Ассамблеяға «тірі» қалу үшін батыл әрекет қажет

0
151

          Өткен жұмада Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Ж. Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М. Әзілханов, филология және лингвистика саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, Ассамблея мүшелері, этномәдени және бірлестіктерінің өкілдері қатысқан «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгресі өтті. Бір тамашасы конгресс түгелімен қазақша өтті.

Нұралиева Динара, Наргизам Махмұдова, Зүлфия Тайпова, Эмил Нурбеков, Эльнара Таштанова, Владимир Чепель, Трегубава Виктория, Телюс Валентина, Светлана Крюгер, Сабина Пак, Руфина Усановалардың қай-қайсысының сөзі де жаныңды жадыратады, рух береді, әрбір қазақты қуанышқа бөлейді. Жазушы Смағұл Елубай ағамыз «Мен үнемі бақытсыз күй кешіп жүретінмін. Екі сағатқа болса да бақытқа бөлендім» деп әзілдеп айтса да шынын айтты. Бүгін конгреске қатысып отырған сан түрлі этнос өкілдерінің жастары мемлекеттік тілді тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл өтсе де үйренбей, менсінбей жүрген қазақтардан бастап басқа этнос өкілдеріне өкпелері қара қазандай екенін ашына айтты, ойларын, ниеттерін батыл жеткізді. «Тыныштық, қоғамдық келісім керек, бірақ мемлекеттік тілді үйретуді міндеттеу қажет!» деп кесіп айтқан оларға қалай риза болмайсың!

Конгрестің бүгінгі тақырыбы көңілге қонымды болғанмен, ол арман күйінде қалып отырған жоқ па? Ақын Қазбек Иса «Мемлекеттік тіл туралы заң керек» деп үндей жариялағанын, оған 124 мың адам қол қойғанын тағы да айтып өтті. Бұлардың ішінде өзге этнос өкілдері де бар. Конгреске қатысушылар Қазақстан халқына Үндеу қабылдады. Қазбек Иса Үндеудің «жетінші бабы етіп мемлекеттік тіл туралы заң қажеттігін жазайық» деген ұсынысына Жансейіт Түймебаев мырза «я қосайық, я қоспайық» деп кесімді жауап бермеді. Егер ол қосылмаса үндеу «баяғы жартас бір жартас» дегендей, азусыз, «сен тимесең мен тимен» деген әлжуаз құжат болып қала беретіні сөзсіз ғой. «Ассамблеяны тарату керек!» деген үн, талап күшейіп келе жатқанда «тірі» қалу үшін бір батыл қадам жасау қажеттігін олар неге түсінбейді? Сұрақ сұрақ күйінде, арман арман күйінде қалып отыр. «Айта-айта Алтайды» дегендей айта-айта тілімізді бәріміз де қартайып барамыз-ау.

«Біз білім беру жүйесін, оның басты миссиясына қол жеткізуде барынша қолдауымыз қажет, яғни мектеп бітірген әрбір оқушы мемлекеттік тілді функционалдық сауаттылық деңгейінде меңгеруі тиіс. Сондықтан біз Тіл саясаты комитетінің Білім және ғылым министрлігіне берілуін құптаймыз» деген Үндеуде жазылған ұсыныс осыдан 30 жыл бұрын жүзеге асса, бүкіл Қазақстан халқы таза қазақ тілінде сайрап жүрер еді. Әзірге бұл арман ғой, арман!

 

                                                                                     Ертай Айғалиұлы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.