Жер – қазақтікі, ал пайдасы – шетелдікі

0
62

Бұл мәселе жуықта Сенатта көтеріліп,  бір топ депутат Премьер-Министрдің атына хат жолдап, елдегі шетелдік инвесторларға жер қойнауын пайдалану құқығын қайта сататын делдалдардың әрекетіне тыйым салу қажеттігін талап еткен еді. Сол сенаторлардың бірі Нұрлан Бекназаров өз сауалында: «Жер қойнауын пайдалануға, оның ішінде шетелдік компанияларға берудің транспаренттік емес механизмін құру әрекеті қоғамды әлеуметтік шиеленістерге әкелуі мүмкін. Бүгінде елімізге тартылған инвестициялардың жартысынан көбі мұнай-газ секторына тиесілі. Сондықтан еліміздің бірқатар аймақтарында мұнай-газ саласының ұйымдары әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа, жұмыспен қамтуға және халықтың кірістерін қалыптастыруға айтарлықтай елеулі қолдау көрсетіп келеді. Оның үстіне мұнай секторы ұйымдарынан алынатын тікелей салықтар – Қазақстанның Ұлттық қорын қалыптастыру көздерінің бірі. Осылайша мұнай-газ секторының барлық аспектілерін реттеудің ашықтығы, атап айтқанда, жер қойнауын пайдалану құқығын беру мәселелерінің өзектілігі жоғары болып тұр. Энергетика министрінің бұйрығы бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар өткізу қағидалары бекітілген. Кодекс қабылдағаннан бергі 2,5 жылдан астам уақыт ішінде Энергетика министрлігі оны іске асыру үшін қажетті нормативтік құқықтық актілерді дайындады. Бірақ осы уақыт аралығында көмірсутектер саласында бірде-бір конкурс өткізген жоқ. Осылайша, конкурс үшін жер учаскелерінің жасанды жетіспеушілігі қалыптасып, нәтижесінде ел аймақтарына тартылатын инвестиция көлемі айтарлықтай төмендеді. Министрлік қабылдаған ережелерде іс жүзінде қатысушыларға ашық емес және тең емес жағдайлар жасалып, кәсіпкерлер үшін заңнамада көзделмеген шектеулер орын алған. Қабылданған ережелер Президенттің ашық Үкімет туралы, халықтың ақпаратқа қол жетімділігі, сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында мемлекеттік ресурстарды қоғамдық бақылау туралы тапсырмаларына қайшы келеді. Сонымен бірге Ережеде көп мәселелердің басы ашылмаған күйі қалған немесе олар өте қысқа және түсініксіз, әсіресе рейдерлік проблемаларын болдырмауға немесе азайтуға бағытталған ережелердің жоқтың қасы. Техникалық ақаулар мәселелері жеткілікті түрде реттелмеген, ішкі қайшылықтары де жеткілікті.Электрондық аукциондардың операторы ретінде жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы бар коммерциялық ұйым таңдалды және оған мемлекеттік функциялардың бір бөлігі сеніп тапсырылды, бірақ, оны беру заңмен қарастырылмаған. Сонымен бірге, оператор алдын ала сатыларда (өтінімдерді қарау және тіркеу және т.б.), сондай-ақ аукцион кезінде болуы мүмкін теріс іс-әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылмайды, яғни бұл — оператордың қандай заңбұзушылыққа барса да өз еркі деген сөз. Ондай кезде операторды сыбайлас жемқорлық мақсатында құқық бұзушылыққа барған қылмыстық іс-әрекеті үшін жауапкершілікке тарту да күмән тудырады. Осылайша, мемлекеттік органдардың басқару шешімдеріндегі және көмірсутектер бойынша электронды аукциондар өткізу туралы шешім қабылдаудағы кемшіліктер потенциалды және шынайы инвесторлармен спекулятивті келісімшарттар ұйымдастыратын түрлі делдалдық және рейдерлік компаниялардың жандануына себепші болған. Егер биік мінберде қабылданған осынау қағидаларды қазіргі нұсқада қалдыру — мемлекет үшін миллиондаған доллар кіріс алмау, ашық блоктарды делдалдардың қолына беру және соның салдарынан шетелдік компаниялардың біздің елдің экономикасына инвестиция салуға деген қызығушылықтарын жоғалту дегенді білдірсе керек. Осыған орай біз, сенаторлар — Нұрлан Бекназаров, Қанатбек Сафинов және Ләззат Сүлеймен Үкімет басшысына сауал жолдап, Бас уәзірден ең маңызды табиғи ресурстарды беру бойынша электрондық аукциондар өткізу кезінде қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мақсатында ондай елдік мүддені қамтитын, стратегиялық маңызға ие ауқымды шараларға білікті сала сарапшылары мен қоғам жіктерін тарту қажеттігін  талап етеміз», – деп жазды.

Шындығына келсек, сенатордың ел мүддесін қорғап шырылдауы тегін емес, оның негізі бар. Өйткені еліміздегі мұнай-газ секторындағы меншіктік үлес салмағы біздің емес, шетелдік компаниялардың пайдасына шешіледі. Сосын кешендерді сату, өнімдерді өткізу бойынша келісімдер «бармақ басты, көз қыстымен» өтіп, одан мемлекет қазынасына соқыр тиын пайда түспесе, сол шараларды ұйымдастыруда делдалдық қызмет көрсеткен жекелеген тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топтар ырғын табысқа бөгіп жатады. Қазіргі таңда бұл жасырудан қалған шындық.

UNCTAD сарапшыларының болжауы бойынша, биыл Қазақстан бар-жоғы 1 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тартпақ. Оған әлемдегі коронакризис, инвесторлардың болашаққа сенімсіздікпен қарауы және мұнай бағасының құлдырауы себеп болған.Ұлттық банк мәліметінше, былтыр елге келген тікелей инвестициялар көлемі 6,5 миллиард долларға жетсе, биыл осы бағыттағы бұл сома көлемі алты есе қысқарып қалса керек. Оның үстіне инвесторлар дайын тұрған жобалардан бас тарта бастады. Бұл туралы отандық сарапшылар: «Кірістілік төмендеп жатқан қазіргі уақытта кез келген инвестицияның тәуекелі арта түседі. Экономиканың жағдайы барлық салаларға, оның ішінде тікелей инвестицияларға да кері әсерін тигізуде. Бізде қазір экономикалық дамудың тоқырауы тек бюджет шығыстары есебінен бүркемеленіп отыр. Бірақ экспорт кірісінің төмендеуін ештеңемен алмастыру мүмкін емес. Мемлекеттің экономикадағы тым басым үлесі мен мемлекеттік шығыстардың артуы инвесторлардың мүмкіндік аумағын тарылтып отыр, өйткені, инвестиция құйып, тұрақты кіріс алуға болатын салалардың барлығына мемлекеттің өзі жайғасып алған. Сондықтан жеке инвесторларға тек тәуекелі көп, күмәнді жобалар ғана қалып отыр. Ал қазіргі коронакризис жағдайында ондай жобаларға есебі мықты бірде-бір инвестордың тәуекел ете қоймайтыны түсінікті. Бізде инвесторлар тартуға Сауда және интеграция министрлігі, Индустрия және инновациялық даму министрлігі, тіпті елшілер арқылы Сыртқы істер министрлігі, сонымен қатар әр өңірдегі әкімдер жауапты. Мұндағы бір парадокс – инвестицияға жауапты органдардың саны артқан сайын, елге тартылып жатқан инвестиция көлемі азайып барады. Инвестиция тартуға байланысты қазіргі жағдайды халқымыз: «Қойшы көп болса, қой арам өледі», – деп, бір ауыз сөзге сыйдыра салған ғой. Былайғы жұрт электрондық аукциондар өткізу кезінде делдалдарға тыйым салынбаудың астарынан сол науқаннан азды-көпті пайда тауып қалуды мақсат тұтатын мемлекеттік органдарда отырған лауазымды шенділердің ашкөздігін көретін тәрізді. Шенеуніктер өз іс-әрекеттерімен, анығын айтқанда, дәрменсіз әрекетсіздіктерімен сондай ойдың туындауына түрткі салып оты. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, қазақ жерінің ен байлығын әкесінен қалған мұрадай шүлен таратқандай оңды-солды шашып, қарақан басының қамын жеген делдалдардан құтылып, олардың іс-әректтеріне қатаң тыйым салатын уақыт жеткені кәміл. Егер Үкімет сенаторлар дабылына құлақ аспаса, елдегі билік қалың жұрттың сенімінен айырылып, қоғам арасында бай-кедей деген жіктер арасында әлі жаны шығып үлгірмеген аю терісін «бөліске» салу басталары даусыз. Оның үстіне, жалақы бойынша алпауыт компаниялардағы шетелдік мамандар мен жергілікті жұмысшылар арасындағы алалаушылықты ескерсек, біз кез келген уақытта жарылуы мүмкін оқ-дәрі үстінде отырғанымызды естен шығармауға тиіспіз. Әйтпесе анау Атырау, Маңғыстау, Жаңаөзендегі мұнайшылар арасындағы қақтығыстар тоқтаудың орнына өршіп, шиеленіс көрігін қыздыра түсері анық. Билік те айтылып жатқан ескертулерге: «Ит үреді, керуен көшеді» деп селқос қарамай, елдік мүддені қорғау жолында қарымды шараларды қолға алар деп сенеміз.  Тек үмітті сенім ақтағай деп тілейік…

 

Ермек Сахариев

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.