Өмірде ештеңе жоқ тудан биік

0
185

Көк тудың желбірегені,

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту,

Жан емес маған керегі,

Көк тудың желбірегені,

– деп жазған еді ақын А. Ахметбеков. Жай күндерде қасиетті дүниелерімізді ескермей,  қадіріне жетпей, тоқмейілсіп басқа дүниелердің жетегінде алаңсыз өмір сүреміз. Ал сол қасиетті дүниелерге қатер төнсе, ғайбатталса өре түргеліп,  ұлттық рухымыз көтеріліп, қырып-жоятындай дәрежеге жетеміз. Соңғы күндері мұхиттың арғы жағындағы әлдекім біздің ұлтқа, оның қасиетті туына әдлетсіздік жасады деп өре түргеліп, анау «сорлыға» жұдырық тиіп жатқан жай бар.

Неге тек біздің елді таңдап тиісті екен? Бұл жерде елдің намысын қорғайтын заңды әрекеті керек-ақ. Тойтарыс берудің де жолдары бар емес пе? Жабайы түрде айыр-күрек ала жүгіргендей әрекеттер күлкілі емес пе?

Меніңше мемлекеттік рәміз болып саналатын туды өзіміз қадірлеуіміз керек. Кез келген облыстық, қалалық әкімдіктің заң орындарының төбесіне іліп, оның тұрған тұрысына, күтіміне ерекше көңіл аудару керек. Ал баланың қолына туды беріп, би билетіп немесе туға оранып, аренада айнала шауып жүрген спортшыларға не жорық? Сонымен бірге ту дүкенде сатылмау керек. Ол – мемлекеттің жаны, елдігі. Қол жетпейтін шынардай биікте тұрғаны ләзім.

Мен көлікте кетіп бара жатып та бірінші мекемедегі тулар қалай тұр екен деп қараумен боламын. Сонда байқағаным оның түсінің көнерген, оңып кеткен, жаңбырмен, мұзбен қатып, желбіремей тұрғанына налимын. Осы тудың амандығын, қасиетін сақтап тұруына жауаптылар бар ма екен?

Бірде мынадай жағдай болғанын естідім. Бастауыш пәнінің мұғалімі Ақбикенің айтқаны: пәтерім орталықтағы биік тұғырлы туға қарама-қарсы жақта тұратын еді. Сол тудың желбіреп биікте тұрғанына риза болып шүкіршілік жасаушы едім. Бірде таңертең орнында ту жоқ. Дереу телефонға жармасып іздей бастадым, ешкім білмейді. Маған қайта-қайта қоңырау шалып әрнәрсені сұраумен болды. «Менен ештеңе сұрама, туды орнына қой!» деп телефонды тастап жібердім деді. Иә, желмен құлаған болар ту өзінің орнын тапты. Міне, отансүйгіштік деген осы! Өмірі шәкірт тәрбиелеп келе жатқан, жалғандықтан хабары жоқ ұстазды кім ескерді екен?

Мен мектепте сабақ бере жүріп, оқушыларды ерлікке, отансүйгіштікке баулыдым. Ақын Н.Айтұлының «Бәйтерек» поэмасын оқи отырып «Ту» бөлігіндегі ер Қазымбеттің ерлігі ұнады. Жауды жеңіп, жан-жағына қараса биікте қозғалмай тұрған жауынгерді көріп еді. Қасына келсе ол жан тапсырған екен. Жауынгер астындағы атын да, қолындағы туын да ыңғайына келтіріп, құламастай мықты ұстап, қозғалмаудың жолын жасапты.

Жалғыз тұр ту ұсташы дөң басында,

Көргендер аң-таң қалды алғашында.

Байрағы қолындағы желбірейді,

Өзінің көрінбейді жан қасында.

Болмастан ойларында еш бір қауіп,

Батырлар сатылатып келді шауып.

Күйінде ту ұстаған қатып қапты.

Өлсе де құламаған аттан ауып.

Қос жебе қатар тиіп өндіршектен,

Аққан қан омырауын кетті жауып.

Аты да астындағы қозғалмайды,

Тізгінін тұқыртып ебін тауып.

Қаруы жерде жатыр саудыраған,

Екі көз жұмылмапты жаудыраған.

Төбеде туын жықпай қасқайып тұр,

Дегендей «не қыласың енді маған?!»

…жалауын қатты соққан жел ұшырған,

Тарихта талайлардың сағы сынған.

Жығылмай тумен бірге тұрып қалған,

Қазағым, айналсаңшы арысыңнан!..

Мен осы жырды оқып бергенімде, жүрегім аузыма тығылып толқып кеттім. Оқушылар да сондай әсерде болды. Бабаларымыз байрағын қандай қадірлеген! «Үй артында кісі бар, үй менікі демеңіз» кемшілігімізді, қателігімізді естімейді деп айтуға бола ма? Қателікті жұрттан емес, өзімізден іздейік, ағайын!

 

Құралай Есқұлова

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.