Қасиетті де қастерлі Тәуелсіздігіңді аяла, сақта, қорға, Алашым!

0
112

Қадірлі бауырлар!

Ең ұлық, ең биік, ең қасиетті Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Иә, Тәуелсіздігіміз оңай келген жоқ. Қаншама қан төгілді, қаншама жан кетті. 300 мәрте тоталитарлық күшке қарсы көтеріліске шығыппыз. Соңғы Желтоқсан көтерілісі еркіндікке деген ұмтылыста шешуші рөл атқарғаны, Кеңес империясының шаңырағын  шайқалтқаны жиі айтылып жүр. Бірақ біз осы Тәуелсіздігімізді қадірлеп, әспеттеп жүрміз бе? Ұлық мерекеміз неге шыршаның тасасында қала береді?

Біздің қазағымыз өте қызық халық. Мәселен мың өліп мың тірілген халық екеніміз рас. Иә, тек ХХ ғасырдың өзінде қазекең алапат аштықты да, қуғын-сүргінді де, соғысты да бәрін-бәрін бастан кешті. Тәуелсіздіктің қадірін бір білсе қазағымыз білер еді. Аллам осы бір ғажап бақытты сыйлағаннан кейін қазекең «мың өлгенін» ұмытты да кетті. Биліктегілер де, кедейлер де бірі тойып секірді, бірі тоңып секірді. Сарыарқаның төріне алтын қала салдық. Қазақстанды бүкіл әлемге таныттық. БҰҰ-ны да мойындаттық. Біраз біз материалдық байлықты бірінші орынға қойдық. Ең бастысы Тәуелсіздігіміздің қадірін бағамдамадық. Біле білсек, бұл сөзде таудай салмақ жатыр. Тәуелсіздігімізді ұлықтап, рухани байлығымызды тасытуымыз қажет еді. Рухымызды, намысымызды қайрай алдық па? Дінімізді әспеттеп, тілімізді өзгеге мойындаттық па? Салт-дәстүрлерімізді ұрпағымыздың санасына сіңірдік пе? Жалпы біз қайда бара жатырмыз? Ойланайықшы, толғанайықшы, қазағым! Бабалар аманат еткен жерімізге ие болу үшін ғасырлар бойына аңсап жеткен, Аллам берген Тәуелсіздігімізді аялап сақтап, қорғауымыз тиіс. Мың бірінші рет тірі қалудың жолын іздейік, Алашым!

 

«Qazaqstan dauiri» газеті мен

«Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.