Халық өзі таңдаған Парламент қана қалаулы болмақ

0
224

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі кезекті парламент сайлауының мерзімін 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіледі. 20-ы қазанда Ақорда сайтында жарияланған президент жарлығына сай, мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауы бір уақытта, партиялық тізім бойынша өтеді. Қазіргі парламенттегі негізгі орынды бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы иеленіп отыр. Қалған орындар билікке жақын «Ақ жол» мен «Қазақстан коммунистік халық партиясына» тиесілі. Одан өзге «Ауыл», «Бірлік» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) тіркелген. Елде былтырдан бері бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, сайлауға қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады. Осыны алға тартқан оппозициялық күштер қазірдің өзінде: «Билік өзіне қарсы шығатын саяси күштерді сайлауға жібермей, ресми тіркеуден өткізбей, халықта ешқандай таңдау қалдырмады, сондықтан, бұл жолғы сайлау да өтірік әрі өлі сайлау болады», – деп дабыл қағуда. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда  көресің», – дегендей, сайлаудан кейінгі «қыжыл» бұдан да ащырақ, бұдан да у-шулы болары күмәнсіз. Қара аспанды жерге төңкерушілер қатарында партия құруға талпынып, одан тауы шағылған белсенділер Жанболат Мамай, «Алаш жолы» қозғалысын партияға айналдыруға күш салған Мақсат Ілиясұлы, «ХАҚ» қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева сынды азаматтар бар. Бұлар: «Сайлауға қатысатын алты саяси партияның барлығы – билік партиялары. «Nur Otan» өзі бір төбе болса, қалған бесеуі  соның фракциялары, бөлімшелері. Сондықтан ол жерде халықта таңдау болады, саяси партиялар арасында әділ күрес өтеді дегенге ешкім сенбейді. Сондықтан бұл – кезекті жалған сайлау болады. Оның елдің саяси өміріне өзгеріс әкеле қоюы екіталай. Өйткені, сайлауға қатысатын партиялар билік құрған саяси жүйеге қарсы шыға алмайды. Ал қарсы шығатын саяси күштерді билік сайлауға жібермейді, ресми тіркеуден өткізбейді. Ең өрескелі,азаматтардың сайлану құқығы да, сайлау құқығы да шектеліп, халық таңдау құқығынан айырылып отыр. Ондай науқанда қандай әділдік болуы мүмкін?» – деген уәждерін алға тартады.

Саяси ойынның қыр-сырына қанық аузы дуалы саясаткерлер мен кәнігі сарапшылар пікіріне құлақ түрсек, талай нәрсенің басы ашылып қалатын сыңайлы. Мәселен, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов: «Билік партиясы «Nur Otan» 2019 жылғы президент сайлауынан кейін және қазіргі экономикалық жағдайдың әлсіреуіне байланысты үлкен дағдарысқа ұшыраған. Халық ішінде билікке, саяси жүйеге, «Nur Otan-ға» сенімсіздік бары да рас. Меніңше, «Nur Otan» рейтингі соңғы кездері жарияланып жүрген әлеуметтік сауалнамадағы рейтингтерден әлдеқайда төмен, ол рейтингтер халықты сендіру үшін жасалып отыр деп ойлаймын. Елде белсенділер депутаттарды партиялық тізіммен емес, мажоритарлық жүйемен сайлауды талап етіп келеді. Бірақ билік бұл талапқа құлақ асқан жоқ. Сосын дауыстарды бұрмалап, 80-90 пайыз жазып алатын заман келмеске кеткен, халықтың саяси белсенділігі де бұрынғыдан жоғары. Бұл «Нұр Отанға» бұрынғыдай бәйгені шаппай алуға үлкен кедергі болуы әбден мүмкін. Қазіргі жағдайда  Қазақстан онлайн дауыс беруге техникалық жағынан да, заңдық жағынан да дайын емес», – десе, саясаттанушы Досмұхамед Көшім: «2016 жылы өткен сайлауға қатысқан үш партия (Nur Otan, «Ақ жол», Қазақстан коммунистік халық партиясы) ғана сайлаушылардың 7 пайыздан астам дауысына ие болды әрі бұл сайлауда көппартиялы парламент жасанды түрде құрылды. Бұл үш партия да президент аппаратының рұқсатымен құрылған. Коммунистік партия 5 және 6 шақырылымда 7-8 пайыз дауыс жинап өтті. Ал кейінгі президент сайлауында коммунистік партия өкілі 1,82 пайыз дауыс жинады. Қазір парламентте оппозиция жоқ, алайда кейіннен саяси аренаға оппозициялық партиялар келсе, соларға белгілі бір деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.Бұл – болашаққа арналған заң. Қазіргі кездегі партиялардың біреуі «мен оппозиция рөлін атқарамын» десе, ол – алдау, спектакль. Саяси оппозициялық күш жоқ кезде бұл заң күшіне енбейді. Мұны 10-20 жылдан кейін Парламентке оппозициялық партия кірген кезде пайдалануға болады. Бұл – дұрыс бастама. Бірақ, бұл заң алдағы бес жылда күшіне енбейді. Сосын мен әйелдер мен жастарға берілген квотаны демократияның белгісі деп санамаймын. Кеңес үкіметі кезінде осындай квота болды. Шаруалар, жұмысшылар, зиялылар, әскерилер болу керек деп бөліп қойды. Олар қандай заң талқыланып жатқанын да білмей, құр отыратын. Міне, квота деген осы. Парламентке саяси дайындығы бар, саяси жұмыс істеген адамдар барады. Ол әйел бола ма, шал бола ма, ол маңызды емес. Тіпті парламентте 99 әйел отыруын да құп көрем. Алайда олардың барлығы саяси әлемнен хабары бар болуы керек қой. Неге 30 пайыз болу керек? Бұл адам құқығын шектеу, квота деген адам құқығына қарсы іс-қимылдың бір түрі. Еуропа мен Америкада әйел мен ерді теңестіру үшін күрес жүрді. Ал бізде баяғыдан әйел мен ер адам тең. Бізге ондай жасанды квотаның қажеті жоқ. Жасанды теңгермешілік ешқашан нақты нәтижесін бермейді. Квота бізді дүние жүзіне масқара қылды. Бұл – өте нашар қадам. Ойланбай қабылданған шешім. Бұл бізде әйелдерді төмендету бар дегенді мойындау. Бірақ бізде ондай жоқ. Мұны енді заңға кіргізді. Енді партиялар ішіне әйелдердің санын 30 пайызға  жеткізу үшін мәжбүрлі түрде әрекет етеді. Мәжілісте 107 депутат бар, оның 98-і саяси партиялардан сайланады. Ал қалған тоғыз депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.Қазақстан халқы депутатты ұлты мен жынысына емес, тәжірибесі мен біліктілігіне қарай сайлайды. Ал, Ассамблеясының 9 мүшесі ұлты ұйғыр, корей болғаны үшін ғана депутаттар қатарында отыр. Бұл ұят. Басқа ұлт өкілдері тек Ассамблея арқылы депутат болып отыр деген көзқарас пайда болады. Салдарынан қазақ өзінің ұлтынан басқа ешкімді қолдамайтын жаман халық болып көрінеді. Сол себепті шетелдіктерге Қазақстан халқының біліктілігін жоғары бағалайтынын дәлелдеу мүмкін емес», – дейді.

Ал саясаттанушы Самат Нұртаза: «Партия неғұрлым көп болса, демократия соғұрлым кеңейе түседі деген қате ұғым. Қырғызстанда партия көп, бірақ соның нәтижесінде халық жұмаққа кіріп кетті дей алмаймын. Сонымен қатар 1-2 партия деген де аз. Либерализмге жол ашатын уақыт жетті. Бізге парламенттік оппозиция керек. Парламенттік оппозиция деген жамандау емес, ол биліктің кемшіліктерін ашық айтып, ой қосу. Оппозицияның пікіріне құлақ асудың нәтижесінде халық ұтады. Билік өзара жаға жыртысып, атажау болуының қажеті жоқ. Бастысы екеуі ақылдасып, бір-бірінің қатесін түзеп, халық жақсы өмір сүруі керек. Әйелдердің билікке келуі елдегі отбасылық, тұрмыстық мәселені шешуге жағдай жасайды. Ал жастар баспана алу мәселесін көтеруі мүмкін. Әйел адам отбасы жағдайын ер адамға қарағанда жақсы түсінеді. Сол секілді баланың, жалғызбасты аналардың жағдайын әйелден басқа артық ешкім түсіне алмайды. Әйел адамдардың, ханымдардың билікке қол ұшын тигізгені дұрыс. Енді жалғызбасты аналардың жағдайын түзеуге, оларды жұмыспен қамтуға жағдай жасалады деген сенім бар. Өз басым Парламентте әйел мен жастардың үлесі 40 пайыз болса да артық болмайды деп есептеймін. Онда табан аудармай 10-15 жыл отырған  Қуаныш Сұлтанов, Владислав Косерев секілді депуттаттар орындарын жастарға босатып, оларға ақсақал ретінде ақыл айтып, кеңес беріп отырса жарасады.  Енді сол екі кісінің орнында жалындаған қыз-жігіттер отырса, қоғамға олардың пайдасы әлдеқайда көп болмақ. Жас отбасылар баспана болмауы кесірінен жиі ажырасады. Бұл мәселені жастардың өзі көтерсе, құба-құп. Сайлау нәтижесіне келсек, меніңше, «Nur Otan» 73-74 пайыз дауыс жинаса, екінші орынды  «Ақ жол» партиясы алуы ықтимал. Ауыл-аймақта бұл партияға бүйрені бұратындар көп, себебі, ақжолдықтар халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді жиі көтеріп жүр. Ал соңғы орында коммунистік партия қалатын сынды. Себебі, бұрын коммунистерге дауыс беретін ескі көздер бар еді, қазір ақсақалдар жыл сайын азайып жатыр. Сондықтан жаңа буын коммунизмнен аулақ болғандықтан, жастар  бұл сайлауда коммунистерге бұрынғыдай дауыс бермейді деп ойлаймын. Ал, сайлаудың заңды түрде өтетініне сенімдімін», – дейді.

Бұлардың қайсысының уәжі шын болып шығарын алдағы сайлау нәтижесі көрсетеді.

 

Дайындаған – Ермек Сахариев

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.