Қараусыз қалған Шаймағанбет мешіті

0
110

Қызыл империя кезінде ислам дінін құбыжық етіп көрсетіп, мешіттерді қиратып немесе Алланың үйін қоймаға айналдырып, шошқаны қамап, ишан, молдаларды халық жауы деп соттап, итжеккенге айдап атып, асып Мәскеу қазақ жұртына, мұсылмандарына бұрын-соңды көрмеген қорлық, зорлық-зомбылық көрсетті. Сыр өңірінде де осындай сойқандар болды. Қорқыт бабамыздан бастап Қалжан ахун, Шаймағанбет ишан, т.б. мешіттерді де бұзып, қиратып, қой, сиыр қамап, елді діннен бездіргісі келді. Шүкір, Тәуелсіздігіміз келіп, дініміз ай нұрындай шұғыласын төкті, мыңдаған мешіттер салынды, ишан, молдаларымыз ақталды. Әсіресе қираған, құлаған мешіттер қайта тұрғызылып, ел игілігіне пайдаланылуға берілді.

Біздің Жалағаш ауданындағы 4 ауылды негізінен шөмекейлер мекендейді. Жаңаталап ауылынан шетқақпайлау ескі қорымның шетінде Шаймағанбет мешіті бар. Сол қорымға інім Нартай інім ертіп барды. Бұл мешіт туралы аңызға бергісіз әңгімелерді көп естігенмін. Сол аңыз мешітті өз көзіммен тұңғыш рет көргенімде көңілім құлазып қалды. Тақтатаста: «Ишан мешіті. ХІХ ғасыр. Ескерткіш мемлекет қорғауында» деп жазылған. Мешіттің қабырғалары қаусап құлайын деп тұр. Шатыры ортаға опырылып түскен. «Бұларың қалай? Үш ғасырды бастан кешкен қасиетті мешітті, ескерткішті неге мұндай күйге ұшыратқансыңдар? Көп болып қолға алып, жөндеуге болады ғой» деп ініме кейідім. Көрші Мақпалкөл ауылында тұратын шежіреші, ел тарихын терең білетін, құймақұлақ дана қарт Өміртай Кемелұлының үйіне бет алдық.

Өміртай ақсақал шынында да білгір, шешен, шежіреші екен. Біздің қойған сұрағымызға іркілмей жауап берді.

– Шаймағанбет ишанның үлкен әкесі Ақмырза. Байболаттан тараған ұрпақ. Ақмырза да мешіт ұстаған. Өте сұлу кісі болған. Әппақ болып киінеді екен. Кейін өзбектердің көз сұғынан қайтыс болыпты. Әкем Кемел Шаймағанбеттің екінші әйелін алған. Одан мен дүниеге келіппін. Ыдырыс – Шаймағанбеттің баласы. Тәуелсіздік алған кезімізде Қызылорда қаласындағы Айтбай мешітінде имам болды біраз жыл. Ал Шаймағанбет мешітін Ниетбек Қаратал салған. Ол кісі Шаймағанбетке қол беріп, пір тұтқан. Кейін Кеңес өкіметінде Шаймағанбет мешітіне қызылдар мал қамаған. Бұл мешіттің айналасында жайлау болып, ел қоныстанған. Ыдырыс жездеміз соғысқа қатысқан. Өлең шығаратын. Ол кісіден көп дүние қалған. Ескі кітаптары көп еді. Ол рухани дүние қай баласында қалғанын білмеймін. Шаймағанбет те ұзын бойлы, ақ шапанды, сәлделі сұлу кісі еді. Оның мешітіне күн сайын кемінде 40-50 ірілі мал түсетін. Солардың бәрін кедей-кепшікке бөліп беретін. Жоқшылық, аштық кезінде мешіт халыққа зор қызмет еткен. Мешіттің қазіргі күйі шынында да адам аярлық халде. Енді оншақты жылда түбірімен жойылып кете ме деп қорқамын…

Иә, бізде мемлекеттің қамқорлығында болса да қараусыз қалған мешіттің болашағын ойлап күйзелдік. Мемлекет қамқорлық жасамаса да осындағы оның ұрпақтары, қалың ел, азаматтар, ақсақалдар қайда қарап отыр? Біз ол кісілердің немқұрайлығына таң қалдық. «Ештен кеш жақсы» дегендей халайық, ел игілігіне қызмет еткен, үш ғасырдың жүзін көрген, бабаларымыз Аллаға мінажат еткен бұл мешітті қайта көтеруге атсалысайық. Бұл біздің тарихымыз ғой, қадірлі ағайын!

 

Ертай Айғалиұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.