Сәуле Мешітбайқызы оқырмандармен кездесті

0
222

Қарашаның 10 күні “Qazaqstan dauiri” халықаралық, қоғамдық-саяси газеті, “Мөлдір бұлақ” журналының және “Ел ана” сайтының бас директоры, Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы Жамбыл облысы Жуалы ауданына келіп, оқырмандармен кездесу өткізді.

Тағылымды кездесуді аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, жүргізіп отырды.

Сөз тізгінін алған Сәуле Мешітбайқызы басылымның орны мен рөлі, елдегі жағдай туралы әңгімеледі.

– Менің негізгі мақсатым – ізгілікті, жақсылықты жазу арқылы халықтың рухани кемелденуіне үлес қосу, жақсы мен жаманды айта келіп, дұрыс бағыт-бағдар беру.

Биылғы жылы еліміз қиын жағдайды бастан өткізуде. Яғни, бұл індет тек біздің халықтың басында ғана емес, бүкіл әлемде орын алып отыр. Бұл уақытша сынақ. Алайда сақ болуымыз керек. Қазақ ынтымақшыл, кең пейілді, дана, текті халық. Біз, бүгінгі жас ұрпақ сол жолмен жүруіміз керек. Бар нәрсенің қадіріне жетіп, бағалай білейік.

Ең бастысы елдің амандығы, тұтастығы. Барлығымыздың еңбегіміз осы мақсат-мүдде жолында болуы керек.

Ниетімізді, жүрегімізді таза ұстауымыз керек. Әр нәрсенің жақсы жағы мен жаман жағы бар. Оны сезіне, түсіне білу керек.

 

 

Айналайын, бауырларым! Алда үлкен саяси науқан сайлау келе жатыр. Оған аса мән беруіміз керек және белсене атсалысуымыз керек. Мұның барлығы елдің келешегі үшін аса қажет.

Баспасөз – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Бұл өте үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікті абыроймен атқару – біздің міндетіміз.

Біздің ең үлкен қасіретіміз – әлеуметтік желі. Менің бұл мәселе жөнінде “Ел боламын десең, әлеуметтік желіңді түзе”, “Әлеуметтік желінің қаһары мен әлегі” деген мақалаларым жарияланды. Себебі, қазір үйінде отбасына дұрыс тәрбие бере алмай отырғандардың кез келгені әлеуметтік желіде батыр, ақылшы болып кетті. Өзі мынадай індеттен шаршап жүрген халыққа әлеуметтік желінің әлегі өте көп. Біз итің жаман десе намыстанатын халықпыз. Әлеуметтік желіні мен үнемі қарап отырмын. Бұл – менің міндетім. Себебі, мен халыққа дұрыс бағыт-бағдар беруім керек. Ол менің аналық, перзенттік парызым.

Ел боламын деген ел руханиятына шектеу қоймайды. Қазір қоғамда газет-журналдарға жазылмаймыз деген пікірді айтатындар бар. Бұл дұрыс емес. Болашағын ойлаған әрбір азамат газет-журналдарға жазылу керек, оқу керек.

Жастардың шығармашылық қабілеттері, қасиеттері осы газет-журанлдарымыз арқылы қалыптасады, дамиды. Халықтың рухын көтеруде басылымдардың орын ерекше,- дей келіп, Сәуле Мешітбайқызы “Қазақстан дәуірінің” ерекшеліктеріне тоқталды, халықты газет-журналдарға жазылуға шақырды.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев, аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Назиля Мәдібекқызы сөз алып, “Қазақстан дәуірі” газетінің өзіндік ерекшеліктері жайлы айтып, алғысын білдірді. Газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру туралы жақсы айтты. Ұлтымыздың жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек екенін жеткізді. Бұл мәселе тұрғысында қазақ зиялыларына ұлт болмысының жаңа қағидаттарын қалыптастыруға, ұлт сапасын арттыруға атсалысу қажеттігін тапсырды. Бұл әрине – ортақ міндет. Жалпы зиялы қауымға, қазақ баспасөзіне де жүктелген міндет. Әңгіме төркіні осыны меңзеген тағылымды кездесудің оқырманға берері мол болды.

Перизат Шымыртайқызы,

“Жаңа өмір”

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.