Шәкәрім қажы мұраларындағы қолжазбалар сыры

0
314

Ұлы Абайдың інісі  Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақтың маңдайына біткен бақ жұлдыздарының бірі. Шәкәрімдей ұл туғанына біздің қазақ қалай мақтанып, марқайса да болады. Абай ілімін онан ары сабақтап, Абай ізін адалдықпен, асқан тектілікпен жалғаған Шәкәрім қажы әлемдік деңгейдегі ірі тұлға, ғұлама ғалым. Алағай да бұлағай заманда жетпіс үш жыл дәурен сүріп, асыл сүйегі он жыл құр құдықта жатып, қисапсыз мұралары қырық жылдан кейін ашылған данышпанымызға біз қарыздармыз. Шәкәрім мұралары – біздің ұрпақты адастырмас ұлы даңғыл. Шәкәрімге қандай көркем сөз де теңеу бола алмайды. Тәуелсіз Қазақстан әлем жұртшылығы алдында кібіртіктемей, батыл түрде Абайымен, Әлиханымен, Мәшһүрімен, Ахметімен, Шәкәрімімен мақтана алатын алтын ғасыры туғалы да ширек ғасырдан асып барады. Мақтана алу үшін аталған ұлы ұстаздарымыздың асыл сөздері санамызға сақталып, жадымызда жатталып, алпыс екі тамырымызға толықтай енуі тиіс. Сонда ғана біз құр сөзбен емес, ұлт көшінің басындағы алыптарымыздың рухымен шынайы үндесе аламыз. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, өткендердің рухы шарпыған халық қай ғасырда да ешкімнен өгейлік көрмейді. Ешкімнің алдында еңсесі түспейді. Бүгінгі «рухани жаңғыруымызға» кедергі болып тұрған да өзге емес, ел бастаған серкелердің мұралары мен өсиеттерінде сақталған ұлттық кодты аша білмеуіміз болып отыр.

1988 жылы Шәкәрім ақталғаннан кейін қазақ зиялылары тез арда ғұлама мұраларын жиып-теріп, баспадан шығару істерін қолға алады. Шын мәнінде Шәкәрім қажы бұл күнде толықтай ақталды. Қазақтың рухани көшбасшы екені, озық ойлы ғұлама екені мойындалды. Шәкәрім атында университеттер, көшелер, мұражайлар ашылды. Бұл әрине ұлтымыздың ұлы қуанышы. Кітаптары бірнеше қайтара басылып, энциклопедиясы шығарылды. Айта берсек, Шәкәрім жөнінде көңіл тоғайтар көп жұмыстар істелді.

Біз бүгінгі жазбамызда Шәкәрім қолжазба мұралары туралы тоқталамыз. Ғылымда «түпнұсқаның» (оргинал) маңызы ерекше. Бір ғана мысал, «Күлтегін бітіктасындағы» (ескерткішіндегі) өсиеттерді біз түпнұсқадан тікелей оқи алмасақ та, баба сөзі жазылған сол тасты көзбен көріп, қолмен ұстап, құшақтап, арқа сүйеудің өзі – көшірмені оқығаннан кем түспейтін көңіл-күй сыйлары анық. Осы тұрғыдан алғанда әрқандай мұраны түпнұсқадан зерделеу, мұра иесімен үндестірері, тілдестірері, тіпті жазба авторының жан дүниесін терең түсіндірері даусыз.

Қазақстан республикасы Білім және Ғылым минстрлігі Ғылым комитетіне қарасты «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында ғұлама ғалым, Шәкәрім Құдайбердіұлы еңбектеріне қатысты әр түрлі адамдар жағынан жазылып, жинақталып, қорға тапсырылған 26 дана қолжазба (дәптер) бар. Сондай-ақ 1912 – 1925 жылдар арасында шыққан төрт көне кітабы сақтаулы тұр. Қолжазбаларды тапсырушылар еліміздің әр түкпірінен Шәкәрім қажының мұраларын жинауға атсалысқан тұлғалар. Қолжазбалар  араб, латын және қазіргі қазақ (крилл) жазуларымен жазылған. Басым көпшілігі араб жазуымен (А.Байтұрсынұлының төте жазуы) хатқа түскен. Жазылып, жинақталған уақыттарының және қолданған әліпбидің ұқсамауына байланысты, ғалым мұраларының бір-бірімен азды-көпті айырмашылықтары да бар. Хатқа түсірушілердің жазу көркемдіктері де әр түрлі болып, кейінгі кездерде Шәкәрім еңбектерін қадағалап баспадан қайта шығару барысында, түпнұсқадан ауысып кеткен тұстары да бар болуы әбден мүмкін.

Шәкәрім еңбектерінің қолжазбаларының қай-қайсысы да құнды мұралар саналады. Солардың ішінде Қ – 1588 (15 дәптер қамтылған); Қ – 1616;  Қ  –1620, № 1; Қ – 1623қолжазбалардың бізге бергені де берері де мол.  Ал «Шәкәрім қолжазбалары» (Қ – 1588, № 16) деген атпен қорымызға түскен көлемі 109 беттен тұратын үлкен дәптердің Шәкәрімтануда алар орны ерекше. Себебі, бұл жазбада ғұламаның ғұмырының соңына таман жазылған, парасаты кемеліне келген кезде тұжырымдаған философиялық ойлары жинақталған. Бұл көлемді қолжазбаны қорға кім, қай жылы жазып, тапсырғаны туралы мәлімет жоқ. Дегенмен, тағы да 1958 жылы Ахат Шәкәрімұлы жазып тапсырған  «Ш. Құдайбердиев шғармалары» ( Қ  – 1620, № 1) атты, көлемі 286 беттен тұратын қолжазбамен салыстырып көрсек, жазуына, жинақтау стиліне  қарап бұл нұсқаны да Ахат жазып, тапсырған деп тұспалдауға болады.

Атай кету керек, бұған дейінгі Шәкәрім қажының еңбектерін бастыруда ғалымдар бұл қолжазбаларды керегінше пайдаланған. Дегенмен, қадағалауда қалыс қалып қалған дәптерлер де жоқ емес. Бүгінге дейін Шәкәрім Құдайбердіұлының төл қолтаңбасымен жазылған жазбалар сирек кездеседі. Ал ғұмыр бойы әке мұрасын заман дауылының өтінен аман алып қалған ұлы Ахат (Ақымет. – қолжазба бойынша) Шәкәрімұлы өзінің маржандай жазуымен бірнеше дүркін қорға өткізген қолжазбалардың орны бөлек.

Ауызша таралған әдеби мұралардың нұсқаларында азды-көпті айырмашылықтар болатыны сияқты, қолдан-қолға көшірген, немесе айтушылардың естерінде қалуынша қайталай жырланған нұсқалардың бәрінде автордың төл нұсқасынан айырмашылықтар болып жататыны заңды құбылыс. Алайда, баба мұрасын баладай баптай білетін жеткізушілер ондай жазбаларға өз тарапынан келсе-келмес мазмұндар қоса бермейді. Осыларды ескергенде, бүгінге дейін Шәкәрімнің мұраларының ауқымы жиналып, кітап болып шығып, оқырманына жетіп жатыр деп салғырт қарауға болмайды. Шәкәрім қажы ел тарихының өсу барысында тоқтаусыз зерттеліп, ғылыми айналымға түсе беруі керек.

Бір ғана мысал, ОҒК Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында «Қалқаман-Мамыр» дастанының «Шәкәрім жырлаған» деген қолжазбаның өзінен 11 нұсқа бар. Осы он бір нұсқа бір-бірімен жалпы жақтан ұқсас болғанымен, ішінара өзгешеліктері бірден көзге түседі. Тіпті, автор өзі жырлаған «Еңлік-Кебек» дастанындағы кейбір өлең жолдары «Қалқаман-Мамырмен» ауысып кеткен жайттар кездеседі.Оның үстіне айналасы жарты ғасыр ішінде үш рет әліпби ауыстырған «жазу жағынан бақытсыздау» халықтың  тұрғыснан алғанда, қолжазбатануда тудырар қиындықтардың көп екені белгілі. Төтеше (арабша), латынша, кириллше­ үш нұсқада жазылған қолжазбаларды үтір-нүктесіне дейін қарап, салыстыру да қалам иелерінен үлкен қажырлылықты талап етеді.

Аталған қорда «Еңлік-Кебек» дастанының «Шәкәрім жырлады» деген нұсқасының өзінен төрт қолжазба бар. Оның үшеуі латын әрпімен, біреуі төтеше жазумен жазылған. Біз осы төрт нұсқаны шамаша салыстырып көріп бірталай айырмашылықтарды байқадық. Сондай-ақ, осы үш қолжазба нұсқаны 1988 жылдан 2008 жылға дейінгі аралықта баспадан шыққан Шәкәрім кітаптарындағы нұсқалармен салыстырып көрдік. Сондай-ақ, ғалымның көзі тірісінде Семейдегі Ярдам (Жәрдем) баспасынан 1912 жылы басылып шыққан «Жолсыз жаза иәки кез болған іс (Еңлік-Кебек)» атты кітабімен де салыстыру жасадық. Осы барыста мыналарды байқадық:

  1. 1988 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Шәкәрім» атты кітаптың соңына жазған шағын түсінігінде М.Мағауин осы кітапқа енген «Еңлік-Кебек» дастанын Семейдегі Ярдам (Жәрдем) баспасынан 1912 жылы басылып шыққан «Жолсыз жаза иәки кез болған іс (Еңлік-Кебек)» атты кітаптан өзгеріссіз алғанын, соңына қолжазбадан (Қ–1588, № 2) екі шумақ қосқанын айтады. Сондықтан біз қазірге дейінгі көптеген қолжазбалар мен бірнеше рет басылып шыққан Шәкәрім кітаптарының ішіндегі автордың өзінің төл нұсқасына ең жақыны осы аталған екі кітап деп қарадық. Ал қордағы аталған қолжазбаларда осы екі кітаптағымен салыстырғанда бірнеше шумақ кем.
  2. Автордың 1912 жылғы шыққан кітабының титул бетінде берілген «Еңлік-Кебек» оқиғасы туралы шағын көзқарасы 1988 («Жалын» баспасы), 2008 жылғы («Жібек жолы») кітаптарында берілген. Басқа кітап болып шыққан нұсқаларда да, қолжазбаның төрт нұсқасында да берілмеген.
  3. Дастан басталардан бұрын жазылған «Әңгіме алдындағы аз сөз» деген 24 шумақтан тұратын бөлегі латын әрпімен жазылған қолжазбаларда берілмейді, берілсе де толық емес. Ал, Күмісбек тапсырған төтеше нұсқада берілген. Бірақ, «Қалқаман-Мамырды» бастар алдындағы шумақтармен ауысқан шумақтар бар.
  4. Қолжазбаларда автордың түпнұсқасына жақын деп танылған кітаптан 13 шумақ кем болып келеді. Дегенмен, дастанның ұзын ырғасы, мазмұны үлкен өзгеріске ұшырамаған.
  5. Аталғандай кемшіліктер бар болғанымен, қолжазбалар арасында бірінде жоқ шумақтар бірінде кездеседі. Ал 1988-2008 жылдар арсында ілгерінді-кейінді бес рет басылып шыққан кітаптарда дастан шумақтарының тең еместігі көзге шалынады.
  6. Өлең тармақтарында сөздердің ауысып келуі, кей сөздің орнына синонимдерді қолданылған. Дегенмен ол мазмұндық айырмашылық тудырмайды.

Қарап отырсақ, бұлар тек бір ғана дастанның кітап және қолжазба нұсқаларында кездесетін айырмашылықтар. Қордан табылған, Шәкәрім жырлаған «Еңлік-Кебек» дастанның төрт нұсқасы осындай ерекшеліктерін көрсетіп отыр. Ал бір кітапхана қорында кезігетін «Қалқаман-Мамырдың» он бір нұсқасын жіңішкелікпен салыстырып шықсақ, талай өзгешеліктердің кездесетіні сөзсіз.

Қолжазбаларды салыстыра зерттеудің мақсаты – әр нұсқалар арасындағы айырмашылықты тауып, саралай отырып, ғылыми тұрғыда бағасын беру, сұрыптай отырып, ғылыми айналымға енгізу болмақ. Қолжазбалар қорындағы сарғыш тартқан аса мол мұралардың ішінен бір ғана Шәкәрім қажының еңбектерінен осыншама мол көшірме нұсқаның табылуы ұлт ғұламасының ақталмай тұрған кезінің өзінде туған халқының ол кісіні қаншама құрмет биігіне көтергенін, ел ішіндегі игі-жақсылардың ғалымның мұраларын ұрпақ санасына сіңіруге, бүгінгі бізге аман жеткізуге талпынғанын көрсетеді. «Қалқаман-Мамыр» және «Еңлік-Кебек» дастанын тоқтаусыз көшіріп, Шәкәрімнің қолтаңбасын ұрпақтарға табыс етуге құлшынған ақ ниетті адамдардың еңбегі тәнті етеді. Ұлы тұлғаларды тануда олардың еңбегінің қадір-қасиетін көтерген, замана дауылынан аман сақтап жеткізген, кітап қорларына табыс еткен тұлғаларға бүгінгі тәуелсіз елдің ғылыми ортасы лайықты бағаларын берулері керек. Көне дәптерлерге көз жасын, маңдай терін, мұраларға деген сүйіспеншілігін сіңірген жазармандардың рухы бейіште шалқысын.

Ал сөзіміздің басында айтқанымыздай, әлемдік деңгейде терең философиялық, психологиялық мұралар қалтырған, жантану ілімін тереңдеткен ғұлама Шәкәрім Құдайбердіұлының мұралары түгенделіп, зерделене беруі тиіс. Өзі айтып кеткендей «діншіге де, пәншіге де ұқсамайтын анық ілімін» ұлттық ғылыми танымның бағдарламасы етер болсақ, тура жолдан адаспаймыз.

 

Ахмет Әділет,

ақын, орталық ғылыми кітапханасы

сирек кітаптар, қолжазбалар және

ұлттық әдебиет бөлімінің қызметкері

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.