер жағында, «СУ» деген теректен әдемі өріліп жазылған бір дереккөз тұр. «Сүмбе» де ешбір тілде басқа халықтарда мағына берер дерегі жоқ дейді ғалымдар. Ал жазылған «СУ» бұл бір қазағымызға – жылу, тіршілікке ұмтылыс, тіршіліктің, ұзақ өмірдің символы болып келеді. Ақсу, Көксу, Тасқарасу т.б жүрегімізге жақын атаулармен байланыстыра келе, ақылдасып (немесе бұрыннан бар, қазаққа жақын) есіммен атаса нұр үстіне нұр болар еді. «СУ» түрікше «өзен» деген мағынаны білдіреді екен. Сүмбеге жаңа атау керек! Ол дегеніміз тарихи тұлға, «Шипагерлік баян» деп аталатын кітапты хан тапсырмасымен жазған, осыдан Х ғасыр бұрын өмір сүрген ғұлама ғалым, қара үзген шипагер бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы есімін ауылға беру керек. Ғалым өз сөзінде: «Атым Өтейбойдақ, Тілеуқабылдың ұлымын, ата-тегім: ұлы жүз Зарман, ішінде Албан. Мекенім-Жетісу», – деген. (Алматы, «Жалын» 1996 ж. «Шипагерлік баян», Ө.Тілеуқабылұлы, арабшадан аударған Д.Мәсімхан, К.Елемес) Бұл ұсынысты бауырымыз, журналист Жанбақыт Мерекеұлынан естіп, жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Себебі, Жәкен айтқандай, Өтейбойдақ бабамыз – ұстаз, емшіліктік қасиеті мол, медицинаның қара үзгені (ғалымы) барлық ғылым саласының сарапшысы. Тегі шежіре бойынша Албан-Зарман- Қоңырбөрік. Сүмбе өзені – Жаңасай өзені. Сүмбе ауылы – Өтейбойдақ ауылы болса, жақсы болар еді. Үлкен ауылға тарихи тұлғалы лайықты есім. Ілгерірек те Сүмбе елді мекені Ескі Сүмбе, Жаңа Сүмбе болып екіге бөлінетін еді, қазір бірігіп кетті. Ауылдың тауға сұғынған бөлігін Жаңасай дедік. Ал Тереңсай – Жаңасайдың шығысында. Жалпы алғанда Сүмбенің таулары өте биік, жалама жартастары мен найзадай шыңдары көп. Етегі құзар шатқалды болып келеді. Мәселен көрнекті деген мына жерлерді атасақ та жетіп жатыр: Хан-дарбаза, Ұзынкөл, Әулиебұлақ, Жамбас, Шоқпартас, Теректі, Жыланды, Жіңішке, Беріктұғыл, сонымен қоса Аюлы шатқалы, Арқартас құздары, Найзатас шыңдары алып жатыр.
  10. Қырғызсай (Киргизсай, Қалмақ қырылған сай) деп те аталған. Орыс кезеңінде, Кеңес одағында «Подгорное» деп те аталған. Ал арғы жоңғар заманынан бұрын «Қазақсай» деп аталған екен. Қожа-Ахмет Құрман «Хангелді» кітапшасынан: «Майлының үш ұлы болған: Жақсылық, Игілік, Қарамерген. Жақсылық – Үлкен Ақсуда, Қарамерген – Кіші Ақсуда, Игілік – Қазақсайда Албан-Қоңырбөрік – Майлы тегі Хангелді батыр (1601 – 1702) жылдары өмір сүрген. Көп көнекөздердің айтуынша еш қоспасыз бабадан атаға, атадан балаға жеткен деректе осы «Қазақсайға» тіреледі. Ендеше шежіреге сай ауыл да, өзен де Қазақсай болуы тиіс. Тарих ғылымының кандидаттары: Кеңес Қожа-Ахмет және ұлы Марат Қожа-Ахмет (тарих маманы) ағаларымыздың ауылды «Қазақсай» деп аталу керектігіне байланысты деректері аз емес. Тағы бір дерек, Жәлел Айдарханұлының жазбасында: «Қазақ-қалмақ соғысынан кейін алғаш рет Қоңырбөрік еліндегі біраз аталар үш Қарасайдан қоныс алып, қалған басым бөлігі осы екі сай аузына келіп тұрақтанды.» Қазіргі Сүмбедегі аты жоқ сайды «Жаңасай» деп, ал «Қазақсай» қалмақтардан бұрын бар болып шықты. Тағы бір дерекке көз жүгіртсек: «Ал енді Қырғызсай атауы қайдан шықты сонда?» деген бұл жерде заңды сұрақ тумай ма? Оның жауабы түсінікті болар. Орыс отаршылдары, анығын айтсақ казак-орыстар қазақ халқын кемсітіп, қорлап, «киргиз» деп атап келгені тарихтан мәлім. Осыдан келіп Киргизсай атауы қалыптасқан дейміз. Орысша да, қазақша да Қырғызсай болатыны сол. Мұнда біртұтас орыстар орналасыпты. Іргесі ерте қаланған. Бұны 1862 жыл деп көрсетілген С.Тәнекеев дерегінде. Көптеген қарашекпенді келімсектер келісімен Қырғызсай атын өзгертіп, тау сағасы деген мазмұнда. «Подгорное» дейтін атауға ие болады. Ұзақ жылдар бойы осы атаумен аталып келгені әмбеге аян. Тағы да айта кетерлік жайт: Абдуллажан Самсақовтың мақаласында «Қырсай» деп те атаған.
  11. Үлкен Ақсу, бұл есім қазақтың жанға жылы, бұрыннан бар сөзі, (Көксу, Ақсу Жабағылы ауданы) Қонқошбаев (1963), Қойшыбаев (1974) зерттеу еңбектерінде бірін-бірі толықтырып, тау басынан ағатын қардың суы, яғни қар суынан пайда болған өзен. Әсіресе, көктемде тасып аққанда (ақ көбіршіктеніп). Ауылдық тау, сай-саласын, жайлауын, Іле өзеніне дейінгі атырапты Кіші Ақсумен қоса ертеден Майлы баба тұқымдары Жақсылық, Қарамерген деген ұлдарынан жаз-жайлауы, қыс-қыстауы болған екен. Майлыға танымал қазаққа да Игілік ұлы Хангелді батыр ауыл атына лайық қой деймін. Әр ұрпақ есінде, ер есімі жаңғырығы жүруі тиіс. Елін, батырын ұлықтаған ел – өзі де батыр ел болады. Хангелді батыр ауылы Ақсу өзен тауы, ал Кіші Ақсу (Шолақ Ақсу) солай болып қалар. Тәуелсіздігің қолыңда, қазағым, атын қою өз қолыңда! Албан – Қоңырбөрік – Майлы, Хангелді батыр (1601-1702) Қожа-Ахмет Құрман. Шежіре кітап. 1996ж. Аңыздан тарихи шындық қалыптасатынын естен шығармау керек. Ел болам десең, еріңді ұлықта! Жауың жағаласпайтын болады.
  12. Тиірмен. Келесі әңгіме Тиірмен туралы. Көне сөздер арғы атауы «Әулие шоқы» деп нақ жауап берді. Кейінгі Тиірмені ұйғырлардың қойғаны. Суы мол, қарағайлы қалың сондай-ақ әртүрлі ағашқа толы. Тиірмен өзенінің бойын алғаш 56 үй тараншы (ұйғырлар) жалға алған көрінеді. Олар өзі өсірген арпа-бидай өнімдерінің 3/1 бөлігін беріп отырған. Алайда жер емшегін ерте еміп үйренген ұйғырлар аз жылда еңсе көтереді. Сонымен бірге бау-бақша өсіріп, біржағы темір және ағаш ұста дүкендері бой көтереді, әрі тиірмен сала бастайды. Кейінде ұйғырлардың саны 100 үйге жетіпті. Алдымен қалайша тиірмен аталады, соған түсінік бере кетейік. Ол үшін осы ауылдың мектеп меңгерушісі (директор) Жылқыбаев Құдайберген бауырымыздың мына төмендегі әңгімесін тыңдап көрейік: «Ауылдың Тиірмен деп аталуының үлкен себептері бар. Ұйғырдың орта шаруа диқандары сайды жағалап, шағын-шағын диірмендер салған. Көрші Ақтам, Ұдыты, Байынқазақ (Ауат) ауылдарында тұратын адамдар ұн тартқызу үшін келе жатып, «қайда жүрдік?» дегендерге «диірменге ұн тартқызуға шықтым, диірменнен ұн тартқызып келемін» деп жауап беретін болған. Сондықтан біздің ауылымыз «Тиірмен» аталған екен. Халық негізі ауылды ұн тартатын диірменнен айыру үшін «Тиірмен басы» деген сөзді қосқан. Мұнда көбінесе ұйғырлар қоныстанған. Кейінірек орыстар келіп ағаш тілетін цех орындарын салады. Сумен қарағай ағызып келген, бұл жер зауыт атанған.» («Жетісу» газ. 02.07.2005) Тиірмен ауылының бас жағындағы тау етегінде өзінше орналасқан биік шоқы тұр. Мұны жергілікті жұрт «Әулие шоқы» деп атайды. Ал ондағы үңгірді Әйтімнің үңгірі деп атап келсе керек. Себебі, бай-ауқатты көктеуі де, қыстауы да «Әйтім» байдікі болып, мұндаға дейін аталып келген. Қазір де аталуда. 1990 жылдардың соңына таман аяқ астынан жаңа тарихи атау пайда бола бастапты. «Назугум» деп айдар таға бастаған. Тарихы жазылып, ел арасына тарала бастайды. Билігі мықты (қалтасы қалың) ұйғыр ағайындар үңгірдің алдын қоршап, ескерткіш орнатып, оған «Назугум» ескерткішінде: «В этой пещере скрывалась от преследования манжур-китайских захватщиков, национальная героиня Уйгурского народа Назугум (1800-1830), отдавших жизнь за честно и свободу родины», – деп жазылған. (А. 2005 стр.84, «Золотая долина» к 70 летию образования Уйгурского района). Ұйғыр ауданының 70 жылдығына арналған ескерткіш. Осыны тапсырыс берген адамдар да, оның тарихын жазған адам да белгілі дейді, бірақ атамайды. Бұл бір ғана «Назугум» дауы. Ал жер-су атаулардың барлығын жазғыш А.Самсақовтың айтуынша, ұйғыр ағайындардың Монғолиядан Испанияға дейін Ұйғыр жер-су атаулары дейтіні тіптен айды аспанға шығарды өзінің «Ұйғыр Авази» газетіндегі мақаласында.
  13. Тиірменнен кейінгі жер аты – Ават деп атанады. Ават кейінгі жаңаша атауы. Бұрынғысы «Байынқазақ» әйтпесе «Байқазақ» екен. Бұрын осында даулетімол бір бай қазақ cай аузына там салып отырған деседі. Соны көрген ұйғыр, қазақтар Байынқазақ деп атап кетсе керек. Кейде Байқазақты адам есімі деп те айтатындар баршылық. Былай қарасаң логикасы жоқ, екеуі де бос сөз сияқты. Одан гөрі өзіміз білетін көкейде жүрген тиянақты бір ой былай деп алға жетелейді: Байқазақ емес, бастапқы атауы Байын Касык болуы мүмкін. Екеуі де мұңғұл сөзі. Байын сөзі бай кісі, бай өлке, отын-суға ырғын деген ұғым береді. Ал Касык – адам есімі. Мәселен, Қытайдың Мұңғұлкүре аудан орталығында тұратын қазақша да, қалмақша да жетік білетін өте тілмар, шешен кісі Молым кешкiлдiң әкесінің аты-Касык екенін білеміз. Касык-қазақ деген сөз. Олай болса Қазақбай, Қалмақбай дегеніміз сияқты байын Касык тіркесін өз тілімізге бейімдеп, аударып айтсақ Байынқазақ дейтін көне атау келіп шықпай ма? Ендеше жер аты да соған байланысты қойылған деген толық негіз бар. Бұл өлкеде қалмақтан қалған атаулар аз ба? Бұл да соның бірі. Ават (Ауат ) парсы тілінде әсем алқап, көрікті жер мағынасында. Шынында солай. Мұнда да ұйғырлар басым. Өйткені ұйғыр халқы жан бағыстың жайын жақсы біледі.
  14. Дардамбы туралы пікір екі түрлі. Мұңғұлдың Дара есімді амбысының аты делінеді. Амбы-мұңғұл тілінде кішігірім дін басы деген сөз. Бірі осы болса, енді екіншісі тіл мамандарыныңпікірінше, мұндағы Дардамбы мен Ават дегендер иран, парсы тілдеріне тән атаулар деп түсіндіреді. Біздің ұғымымызша алдыңғы атауға жақындау, дұрыс келетін тәрізді. Біз ғана емес мұны осы аймақтың төл перзенті, ақиық ақынымыз М.Мақатаевта бекер айтпаса керек. Қараңыз:

«Белдеріне көзің сал «Дардамбының».

«Дардамбы» деп қалмақтан қалған бұрын.

Затында жер – біздікі, аты – оныкі,

Шежіре біледі оның жалғандығын.» («Атамекен» дастанынан)

Бір ескерте кететін жайт, Дардамбы тауы мен жазығы жөнінде қолымызда нақты мәліметтер болмағандықтан осымен доғарамыз. Ал, қалмақ есімінен арылу, өз қолдарыңызда қазағым! Ал Дардамбы, Ардолайын, Добын үшеуі де адам аты қалмақтың (жоңғардың). Оны зерттеп, сөздіктен қараудың қажеті де шамалы. Себебі көне атаулар небір саясаттың құрбаны болғанын жергілікті халық жақсы біледі.

  1. Ақтам. Ал, Ақтам сөзінің де екі бөлек этимологиясы бар. Бірі – ұйғырдың ақтам деген сөзінен шыққан деседі. Ақтама – ақ жер деген мағынада. Тағы бұрын бір ауқатты қазақ сай аузынан үш бөлмелі қоржын там салып, сыртын әкпен әдемілеп әктеп қояды екен. Алыстан аппақ болып көрінген бұл үйді Ақтам деп атап кетсе керек. Ақтамнан әжептәуір мол су ағады. Өзеннің басы екі салаға бөлінеді. Оң жақтағыны – Үлкен сала, шығысын – Кіші сала дейді. Екі сайдың жоғарғы түйіскен ортасы Шормақ деп аталады. Шормақ көркем де көрікті жайлауы. Жалдың үсті жазық. Ал ертеректегі атауы қызық, ол да көңілге қонымды «Сүтемген» – тарихи атау. Өйткені патша (Ресей) үкіметі кезінде халық шоғырланған мекендердің бірі болған болыстық көп жиындар осында өткендіктен, 1903 жылға дейін кеңес үкіметіне дейін де тарихи атауымен аталған. «Волостного упровителя кандидата к нему народных судей и кандидатов к ним. По Кожбанбетовской волости Джаркентского уезда. 18 мая 1903 года. На уроч. село Сутемген» мұрағат құжаты сөйлеп тұр. Халық атаған, жанына жақын есімдер ұмытылмай, жаңғыра берсе, нұр үстіне нұр болатын еді.
  2. Сұңқар. Ал енді Кетпеннен шығып батысқа қарай жүргенде алдыңыздан терең Дөзекше, үлкен арна шығатыны белгілі. Бұл Сұңқар өзенінің арнасы. Баяғы бір замандарда өзен бойындағы биік ағаш басына сүңқар құсы ұялап балалаған екен, содан бұл жер – Cұңқар аталған деседі. Оған қоса мына бір мағлұматтарды бере кетейік. «Сұңқар ауылының күн батыс жағындағы 3 шақырым қашықтықта «Мазартерек» тоғайы бар. Бұл ғажайып тоғайдың ұзындығы 80, ені 20 метрдей ғана. Амангелді тау өзенінің бойында өскен осы жасыл желектерде әлі ашылмаған құпия сырлар көп. Талай жылдан өсіп тұрса да тоғай ағаштары сып-сыйдам, оқтай түп-түзу. Ауыл тұрғындары оны қастерлеп ағаштарын кеспейді. Тоғай туралы біздің елде мынадай аңыз бар. Ертеде осы өңірде жастай күйеуінен айырылған бір әйел өмір сүріпті. Ол жас нәрестесін емізіп отырса, сүті жерге тамып кетіпті, содан тоғай ағашы өсіп шығыпты», – дегенді айтады, осы өлкенің түлегі Ескермес Сәрсенбаев.
  3. Добын. Ескі атауы – Жамбас (Сарықамыс) болған. Добыннан бастап шығыстағы Қалжат тұсына жеткенше түгелдей Сарықамыс дейді. Ал Жамбас болса Сарыбұлақтың солтүстігі. 1930 жылдардағы үркіншілікте әйгілі аты шулы «Итемір қырғыны» осы Жамбаста болған деп айтады. Ол ұзақ өзінше хикая. Жамбас Боранбайдың өзегімен шектесіп, ар жағы Ілемен аяқтайды. Және өзенге таяу жерде Добын пристаны бар. Іле бойындағы Сарықамыспен қатар Жалғамыс, Сарыбастау. Шеженің түбегі, Сұртүбек, Қарауыл түбек дейтін бірталай көрнекті жер аттарын атай кеткен жөн. Мұндағы мал көбінесе құмға жайылады. Шөбінің қуаты күшті. Одан жоғарғы жерлерді тізетін болсақ: Қаратораңғы, Аққұдық, Өгізбай. Қызыл жыңғыл, Нүрпейіс қыстауы, Қашағанның түбегі. Иса болыстың түбегі болып Ановка заставасымен аяқтайды. Застава болса Ілеге тиіп тұр. Мемлекеттік шекара болғандықтан таудағы мен қосып есептегенде, бұл -6-бекет болып есептеледі.
  4. Ардолайты (Ардолайын) – Жоңғар (қалмақтың) есімі, адам аты. с., Ұйғыр ауданы. Кетпен тауының етегіндегі елді мекен аты. Атаудың бірінші сыңарындағы ар түркі, моңғол тіл бірлестігі заманынан келе жатқан ар, арт «асу» + «бел» (салыстырыңыз: Мұзарт «мұзасу», Есекартқан – «есек асқан тау») сөзі болса, екінші сыңарындағы долай (ты) монғолдың «дала», «ұшан-теңіз, көз жеткісіз жазық» сөзінің тұлғалық жағынан өзгерген нұсқасы. Сөз соңындағы қосымша -ты жер-су аттарында жиі кездесетін, бір нәрсенің молдығын, көптігін білдіретін көптік жалғаудың көне түрі. Демек, атаудың топонимдік мағынасы: «асу, бел астындағы кең жазық» дегенді білдіреді. Осы ауылдың атына бір қазақи есімді лайықтап қоюды, сол ауылдың көнекөз ақсақалдарына тапсырайық…
  5. Кетпен. Кепебұлақтан кейінгі жер аты Кетпен деп аталады. Неге Кетпен аталды ол жөнінде әр қилы әңгіме бар. Түптеп келгенде мынаған саяды. Ұйғырларды кейде тараншы (диханшы) дегеніміз секілді, шамасы осында орналасқан ұйғыр ағайындар кетпенмен арық қазып, жер суғаратын кетпеншілер деген сөзінен шыққан сияқты сыңай танытады. Кетпен (Кетмень) – тау, с., Ұйғыр ауданы. Бұл атаудың мәніне алғаш рет назар аударған ғалым Е.Қойшыбаев пікірінше: «Кет шыңы// Кет қорғаны // Кет қақпасы» мәндес атау (1985, 130). XI ғ. ғалымы Махмұд Қашқари еңбегінде Кетман тұлғасында кездесетінін көреміз (1-т.,444). Бұған қарғанда, бұл көне атаудың бірінші сыңарындағы кет сөзі ежелгі алтай тілдеріне тән сөз екендігі байқалады. Өйткені оның кад, хада, хад тұлғалары тұңғыс- маньчжур тілдерінде «биік жартас», «шың» мағыналарында кездеседі (Мурзаев, 1974. С. 240). Осыған қарағанда, атаудың бастапқы тұлғасы Кадман, одан Катман // Кетмен, кейінгі кезеңдерде Кетпен боп өзгеріске ұшырағаны байқалады. Ол тілдің дамуымен байланысты болған тарихи құбылыс. Бұл тектес атауларды басқа да түркі тілдерінен кездестіреміз. Мәселен, Өзбекстанның Ферғана облысында Катманчопты, Байсын ауданында Кетмантуба деген атаулар бар (Нафасов, 1988. С. 92-93).Кепебұлақ өзені Қосақбай жайлауынын бастау алады. жайлау төріненбір бұлақ су жер астынан қайнап, арге атылып шығып жатыр. Суы сондай мөлдір, тасы көкпеңбек Қосақбай-Кетпен тауының ең биік жотасы. Енді Кетпен өзенінің батыс жағы болса: Боркүйдірген, Терісбұтaқ, Бүркітті. Қайрақты сайымен жалғасып жатыр. Бұл өңірдің бұрынғы жалпылама атауы-Тұйық Кетпен. Олай дейтіні таулары биік, құз-шатқал болғандықтан тұйықталып, атты кісі ары қарай аса алмайды. Ал батыс жағында ғана жайдақ машина жол бар, ол – Асусай арқылы Шалкөде жайлауының Алтынкенініе түседі. Асудан бері Ұзынкүнгей, Тыным текшесі (Тыным-жесір әйелдің аты ауқатты), Бессала болып аяғын Дерең дейді. Одан төмен Қалмақ қырылған. Тарысай, Кеңлік. Көмірші делінеді. Бұларды бір сөзбен Бағы Кетпен деп атайды.Тұйық Кетпен мен Бағы Кетпен таулары аң-құстардың мекені, тіпті табиғат өзі қоршаған нағыз қорығы деседе болғандай.
  6. Көлбастау. Бұрын бұл өңірді Ашонақы Тақыр деп қосып орналасқан жер, немесе Кіші Диқан деп те атала береді. Ашаноқы Тақыр – Қалмақ сөзі болса, Диқан – совет үкіметі тұсындағы жаңаша атау. Осы қос Диқанның ортасындағы қалың ши басқан өзекті Шиліөзек деген және Тәттібұлақ атты жер аты бар. Кіші диқанның бастапқы атауы Көлбастау дедік, кейін кешегі уақытқа дейін орталығы – Кеңес болып, «Октябрь» колхозы депаталады. Оған екі Диқан қосылып, Кіші Диқан селолық округіне бағынды. 90-жылдары «Октябрь» колхозынан «Көкбастау» ұжымшары бөлініп шықты.Көлбастау мен Кепебұлақ арасын Жіңішке дейді. Басы Шұбарталдан басталады. Шұбарталданәжептеуір бір бұлақ су ағатын, қазір тартылып қалды. Жіңішкенің тауға сұғынған жері қалың ұйысып өскен тал болатын.
  7. Кепебұлақ. Көлбастаудан кейін Кепебұлақ ауылы. Ауылдың үш түрлі атауы бар: Бөдеті, Ақши және Кепебұлақ. Бөдеті – мұңғұл сөзі, көне атау. Патша үкіметі тұсында мұндағы әр ру аталарды (Ағымсары, Бесшал, Шажа) бір-біріне қосып, бірболыс елдің құрамына кіргізеді. Ол-«Бөдеті» болысы деп аталыпты. Одан соң 1920 жылдарға қарай тағы «Бөдеті» селсоветі атанып, қазіргі ауылатын иемденетіні содан. Бұдан басқа Бөдеті тауы, Бөдеті өзені және ең үлкен Бөдеті жайлауы бар. Қанша қалмақ сөзі болса да, әлі күнге дейін сондағы көне атауларын жоғалтқан емес. Ақши дейтіні бұрын бұл маңайды қалың ши басып жатады екен. Колхоздастыру жылдарында халық осы жерге келіп орын тебеді. Ал Келебұлақ ежелгі атауы, әрі өзен аты. Кейінгі кездері ғанаауыл Кепебұлақ атанып, байырғы өз атына қайта көшті.
  8. Ачинохо. Қалжаттан бергі жер атауы – Қара-Тақыр. Тақыры түсінікті, қу тақыр, қуаң мағынасында дейік, ал Ачинохо қай ұлттың сөзі, қандай атау екенінен хабарымыз жоқ. Алайда бұл өңір «Ачинохо обалары » деген атпенен ғылымға белгілі ежелгі тарихи орындардың бірі. Жазықтағы кейде екі қатар ұзынынан-ұзақ созылған үйінді тастар шоғыры бір қауым жерге дейін созылып жатыр. Бұл туралы «Жетісу» энциклопедиясында: «Ашаноқы Кіші және Үлкен Диқан ауылдарына таяу жердегі обалар тобы. Оны 1956 жылы Жетісу архелогтары (Е. М. Агаеева) зертеп. 31 жерден 260-қа жуық төбені картаға түсірген. Ғалымдар шамамен б. з. б. – 1-ғасырдағы Үйсіндердің мекені болса керек деп жорамалдайды.» делінген. (619 бет.)
  9. Албан Арасан.Орта жазықтағы қара жол бойында үлкен арасан бар. Емдік қасиеті мол, суы шипалы. Суының жылылығы 46, 5 градус. Әсіресе асқазан ауруы мен буын сырқаттарына жақсы, мың да бір ем. Алыс-жақыннан арнайы келіп, осында он шақты күн немесе бір жеті жатып емделгендер бұрын да көп болған, қазір де көп. Кейінде мұнда шағын құрылыстар салынып, барлық жағдай жасалған. Соған орай ата әруағын сыйлап, баба рухына бас игендіктен бұл киелі мекен, қасиетті орынды әспеттеп «Албан aрaсaн» деп атапты. Былай қарасаң өте орынды, әдемі атау.
  10. Құлжаты с., Ұйғыр ауданы. Жергілікті тұрғындар бұл атауды Қолжат, Құлжат және Қалжат ІІ тұлғаларында айта береді. Ал орысша Кольжат деп картада жазылуына қарағанда ол картографтардың қате жазуы бойынша берілген болуы керек. Атаудың негізі құлжа деген аң атымен байланысты болса керек. Сол құлжа сөзіне көптік, молдық ұғымды білдіретін көне -ты жалғауы жалғанып, бастапқы кезде Құляжаты (Құлжалы) аталып, айтыла келе Құлжат боп қалыптасқан болар (ондай көне атаулар бұл маңайда жоқ емес, салыстырыңыз: Бұғыты, Сөгеті, т.б.). Осыған қарағанда Қолжат атауы әу бастағы «Құлжаты» атауындағы дауысты ұ дыбысының, еріндік дауысты о дыбысына алмасу салдарынан өзгерген болса керек. (Құлжалы) «Құлжаты» деп қазақша да, орысша да ұйғырша да атауға тиіспіз. Ендігі тілімізде әр халықтың ыңғайына қарап емес, мемлекеттік қазақ тілінде айту парызымыз. Сонда әңгіме көбеймейді.

 

Мақаланың өзегі

Ал қорытындылай келе, тау, жер-су атауларына байланысты, мақаланың өзегі неде екенін түсіндіре кетсек.

  1. «Үйсін тау жүйесі» деп атауын ауыстыру керек, қазіргі атауы – Кетпен, Ұзынқара, Кетмен.
  2. «Қарадала ауданы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Ұйғыр ауданы.
  3. «Батыр Әлмерек ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Шонжы ауылы.

Елді мекендер:

  1. «Қостөбе ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Шошанай ауылы. «Амансай өзені» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Шошанай өзені.
  2. «Өтейбойдақ ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Сүмбе ауылы.– «Жаңасай өзені» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Сүмбе өзені.
  3. «Қазақсай ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Қырғызсай, Киргизсай ауылы. «Қазақсай өзені» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Қырғызсай, Киргизсай өзені.
  4. «Хангелді батыр ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Үлкен Ақсу ауылы. Өзені – Ақсу.
  5. «Шолақ Ақсу ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Кіші Ақсу ауылы. «Шолақ Ақсуөзені» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Кіші Ақсу өзені.
  6. «Әулие шоқы ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Тиірмен ауылы.Өзені – Әулие шоқы. «Әйтім үңгірі» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Назугум үңгірі.
  7. «Байынқазақ ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Ават ауылы. «Байынқазақ өзені» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Ават өзені.
  8. «Сүтемген ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Ақтам ауылы. «Сүтемген өзені» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Ақтам өзені.
  9. «Көлбастау ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Кіші-Үлкен Дихан, Ачаноқы ауылдары, Жіңішке өзені, Шұбартал өзені.
  10. «Кепебұлақ ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Бөдеті ауылы, «Кепебұлақ өзені» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Бөдеті өзені, тауы Қосақбай. Қосақбай – Кетпен тауының ең биік жотасы.
  11. Сұңқар ауылы (Сұңқар), өзені, тауы.
  12. Кетпен, Кетменауылы (Кетпен), тауы, өзені.
  13. Ардолайты ауылы, өзені, тауы. Қазақша атау қажет.
  14. Дардамбы ауылы, өзені, тауы. Қазақша атау қажет.
  15. «Жамбас ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Добын ауылы. Сарыбұлақ өзені, Итемір қырғыны.
  16. «Құлжаты ауылы» атауына ауыстыру керек, қазіргі атауы – Қалжат ауылы, өзені, тауы.
  17. Шарын ауылы, өзені.
  18. Рахат ауылы.
  19. Тастықара ауылы, өзені.
  20. Бахар ауылы – Розыбакиев болған, бөлімшесі Қалған там. Қазақша атау Көктем ауылы. Ерте көктем келетін ауыл.
  21. Шырын ауылы, Шырын каналы.
  22. Ұзынтам

Кеңес үкіметі Ұйғыр ауданы 1935 жылы құрылғаннан бастап, мықты саясат жүргізген. Әртүрлі ұлттардың,  мықты деген жазғыштарының, ғалымдарының, тарихшыларының ой-пікірлеріне, топонимия-ономастика ғылымының майталман зерттеушілеріне жауап ретіндегі осы мақаламды жаздым. Қолдау көрсетіп, пікір білдіремін десеңіздер, әрдайым өздеріңмен біргеміз, ауылдастар!

 

Дәулет Сатыбалды,

Өлкетанушы, тарихшы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.