Ақыт қажының атажұрттағы бес кітабы

0
389

Шетелдердегі қазақ әдебиеті тарихынан сөз қозғалғанда Қытай және Монғолия елдеріне қараған қазақтарға ортақ тұлға Ақыт қажы Үлімжіұлы алдымен еске түседі. Өз заманында қатарластарынан оза шапқан ақын әдебиеттің алуан түрлі үлгілерінде қалам тербеді. Көз аясы кеңіп, білімі толысқан шағында Абайға еліктеп, халыққа насихат боларлық үлгілі өлеңдер мен толғаулар жазды. Діни аңыз-әпсаналарды шығыс ақындарында қалыптасқан дәстүрге сай нәзиралық жолмен жаңғыртып жырлады. Терең діни білімі мен атқарған қоғамдық қызметі Ақыт шығармаларының қазақ даласының түкпір-түкпіріне кеңінен таралуына ықпал етті. Ақыт қажы Үлімжіұлы 1868 жылы қазіргі ҚХР-ға қарасты Алтай аймағының Көктоғай ауданында туған. 1940 жылы Шыңжаңды басқарып тұрған Шың Сысай үкіметі жағынан Үрімжі қаласында тірідей көмілген. Жастайынан ауыл молдасынан сауат ашқан Ақыттың діни білімінің тереңдеуіне немере ағасы Садықтың ұстаздығы көмегін тигізсе, елеулі ықпал еткен адам Бұқарадан келіп ел арасында бала оқытып жүрген Махбубулла атты ұстаз болған. Білімін онан ары тереңдете түскен талантты жас осы Махбубулла ұстазынан араб тілін үйренеді. Онан кейінгі жерде өзі де қоғамдық қызметке араласа бастаған Ақыт ауылында бала оқытады. Ержеткен шағында 1890 – 1900 жылдар аралығында Алтай мен Қобда арасында пошташы болып қызмет атқарады. Бұл қызметі ақынның әдеби әлеммен кеңінен танысуына зор ықпал еткен. Бұлай дейтініміз, сол тұста ел аралап сауда жасайтын татар-ноғай саудагерлері халыққа қажетті тұрмыстық бұйымдармен қоса, Қазан, Уфа қалаларынан басылып шығып жатқан кітаптарды да қиырдағы қазақтар арасына апарып саудалап жүреді екен.

 

 

 

 

 

Кітаптары
Мәнақиб (Мінәқып) пиран ғазизан = مناقب بيران عزيزان / Жазған Ақыт Үлімжіұғлы Қарымсақов. – Қазан : Ун-т баспаханасы, 1909. – 31 б.
Әбъят ғақия = ابييات عقدية / Қарымсақов Үлімжіұлы Ақыт. – Қазан : Б.Л. Домбровский баспаханасы, 1909.
Әхуал-и қиямәт = احوال قيامت / Үлімжіұғлы, Ақыт. – Қазан : Кәримовтар баспаханасы, 1908
Қисса-и Жиһаншаһ Тамузшаһ ұғлы = قصة جيهان شاه طموز شاه اوغلى / Тәржіме-и Ақыт уәләд Үлімжі Алтайский (Қарымсақов). – Қазан : Университет баспаханасы, 1897
Қисса-и Жиһаншаһ Тамузшаһ ұғлы=قصة جيهان شاه طموز شاه اوغلى / Тәржіме-и Ақыт уәләд Үлімжі Алтайский (Қарымсақов). – Қазан : Университет баспаханасы, 1902

 

Шағын мақаламызда Ақты қажының баспа бетін көрген еңбектерінің арасынан бізге мұрты бұзылмай жеткен бірнеше кітабы туралы тоқталуды мақсат еткендіктен ақынның шығармашылығы мен өмірі туралы тоқталмадық. Мұның тағы бір себебі Қазақстан, Қытай, Монғолия елдеріндегі әдебиеттанушы ғалымдары арасында Ақыттану ғылымының белгілі деңгейде қалыптасқандығы және қазақ баспасөзінде Ақыт қажы шығармалары туралы көптеп жазылып жатқандығынан еді.

Ғұлама Ақыт қажы (Алтайский) 1914 жылға дейін оншақты кітап шығарған екен. Қазан мен Санкт-Петербург қалаларынан өте алыс,  ҚХР территориясы саналатын өр Алтайлық қаламгердің бұдан 120 жыл бұрын осыншама мол мұра қалдырғаны кісіні таңдандырмай қоймайды. Әрине, Ақыттың 1939 жылы тұтқындалған кезде өзімен бірге 700-ден астам кітап пен қолжазбаларының жоғалғандығын ескерсек, бұдан да көп дүниенің бар екенін айтуға болады. Кітапхана тұрғысынан тек сирек кітаптарына назар аударсақ, ХІХ ғасырдың аяқ шенінен 1914 жылға дейін тау асып, тас басып жүріп, жауһар жазбаларын өркениет ошағы саналған неше мың шақырым қашықтықтағы қалаларға жеткізуі асқан жанкештілік еді.  Ақыт мұрасын жинақтап жүрген ғалымдардың айтуынша, ғұлама ғалым 1891 – 1914 жылдары Санкт-Петербург, Қазан баспаларынан «Жиһанша», «Ахиретбаян», «Сәйпілмүлік – Жамал» дастандары, «Абият ғақидия», «Сейітбаттал Ғазы», «Ишан Махмұд» аталатын кітаптары бірнеше рет жарық көрген екен. Оның шығармалары «А.Алтайский» деген бүркеншік атпен «Айқап» журналына да жарияланып тұрған. Ақыт өлеңді алуан ырғақта насихат, назира, ғақлия түрінде жазған. Ой толғауда Абай мәнеріне ден қояды. Абай өлеңдерін үлгі ете отырып, «Дәлейлул-ғақылия» («Ақыл түбі») өлеңдер топтамасын жазып шыққан. «Адамның жасы», «Асан ата», «Шыңжаң қаритасы», «Керей шежіресі», «Ер Жәнібек», «Алтай» деп аталатын туындылары ел арасына кеңінен таралған.

Көп жағдайда Ақыттың 1897 жылы Қазан қаласынан басылып шыққан «Жиһанша» атты кітабынан басқа еңбектері көп атала бермейді. Ақыттың аударма еңбектерінің бірі саналатын бұл кітаптың бір данасы Алматыдағы Орталық Ғылыми кітапханада сақтаулы тұр. Аталмыш қорда ақынның мынадай бірнеше кітабы бар.

  1. Қисса-и Жиһаншаһ Тамузшаһ ұғлы (اوغلى شاه طموز شاه جيهان قصة) Тәржіме-и Ақыт уәләд Үлімжі Алтайский (Қарымсақов). – Қазан: Университет баспаханасы, 1897. – 44 б. Ғұламаның осы тәржіма еңбегі 1901 жылы Қазан қаласында екінші рет басылыпты.
  2. Қисса-и Жиһаншаһ Тамузшаһ ұғлы (اوغلى شاه طموز شاه جيهان قصة) Тәржіме-и Ақыт уәләд Үлімжі Алтайский (Қарымсақов). – Қазан: Университет баспаханасы, 1901. – 44 б
  3. Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар қорында сақтаулы тұрған келесі бір жәдігер «Хиямет ахуал» кітабы. Кітап мұқабасында «Әхуал-и қиямәт (قيامت احوال ) Үлімжіұғлы Ақыт. – Қазан : Кәримовтар баспаханасы, 1908. – 20 б» деп жазылған.

Бақи дүниені толықтай суреттейтін мұндай діни дастандар жалпы мұсылман түркі жұрттарының әдебиеттерінде орта ғасырдан бері көбірек кездеседі. Атап айтар болсақ, Алтын Орданың классикалық әдеби мұраларының бірі, Хұсам Кәтиб жырлаған «Жұмжұма сұлтан» (Қу бас) дастаны осы үлгіде нәзиралық жолмен жазылған еңбектердің бірі. Өзінен бұрынғы әдеби мұраларды көбірек нәзиралық жолмен жаңғыртқан Ақыт сынды ғұламаның «Хиямет ахуалы» әне сол ортағасырлық әдеби еңбектерге мұрагерлік етуінен болса керек.

  1. Ақыт қажының қорда сақтаулы тұрған тағы бір кітабы – Әбъят ғақия (عقدية ابييات). 1909 жылы Қазанда басылым көрген шағын кітапша да Алматыдағы қорда сақтаулы тұр. Кітап мұқабасында «Әбъят ғақия (عقدية ابييات) Қарымсақов Үлімжіұлы Ақыт. – Қазан : Б.Л. Домбровский баспаханасы, 1909. – 14 б» деген жазулары бар. Мәтін араб шрифтімен берілген
  2. Сирек кітаптар арасында жақұттай жарқырап тұрған тағы бір кітап – Ақыттың «Мәнақиб пиран ғазизан (عزيزان بيران مناقب) атты еңбегі. Бұл мұра да ғұаламаның жұртқа бейтаныс еңбектерінің бірі. «Керей ишаны Мұхаммет момын» туралы жазылған өлеңімен қоса бірнеше туындысы енген бұл кітаптың да Ақыттануда алар орны ерекше деуге болады. Кітап мұқабасында «Мәнақиб (Мінәқып) пиран ғазизан (عزيزان بيران مناقب) Жазған Ақыт Үлімжіұғлы Қарымсақов. – Қазан : Ун-т баспаханасы, 1909. – 31б» деген жазулар бар.

Ақыт қажының шығармалары осылайша баспадан кітап болып таралуы арқылы Алтайдың күнгейі мен теріскейін ен жайлаған қазақтар арасына етене таныс бола түскен. Зерттеушілердің айтуынша 1914 жылдан кейінгі жазған барлық шығармалары баспа бетін көрмеген екен. 1939 жылы Шың Сысай жендеттері ақынды тұтқындаған кезде кітаптары мен қолжазбаларын да бірге әкетіп, көзін құртыпты. Қытайға қараған қазақтар арасында түрлі саяси науқандар мен үркін-қорқын және соғыс тауқыметі салдарынан ақынның шығармалары көбінде ауызша сақталған немесе көшірме нұсқалары арқылы бертінге жеткен. Ал, Монғолия қазақтары арасында ақынның баспадан шыққан кітаптарының нұсқалары қазірге дейін сақталып келіпті.

Шыңжаңдағы әдебиеттанушылар Ақыт шығармаларын жинақтауға 1980 жылдардан бері ден қойды. Ел арасынан жазып алынған немесе көшірме нұсқалары арқылы жеткен қиссалары «Шалғын» секілді журналдарда жариялана бастады. Ал ресми жинақ ретіне халыққа ұсынылуы 1990 жылдан бергі уақытта болды. Мұның бастыларынан 1991 жылы Кәкей Жаңжұңұлының жинақтауымен Баян-Өлги аймағынан басылып шыққан «Қажыбаян» кітабы. Екінші бір кітап-1994 жылы Шынай Рахметұлы жинап құрастырған «Ғақылия» атты жинағы. Ақыт мұраларын жинақтауға ғұламаның ұрпақтары Қазер Ақытұлы, Мақаш Қазезұлы қатарлы ақсақалдар көп күш жұмсады. Соның нәтижесінде 1998 жылы Шыңжаң халық баспасынан «Ақыт шығармалары» 3 том болып басылып шықты. Осы негізде онан ары толықтырыла жинақталған шығармалары 2015 жылы «Шыңжаң кітап қамбасы» жобасы аясында «Ақыт Үлімжіұлы шығармалары» деген атпен 4 том болып басылып шықты.

Мінеки, Қазақстандағы тіптен көршілес елдер арасындағы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры аса мол сақталған Орталық ғылыми кітапханада көненің көзіндей мұралар ішінде Ақыт атамыздың осыдан 120 жыл бұрын баспа көрген жоғарыдағы бес кітабы бар. Бұған дейін Ақыттануда, Ақыт мұраларын қайталай жинақтауда, баспадан шығаруда кеткен олқы тұстары мен әттеген-айлардың болғанын еміс-еміс естіп қаламыз. Ендеше ғұламаның төл мұралары және аудармалары мен нәзиралық дәстүрде жазылған еңбектерінің аражігін ашып, жұртқа ғылыми тұрғыда қайталай жеткізіп, баба өсиетін толыққанды дәріптеу үшін біз атап отырған жауһар басылымдарды зиялы қауым қайталай зерделеп, текстологиялық салыстырулар жүргізуі аса қажетті іс болып отыр.

 

Әділет Ахметұлы,

ақын, Орталық ғылыми кітапхананың

сирек кітаптар мен қолжазбалар

бөлімінің қызметкері

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.