Қаймен Есендияров: «Облыста ірі халықаралық жарыстар өткізу жоспарда бар»

0
237

Батыс Қазақстанда туған жерінің абыройын асқақтатып, жеңіс туын желбіретіп жүрген спортшылар аз емес. Осы ретте өңірдің спорт саласының бүгінгі тыныс-тіршілігін зерделеу мақсатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қаймен Есенаманұлы, сұхбатымызды өңірдегі олимпиадалық және бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында жыл басынан атқарылған жұмыстардан және болашағынан бастасақ.

– Облыста салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортты дамыту жұмыстарына мемлекет тарапынан әркез қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде Батыс Қазақстанда 23 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, олимпиада резервін даярлау орталығы, облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебі, спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы, «Ақжайық» футбол клубы және аудандар мен Орал қаласында 10 бұқаралық спорт клубы тұрғындарға қызмет етуде. Өңірде  31 олимпиадалық, 35 олимпиадалық емес, 10 ұлттық, 7 техникалық және мүгедектер спорты дамып келеді.  Жалпы облыс спортшыларының ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістіктері көп. Былтыр Жапония еліндегі Номи қаласында өткен жеңіл атлетиканың спорттық жүрісінен Азия чемпионатында жерлесіміз Георгий Шейко күміс жүлде иеленді. Нәтижесінде ол  2021 жылы Жапония елінің астанасы – Токио қаласында өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылар арасынан ең бірінші болып жолдама ұтып алды. Су добынан еліміздің ерлер құрамы да лицензия иегері атанды. Алайда команданың олимпиадада өнер көрсететін құрамы әлі бекітілген жоқ. Дегенмен, қақпашы оралдық Павел Липилиннің команда құрамында олимпиадаға қатысу мүмкіндігі бар. Бүгінде ол ел құрама командасымен бірге Алматыда дайындалуда. Басқа да спорт түрлерінен лицензия иегері атанады деген үміт бар.

Өткен жылдың желтоқсан айында Оралдағы Деркөл кентінде Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. 250 оқушыға арналған заманауи кешеннің 150 орындық жатақханасы, асханасы және 3 спорт залы бар. Балалардың спортпен тыңғылықты шұғылдануына толық жағдай жасалған мұндай ғимарат әзірге өзге бірде-бір облыс орталығында жоқ. Бұл жерде болашақ олимпиадаға қатысушылар дайындалады.

Бүгінде бұқаралық спорт түрлерімен айналысу халықтың сүйікті ісіне айналуда. Оралдағы «Uralskrunners», Сырым ауданындағы «Syrymrunners» еріктілер клубтарында жүгірумен әуесқой шұғылданатындар саны артып келеді. Облыстық футзал ассоциациясының ұйымдастырумен өтіп жүрген лигаға қатысушы командалар да көбеюде. Жастарды стрит воркаут, кросфит сынды жаңа бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдану қызықтырады. Елдегі карантин аяқталып,  тұрақты жұмыс режиміне көшкен соң, облыста спорт түрлерін дамыту үшін ірі халықаралық жарыстар өткізу жоспарымызда бар.

 

 

– Спортшылардың жаттығуынажәне спортты дамытуға арналған спорт кешендері жеткілікті ме, қолда бар кешендердің материалдық-техникалық жағдайы қандай? Жаттықтырушы немесе қай спорт түрінен бапкер тапшы?

– 2020-2021 жылдары ҚПО б.в. компаниясының инвестициясы есебінен облысымыздың 8 ауданында 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделген. Биыл мамыр айындааталған компанияның қаражаты есебінен салынған Жаңақала ауданында 160 көрермендік орны бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жәнібек ауданында да дәл осындай кешеннің құрылысы жүруде. Биыл сәуір айынан бастап Бөкей ордасы, Қазталов, Теректі және Шыңғырлау аудандарында төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Шілде айында Ақжайық, Қазталов және Тасқала ауданы орталықтарында үшкешеннің құрылысы басталды. Ал қаладағы Зашаған кентінде облыстық олимпиада резервіне мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебіне спорт залы салынуда.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында былтыр Ақжайық ауданында аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар облыстық бюджет қаржысына Сырым ауданындағы спорт кешені де («Қайсар» спорт клубының ғимараты) күрделі жөндеуден өтті. Бұл жаңа нысандар  тұрғындардың спортпен алаңсыз шұғылдануына, спортты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп білемін. Жоғарыда аталған аудандарда спорт кешендері салынып біткен жағдайда біз барлық аудан орталықтарын спорт кешендерімен толық қамтамасыз етеміз.

Спорт саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылғанмен, бапкер тапшылығы сезілуде. Мысалы, облысымызға үлкен теннис, жеңіл атлетика, велосипед, шаңғы спортының жаттықтырушылары қажет. Жоғары немесе арнайы орта білім беретін оқу орнын бітірген жас мамандар спорт саласына жаттықтырушылық қызметке келуге құлықсыз. Басты себеп – олардың жалақысы жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімінің айлық табысынан әлдеқайда аз. Дейтұрғанмен, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жаттықтырушылардың еңбекақыларын кезең-кезеңмен өсіру жоспарлануда.

– Қаймен Есенаманұлы, әлемді жайлаған пандемия кезінде көпшілік іс-шараларды өткізуге шектеу қойылғаны белгілі. Өңірде эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз. Облыстың спорт саласы бұл қиыншылықты қалай еңсеруде?

– Елдегі төтенше жағдай кезінде облыс спортшылары барлық оқу-жаттығу үрдісін қашықтан өткізді. Спорттық жарыстар да онлайн режимінде өтуде. Дегенмен бұл жағдай спортшыларымыздың шеберлігін, кәсіби дайындығын сақтап қалуына кері әсерін тигізбей қоймайды. Олар қайтадан  спорттық бабына келуі үшін көп еңбектенуге тура келеді. 2020 жылдың онайында 59152 адамның қатысуымен 1302 іс-шара өтсе, оның ішінде ауылдық жерлерде 32112 адамның қатысуымен 1071 іс-шара өтті. 2020 жылдың 1 қарашасына дейін төтенше жағдайда және карантиндік режім кезінде облыс бойынша 8192 адамның қатысуымен 329 онлайн және қашықтық іс-шара өтті.

Айта кету керек, аталмыш шаралар тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, каратэ, берпи сынды спорт түрлерінен және жалпы дене дайындығы жаттығулары бойынша ұйымдастырылды. Жалпы өткен жылы  облыста 180819 адамның қатысуымен 3993 іс-шара өтті.  2019 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылданушылардың жалпы саны 204968-ді немесе облыс халқының 31,2 %-ын құрады. Жыл соңына дейін дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылданушылардың санын 32%-ға жеткізу жоспарлануда.

– Облыстың қай ауданында спорт қарқынды дамуда немесе қайсысы кенжелеп келеді? Оған не себеп?

– Осы қызметке наурыз айында тағайындалған соң, барлық аудандарды аралап, спорт нысандарының жұмысымен таныстым. Аудандарда спорттың дамуы біркелкі емес. Көпшілігінің материалдық-техникалық базалары нашар. Қаржыландыру да әр ауданда түрліше. Мысалы Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек ауданындағы спорттың даму деңгейін Бөкейордасы, Жәнібек аудандарымен салыстыра алмайсыз. Соңғы екі ауданның спортшыларының облыстық жарыстарға қатысуы да көңіл көншітпейді. Оның өзіндік себептері де бар. Бұл аудандар облыс орталығынан қашық орналасқан, әрбір жарысқа келіп-кету үшін бір спортшының өзі жолақысына 10 мың теңге жұмсауы қажет. Бір күнде өткізілетін жарысқа үш күн жүрулеріне тура келеді. Бұл қаржылай үлкен шығын екені даусыз. Облыс орталығы мен аудандар арасында қатқыл табанды жол болмауы себепті күз бен көктем айларында өткізілетін жарысқа күн райына байланысты қатыса да алмайды. Сондықтан аудандардағы бұқаралық спорттың даму деңгейіне біржақты қарап, бағалауға болмайды. Соңғы кезде Жәнібек ауданында ұлттық ат спортының даму деңгейі жоғары қарқын алды. Биыл мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған ауыл азаматтары 15 млн. теңгеге жылқы тұратын үлкен ат спорты кешенін салып, балалардың алғысына бөленді.

Өңірдің спортын дамытуға жергілікті жеке кәсіпкерлер қандай үлес қосуда?

– Облысымызда жеке кәсіпкерлердің қолдауымен көптеген спорттық нысандар салынуда. Айталық, ағымдағы жылдың қыркүйек айында кәсіпкер Алпамыс Қамалов қаланың Зашаған кентіндегі «Құс фабрикасы» ауданында жаңа спорт залын ашты. Кәсіпкер Төлеген Досбулатов Орал қаласының ықшам ауданынан ҚР-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы М.Жұмашевтың есімі берілген грек-рим күресінен жеке спорт клубын ашты. «Батыс Қазақстан облысының үстел теннисі федерациясы» ҚБ президенті, «Медициналық орталық» ЖШС-ның байқау кеңесінің төрағасы Рафхат Истаев үстел теннисіне арналған спорт залын салды. Ал Данияр Габдуллин есімді кәсіпкер көлемі 3000 шаршы метр құрайтын «Omega Sports» атты заманауи спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Биыл жеке кәсіпкер «Рахметова Қ.Ж.» Атоян стадионы жанынан екі қабатты спорттық нысанның құрылысын аяқтады. Қазір ол жерде бұрын тозығы жеткен ғимараттың бір бөлігінде жұмыс жасаған Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының әкімшілік-басқару қызметі орналасып, мүмкіндігі шектеулі адамдар жаттығып жүр.

– Жерлестеріміз мақтан тұтар батысқазақстандық спортшылар туралы да айта кетсеңіз?

– Батыс Қазақстанда облысымыздың мақтанышына айналған спорт саңлақтарының есімін көптеп келтіруге болады. Солардың бірқатарына тоқталсам, шорт-трекшілер Нұрберген Жұмағазиев пен Анита Нагай, әйелдер күресінен Екатерина Ларионова, самбодан Нұрбол Серіков, Темірлан Ихсангалиев, байдаркашы Андрей Ергучев сынды батысқазақстандықтар байрақты бәсекелерде топ жарып жүр.

Қаймен Есенаманұлы, жуырда облыс әкімі спортшылармен кездесу барысында аймақтағы спорт саласына оң баға берді. Осы қарқынды жоғалтпай, бұдан да жоғары жетістіктерге жету үшін көздеген мақсат- міндеттеріңіз?

– Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы спортқа үнемі қолдау білдіреді. Кездесу барысында облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін ашу, жалпы білім беретін мектептердің спорт залдарын сабақтан тыс, сенбі, жексенбі күндері тұрғындарға беру, Орал қаласына спорт ғимараттарын салу мәселелері қарастырылды. Алдағы уақытта бұл мәселелердің шешімі табылады деп үміттенеміз.

 

Сұқбаттасқан – Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

        

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.